Дулат ҮДЕРБАЕВ: «Былтыр 3700 адамға ота жасадық»

Среда, 30 Март 2016 05:19 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5278 раз

ОҚО офтальмологиялық аурухананың бас дәрiгерi:

Халқымыз «Көз – адамның шамшырағы», «Көз – адамның айнасы» деп бекер айтпаған. Ең қымбат затты «көзіңнің қарашығындай сақта» деуі де тегін емес. Табиғаттың өлшеусіз сыйы қос жанарымыздың қадірін білеміз бе? Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда алыстан көрмеу ауруы белең алып отыр. Бұл кеселден жасөспірімдер зардап шегуде. Әрине, техниканың дәуірінде көзге көңіл бөлмесе, селқостық танытуға болмас.

duderbaev– Дулат Өмірзақұлы, қазір – техниканың дәуірі. Үйде де, қызмет орнында да адамдар компьютермен жұмыс істейді. Көз ауруының көбеюіне осының әсері болуы мүмкін бе?

– Біз ғылыми-техникалық прогресті бастан кешіп отырмыз. Қазір компьютерсіз жұмыс істеу мүмкін болмай қалды. Елімізде ғана емес, дүниежүзі елдерінде де көз аурулары көбейіп келеді. Жасыратыны жоқ, бұрын Кеңес одағы кезінде балабақшадан бастап мектепке дейінгі гигиеналық-санитарлық жағдайлар қатаң қадағаланды. Парта мен орындық, төбедегі шамдардың нақты өлшемдері, орналасуы бала жасына лайықты болды. Оқу бағдарламалары бүгінгідей күрделі емес еді. Әсіресе, компьютер мен ұялы байланыс телефонынан хабары жоқ ұрпаққа көзді түрлі кеселден сақтау оңай болды. Қазір жағдай басқаша. Соңғы үлгідегі қалта телефондары үлкен-кішінің қолынан түспейді. Айпад, Айфон дейсіз бе, бала-шағаның таптырмас ермегіне айналды. Сәби жыласа, жұбансын деп, телефонды қолына ұстатады. Денсаулыққа тигізетін қауіп-қатерді ескермейді. Ал жас балалар теледидардың, компьютердің алдынан шықпайды. Компьютерлік орталықтарда да балалар ойын ойнап отырады. Бүгінде халықтың көбісі қалаға шоғырланған. Көбісі күйбең тіршілікпен кішкентайларын үйге қалдырып кетеді. Міне, осыдан соң, жас балалар жақыннан көруге қалыптасады. Өкініштісі сол, мектепке баратын 100 баланың 5-уі нашар көреді. Мектепте көзілдірік тағады. Ал мектеп бітіретін тұста 100 баланың бесеуі екі есеге көбейеді. Қазір Жапонияның 70 пайызы көзілдірік тағады. Вьетнам, Қытай, Корея секілді елдерде әрбір екі баланың көзі нашар көреді. Жақын көргіштік кеселіне душар болған. Өкінішке қарай, бізде де осындай жағдай қалыптасуда. Бұл дәрігерлердің кінәсінен емес. Жақыннан көруге қалыптасқаннан болып отыр.

– Қоршаған ортаның ластануы да себеп шығар?

– Экологиялық жағдайдың нашарлығы да көз ауруларының көбеюіне негіз болады. Қазір қаладағы ауа таза емес. Көлік түтіндерінде 200-ге жуық көзге әсер ететін әртүрлі химиялық заттар бар. Сосын ультра күлгін сәулесінің де зияны көп. Осының әсерінен сәулелі катаракта пайда болды.

duderbaev-2– Бұрын көз ауруымен жастар өте сирек ауыратын. Сырқаттанып қараламын дейтіндер қариялар болушы еді...

– Иә, ата-аналар алдымен баланың денсаулығын назарда ұстауы керек. «Балам сабақты оқымайды, үлгерімі нашар» дейді. Ал құлағы нашар естісе, көзі көрмесе бала сабаққа қалай үлгереді? Тақтадағы көрнекі затты көрмеген соң, мұғалімнің айтқанын түсінбейді. Сосын сабаққа зейіні болмайды. Сондықтан ата-аналарға айтарым, алдымен балаңыздың денсаулығын тексертіңіз. Сырқаты болса емдетіңіз. Сонан соң, тәртібі мен үлгерімін талап етуге болады. Біз -3-ке жеткен жағдайда баланың ауыр спорт түрімен айналысуына тыйым салып отырмыз. Өкінішке қарай, қарт кісілердің арасында да көз аурулары көбейіп келеді. Айталық, бұдан 10-20 жыл бұрын адамдардың жасына байланысты пайда болған дерттерді емдейтінбіз. Мәселен, 60-70 жастан кейін бой көрсететін қайсыбір ауру қазір 40 жастағыларда кездеседі. Ал катаракта кеселі дегеніміз – көз бұршағының ақ басуы. Көздің ішінде екі жағы да дөңес, линза сияқты көздің бұршағы бар. Ол қалыпты жағдайда мөлдір болады. Ал қырықтан асқанда көздің нұры тая бастайды. Сөйтіп көз бұршағын ақ басады. Бұл – табиғи заңдылық.

– Суқараңғылық ауруына тап болғандардың қатары елімізбен қатар, әлемде көбейіп жатқандығы рас. Өзіңіз күнделікті емдеп жүрген ауруханада осы сырқатпен тіркелгендер бар ма?

– Суқараңғылық алаңдатарлық деңгейге жетіп отыр. Өзім жұмыс істейтін емханада да осы дертке шалдығып арнайы тізімге енгізілген науқастардың қатары өсіп келеді. Скринингтік тексеру арқылы 230 адамның 40 жастан жоғары 1480 кісіден суқараңғылық ауруын таптық. Біздің облысымызда 7 мыңға жуық тұрғын аталған кеселмен кезекте тұр.

– Неліктен көзі көрмейтін адамдардың саны артып отыр?

– Адамға барлық ақпарат көздерінің 75 пайызы көзбен қабылданады. Суқараңғылық ауруы көз ауруларының ішіндегі кең таралған аурулардың бірі. Теледидар мен компьютерге көп қараған адамдар өз денсаулығына мән бермейді. Ал, глаукоманың негізгі ерекшелігі сол ауырғанын адамдар біле де бермейді. Өйткені, ауру белгілері білінбейді. Тек науқаста көздің ішкі қысымы көтеріледі. Соның нәтижесінде көздің қалыпты жағдайдағы жұмысын төмендетіп, торлы қабығына келетін жүйкелердің жұмысы бұзылады. Глаукома асқынса, соқырлыққа әкелуі мүмкін. 40 жастан асқан адам көзінің сырқаты болсын, болмасын, міндетті түрде медициналық тексерістен өтуі тиіс. Бүгінгі күні әрбір адам көзінде глаукоманың белгілерінің бар, жоғын тексертуі керек.

– Айтыңызшы, сау көз қандай болуы керек?

– Сау көз мөлдір болады. Барлық түсті ажырата алады.

– Жылына сіздерге шамамен қанша науқас келеді?

– Бұрын емханамызға қала, аудандардан жылына 70-80 мыңға жуық адам келетін. Қазір жаңа жүйе қалыптасты. Біздің емханамыз кеңес береді, сырқаттың кеселін анықтайды. Қажет болса ота жасайды. Былтыр жолдамамен 21 мыңға жуық адам келіп көрінді. 3700 адамға ота жасадық.

– Көз ауруының алдын алу үшін не істеу керек?

– Жылына бір рет көз дәрігеріне көріну керек. Екіншіден, көздің гигиенасын сақтаған жөн. Бұл Еуропада қалыпты жағдайға айналған. Отбасымен барлық ауруларға тексеруден өтеді. Ал біздің елімізде ше? Дер кезінде келмейді, ем алмайды. Ауруы асқынып, әл үстінде келеді. Көз мидің бір бөлшегі ғой. Суқараңғы адам кімге керек? Мектепте оқитын балалар теледидар алдында 8 сыныпқа дейін 45 минут, 9-11 сыныпта оқитындар 1,5 сағаттан артық отыруға болмайды. Компьютерге көп қарайтын адамдарда көзді қорғап тұратын көздің жасынан пайда болатын жұқа қабақ буланып, соның әсерінен көз құрғап, көзі ауыратын болады. Компьютермен жұмыс істейтін азаматтарға 1 сағат сайын 5-10 минут үзіліс жасап, көз бұлшық еттерін демалдырып тұрғандары жөн.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ

Последнее изменение Среда, 30 Март 2016 05:56
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.