Исамуддин РЫСБАЙ: «Қарияларды қуанышқа кенелтетiн – жылы сөз»

Пятница, 06 Май 2016 10:29 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4855 раз

DSC01557Қариялар – қазынамыз. Оларды қадірлеу – ертеңгі ұрпағыңды дұрыс тәрбиелеудің бірден-бір жолы. Сұрапыл соғыста жаудың бетін қайтарып, жеңісті жақындатқан майдангер қарттарымызды қадірлей білуіміз керек. Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 71 жыл толып отыр. Келешек ұрпақ мұндай бейбіт күннің қадірін ұғына білуі тиіс. Маңызы артқан мерекені тойлауға дайындығымыз қалай? Қарттарды қуантар қандай жақсылығымыз бар? Осы сауалдарды Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Рысбайдың өзіне қойдық. Іс-шаралар барысы жайында басталған әңгімеміз одан әрі қарияларды қадірлеу, жастардың отаншылдық сезімдері төңірегінде өрбіді.

– Исамуддин Нәштайұлы, биылғы Жеңістің 71 жылдығына дайындық барысымен таныстырып өтсеңіз. Соғыс ардагерлеріне берілер бір реттік сыйақы көлемі қанша болып белгіленді?

– Барлық ҰОС ардагерлері, оған теңестірілгендер мен жесірлері Жеңіс күні қарсаңында назардан тыс қалмайды. Мүмкіндігінше сый-сыяпаттар жасалады. Бүгінде қаламыздағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жалпы саны – 143. Оның ішінде 39-ы өздігінен жүріп тұра алады. 35-і төсек тартып жатқандар болса, 69-ы үй ішінде жүре алатын ардагерлер. Жеңістің 71 жылдығы аясында ұйымдастырылатын іс-шаралар басталып кетті. Барлық ауданның да ардагерлерге құрмет көрсетер өз сыйы бар.
Биыл облыста әрбір ҰОС ардагеріне 212 мың теңге қаржылай сый берілмек. Әдеттегідей, мейрамхана, дәмханаларда дастархан жайылады. Абай ауданы әкімдігі аудандағы 31 ҰОС ардагеріне 20 мың теңге көлемінде сый-сыяпат жасалады. Одан бөлек, «Шымкент құс» ЖШС-і әр ардагерге сый-сыяпат үлестірілмек.
Қалада «Ардагерлерге құрмет» акциясы да өтіп жатыр. Шара аясында ауданда тұратын ҰОС ардагерлерінің үйінде тазалық жұмыстары жүргізіледі. Сенбілікке аудан әкімдігінің қызметкерлері, «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанаты, «Билайн» байланыс орталығының қырыққа жуық жастары қатысады. Олардың үйлеріне барып, аулаларын тазартып, қураған ағаштарын қырқып, шөп орып, жер аударып көмектеседі. Жеңіс күніне батырларымыз Б. Момышұлына және Ә.Молдағұловалардың ескерткішіне гүл шоқтары қойылады.
Қала әкіміне сәуір, мамыр айында туған ҰОС ардагерлерінің тізімін дайындап бердім. Оларды туған күнімен құттықтауды да ұмыт қалдырмаймыз.
Шүкір, қарияларымыздың жағдайлары жаман емес. Немерелері, шөберелері жанында. Бақуаттылары осында келіп тұрады. Таяуда қырық ардагер қабылдауымда болды. Жалпы, оларға керегі – сіздің шын жүрегіңізден шыққан жылы сөзіңіз. Жылдан жылға қатары сиреген оларды ардақтай білуіміз керек.

– «Қариясын қадірлеген» халықпыз дейміз. Дегенмен, кей-кейде олардың көңіліне қаяу түсіретін жағдайларға куә болып жатамыз.

– Дұрыс мәселе айтып отырсыз. Халқымыз ешқашан да қадірлісін жылатпаған. Соңғы кездері мұндай жан ауыртар жағдайлардың кезігу себебі неде? Бұл – үлкен мәселе. Түбіріне үңілсеңіз, мұның басты себебі тәрбиеден болып жатқанын білер едіңіз. Ата-анаңды қалай қадірлесең, қалай қамқорлық көрсетсең, ұлдарың да соны көріп өседі. Егер ата-анаңның бетінен алып тұрсаң, оны көрген ұлың саған да соны істер. Бәрі сондай деуден аулақпыз. Бірақ кездеспей тұрмасы тағы белгілі жайт.
«Қазақ сөзге тоқтайтын халық» дейтінбіз. Небір сөзі бәтуәлі арқалы ақындар мен жазушылар баршылық. Соны тыңдайтын құлақ болса...
Заманымыз қайда құбылып баратынын кім білсін, қазір құндылықтар өзгерген кезең. Көпшілік отырған жерде қарияның жақсы лебізін, уытты әңгімесін тыңдағысы келетіндер көп. Міне, қарияларымыз осындай оңтайлы сәтті жақсы насихатқа арнай білсе, көп нәрселер өзгерер еді деп ойлаймын.

– Ұлы Отан соғысына қатысқандардың, жалпы ардагерлердің әлеуметтік картасын жасау қолға алынғаны көпшілікке белгілі. Бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыс барысы қалай?

– Тиісті азаматтарға тапсырмалар берілген. Былтырғы жетпіс жылдық мерекеде барлық – 193 соғыс ардагерінің, тыл ардагерлерінің бәрінің де картасы толтырылған. Қазір бұл мәселе толық шешімін тапқан.
Қалада халық көп. Есепте тұрмайтындары да жетерлік. Сондықтан біздің бастауыш ардагерлер ұйымдарына қояр бірінші талабымыз – алдымен өз аумағыңдағы зейнеткерлерді есепке алу. Зейнеткерлердің ешқайсысы тыс қалмау керек. Әлеуметтік карта – ардагерлердің хабарын алып, жәрдем керек болса соны ұйымдастыру үшін керек. Былайша айтқанда ол – зейнеткердің айнасы. Ендігі кезекте зейнеткерлікке шыққандардың бірден әлеуметтік картасын толтырып қоюды міндеттеп отырмыз. Негізі, жұмыстың бәрі бастауыш ұйымдардан басталады. Әр мектеп, институтта жылына 2-3 адам зейнеткерлікке шығады. Оған 10-15 жылда отыз шақтысы қосылады.
Бұл жұмыстар жалғаса береді. Бұрын тек ҰОС ардагерлеріне толтырылсын делінген. Қазір олардың бәріне де керек екеніне көзіміз жетіп отыр.

– Жақында қалалық бастауыш ардагерлер ұйымы арасында байқау өткені белгілі...

– Қазіргі таңда Шымкент қаласында 106 бастауыш ұйымы бар. Оның ішінде жаңадан құрылғандарының жұмысты неден бастайтынын білмей жүргендері де жоқ емес. Байқау – осы олқылықты түзету мақсатында ұйымдастырылып жатыр. Биылғы байқауға 8 ұйым қатысты. Жеңімпазға 200 мың, екінші орынға 150 мың, ал үшінші орын иегеріне 100 мың теңге қаржылай сыйлық берілді. Бірінші орын алған мекемеде бәрінің басын қосып, семинар өткізуді де жолға қойдық. Сондықтан, мұның жаңадан құрылғандарға берері көп деп есептейміз.

– Жастарымыз осындай мамыражай күннің қадірін біліп жүр ме?

– Мен бұл мәселенің бәрі түптеп келгенде оны қалай ұйымдастыруда деп білемін. Жастардың бойынан патриоттық жоғалды деу бекершілік. Қоғамда суға кеткендерді немесе өрттің арасында қалғандарды құтқарамын деп қауіп-қатермен бетпе-бет келіп жүрген жігіттерді естіп жатамыз. Бұл – отансүйгіштік. Қаланың қай мектебіне барсаң да, оқушылар Отан қорғаушылар күніне, жеңіс мерекесіне арнайы дайындалады. Патриоттық өлеңдерді жатқа айтады. Мұның бәрі тәрбие емес пе?! Бұдан бөлек, көптеген мектептің шәкірттері шетелдегі жарыстарға барып, олжалы оралып жүр.
Сол себепті жақсы жұмыстардың бәрін ұйымдастыру, насихаттау өзімізге байланысты. Мұндай жағдайлардан кейін жастарымыз отан қорғауға дайын емес деп айта алмайсыз. Қазір әскерге баруға ниет қылып жүргендер көп.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Тағабай ҚАСЫМ

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.