Л.ДиКаприо: «Оскар» туралы ешқашан ойлаған емеспiн»

Среда, 20 Январь 2016 06:33 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4864 раз

leonardo dicaprio the revenant2016 жыл Голливуд жұлдызы Леонардо ДиКаприо үшін сәтті болары сөзсіз. «Жансебіл» («Выживший») фильмін түсіру барысындағы оның жанкештілігін, актерлік шеберлігін АҚШ-тың киноакадемиясы ескеріп, «Оскар» сыйлығын бере ме жоқ па, ол маңызды емес. Қазірдің өзінде ел аузында «Оскарға» лайық екені жөнінде айтылып жатыр. Әлемдік кинопрокатқа шыққан фильмді көрермен көріп, талқылауда. Бұл ретте қазақстандықтар да шет қалмай, өз бағасын берді. Жуырда ғана осы фильмдегі рөлі үшін Леонардо ДиКаприоға «Алтын глобус» марапаты табысталған еді. Кино сыншылардың пікірінше, актердің «Оскарды» алу мүмкіндігі жоғары. Бұған дейін танымал жұлдыз төрт рет бұл жүлденің номинанты атанған.
Фильмдегі бас кейіпкер-аңшы Хью Гласс аюдың шабуылы мен жолдастарының сатқындығын бастан кешеді, сонымен қатар, тірідей көміліп, сақылдаған сары аязда аман қалу үшін не көрмеді? Мұның барлығына ол жанында жүрген адамдардың ұлын өлтіріп, өзін шала жансар күйде қалдырып кеткені үшін кек қайтару мақсатында шыдап бағады. Канада мен Аргентинада тоғыз ай бойы фильмді түсіру қиын болғаны соншалықты, түсірілім тобының кейбір мүшелері оны «өмірдегі тозақ» секілді болды деседі. Олай болса, Леонардо ДиКаприоның Лондондағы Time Out журналының тілшісі Кэт Кларкқа берген сұхбатын ықшамдап ұсынамыз.

the-revenant-leonardo-dicaprio-alejandro-innaritu-tom-hardy-09-29-at-9.38.16-AM– Фильмді түсіру барысында сіз көптеген қиындықтарға тап болдыңыз, соның ішінде, өгіздің бауырын шикідей шайнауға тура келді. Сіз расында да оны жедіңіз бе?

– Иә, жедім. Өйткені, маған бауырға ұқсас нәрсені әкеліп бергенде ол шынайы ет секілді көрінбеді. Осы эпизодта менімен бірге ойнаған Артур есімді үндіс актер күні бойы шикі бауыр жеді. Маған да оның дәмін тату керек болды. Екі рет тістедім де... Қысқасы, менің шикі етке қатысты әрекетім фильмге түсіп қалды. Инстинкт дер едім мұны!

– Фильмге түсу қаншалықты қиын болды?

– Өте қиын болды. Біз фильм түсіру барысында қандай қиындықтардың болатынын жақсы білдік. Арнайы эффектілердің көмектеспейтінін де түсіндік.

– Фильм табиғат аясында түсірілді. Осы ретте ауа райына байланысты түсірілімді тоқтатқан сәттеріңіз болды ма?

– Күн сайын өңменімізден өтетін суықта жұмыс істедік! Дубльдер арасында жылынып алуым үшін арнайы көлік болды.

– Өзіңіз табиғат аясында көп уақыт өткізесіз бе?

– Иә, әсіресе адам аяғы баспаған жерлерде болғанды ұнатамын. Өркениеттен мақұрым қалған Амазонкаға баруды діттеп отырмын.

– Сіз саяхаттаған кезде бірнеше рет өлімге бас тігіпсіз. Мәселен, Оңтүстік Африкада акула шабуыл жасаған, ал оған дейін биіктен секіргенде парашютіңіз ашылмай қалыпты. Мұндай сәттерде қандай сезімде боласыз?

– Бұл – көлікті дұрыс қоймағаныңыз үшін айыппұл салған кездегідей ғана сезім. Ішімнен: «Сайтан алғыр, неге бүгін? Мен әлі жап-жаспын ғой, алға қойған мақсаттарым көп» деп ойлаймын. Санамда тек аман қалу жайлы ой тұрады. 

– Өліммен бетпе-бет келген соң, сіз одан қорықпайтын болдыңыз ба?

– Жоқ. Мен бұрынғыдай өлімнен қорқамын.

– «Оскарды» жеңіп алу сізге қаншалықты маңызды?

– Шынымды айтайын ба? Мен жұмыс барысында «Оскар» туралы ешқашан ойлаған емеспін. Бір рет болсын қандай да бір марапат алайын деп тілеген де емеспін. Фильмге түсу барысында бойыңдағы бүкіл мүмкіндік пен күш-жігеріңді саласың. Бар болғаны осы ғана.

– Сіз 19 жасыңызда алғаш рет «Гилберт Грейптің уайымы не?» («Что гложет Гилберта Грейпа?») фильміндегі рөліңіз үшін «Оскарға» үміткер болдыңыз. Сол кезде «жүлде аламын-ау» деп айтар сөзіңізді дайындап келдіңіз бе?

– Жоқ! Мен тіпті дайын емес едім. Менің бірде-бір мүмкіндігім жоқ деп ойладым. Егер де мені марапаттаған болса, не айтарымды білмей дал болар едім.

– Сіз Лос-Анджелестің жағдайы төмен ауданында өстіңіз және балалық шағыңызда өзіңізді бір емес бірнеше рет қор санадыңыз. Уақыт өте келе бұл сезімнен арылдыңыз ба?

– Қайдағы! Мен әрқашан өзімді қор санайтын боламын. Марти Скорсезе де мен секілді. Ол Нью-Йорктың көшесінде өскен және әрдайым өзін Голливудта бөтен сезінетін. Балалық шағымда кастинг директорлары қабылдамайтын. Сол кезде мен өзімді мына өмірден аластатылған адам сезініп, ешқашан жолым болмайтынына кейитінмін. Тіпті олар бір күні келіп, мені элитаның бір құрамдас бөлігі екенімді жариялап, батасын беріп: «Енді сен біздің клубтың мүшесісің, сен элитаның бір бөлігісің, сен таңдаулысың» деп мәлімдейтіні елестейтін.

– Енді өзіңізді таңдаулы адам ретінде сезінесіз бе?

– Сезінгенде қандай! Менің сөзсіз жолым болды.

– Ерекше мақтан тұтатын рөліңіз?

– «Мына жігіттің өмірі» («Жизнь этого парня») деген фильмдегі рөлім ұнайды. Ол 25 жыл бұрын түсірілген еді. Менің жасым небәрі 15- те болатын және әлі күнге дейін бүге-шүгесіне дейін есімде қалған. Роберт Де Ниромен бір түсірілім алаңында жұмыс істеп, оның әрбір қимылын қалт жібермейтінмін.

– Ел арасында актер болу бір басқа, ал кино жұлдызы болу мүлдем бөлек деп айтылып жүр. Соңғы 10-15 жылда өзіңіз түскен фильмдер арқылы «жұлдыздың жұмысымен» хош айтысқыңыз келіп жүрген секілді. Солай ма?

– Менің таңдауым өзгерген емес. 15 жасымда да қазіргі ұстанымдарым секілді фильм таңдайтынмын.

– «Титаникті» де солай таңдадыңыз ба?

– «Титаникті» сол кезде түсіп жүрген тәуелсіз фильмдерден бір сәт демалу үшін және жаңа нәрсені көру үшін таңдаған едім. Бұл – мен көздеп жүрген жақсы рөлдерге оңай қол жеткізу үшін таптырмас мүмкіндік болатын. Сонымен бірге, жылдар бойғы жинақтаған тәжірибем арқылы жақсы режиссерлер мен сценарийлерді ажырата алатын дәрежеге жеткен шығармын. Айтайын дегенім, сол кезден бері актер ретінде өстім, ал кино таңдау стилім сол қалпында қалды.

– Жасыңыз 41-ге келді. Не істеп үлгермедіңіз?

– Дәл қазір менде бір ғана жоспар бар – аздап демалсам деймін.

– «Жансебіл» фильміндегі кейіпкер өмірден түңілген адам. Ал сіз пессимистсіз бе?

– Бұл фильмде біз уақыттан кері шегінеміз. Кезінде Батысқа қарай қарышты қадам басу – табиғат ресурстарының және үндіс тайпаларының жойылуына, ормандардың қырқылуына, мұнай кен орындарының ашылуына себеп болды. Сол кездегі дәуірге қарап: «Қандай қатыгез едік!» деп ойлайсың.

Аударған
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА,
«Time Out»

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.