Тәуелсіздік пен Тұңғыш Президент – тең ұғым

Вторник, 15 Декабрь 2015 05:41 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5323 раз

Қазақстанның Тәуелсіздік туын желбіреткеніне 24 жыл! Осы уақыт ішінде еліміздің жеткен жетістіктері, алған белестері ауыз толтырып айтарлықтай. Мұның барлығы әлбетте, Елбасы Н.Назарбаевтың сара саясатының нәтижесі. Президент: «Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзiнiң егемендiгi мен тәуелсiздiгi үшiн күресiп келдi. Өзiнiң ең жақсы қасиеттерiнiң: қатер төнген сәтте бiрiгiп, ұйымдаса бiлуiнiң, сондай-ақ басқа халықтармен бейбiтшiлiк, келiсiм мен тату көршiлiк жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзiнiң мемлекеттiгiн қалпына келтiре алды» деген болатын. Олай болса, Тәуелсіздікті ұғыну, түйсіну және бағалау үшін егемендікке жету жолындағы тарихымызды дәйім жадымызда ұстаған жөн. Осы ретте, ҚР Тарих және қоғамдық ғылымдар Академиясының академигі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Тапалов Дүйсенбек Жәнібекұлымен сұхбаттасқан едік.

 MG 9660-8– Дүйсенбек Жәнібекұлы, «Тәуелсіздік» деген ұғымның қадір-қасиетін ұғыну үшін жылына бір рет жер-жерлерде іс-шара өткізу аз болары анық. Тәуелсіздік қадіріне жете алдық па? Сіздің пікіріңізді білсек...

– Тәуелсіздік дегеніміздің өзі кез келген этностың егеменді ел құру арманынан, мұрат биігінен туындайтын көзқарас. Тәуелсіздік ғылымындағы философияның басты түйіні – мемлекет. Ұшқан құстың қанаты талатын қиырсыз кең даланың сайын сағалап, тауын жағалап, тарыдай шашылып жатқан көшпелі халқын көрнекті ел етемін деп жан алыса, жан берісе жұлқысқан Абылайдан кейін халқымыздың тағдырына зор тауқымет түскен бірнеше ғасырлық бодандық дәуірі келді. Бірақ қаһарман қазақ халқы тәуелсіздік үшін күресін бір сәтте тоқтатқан жоқ. «Қасиетті қазақ жері – ата-бабаларымыздың даңқты тарихын атының тұяғымен жазып кеткен жер», – деп Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тебірене айтуы тегін болмаса керек. Халқымыздың кейінгі ұрпақтары да осы ұғымға лайық, тәуелсіздік күрескерлері бола алды. Оған тәуелсіздігімізбен қатар 1986 жылдың ызғарлы желтоқсанында дүниені дүр сілкіндірген оқиғамен бірге келуі кездейсоқтық емес. Жаңа жыл мерекесін Тәуелсіздіктен жоғары қоятын азаматтарға айтарым жастар да, үлкендер де арагідік тарихқа зер салып, бетке ұстар ақын-жазушыларымыздың шығармаларын көптеп оқығаны абзал. Сонда бөтеннен сығалап келген кірме мерекелер өздігінен ығыса береді деп ойлаймын.

– Тәуелсіздік туралы айтқан кезде сонау 1986 жылғы ызғарлы желтоқсан оқиғасы туралы айтпай кету мүмкін емес. Қаршадай ғана қазақтың жастары Кеңес Одағының солақай саясатына қарсы шығып, қыршынынан қиылды. Тірі қалғандарының өзі кешегі күнге дейін ақтала алмай, өз елінде жетімнің күйін кешті. 13 желтоқсан күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев телеарна тілшілеріне берген сұхбатында желтоқсан оқиғасының ұмытылмайтынын, ел тарихында өзіндік орны барын атап өтті. Олай болса, желтоқсан оқиғасының астарына тағы бір үңілсеңіз...

– Кеңестік дәуірде де тынши алмай дүркін-дүркін толқын соғып тұрған ұлт азаттық қозғалыстардың ең соңғы шыңы, ақырғы, қайғылы да жеңісті көрінісі 1986 жылдың желтоқсан айына дөп келді. Кеңестік қызыл империя халықтар достығы туралы көлгірсіген бетпердесін сыпырып тастап, жыртқыштық ұсқынын ашық көрсетті. «17-18 желтоқсанда қарусыз халыққа қарсы сапер күректерді пайдаланды, көтерісшілерді итке талатты. Жараланған адамдарды машиналарға күштеп отырғызып, қала сыртына апарып тастады. «Дружиник» атын жамылған қылмыскерлер арматурадан арнайы жасалынған сойылдармен кінәсіз қазақ жастарының басын жарып, иығын сыңдырып алаңда құлатып жатты, – деп жазды осы оқиға куәгері Сабыр Қасымов. «Эй-Би-Си» бұл оқиғаны «Қазақтар коммунистік тоталитаризмге қарсы көтеріліске шықты» – деп жарияласа, Гонконгте берілген ағылшын тіліндегі хабарда «Қазақтар ұлтын сақтап қалу үшін күресуде», – деді. Ал ресми Мәскеу хабарларында «бір топ маскүнемдер мен нашақорлар, көкжалдардың ұлттық фашистік топтарының арандату үшін әдейі ұйымдастырылған тәртіпсіздіктері», – деп бағалады. Бұл шын мәнінде қазақ халқының ұлт азаттық күресінің жан кешті жалғасы еді. Мұндай оқиғалар қолдан жасалмайды, күні жетіп, айы толғанда өзінен өзі «жарылған сыздауықтай» бұрқ ете түседі. Төңкерістер туралы орыстың әйгілі философтарының бірі Франк Семин: «Халықтың төңкерісін қолдан жасау мүмкін емес, оны өмір өзінен өзі тудырады. Жер қойнауынан жасырылған бір тылсым күштің тосыннан атқылауы сияқты, халық кегі де өзінен - өзі жарылады», – деген.

1991 жылдың 16 желтоқсаны осы ұлы күрестің түйіні шешілген күн, қазақ халқы сол кезде небәрі өз Отанында 47 пайыз ғана болса, Аллаға шүкір, бүгін басына бақ қонған елімізде қазақтар халықтың басым бөлігін құрап, мемлекет құрушы ұлт болып отыр. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Бұл оқиға-жаңа дәуірдің бастамасы болды. Желтоқсан – бір халықты бір халыққа емес, еркіндікке ұмтылған миллиондардың озбырлық жүйеге қарсы тұңғыш рет бас көтеруі еді. Бұл оқиға–ояна бастаған ұлттардың бұрынғы одақ көлеміндегі алғашқы демократиялық ұмтылысы еді», – деп оның маңызын дөп басып бағасын берген еді.

– Тарих беттерін парақтар болсақ, қазақ халқын желтоқсан айымен байланыстыратын бірнеше оқиғалар, деректер бар екен. «Желтоқсан – қазақ халқы үшін киелі ай» деп баға бергеніңізден хабарымыз бар. Демек, мемлекет болып қалыптасқанымызға дейін егемендік жолында сан түрлі тарихи оқиғаларды бастан кешірдік қой? Әңгімеңізді әріден бастасаңыз...

– ХХ ғасырдың басына қарай В.И.Ленин «Халықтар түрмесі» атанған Ресей империясының ең артта қалған, қараңғы түкпіріне айналған аймақ – қазақ жері еді. Көктемгі жаңа өнген көк бұтақтай енді ғана қалыптаса бастаған қазақ зиялыларының бір ғана басты арманы – Елдікті сақтап қалу болды, ерекше жаратылған, текті де бекзат, асыл сүйікті бабаларымыз Алаш қайраткерлерінің осы жолда құрбан болды. Бұл әрекеттері текке кетпей, ғасыр соңында олардың ұрпақтары отарлық бұғауды бұзып, тәуелсіздік Туын желбіретті. ХХ ғасырда қазақ елі үшін киелі сипатқа ие болған ай – Желтоқсан айы. 1905 жылы 17 қазанда бұқара халықты ашу – ызасымен патшаның демократиялық бостандықтар жариялауға мәжбүр болуы, осындағы ар- ожданы, сөз бостандығына қатысты жиналыстардың өткізілуі, түрлі ұйымдар мен одақтардың бірігу құқығы секілді мәселелерді Орта Азия халықтарының ішінде алғаш болып қазақ зиялылары қолға алды. Құжат тез қазақшаланып, көшпелі ел арасында таратылды. Орыс - славян қауымындағы түрлі саяси қозғалыстар мен партиялардың құрылуын және саяси белсенділігін байқай отырып, біздің зиялыларымыз да ұлт мүддесі үшін саяси ұйымға бірігу қажеттігін ұғынды. Қазақтың бес облысының бір топ өкілдері 1905 жылы желтоқсанда Орал қаласына жиналып пікірлесті. Бақытжан Қаратаевтың жетекшілігімен Қазақ конституциялық–демократиялық партиясын құру туралы шешім қабылданды. Бұл үлкен саяси бағыттағы тұңғыш қадам еді. Ол 1905 жылдың желтоқсанның 14 жұлдызында болған тәуелсіздік жолындағы киелі оқиға болды.
Түркістан өлкесінің мұсылман халықтарының Қоқан қаласында өткен төртіншы құрылтайы 1917 жылы желтоқсанның 10 жұлдызында Түркістан Автономиясын жариялады. Кеңес тарихында ол 64 күн өмір сүріп, осы қысқа ғұмырында тарихтың тәуелсіздік жолындағы шежіресінде мәңгі өшпестей жазылды. 1917 жылдың 12 желтоқсанда Қазақ (Алаш Орда) Автономиясы құрылды. Осы құрылтайда Қазақстанға – Орынборға Түркістан Автономиясы туралы ресми хабар әкелген осы Түркістан үкіметінің Сыртқы істер министрі Мұстафа Шоқай «Алашорда» халық кеңесінің құрамына сайланды. Алашорда басшысы Әлихан Бөкейханмен бірігіп, екі Автономияның қазақтарын жер – суымен бір шаңыраққа қосуды көздейтін мәлімдеме жасады. Ал соңғысы, әрі Тәуелсіздікке қол жеткізуге бірден-бір себеп болған Желтоқсан оқиғасы туралы жоғарыда айтып өттім. Тағы қоса кетейін, желтоқсанның киелі ай екенін айқындайтын біз үшін беймәлім болып келген дерек жақында кездесті. 1959 жылы шілдеде АҚШ конгресі қабылдаған «Езілуші ұлттар аптасы» деген маңызды Заңға сәйкес, жыл сайын 13 желтоқсан Америкада Түркістан күні деп атап, түрік ұлттарының күні аталып өтіледі екен.

– Қазақстанның Тәуелсіздігі жарияланғаннан соң, тәй-тәй басқан ел үшін аяқтан нық тұру оңай болған жоқ. Экономикамыз тұралап, теңгеміз құнсызданды, жұмыс орындары жабылды, айлап жалақы төленбеді. Халық «қалай күн көреміз?» деп бас қатырды. Базар жағалады. Сауданың жабайы түрімен айналысса да, әйтеуір жан бақты. Қысқасы, еліміз гүлденген болашаққа қарай дұрыс бетбұрыс жасады, солай емес пе?

– Осыдан 24 жыл бұрын біздің еншімізге ұлан байтақ жермен бірге, оның әлі анық айқындалмаған саяси жүйесі мен тоз-тозы шығуы мүмкін, ыдырау қаупі бар көп ұлтты мемлекеттік билік тізгіні тиді. Бүкіл заңдық идеологиялық мұраларымыз басқа жүйеге арналған, Конституциямыз, рәміздеріміз бен нышандарымыз атымен жоқ еді. Бәрін де тақыр жерден, тарихымызда болмаған істерден бастап, сапалы дамуға қол жеткізу арқылы елімізді нақтылы егемендікке, сыртқы дүниені тануына жол ашу керек еді. Осы жылдарда кезінде «азуы алты қарыс» Кеңес үкіметі шеше алмаған Қытай, Ресей секілді алпауыттармен, тағы басқа көршілерімізбен жер дауын, территория мәселесін түбегейлі шештік. «Жер» географиялық термин, бірақ ол мелекеттік құрылыстың негізі – саяси мәнге ие ұғым. Әрбір жаңа мемлекетке, оның халқы топтасып, құт- береке табатын өз «Жер-ұйығы» керек. Кезінде Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібектің ақылшысы болған Асан Қайғының жер-ұйық іздеуі тектен-тек емес еді. Ұлтымызды ұйытып,елімізге құт-береке әкелетін жер мәселесін арғы–бергі тарихымызда алғаш рет түбегейлі шешкен Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев екенін айта кеткен жөн. Жалпы, қай тұрғыдан алсақ та Тәуелсіздік пен Тұңғыш Президент – тең ұғым. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі екі-үш жылда халық жүдеді. Экономикада батыл да жүйелі, жігерлі де жедел өзгерістер қажет болды. Экономика нарықтық қатынастарға бет алып, дербес макроэкономикалық саясат жүргізуге мүмкіндік беретін ұлттық валютамыз бен банк жүйесін қабылдадық. Осының арқасында экономикамызды жоспарлы-директивалық экономиканың сарқыншақтарынан арылу батыл жүзеге асты. Шетелден инвестиция тартыла бастады, жергілікті кәсіпкерлердің жұмысын бастауға зор мүмкіндік болды. Конституциядан бастап, барлық заңдық-нормативтік жүйе, Президенттік басқару қалыптасып, реформаларымызды жеделдетудің құқықтық-саяси негізі жасалынды. Олай болса, желтоқсан рухымен айбарлана түсетін Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.