Көңілден қымбат ештеңе жоқ

Пятница, 14 Август 2015 10:02 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 8527 раз

Белгілі қоғам қайраткері, жазушы, ақын, сазгер Әкім Ысқақ азаматтық болмысы, қаламгерлік келбеті бөлек тұлға. Оның «Жүректегі жазулар», «Адам іздеп жүрмін» атты философиялық тәлім-тәрбиеге негізделген эссе-күнделік  кітаптары жасөспірімдер мен жастардың сүйікті кітабына айналды. Бірқатар университеттер мен мектептерде пән есебінде оқытылса, «Өзін өзі тану» сабағының  оқулығы ретінде қолданылып келеді. Қаламгер өзінің жылдар бойы көңіл түкпірінде сақтаған ой орамдары мен түйінді тұжырымдарын, парасатты пайымдауларын «Фолиант» баспасынан жарыққа шығарды. «Ой-шырағдан» кітабында жазушының жастар тәрбиесіне, адамгершілік асыл қасиеттерге қатысты өзіндік көзқарасы  шебер айшықталған. Әрбір толғам тасқайрақ дәрістей әсер қалдырады. Ал оқыған адамның өз көкейіне өнеге өрнектерін тоқыры анық. Қыркүйекте 55 жасқа толғалы отырған, үнемі ізденіс үстінде жүретін Әкім Ысқаққа жолығып, сұхбаттасқан едік.  

konilden kimbat eshtene jok 33– Әкім аға, мерейлі 55 жасыңыз құтты болсын! Бүгінгі таңда кешегі күндерге ой жүгіртіп, артыңызға бұрылып қарағанда не көресіз?
– Рахмет! Үлкен арманға бет бұрған, қозы жайып жүрген баланы көремін...Бұл кино емес сырттай қарап қайтатын. Бұл театр емес, дәрігер жазған қағазбен баратын. Бұл Өмір – тынымсыз сәттер,  күлу мен мұңаю, күткенің де, күтпегенің де болатын...
– Жуырда  «Ой-шырағдан»  атты ой-толғамдарыңыз жарық көрді. Бұл идея неден туындады?  
–  Мен әлеуметтік желіде күнделігімдегі ой иірімдерін, көңілдегі қанатты сөздерді жиі жариялап тұрамын. Оқырмандарым «осы толғамдарыңызды кітап етіп шығарсаңызшы» деп ой тастады. Кейін  байқасам, қазіргі жастар арасында да өмірде түрлі жағдайларда жауап таба алмайтындар көп кездеседі. Ал өмір деген – адамның көңіл күйі, мұңы-сағынышы. Пенде біткен өзін толғандырған, тебіренткен мұңынан қуаныш іздейді. Адамның жарығы – үміт пен сенімде ғой. Шындығында  адамға өмір екі берілмейді. Кім-кімді де ертеңгі күні алаңдатады. Күнделікті өмірде өзіңе-өзің қоятын қаншама сұрақтарға жауап іздеп тағат таппайсың. Бұл адами болмыс. Қолыңда жарық болса, қараңғылық қашады емес пе?!
Жалғанда қателеспейтін жан  жоқ. Ең үлкен қателік – қателігіңе қателік қосу, одан арылуға тырыспау. Үміт пен сенімді, ар-ұятты жоғалту. Адамның байлығы да, қымбаттысы да, бары да, нары да – Өмір! Оның мәнін жоғалтпау үшін, өмір бойы күресуіңе тура келеді.Оқырман сансыз сауалына «Ой-шырағданнан» жауап алады деп ойлаймын.
– Сізді ақын, жазушы, публицист ретінде танимыз. Қазіргі оқырманның рухани дүниеге сұранысы қандай? Кім үшін жазасыз?
– Кітап – адамның ақыл-ойын өсіріп, дүниетанымын қалыптастыратын ұлы құрал, баға жетпес қазына. Шекспирдің «Кітап маған тақтан да қымбат» – деген   сөзі бар. Қазіргі таңда оқырманның рухани дүниеге сұранысы жоқ емес, бар. Тек жақсы кітаптың таралымы аз. Бір немесе екі  мың дана барлық оқырманға жете бермейді. Сонымен қатар, интернет көпшіліктің қолжетімді құралына айналды. Сондықтан көркем әдебиет оқудан алыстап бара жатқан сыңайлы.
Біреулер қалың қауыммен бірге болғанды жақсы көрсе, үнемі жұрттың назарында болғандықтан ба, мен оңаша қалғанды ұнатамын. Шығармашылық әлеммен қауышу жаныма рахат сыйлайды. Бірақ шабыт күткен емеспін. Қызметтен қол босаса, жазу үстеліне отырамын. Ойға түйгендерімді  қағаз бетіне түсіремін. Сағат түнгі 2-ге дейінгі уақытымды шығармашылығыма арнаймын. Бұл сүйекке сіңген кәсіп. Ең бастысы өзім үшін, жан-дүниемді қанағаттандыру үшін  жазамын.
– Жазғандарыңызды әдетте кімге оқытасыз?
– Бұрын жазғандарымды өзім қарап, кем-кетігін өзім түзейтінмін. Қазір жанашыр оқырмандарыма оқытамын. Олардың сөздері маған қанат бітіреді. Шабыттанамын. Өйткені шығармаң перзентің сияқты. Кейде осал тұсымды аңғармауым мүмкін. Тілеулестерім  жазғандарыма сыни көзбен қарайды, түзету керек жерлерін көрсетеді. Ой-ұсыныстарын ашық айтады.
– Өзіңіз кімдерді оқисыз? Қазақ әдебиетінде, журналистикасында не нәрсеге көңіліңіз толмайды?
– Ұстазым, белгілі жазушы Мархабат Байғұттың шығармаларын рахаттана оқимын. Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдарын» қайталап қарап шығудан жалықпаймын. Өйткені, жазушының нәзік сезімге деген құштарлығыңды еріксіз оятады. Жан-дүниемді басқаша бір әлем, көңіл ауанын әдемі бір ырғақ билеп, әдебиет әлемі ынтықтыра түседі. Сайын Мұратбековтің образға бай шығармаларын да шет қалдырған емеспін. Поэзиядан  Мұқағали, Фаризаның, жерлесім Қосжан Мүсіреповтің өлеңдерін  оқимын.
Кеңес заманында баспасөз төртінші билік дәрежесіне көтерілді. Тілшілік қызметте арнайы журналистік зерттеу жүргізіп, жүректегі жанайқайды жеткізетін едік. Дәйекті деректермен оқырманға ой салатынбыз. Сынды да батыл көтердік. Ол кездегі журналистиканың артықшылығы – дерекпен сөйлейтін. Ал сыналған адам ол орнында отырмайтын. Қазір сын өтпей қалды. Тіпті,  бүгінгі сынды кейбір журналистер өз мүддесіне пайдаланатын болды. Сынағанның жөні осы екен деп тырнақ астынан «кір іздейтіндер» көбейді. Біздің қазіргі журналистикамыздың бір кемшілігі осы. Қаптаған газеттерде журналистер емес, түрлі саланың адамдары жүр...
– «Көңіл қымбат» әніңіз елімізге кең тарады. 2009 жылдың ең үздік әні аталды...
– Ән ертеректе шықты. Алғашқы сөзі басқа еді.Осы әуенді естіген шымкенттік әнші Мамадияр Таукеев «Аға мына әніңіз  ұнайды, маған беріңізші» деп өтініш жасады. Артынша «Мәтіні поэзия әлеміне терең кірген екен, осыны жеңілдеу етіп өзгертіп бере аласыз ба?» дегені. Осының алдында ғана мені бауырына басып, тәрбиелеген Тынтай әжем мен жарық дүние сыйлаған Ләйла анам өмірден өткен еді. Көңілдің жетімсіздігі деген ең ауыр азап екен. Табан астында осы қазіргі мәтін туды. Кейіннен дарынды режиссер Уәлихан Исабайдың «Біз – балалар үйіненбіз» деген көркем фильмінде саунтрек болып алынды, оқиға желісі осы әуенмен қорытындыланады. Қырғыз ақыны, менің өлеңдерімнің аудармашысы Мұраталы Тұрдыбаев әннің тәржімаланып, көрші елде де хит әндердің қатарында екенін айтады.
– Қазақстан парламентаризмінің тарихында тұңғыш рет қазақ тілінде заң жазған депутат ретінде қалдыңыз. Осы күнгі заң-зәкөндердің сапасын қалай бағалайсыз?
– Менде бір ғана мақсат болды. Ол шетелдегі қазақтарды қалайда елге оралтудың толық заңды жүйесін жасау еді. 1997 жылы 23 қаңтарда Үкімет дайындаған «Көші-қон туралы» заңның жобасы Парламентке келіп түсті. Мен осы Заңның жобасына жетекші болып тағайындалдым. Жобаны оқып, көріп таң қалдым. Онда: біріншіден, Қазақстанға көшіп келген адамдарға мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлу қарастырылмапты. Екіншіден, Қазақстаннан сыртқа қоныс аударатындарға арнайы қаржылық көмек көрсету туралы бап енгізіліпті. Шын мәнінде Үкіметтің әзірлеген заң жобасының бір-екі бабын өзгертуге болатын шығар. Бірақ онымен іс бітетін түрі жоқ. Әрі жобаның республикадағы көші-қонды ұйымдастыру мен нысаналы түрде қамтамасыз ету негіздерін құқықтық тұрғыдан қанағаттандыра алмайтынын аңғардым. Одан кейін еліміздегі қалыптасқан демографиялық ахуал мен көші-қон саласындағы орын алған келеңсіз жағдайлар, менің жаңадан заң жобасын жасауыма түрткі болды. Көші-қон мәселесін құқықтық реттейтін, оның кері ықпалын шектей отырып, адам құқығының жалпыға ортақ мүдделеріне кепілдік жасайтын заң қажет еді. Алайда шешілмеген дүниелер шаш-етектен болатын. Қазақ тілінде жазылған заңды талқылау бұған дейін Парламент тәжірибесінде болып көрмеген. Орыс тіліндегі нұсқасынсыз талқылауға жіберілмейтін болды. Осыдан кейін қолымдағы жобаны орыс тіліне аудару қажеттігі туындады. Қызығы сол, Парламентте орыс тілінен қазақша аударатын адамдар бар, ал, қазақшадан орысша аударатын адам жоқ. Бұған дейін жан-жақтан Парламентке келетін барлық құжаттар (заң жобалары, ресми қатынас қағаздары) тек орыс тілінде келіп, қажет жағдайда ғана қазақша аударылатын жүйе қалыптасқан. Сөйтіп мәселені қалай шешеміз деп ойлана бастадық. Аппарат басшысының ұсынысымен аудармашыны тауып алып, аударттым.
Қазірде Парламентке түскен заңдардың орыс тілінде «міні» жоқ. Ал қазақ тіліндегі нұсқасы түсініксіз. Аудармашылар да мән бермейді. Біз өркениетті ел болатын болсақ, мемлекеттік тілде заң жобасын шығаруымыз керек.
– Адам іздеп жүрген едіңіз. Таптыңыз ба?
– Қай тақырыпқа қалам тартсам да, жүрегімді толғанысқа түсірген, ойымды ширықтырған мәселелерді қалт жібермеймін. Оқырманның талабы да, іздейтіні де осы. Жақсы адамдардың көп болғаны жаныма шуақ, бойыма қуат сыйлайды. Адам жасы ұлғайған сайын жақын жанды  іздейді. Сырласқысы, ой бөліскісі келеді. Ал шаршататын, мұңайтатын адамды ешкім де қажет етпейді. Жанарынан ашық аспан көрінетін жан дүниесінен шуақ  пен мейірімге толы адамдар аз. Көңілге қаяу түсіретін, қайғы сыйлайтын да тағы адамдар. Кейде барды жоғалтып, «аһ» деп өкінеміз. Жақсы адам еді, қадірін білмейміз деп жатамыз. Меніңше адамның адамдығы көзі тірісінде бағалай білу. Өйткені адамдар әлемі шексіз. Мен адам іздеуді тоқтатпаймын. Іздей беремін.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Құттыбике Нұрғабыл

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.