Оңтүстiк өнiмдерiне сұраныс артады

Среда, 13 Апрель 2016 05:14 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4175 раз

Қазір көктемгі егін жұмыстарының қызған кезі. Шаруалар мол өнім жинаудың қамына кіріскен. Биыл Шымкентте 30 500 гектар жерге көкөніс, астық дақылдары егіледі. Қазірдің өзінде 28 400 гектарға егін егу жұмыстары аяқталған. Ауыл шаруашылығы дақылдарын күтіп, баптап, оны өсіру жұмыстарына қалалық шаруаларға 1500 тоннаға жуық тыңайтқыш және 1400 тонна дизель отыны бөлінді. Бұның бәрі агроқұрылымдарының қажеттілігін толығымен қамтамасыз етерліктей.

e9332f84c464eb577c9a52791a760839 resize w 1140 h 696

Алыстан арбалағанша...

Облыста ауыл шаруашылық дақылдарын өндірушілерге барлық жағдай жасалып отыр. Тиісінше, жергілікті өнімдерімізге деген сұраныс та жоғары. Бүгінде бақшадан алты есе, көкөністен екі есе, жеміс-жидектен үш есе артық өнім шығады. Міне, осының арқасында жергілікті диқандар өз өнімдерін шетелдік нарыққа жөнелтіп жатыр. Мұның бәрі де мемлекет есебінен жасалынған қамқорлықтың, көмектің арқасында іске асып жатқан шаруа.
Кәсіпкерлер үшін мемлекеттік қолдау соңғы жеті жылда төрт жарым есе өсіпті. Соның әсері шығар, өз өнімдеріміз нарықта бәсекелестігін қалыптастырып үлгерді. Өзімізден артылған дақылдар солтүстік облыстар, ТМД елдерінен бөлек, алыс-жақын шетелдерге де ұсынылып жатыр.
Биыл облыста 723,8 мың тонна сүт, 116, 8 мың тонна ет өндіру жоспарда. Мұнан бөлек, 854, 1 мың тонна көкөніс, 85 мың тонна жеміс-жидек және 40 мың тонна жүзім өндіру межеленіп отыр. Бұл облыс халқының қажеттілігінен көкөніс бойынша екі есе, бақша дақылдары бойынша алты есе, жеміс-жидектен үш есеге артық өнім. Әзірге, тек күріш және құс еті ғана өзімізден артылмай тұр.
Қазіргі таңда облысымызда азық-түлік өнімін өндіретін елуден астам компания бар. Таяуда ғана облыстың 175 тонна ауыл шаруашылық бренд өнімдері Ақтөбедегі жәрмеңкеге жол тартқаны белгілі. Соңғы кездері Орта Азия, Ресей, Қытай, Иран, Ауғанстан елдерімен алыс-берістігіміз дами түскен.
Биылдан бастап шаруалар ет экспортының әлеуетін арттырмақ. Тиісінше шетелге өз өнімін шығарған кәсіпкерлерге мемлекет шығынының бір бөлігін қайтарып береді. Яғни, шетелдердегі көрмеге қатысқан кәсіпкерлерге шығынының 50 пайызы өтеледі. Бұдан бөлек, сервистік қызметтер де көрсетіледі. Бұл тауар өндірушіге өз өнімін танытуына, нарықта өз үлесін қосуға мүмкіндік деген сөз.

Субсидия берудiң тәртiбi өзгерген

Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі басшысының орынбасары Жәнібек Тоғайдың айтуынша, шаруаларға көмек дер кезінде беріліп жатыр. Тауар өндірушілердің арзандатылған отынға 2016 жылдың 3 наурызынан бастап қолдары жеткен. Жеңілдетілген жанар-жағармай отынының 1 литрі орташа есеппен 84 теңгені құрады. Шаруалар үшін мемлекеттен берілетін субсидия да жұмысты атқаруға бірден-бір көмек екені белгілі. Дегенмен, оны алудың жүйесі өзгеріпті.
– 2016 жылға субсидия беру тәртібі өзгерген. Бұл негізінен көкөніс, бақша дақылдарын егушілер үшін. «Даму» бағдарламасы бойынша шетелден техникалық құралдар алып, инвестициялық жобалар бойынша жұмыс істейтіндерге субсидия беріледі. Демек, бұрынғыдай өнімге емес, бұдан былай ендірген технологиясына қатысты беріледі. Ал асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды қолдау бойынша өзгеріс жоқ, – дейді Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі басшысының орынбасары.
Бұл – қазіргі дағдарысқа байланысты шаруаларға тиімді жағдай жасау мақсатында қолға алынып отыр. ҚР Үкіметтің қаулысы да өзгеріп тұратыны мәлім. Түптеп келгенде жаңа технологияға арқа сүйеген шаруаларға көмек те тиісінше беріледі.

Ресей сауда желiлерi қызығушылық танытуда

Өнімді өндіру бөлек те, нарыққа шығарып, бәсекелестікті қалыптастыру бір бөлек іс. Бұл орайда облыс диқандарының алаңдауының жөні жоқ. Біздің жергілікті өнімдерімізді Ресей сауда желілері нарыққа шығаруға мүдделі болып отыр. Жуырда ОҚО Кәсіпкерлер палатасында облыстан жеміс-жидек, көкөніс және биржалық тауарларды келісім-шартпен сатып алуды талқылау мақсатында ресейлік тауар желілерінің өкілдерімен жиын өтті. Ресейлік сатып алушыларды негізінен өрік, қарбыз, орамжапырақ, картоп, пияз, қауын, бұрыш, қызанақ, жүзім, өрік жемістері қызықтыруда. Жергілікті кәсіпкерлер «Командор» (Краснояркс), «Мария Ра» (Барнаул), «Эссен» (Татарстан) және «Самбери» (Хабаровск) сауда желілері өкілдерінің ұсыныстарын тыңдады. Ресейлік сауда желілері өкілдері сәуір айынан бастап шілдеге дейін орамжапырақ, картоп, пияз дақылдарын айына кемінде 2500-3000 тонна қабылдап алуды көздеп отыр. Қызанақ, жүзімге ай сайын сұраныс бар. Ал қарбызға мамыр және қыркүйек аралығында 11500 тонна сұраныс түспек.
– Біз Барнаул қаласы бойынша арнайы маманданған сервистік қызмет ұсынамыз. Бірлесіп жұмыс істеуге, сауда-саттықты дамытуға дайынбыз. Біз тікелей жеткізушілемен бірлесе жұмыс істейміз. ОҚО өңірі көкөніс, жеміс жидектерімен танылған бірден-бір өңір. Сондықтан, сіздермен бірлесе жұмыс істеуді қолай көрдік, – дейді «Мария Ра» сауда желісінің өкілі Роман Горбатов.
Келісім-шарт орта есеппен алғанда бір жылға жасалмақ. Ал екі тарап оңтайлы екеніне көздері жетсе, ары қарай да бірлесе жұмыс істеуге ынталы.

karazhanov 1439981829Азат ҚАРАЖАНОВ, ОҚО кәсіпкерлер палатасы
аймақтық кеңесінің мүшесі, «Барыс 2007» ЖШС-нің бас директоры:

– Біздің көкөніс, жеміс-жидек дақылдарын өсірушілер ресейлік желілердің осы мүмкіндігін пайдалану керек. Барлық кәсіпкерлерді осыған қатысуға шақырамын. Бүгінде Батыс елдерінің Ресей Федерациясына қарсы қабылдаған санкциялары бізге керісінше зор пайда әкелмек жағдайы бар. Бұрындары Ресей сауда желілеріне қолымыз жетпейтін. Қазір өздері ұсыныс жасап отыр. 
Жалпы, біздің өнімнің сапасы жоғары екені көпшілікке белгілі. Тіпті олардан артық болмаса, кем емес екеніне сенімдімін. Сапасы жағынан біздің үлкен артықшылығымыз бар. Ресей тауар желілері бізге үлкен көмек болады деп ойлаймын. Тек қана ресейлік тұтынушыларға соны жеткізу ғана қалып тұр. Шекарада ешқандай кедергі жоқ.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.