Версия для печати

Асқар МАМЫРБАЕВ: «Шымкенттi өзгерiстер күтiп тұр»

Пятница, 19 Февраль 2016 06:02 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 7449 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкент қаласының бас жоспарына сәйкес, үшінші мегаполисте бірегей сәулеттік нысандар, сауда ойын-сауық кешендерінің жобасы жасалғаны белгілі. Соның бірі – «Шымкент сити», «Shymkent Mall» жобалары. Қаламыздың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін айшықтайтын нысандардың құрылысы қашан басталады? Шымкенттің символы не болуы мүмкін? Міне, осы сауалдарға қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Асқар Смаилұлы жауап берді.

DSC00806– Қаланың бас жоспары 2012 жылы бекітілген. Осыдан кейін басқа аудандардан кірген 40-қа жуық елді мекен қаланың Бас жоспарына енбей қалғаны себептен өзектендіру мәселесі тұрды. Қазір осы бағытта әкімдік, мәслихат тарапынан қаражат бөлінді. Алдағы кезеңдерде де бұл жобалар тиісті қаражатпен қамтылады деп жоспарланып отыр. Конкурс жарияланған. Бас жоспарға сәйкес, қазір көптеген елді мекендердің аумағын жасыл желекке айналдыру, жолдар, коммуникациялық мәселелерін шешу басты назарда. Яғни, қаланың болашақ даму мәселесі, инфрақұрылымы бас жоспарға сәйкес шешіледі. Негізгі жұмыс та жоспарды іске асыру. Қазір қала солтүстік бағытқа қарай дамып жатыр. Әкімшілік-іскерлік орталықтың құрылысы аяқталуға жақын қалды. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың бастамасымен «Шымкент сити» жобасы қолға алынды. Өткен аптада әкіммен бірге нақтылау жұмыстары бекітілді. Инвесторлар тарту, жалпы алғашқы жұмыстардың жобалау мәселесін шешуді қарастырып жатырмыз. «Шымкент сити» кешенінің жанындағы айналма жолдың бойында 24 гектар жерде былтыр құрылыс басталған. Сол жұмыстар ары қарай жалғасады. Негізінен, ауқымды құрылыс нысандары биылдың өзінде басталуы мүмкін. Әрине жұмыстың жандануы инвесторлардың жылдамдылығына, белсенділігіне де байланысты. Қазір ең басты мәселе – жерді мемлекетке қайтару. Бұл да оңай шаруа емес. Жер мәселесі шешілген аумақта биылдың өзінде құрылыс қарқын алады. «Шымкент сити» – негізінен үлкен іскерлік, сауда орталықтары, элиталық көп қабатты тұрғын үйлер шоғырланатын аудан. Бұл – халықтың демалуына, сауда-саттық жасауына қолайлы жағдай жасауы тиіс. Негізгі орталығында 25 қабаттан тұратын үш ғимарат жоспарланып отыр. Бірнеше деңгейдегі сауда-саттық, ойын кешендері соның айналасына шоғырланады. Орталық бөлігінен ауданның соңына дейін саябақ орналасады. Ол жерде үлкен мешіт, концерт зал және спорт кешені бар. Одан кейін жабық сауда орталығы бой түземек. Екінші ірі жобаның бірі – «Шымкент Mall» сауда-ойын сауық орталығы. Ол қазіргі айналма жол маңындағы 38 гектар жерге орналасады. Ол кәсіпкерлер есебінен салынбақшы. Қала құрылысы кеңесінде құжатты бекітеміз. Қазір жоспарлау жұмыстары қолға алынды. Айта кетерлігі, «Shymkent Mall» әзірге шартты атауы. Әлі өзгеруі мүмкін.

– Қалада көлік кептелісін шешу мақсатында жолайырықтар салу да жоспарланып отырғанын білеміз. Оның құрылысы қашан басталмақ?

– Бас жоспарға сәйкес, қаланың қай жерлеріне керек екенін бағдарлап көрсеттік. Ал оның жобасын жасау, қашан іске асыру мәселесімен жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі айналысады. Негізгі жоспарлап отырғанымыз – Бәйдібек би мен Арғынбеков көшесінің қиылысында. Одан кейін «Бекжан» базарының қасындағы қиылысқа да айналма жол қажет. Жалпы Бәйдібек би көшесінің екі-үш жерінен осындай жолайрықтар салу көзделіп отыр. Әзірге 5 жоба жасалды.

– Көпшілікті ойлантып жүрген мәселенің тағы бірі – Шымкенттің символы. Қаланың бойтұмарына айналар туынды қандай болмақ?

– Дәл қазір Шымкенттің символы мынау деп айтатындай ештеңе жоқ расында. Бүгінде «Ордабасы» алаңындағы «Тәуелсіздік» саябағы символ іспетті айтылып-көрсетіліп жүргендей. Бұл алдағы уақытта нақты шешілер мәселе. Бәлкім, «Шымкент ситидің» ішіндегі кейбір нысандар символ болып қалуы мүмкін. Шымкенттің символы не болу керек деген мәселе қоғамда да қызу талқыланып жүргенін білемін. Біреулер сәулеттік ескерткіштер болсын дейді, енді бірі герб болса екен дейді. Алдағы құрылыс нысандарына да байланысты. Сондықтан мұны болашақтың еншісінде деп айтар едім. Бұл бір-екі жылдың көлемінде іске асар.

– Қазір қандай идеялар, сәулеттік жобалар ойыңызда жүр?

– Қала сәулетімен көрікті. Қазіргі басты жұмыс – қаланың сәулетін дамыту. Әкімдікте Қала құрылысы кеңесі бар. Қала әкімі бұл кеңестің төрағасы. Әр екі айда осы кеңесте бас қосамыз, маңызды жоспарлар талқыланады. Сол жерде жобалар мақұлданса әрі қарай іске асады. Бар күшімізді қазір сол «Шымкент ситиге» жұмсап жатырмыз. Бас сәулетші болғандықтан бәрінің басы-қасында жүреміз.

– Кейде өлең, ән жазатын қырыңыз да бар. Былтыр «Өмір өрнектері» атты шығармашылық концертіңізді бердіңіз.

– Кеш жарыққа шыққан кітабымның атымен аталды. Мен негізі бұрын әннің сөзін жазатынмын. Кейін өзімнің өлеңдеріме әуен жаза бастадық. Өзім қартайғанда келген шабыт деп қоямын (күліп). Құдайдың бергені шығар. Біраз әндерім бар. Бағасын халық береді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Тағабай ҚАСЫМ

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.