ДСҰ арқылы әлемдiк нарыққа бейiмделемiз

Пятница, 07 Август 2015 05:30 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4869 раз

u1 WTO-Logo303 32Бүгінде Қазақстанның Дүниежүзілік Сауда Ұйымына кіру процесін әлем жұртшылығы сәтті қадам ретінде бағалауда. 20 жылға жуық уақытқа созылған өзара келіссөздердің нәтижесінде, қос тараптың мақсат-мүддесі бір арнаға тоғысып, қазақ елінің әлемдік нарықта алар орны мен өзіндік бағыт-бағдары белгіленді. Бастысы, әлемдік бәсекеге лайықты болуы үшін қолдағы барды бағалап, сапаға бағытталған отандық өндірістің көлемі мен мүмкіндігін еселей түсуге алғышарт жасалды. Дегенмен де, көпшіліктің көңілінде туындаған негізгі сауал сол, Дүниежүзілік Сауда Ұйымына мүшелікке ену – қазақ еліне нақты нендей нәтиже бермек? Елдегі тауар өндірушілердің келешектегі бағыт-бағдары қалай болмақ? Ұйымның талап-тілектері, ережелері біздегі кәсіпкерлердің қанатын кеңге жаюына мүмкіндік бере ме? Сауда-саттық кезінде ұстанатын қағидаттар қандай? Тауардың бағасы мен сапасы қандай өлшеммен анықталады? Осы тектес сауалдардың нақты жауабын білу мақсатында біз облыстағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары міндетін атқарушы Нұрлан Қабыштаевпен сұхбаттасып, ой-пікірін білген едік.


unnamed 32– Нұрлан Орынбасарұлы, еліміздің ДСҰ-на мүше болуы отандық экономиканың даму үдерісіне қаншалықты ықпал ете алады?

– Дүниежүзілік Сауда Ұйымына мүше болу – ең алдымен жергілікті өнімдерді экспортқа шығару көлемін ұлғайтып, ішкі нарықтағы сапа мен бағаны қалыптастыруға үлкен мүмкіндік береді. Өз кезегінде, тұтынушы сұрыпталған сапалы өнімдерге кең таңдау жасай алады. Тұтынушының қажеттілігі мен мұқтаждығын өтеу бағытында отандық өнімдердің жаңа түрлері кең өріс алып, технологияның озық үлгілері қолданысқа енгізілмек. Кәсібінің өрге домалауын көздеген кез келген кәсіпкер үнемі ізденуіне тура келеді. Яғни, тек бәсекелестік жағдайында үздіктердің үздігі ғана нарықта үстемдікке ие бола алады. Осы арқылы отандық өнімдердің сапасын арттыра отырып, әлемдік нарыққа шығу мүмкіндігін иелене аламыз. Өкініштісі, әлемдік нарықта бәсекелестікке төтеп бере алмаған жағдайда, отандық өндірістің өріс алу үдерісі үлкен қиындыққа тап болары анық. Дегенмен де, тұтынушы үшін ең басты мүмкіндік – елге келіп жатқан тауарлардың арзандайтыны анық. Сондай-ақ, тиісінше, көрсетілетін қызметтің де сапасы артпақ. Бәсекелестік жағдайына төтеп берер болсақ, ДСҰ-ның ел экономикасына тигізер пайдалы тұстары көп.  
Айта кету керек, құрамында 161 мемлекеттің ортақ мүддесін көздеген алпауыт ұйымға мүше болу шешіміне тоқтаған сәтке дейін қазақ еліне ұзақ мерзім мен ауқымды тірліктерді атқару қажет болды. Осы мерзім аралығында елдегі кәсіпорындар әлемдік бәсекелестік жағдайына лайықты төтеп беру үшін әлемдік нарық жүйесіне бейімделіп, қабілетін шыңдай түсті. Қиындық пен дағдарыс атаулының әрбір кезеңдерінен мүдірмей өтіп, қатаң талаптардың тезінен шыға білді. Елдегі іскер қауым өкілдері алдағы уақытта өздері кез болып отырған нарықтың бәсекелестік жағдайын жете түсінеді және өз мүмкіндігін барынша жетілдіре түсуге мүдделілік танытуда. Ең бастысы, отандық өнім өндірушілер әлемдік қауымдастық аясында өз тауарының жоғары бағаланғанын қалайды. Мұндай мақсат-мүддеге жету үшін ел үкіметі жергілікті кәсіпкерліктің өрісін кеңейту бағытында ұзақ жылдар бойы еселі еңбек жасағанын айта кеткеніміз жөн.

– ДСҰ-на ену – еліміздің ауылшаруашылығын дамытуға қаншалықты ықпал етеді?

– Ауылшаруашылығы саласын сөз еткенде, ДСҰ-ның ел экономикасына тигізер тиімді әсері мол болатыны анық. Бұл бағытта елдегі кіші бизнестің басым бөлігі ауылшаруашылығы саласын қамтиды. Қазіргі таңда ұн, бидай, тамақ өндірісінің экспортқа шығарылу көрсеткіші жыл өткен сайын ұлғайып келеді. Сонымен қатар, мақта-мата өндірісінің экспорттағы көлемін ұлғайту жайы да алдағы күндердің еншісіне тимек. Әрине, бұл ретте, әлемдік нарықта Қытай, Түркия сынды елдердің өнімі кең таңдауға ие болып отырғаны жасырын емес. Бұл жағдайды біздер нақты бағамдай отырып, дұрыс бағытта жұмыс жасай білсек, айтарлықтай жетістіктерге жетеріміз анық. Бұл үшін біздің елде қажетті шикізат қоры жеткілікті.

– Еліміздің ДСҰ-ға мүше болуы өз кезегінде қандай қиындықтарды туындатуы мүмкін?

– Әрине, алғашқы кезеңдерде отандық өндірістің көлемін ұлғайту бағытында айтарлықтай қиындықтар кез болары анық. Бұл қатарда әрине, технологияның мүмкіндіктері, күрт өзгеріп тұратын ауа райының жағдайы мен транспорттық және өзге де кедергілер кері әсерін тигізері сөзсіз. Мұнда бізге көршілес Қытай елінің тәжірибесін басшылыққа алуға тиіспіз. Себебі, ішкі нарықта аса ауқымды өнімдерін кеңінен ұсына білетін Қытай елі әлемдік сауда жүйесіне де баға саясатын қалыптастыруда өз ықпалын тигізуде. Әрі ондағы экспорттың көлемі үнемі артып отырғанын байқауға болады. Бұл жағдай – біздегі ел экономикасының да басты табыс көрсеткішіне айналуы тиіс.

– Еліміздің алып ұйымға енуін жергілікті кәсіпкерлер қалай бағалайды?

– Әрине, кәсіпкерлердің бәсекелестік жағдайында қауіп ететін өзіндік қиындықтары бар екені рас. Ел тарихындағы осы бір шешуші сәттерде тіпті алпауыт кәсіпорындардың өзі қызметкерлерінің санын ұлғайтып, нарықтың жаңа талап-ережелерінің ырқына бейімделуге күш салуда. Жалпылай алғанда, іскер топ өкілдері толығымен болашағына жарқын көзқараспен қарауда деп топшылауға болады. Мемлекет те өз кезегінде, кәсіпкерлерге үлкен қолдау көрсетпек. Жалпы, өз ісін жүргізу барысында кәсіпкерлердің үнемі назарында болатын екі дүние бар: бірі – өндірістің көлемін ұлғайту, енді бірі – тұтынушыларға өткізе білу. Осы бағытта тиімді нәтижеге жету – негізгі бағдар аталады. Бұл мәселеде Кедендік одақтың құрылуы да кәсіпкерлік саласын дамытуға оң ықпалын тигізгені анық. Яғни, елдегі бизнес өкілдерінің халық-аралық аренада айтарлықтай тәжірибесі қалыптасты.

– ДСҰ-ға қабылданып жатырмыз. Енді не нәрсеге назар аударған дұрыс?

– ДСҰ-ның ережесі бойынша елдер арасында тауардың өтуі, басқа да нәрселер кедергісіз жүргізіледі. Осы мүмкіндікті пайдаланып, бәсекелестікке үйренсек, яғни, өтімді тауарларды шығаруға бейімделсек, бұл үлкен жетістік болмақ. Бұл ретте көптеген мәселе жергілікті мамандардың біліктілігіне, парасатына, стратегиялық ойлау жүйесіне, қабілетіне тікелей байланысты екенін де естен шығармауға тиіспіз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ

Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.