Тiлеуiмбет ҚОЖАНАЗАРОВ, Ұлы Отан соғысының ардагерi: Рухтың асқақтығы – бiздi жеңiске жетеледi

Пятница, 06 Май 2016 10:43 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4407 раз

Кеудесі орден мен медальдарға толы қазыналы қариямен дидарласудың өзі бір ғанибет. Талай зобалаңды көзімен көрген бекзат болмыс иесі Тілеуімбет Қожаназаровтың жасы бүгінде тоқсан екіні алқымдаса да санасы сергек, қайраты әлі қалпында екені байқалады. 1942 жылы 18 жасында Қызылорда облысынан әскерге аттанған ол Украина, Беларуссия жерлерін жау құрсауынан азат ету жолында ерен ерлігімен танылды. Мұнан кейін де Кеңес әскері құрамында Жапонияға қарсы шайқаста белсенді соғыс қимылдарына қатысты. Сол бір сұрапыл жылдарды күрсіне отырып еске алған қарт майдангер өзі көзімен көріп, бел ортасында жүрген сұм соғыс пен одан кейінгі елдегі бейбіт өмірдің жайында байыпты сөз қозғады.

qozhanazarov– Тарихқа жүгінсек, күні бүгінге дейін үлкенді-кішілі он бес мыңға жуық соғыс өтіпті. Солардың ішінде жаппай адамзатқа қауіп төндірген екінші дүниежүзілік соғыстың орны бөлек. Өзіңіз көрген Кеңес әскерінің әскери-технологиялық әлеуеті кең ауқымды шайқасқа қаншалықты деңгейде дайын еді?

– Гитлершіл Германия 1941 жылы 22 маусымда Кеңес Одағына опасыздықпен шабуыл жасау арқылы көптеген елдердің тәуелсіздігі мен бостандығына қауіп-қатер төндірді. Жауға лайықты тойтарыс беру үшін бүкіл Кеңес халқы тас-түйін жауынгерлерге айналды.
Қазақстанда да соғыстың алғашқы күндерінен бастап әскери құрамалар мен жеке бөлімдер жасақтала бастады. «Ер – ел үшін туады» деп халық даналығы айтқандай, Қазақстан жерінде шұғыл атқыштар дивизиялары құрылып, соғыс кезінде қысқа әзірліктен кейін әскерге, майдан шебіне жөнелтіліп жатты. Ел азаматтарының қатарында мен де 1942 жылдың қыркүйегінде әскерге шақыру алып, Иркутскідегі авиамеханика училищесін тәмамдадым. Майдан шебінде борт-механигі ретінде бомбалаушы ұшақтарда түрлі деңгейдегі тапсырмаларды орындап жүрдім. Ол кездегі соғыста қолданған техника мен бүгінгіні салыстыруға мүлдем болмайды. Біз отыратын У-2 аталатын ұшақты кілең әйел ұшқыштар басқаратын. Бар болғаны 25 келідей бомбаны ғана арта алатынбыз. Және сағатына 300-350 шақырым жылдамдықта ғана ұша аламыз. Біздермен салыстырғанда, жаудың әскери-техникалық әлеуеті тым мығым еді. Олар отырған ұшақ сағатына 700 шақырымды басып өтуші еді. Біздің міндетіміз жаудың оқ-қару қоймаларын бомбалау еді. Алдымыздағы барлаушы ұшақтан бөлек, біздерді бірнеше шағын ұшақтар қорғай жүреді. Қарсы алдымыздан шыққан жау ұшақтарымен әуе шайқасы толастамайтын.

– Жеңіс жалауы желбіреген сәтте, қандай сезімде болдыңыз?

– Еуропадағы әскери қимылдардың аяқталуы екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуын білдірген жоқ. Ялтадағы бір жақты келіссөзге сәйкес Кеңестік басшылық 1945 жылдың тамызында Жапонияға соғыс жариялады. Географиялық және климаттық жағдайлар, ондағы соғыс қимылдары өте үлкен қиындықтар туындатты. Шабуылдаушы Кеңестік жасақ Хинганның үлкен және кіші жоталарын Шығыс-Маньчжур тауларын, терең және ағынды өзендерді, сусыз шөлдерді, қиын өтетін ормандарды басып өту керек болды. Дегенмен, осындай қиындықтарға қарамастан, қуатты жапон әскері талқандалды. Ұлы Жеңіс дабылын біз Жапонияның Харбин қаласында естідік. Соғыс аяқталғаннан кейін де, бар қиындық осымен біткен жоқ. Соғыстың ауыр зардабын тартқан елдегі жағдай тым ауыр еді. Я төсек, я жейтін тамақ жоқ. Ол кезде елде қалған халық қолдағы барды соғысқа жіберіп, өздері нанның орнына кебек жеп күнелткен еді. Біздерге артылған ендігі үлкен міндет – елдегі барлық қиындықты еңсеріп, тұралаған өнеркәсіпті қайта жандандыру болатын. Қанды, сұрапыл соғыс көп отбасыға ауырпалық әкелді. Бірінің әкесі, бірінің бауыры, енді бірінің апасы, қарындасы жауынгерлер қатарында жүрді. Өмірімнің ең бір кемелденген сәті – сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келді. Шүкір, елге аман-есен оралдық. Соғыс жылдарындағы қызметім ескеріліп, 2 орденмен, барлығы 25 наградамен марапатталдым. Балаларым да әке жолын қуып, әуе тасымалы саласында білім алып, еңбек етті. Кейінгі ұрпақ бейбітшіліктің қадірін біліп, Отан алдындағы парызын мінсіз орындап, адал болуға ниеттенсе екен.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.