Ел сенiмiн ақтау – парыз

Среда, 30 Декабрь 2015 05:11 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4697 раз

Төреайым Сұлтанова – қалалық мәслихаттағы белсенді депутаттардың бірі. Ол қаланың дамуына сүбелі үлес қосып, игі бастамаларды жүзеге асырып жүр. Ұлттық идеология мен жас ұрпақ тәрбиесі халық қалаулысының басты ұстанымы. Сондай-ақ, өзі сайланған округтың мәселесін де ұмытпайды. Мереке қарсаңында «Ай нұры» медициналық емханасының директоры, қалалық мәслихаттың депутаты Төреайым Жолдыбайқызымен сұхбаттасудың сәті түсті.

sultanova– Төреайым Жолдыбайқызы, қаламыздың дамуына бір кісідей атсалысып жүрген азаматшалардың бірісіз. Ер азаматтармен қатар иық тіресе қызмет етудесіз. Өзіңіз басшылық ететін қоғамдық ұйымдардың жұмысы қалай жүріп жатыр?

– Адамға ел сеніміне ие болудан артық мәртебе жоқ. Бойымызда жігеріміз, күшіміз барда неге халқымызға қызмет етпеске?! Халық қалаулысы атануым – кездейсоқтық емес. 2011 жылы қарашада қалалық мәслихатта сайлау жұмыстары басталды. Облыстық icкер әйелдер қауымдастығы №11 сайлау округінен менің кандидатурамды ұсынды. Көңілімнен шыққаны, халық мені қолдады. Таңдаулары маған түсті. Сол үшін сайлаушыларыма алғысым шексіз. Әрине, қай уақытта болсын, сенім жүгі ауыр. Депутат болу абырой мен мәртебе ғана емес. Ол ел, халық алдындағы жауапкершілік. Маған сеніп, жасаған бағдарламама үміт артқан, депутат етіп сайлаған халқымның алдында міндетім биік, ұстанымым бөлек. Сондықтан қолдан келгенше кез келген саланы игеріп әкетуге барымды саламын. Мүмкіндігінше елдің ортасында болып, толғандырып жүрген мәселелерге көңіл аударамын. Негізінде ер-азаматтарымыздың атқаратын жұмысын әйелдер де орындай алады. Әйел, отбасы, қоғам – үшеуі тығыз байланысты. Отбасы мықты болса, қоғам да нығая түседі.

– Сайлаушыларыңызбен кездесіп тұрасыз ба?

– Мен үшін сайлаушыларымның ұсыныс-тілектері өте маңызды. Олардың талаптары жетіп артылады. Халық қалаулысы ел игілігі үшін жұмыс істеуі керек қой. Біз жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыс орнатып, тұрғындарды толғандырған мәселелерді шешуге талпынып келеміз. Кездесуден бөлек емханамда әр аптаның сәрсенбі күндері сағат 15.00-ден кешкі 19.00-ге дейін қабылдау жүргіземін.

– Депутат ретінде бүгінге дейін жоспарлаған міндеттеріңіз орындалды ма?

– Ел сенімін ақтадым десем, қателеспеймін. Бюджет арқылы да, өз қаржымнан да ойға алған шаруаларымның біразы жүзеге асты. Қазіргі таңда халыққа қажеттісі таза ауызсу, табиғи газ, жол, жарық, мектеп, балабақша мәселесі. Алайда, мен сайланған округте айтарлықтай өзекті проблемалар жоқ. Мәселен, табиғаттың тосын мінезінен бүлінген үй шатырлары қалпына келтірілді, спорт алаңшалары орнатылды. Шағынаудандағы жол қозғалысындағы автобус мәселелерiн шештік. Енді жолаушылар үйлеріне қиындықсыз жеткізілетін болды. Тағы бір түйткілді мәселе – шағынаудандағы жарық беретін трансформатор жекеменшікте болатын. Тұрғындар төлемақысын пайызбен төлейтін. Бүгінде трансформатор мемлекет меншігіне өтті. Сондай-ақ, шағынаудандарға жарық бағаналары орнатылды. Әлі де қолға алынатын, орындалатын жұмыстар бар. Ал қолымнан келмейтін жұмысқа уәде бермеймін.

– Қаламыздағы қандай мәселені алдыңғы кезекке қояр едіңіз?

– Түйткілді мәселелер жоқ емес. Шымкенттіктердің басым бөлігі жеке секторларда тұрады. Ал үйлер кәріз жүйелерімен толық қамтылмаған. Дегенмен Елбасы тапсырмасымен қаламыздың бас жоспары бекітілді. 2020 жылға дейін даму тұжырымдамасы жасалды. Соған сәйкес болашақта Шымкент үлкен сауда-логистикалық, мәдени-тарихи орталыққа айналмақ. Мұның бәрін қала басшылығы жеке инвесторлардың көмегімен жүзеге асырылмақ. Яғни 2 мың ғасырдан астам тарихы бар қаламыз алдағы жылдары көркейе түспек. Қаланың ұлттық сипатын көрсететін, айрықша мәнге ие боларлықтай жұмыстар қолға алынады деп ойлаймын. Сонымен қатар, біз ең бірінші кезекте үнемшіл болуымыз керек. Дағдарыс деп дағдарып отырмай, етек-жеңімізді жинап, өзімізге есеп беретін кез келді.

– Сіз кәсіпкерлікке ғылымнан келдіңіз. Өзіңіз басшылық ететін «Ай нұры» медицина орталығы заман талабына сай ма?

– Қазір жаһандық жетістіктердің озық үлгілерімен жарақтандырылған жаңа аурухана ашылса, ерекше жаңалық болмай қалды. Қаламызда озық технологиялармен жабдықталған жеке емханалар аз емес. Дәлдік диагностикамен қаруланған, дертке тиімді ем қолданатын медициналық орталықтар бой көтеріп жатыр. «Ай нұры» сондай емханалардың алғашқысы болатын. Мен «Самал» шағынауданында тұратынмын. Ол кездері тұрғындар дәрігерге көріну үшін айлап кезек күтетін. Маған «көпбалалы» отбасыларға емхана ашсам деген ой келді. Сөйтіп өз қаражатыммен емхана тұрғызылды. 5 қабатты нысан заманауи талапқа сай құрылды. Облыстық денсаулық сақтау департаментінен келген мамандар: – Жеке клиникадан гөрі, шағынаудан тұрғындарын осы емханаға әкелейік – деген ұсыныс жасады. Қазіргі таңда емхана 30 мыңға жуық тұрғынға тегін қызмет көрсетеді. 140 маман жұмыс істейді. Яғни емхана биылғы жаңа реформа бойынша қызмет көрсетеді. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында «Ай нұрында» мемлекеттік емханалармен әріптестік қатынас нығайды. Нәтижесінде медициналық қызмет көрсетудің сапасы артты. Сондықтан емханалардың аралас типте жұмыс жасауға ауысуына сенімсіздік білдірудің қажеті жоқ.

– Кәсіпкерлік пен депутаттықты қатар алып жүру оңай емес шығар?

– Адал еңбегіммен ел ықыласына бөленіп жүрсем де, әйелдік борышымды жоғары қоямын. Маған атақ пен мансаптан отбасымның міндеті маңызды. Ал халық арасында қызметтегі әйелдер үй шаруасымен айналыспайды деген пікір қалыптасқан. «Ақсаусақ» деп ойлайтындар да бар шығар... Бірақ менің қарапайым әйелдерден айырмашылығым жоқ. Мен де үй жұмысымен айналысамын. Тамақ дайындаймын. Қым-қуыт тірліктен, шаш-етек жұмыстан шаршап келгенде «кем-кетігімді» толтыратын немерелерімнің барына шүкіршілік етемін. Аналық мейірім дегеннің әйел атаулының ғұмырының мән-мағынасына татитындығын ұғынамын.

– Алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз?

– Алға қойған жоспарларым жетерлік. Алдағы уақытта да сайлаушыларымның көкейіндегі мәселелерді көтеріп, облыс пен қаламыздың әрі қарай дамуына үлесімді қосқым келеді.

– Келе жатқан Жаңа жылға тілегіңіз?

– Шымкенттіктерді келе жатқан Жаңа жылдарымен құттықтаймын. Келер жыл баршаңыздың шаңырағыңызға бақ-береке, табыс, қуаныш алып келсін. Алға қойған барлық жоспарларыңыз орындалып, арман-үміттеріңіз ақталсын. Жанұяларыңызға зор денсаулық, бақыт, қызметтеріңізге шығармашылық өрлеу мен абырой тілеймін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.