«Жарамсыз дөңгелектер жетпей жатыр»

Понедельник, 12 Октябрь 2015 11:08 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4757 раз
 MG 4792«Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқан «Экошина» ЖШС-і жарамсыз дөңгелектерді қайта өңдеу арқылы түрлі резеңке өнімдерін шығаруды қолға алған Шымкенттегі  бірден-бір зауыт. «Экошина» ЖШС-нің басшысы  Бауыржан Айгенжеев осы саланың қыр-сырын бірнеше жылдар бойы зерттеп, ізденіп жүрген маман. Жай ғана резеңкенің түрлі салаға қажеттілігінің күн сайын артып келе жатқанын зауыттың бүгінгі тыныс-тіршілігінен аңғаруға болады.   

– Бауыржан аға, кәсіпкерлік саласына қалай келдіңіз?
– Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдар өте қиын болды. Адамдар жаппай жұмыстан қысқартылуға ұшырап жатты. Мен де сол жылдары жұмыстан кетіп, әр істің басын қайырдым. Сосын 1995 жылы кәсіп бастауға бел будым. Ол кезде шетелден келетін көліктерді бояйтын арнайы сыр болды. Ол сырды қалай дайындау, пайдалану керектігін білу мақсатында арнайы технологиясын оқып-үйрендім. Франциядағы BASF концерн зауытынан құрал-жабдықтарын әкеліп, осы істі дамыттым. Еліміздің барлық қалаларында зертханаларымыз жұмыс істеді. Бояуды шетелден көлікпен, кейін вагонмен тасуға көштік. Елге жеткізгеннен кейін оны грамдап сатасың. Бұл істің қыр-сырына төселгеннен кейін өзіңді басқа салада сынап көргің келеді екен.
– Жарамсыз дөңгелектерді қайта өңдеуден өткізіп, жаратуға осы мақсатыңыз жетеледі ғой?
– Иә, қалдықтарды кәдеге жарататын іс бастауды бұрыннан ойланып жүретінмін. Бір күні Беларусь елінде тұратын досым көліктердің іске жарамсыз болып қалған дөңгелектерін өңдеп, әр салаға қажетті резеңке шығару туралы ұсыныс айтты. Қарасам, тура менің ойымда жүрген іс, дереу осы саланы зерттеуге кірістім. Сөйтіп, 2011 жылы «Оңтүстік» индустриалды аймағынан «Экошина» зауыты ашылды. Қытайдан арнайы құрал-жабдықтарын алдырттық. Жан-жүрегіммен, көңіл қалауыммен атқарғанымнан болар, аз уақыттың ішінде зауыт үлкейіп, маңыздылығы артты.
– Бір жылдары сіздердің зауыттарыңыз теміржолшылар үшін маңыздылығы жоғары саналды, қазір ше?
– Біз бірнеше жыл «Қазақстан темір жолы» компаниясы тапсырысын келісімшарты бар басқа фирма арқылы орындадық. Яғни, теміржолдың рельс пен шпалдың арасына орнататын резеңкені шығарғанбыз. Сұраныс барда зауыттың қуаттылығы 4 мың тоннаға жетті. Жылына 1,5-2 миллион данасын шығардық. Бірақ кейін тапсырыс тоқтағасын  «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында қуаттылығымызды арттырып, резеңкенің басқа түрлерін шығаруға көштік. Мысалы, қыста қар тазалайтын көліктердің «күрегінің» алдына қоятын, велосипедтердің дөңгелегін, бетон арықтардың арасына қоятын резеңке шығарамыз.
– Бұдан басқа қандай өнімдер шығарып жатырсыздар?
– Біздің зауытта бір емес, бірнеше өнімнің түрі  бар. Бүкіл органикалық заттардың ең маңызды құрамы болатын көміртек элементін жылына 1400 тонна, 1800 тонна мазут,  400 тонна металл сымдарын өндіруге қауқарымыз жетеді. Әрине, алдымен ол үшін сұраныс болу керек. Кей дөңгелектердің қалдықтары көп болады. Ешнәрсеге жарамайды. Бізде сондай қалдықтар көбейіп кеткен соң, оны басқа жолмен пайдалануға көштік. Қалдықтарды арнайы пешке салып, аузын жауып, астына от жағамыз. Ол 350 градуста қызып, балқиды. Сосын қайтадан газға айналады. Суығаннан кейін біз одан үш түрлі өнім аламыз – май, отын және сым. Оларды басқа зауыттарға сатамыз. Бірақ өкінішке қарай, былтыр күзде аяқ астынан өрт шығып,  бұл істі тоқтатқанбыз. Енді алдағы он шақты күннің ішінде қайтадан іске қосып, жандандырмақ ойымыз бар.   
– Спорт алаңдарына төселіп жатқан төсеніштеріңізге сұраныс қалай?
– Бірнеше үй аулалары мен спорт алаңдарын жабдықтап, арнайы резеңке төсеніш жасап бердік.  Өкінішке қарай, экологиялық таза бұл өнімнің бізде өндірілетінінен көпшілігі хабарсыз. Содан да болар, шекара асып көрші елдің тауарына тапсырыс беріп жатады.  Ал негізінде біздің зауыт осындай нәтижеге қол жеткізіп отыр. Аппараттан уатылып, дайын  болған резеңке ұнтақтары өлшеніп, оған бірнеше химиялық қоспалар қосылып, араластырылады. Жартылай дайын бола бастаған шикізат сығымдалып 100-110 градус ыстықта пісіріледі. Ыстық пештен шыққан резеңке төсеніштер қатталып нарыққа жол тартады. Дәл қазір қалаға жақында қосылған «Сайрам» шағынауданында салынып жатқан мектептің алаңына осындай резеңке төсеніш төсеп жатырмыз. Жетісайдағы орталық стадионның жүгіретін жолын да біздің мамандар істеген. Негізі  жүгіретін жер дүниежүзілік талапқа сәйкес аяққа жұмсақ тиюі қажет екен. Сонда буындарға күш түспейді, ауырмайды. Әлемнің көптеген елі осындай резеңкеден жасалған жүгіру алаңдарына көшкен. Қарап отырып, қазіргі заманның балаларына қызығамын. Біздің бала кезімізде мұндай алаң, мүмкіндік болған жоқ ғой. Шаң-топыраққа аунап, футбол ойнадық. Шаңға көміліп жүгірдік. Ертең құласа да еш жері жарақаттанбайтын жұмсақ резеңке алаңда қаншама бала жаттығып, жүгіретінін ойласам, кеудемді қуаныш кернейді.
– Ал маман мәселесі ше?
– Бүгінде 30-ға жуық маманымыз бар. Алдағы уақытта тағы да жұмыс көзі ашылады деп ойлаймын. Ал олардың  жалақысы 60-120 мың теңге аралығында.
– Өндірісті дамыту бағытында қандай жоспарларыңыз бар?
– Қазір бізге жарамсыз көлік дөңгелектері жетпей жатыр. Шамамыз келгенше жан-жақтан өзіміз жинаймыз. Телеарналардың жүгіртпе жолына, газет беттеріне 300 теңгеден дөңгелек аламыз деп хабарландыру да бердік. Менің болашақта жасағым келетін екі үлкен шаруа бар. Біріншісі, технологиясын тауып, орама резеңке төсеніш шығарғым келеді.  Сөйтіп, мектептердің спортзалын жабдықтап берсек. Бүгінгі таңда мектептердің спортзалына шетелден келетін материалдар төселіп жатыр. Сапасын ойдағыдай деп айта алмаймын. Себебі ол жұқа. Осының орнына орама резеңке төсеп, оның үстіне арнаулы материал төсесек бағасы әлдеқайда төмен, тиімді болар еді. Екіншісі, біздегі құрылысқа арналған, яғни кұрылыс қалдықтарын, тас, құм артатын көліктердің дөңгелектері Қытайдан келеді. Бағасы қымбат. Ал сол дөңгелекке қажетті шикізаттың 90 пайызы біздің зауытта бар. Соны жолға қойып  шығарсақ, зауытымыз жақсы жұмыс істеп кетер еді. Қазір бизнес жобасын жасап жатырмыз. Үкіметтен қолдау болса, осы екі шаруаны жүзеге асырамыз.  Жақында Алматыдан кеңсемізді ашып, ол жақта да тапсырыстарды жүзеге асыруды қолға алдық. Енді Ресей нарығына жол тартпақ ойымыз бар. Былтыр бәрі келісіліп, жұмысты бастағанымызда рубль құны құлдырап, бізге тиімсіз болып қалған. Енді қайтадан осы шаруаны қолға алмақпыз.
– Кәсіп бастағысы келетін жандарға не айтасыз?
– Біз бизнесті арнайы оқыған жоқпыз. Ал қазір ізденемін, оқимын деген жастарға түрлі мүмкіндіктер көп. Тегін білім беретін «Кәсіпкерлік мектебі» бар. Одан бөлек интернет сайттарда түрлі тренингтік сабақтар көп. Көр, оқы, тыңда, олардың қателіктерінен сабақ ал. Сосын  жұмысты кішкентайдан бастауға арланбау керек. Дайынға тап болған болмайды. Өзің істеп көріп, қиындығына төзіп, игеріп кете алсаң ғана жұмысың жемісті болмақ. Маған жұмыс істеймін деп құлшынып келетін адам болса, тауып берер едім. Өкініштісі сол, келеді де бірден жоғары лауазымды көксейді. Май, үсті басының шаң болғанын қаламайды, қиынсынады. Ал біз зейнеткерлік жаста болсақ та үйде қол қусырып қарап отыра алмаймыз. Ізденеміз, жаңа мүмкіндіктерді игереміз. Қорықпау керек, тоқтамау керек.  
– Әңгімеңізге рахмет!
 
Әңгімелескен
Әйгерім БЕГІМБЕТ
Последнее изменение Понедельник, 12 Октябрь 2015 11:14
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.