«Менiң әлсiз болуға хақым жоқ»

Понедельник, 02 Ноябрь 2015 11:32 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5166 раз

Өмірде бақытсыздығы мен сәтсіздігін алға тартып, болмашыға күйінгендер қаншама?! Он екі мүшесі сау адамдардың тау қопарар сәттері мен алтын уақыттарын
мұңаюға, біреуді кінәлауға, өзін аяуға және жалқаулыққа бой алдырып, текке отыруға жұмсайтындары баршылық. Өмірдің кейбір сәттері осындай көріністердің лажсыз куәсі болуға мәжбүрлейді. Тағдырға мойынсұнып, жығылу оңай. Бірақ, дер кезінде бас көтеріп, бойын тіктеп ұстау, жетістікке жету, қоғаммен бірге тең аяқ басу – ерлік. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі адамдардың арасында жігерлі, өмірге деген құштарлығы ұшан-теңіз азаматтар аз емес. Солардың бірі Ермек Қалымбетовпен сұхбаттасқан едік.

DSC 0094–Ермек, Қазақстанның жеңіл атлетикадан ел біріншілігінің жеңімпазы екенің белгілі. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасындағы спорт додаларында  алдыңа жан салмай жүрсің. Бұл сенің ұзақ уақыт еткен қажырлы еңбегіңнің жемісі. Соған қарағанда, спортқа деген әуестігің сонау бала кезден басталған ғой?

–Мен алты жасымнан Төлеби ауданы, Көксәйек ауылындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған интернатта 9 жыл тәрбиелендім. Өзіммен қатар балалармен бірге спортпен шұғылдандым. Спортқа деген әуестігім сол кезден басталды. Бір күні Шымкент қаласындағы мүгедектерді оңалту орталығында қазіргі жаттықтырушым Арыстан Орынбаевпен таныстым. Менің мүмкіндіктерімді байқаған ол мүгедектердің арасында қоларба жарысы деген спорт түрінің бар екенін және менің соған икемім барын айтқан болатын. Бұрын-соңды спорттың мұндай түрі туралы естіген емеспін. Оның ұсынысына бірден келісе кеттім. Содан 2008 жылдан спортпен шындап айналыса бастадым. Бір жылдан соң, Талдықорған қаласында өткен жарыста бірінші орынды жеңіп алдым. Биыл тамыз айында Павлодар қаласында өткен республикалық паралимпиадада 100, 200 және 400 метрге жүгіруден бірінші орын алдым. Енді шетелге шыққым келеді. Сол жақта өзімді көрсетпей мен өзімді чемпионмын деп есептемеймін.

– Неге?

– Өйткені, ұмтылыс бар, бірақ жағдай жоқ. Біріншіден күнделікті жаттығу керек. Спортшының ас-ауқатының құнарлылығы да маңызды. Ал ең бастысы – кәсіби қоларба болу қажет. Мендегі стандартқа сай емес. Сондықтан, нормативті орындай алмай жүрмін. Қазіргі арбамды мүгедектерге арналған спорт мектебі алып берген. Бағасы – 5 мың доллар шамасында. Ал кәсіби арба Германия мен Жапонияда шығарылады. Оның құны – 25 мың доллар.  Сондықтан, кәсіби арбаға қол жеткізбей, жеңіл атлетика спортында айтарлықтай  нәтиже көрсету мүмкіндігім өте аз. Егер демеушілер табылып жатса, қуанар едім.

– Өзің айналысып жүрген спорт түрі төзімділік пен қайсарлықты қажет етеді. Өмірден қажып, түңілетіндерге, түрлі сылтау айтатындарға не дер едің?

– Кез келген асуды алуға, қиыншылықты жеңуге болады. Барлығы да адамның өзіне байланысты. Сылтау айту–жалқаулық пен немқұрайлылықтың салдары. Әсіресе, дені сау адамдар үшін ұят нәрсе деп ойлаймын. Өзім секілді көптеген адамдар мүгедектігіне қарамастан, өзгелерден еш кем еместігін ісімен дәлелдеп жүр. Алла адамға барлық мүмкіндікті беріп қойған. Егер адам өз бойынан дарын мен қабілеттің барын байқаса, әрі қарай дамыту керек.

– Қабілет демекші, би билеуден де кенде емессің. Жүлделі орындарға ие болып жүрсің. Қазақстанға есімің таныла бастады. Биге деген құштарлық қалай пайда болды?

– Биге әуестігім ойламаған жерден пайда болды. Мүгедектерді оңалту орталығында іс-шара өтетін болып, қызметкерлер екі жұпты билетпекші болыпты. Олар ұялып, бас тартқан соң, маған ұсыныс жасады. Мен бірден келісе кеттім. Екі қыз, екі жігіт болып вальс биледік. Көрермендердің көңілінен шықты. Өзіме де ұнады. Содан түрлі іс-шараларда билеп жүрдім. Би қимылдарын өзіміз ойлап шығардық. Бұл өнерімді көрген жаттықтырушым Арыстан Орынбаев «сені мүгедектер арасында өтетін би жарысына да апарайын, бағыңды сына» деді. 2013 жылы Тараз қаласында спартакиадада алғаш рет үлкен сахнада би билеп, соңғы орындардың біріне ие болдым. Сол кезде жан-жағыма қарасам, өңшең тіс қаққан бишілер. Мұңаймадым, намысымды қайрап, жігерлене түстім. Мұнан соң, Алматы, Шымкент қалаларында француздың “Je t’aime” әніне қойылған биді көрсеттік. Биде серіктерім көп болды. Салтанат, Ләззат, Асылзат деген қыздарға алғысым шексіз. Биыл қаламызда республикалық жазғы би және өнер фестивалі өтіп, бірінші орынды жеңіп алдық. Арбада отырсам да, маған би қимылын жасау қиын емес. Өзім шығарған трюктерім бар. Қол арбамен әлі ешкім істемеген қозғалыстарды жасаймын. Қауіпті әрине. Образға кіріп билеуді үйрендім. Бірақ, әннің мағынасына қарай көңіл босайтын жерлері де бар. Ол менің қолымнан келмеді. Мен жылай алмадым!

– Сурет салуға да икемің бар екен. Неге ол өнеріңді де дамытпасқа?

– Интернат қабырғасында суретті көп салатынмын. Көрген нәрсемді айна-қатесіз ақ қағаз бетіне түсіріп жүрдім. «Суретші болсам екен» деген ой анда-санда қылаң беретін. Бір күні суретші Әбілхан Қастеевтің «адамның фантазиясы болмаса, ол – суретші емес» деп айтқанын оқып қалдым. Менің сурет салғанда өзіндік ойым мен қиялымның жоқ екенін түсініп, суретші шықпайтынын түсіндім. Содан қылқаламға деген әуестігіме нүкте қойдым.

– Ал өмірде тағдырға налып, жігерің жасып жылаған сәттерің болды ма?

– Иә... Қазір сол күндерді еске алмауға тырысамын. Денеңдегі кемістік бала кезде байқалмайды. Есейе келе, бәрін түсіне бастайсың. Интернатты бітірген соң, айналама қарай бастадым.  Сонда адамдардың маған деген түрлі көзқарастарын көріп, іштей талай рет қынжылдым. Аяқ-қолдары сау адамдарды көргенде ашуланып, жылайтынмын. «Миллиондаған адамның арасынан неге мені мүгедек етіп жаратты? Не үшін?» деген сауалдар жиі мазалайтын. Осы сұрақтарды ата-анама қойып, оларды да қинадым. Осындай сәттерде нағашы әжемнің айтқан ақылы менің есімді тез жидырды. Ол «Интернатта өздігінен ас іше алмай, баратын жеріне жете алмай отырғандарды көріп, неге тәубеңе келмейсің? Сен олардың қасында әлдеқайда бақыттысың!» деді. Менің жылауға, әлсіз болуға хақым жоқ. Керісінше, мықтылығымды іспен дәлелдеуім қажет. Бар арманым – ата-анамды қуанту. Отбасында үш баланың кенжесімін. Әкем – Ауған соғысының ардагері, анам – мұғалім.

– Ермек, жұмысыңа жаяу келеді екенсің. Неге инватакси қызметін пайдаланбайсың?

– Шымкенттегі мүгедектерді оңалту орталығында мәдени ұйымдастырушы болып жұмыс істегеніме төрт ай болды. Осы орталықтың директоры Гүлия Лесбекқызына алғысым шексіз. Бір ауыз өтінішімді жерге қалдырмай, мені жұмысқа қабылдады. Әзірге маған инватаксидің қажеті жоқ. Денсаулығым үшін көп қимылдауға тырысамын. Қоларбамен келгенім өзіме жақсы. Шыныға түсемін. Үйім жұмысыма жақын болғандықтан, 10-15 минут уақытым кетеді. Жол-жөнекей ыңғайсыздықтар көп кездесетіні рас. Жаяу жүргіншілер жолы кейбір көшелерде жоқ. Оған қоса, кейде зуылдаған көліктер де кедергі болып жатады. Көшенің қарсы бетіне өту үшін жолдың қақ ортасында тұрып қалатын сәттерім аз емес. Алайда, жол беретін көлік жүргізушілері де жетерлік. Көпке топырақ шашуға болмайды ғой.

– Әңгімеңе рақмет!

Сұхбаттасқан
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.