Қапиза БАЙЫМБЕТОВА: «Театрымызда iлгерiлеу бар»

Среда, 11 Май 2016 03:22 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5415 раз

Қапиза БАЙЫМБЕТОВА, Ж. Шанин атындағы академиялың қазақ драма театрының әртiсi

Осыдан он тоғыз жыл бұрын Ж. Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының табалдырығын аттаған актриса Қапиза Байымбетова сахнада алуан кейіпкерлерді сомдады. Образдары арқылы облыс көрермендерінің көзайымына айналды. Ол өнердің қарашаңырағы саналатын ұжымда ұлттық руханиятымыз бен мәдениетімізге үлес қосып келеді. Жуырда Қ. Байымбетовамен жүздесіп, театрдың тыныс-тіршілігі мен шығармашылығы жайында сұхбаттасқан едік.

kapiza– Қапиза Маханқызы, қазіргі таңда ұжымдағы шығармашылықтың тыныс-тіршілігі қандай?

– Бүгінде театр деңгейі де, шығармашылығы да өсті. «Академиялық» мәртебе алды. Атап айтқанда, театрымыздың көркемдік жетекшісі, елімізге белгілі режиссер Ш. Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, Қуандық Қасымов өнер ұжымының сахнасына өзгеше леп әкелді. Келген күннен қызу жұмысқа кірісті. Сөйтіп үлкен қозғалыс, шығармашылық серпіліс туғызды. Ол кісінің әр құбылысқа тұжырым жасап, жұрттан өзгеше ойлауы, біздің ізденісімізді арттырды. Қазір әртістердің бәрі тынбай еңбек етіп жүр. Білім ордасына әр пән маманы қандай керек болса, біздің театрымызға да өнер маманы соншалықты қажет. Шығармашылық ұжым Алматы мемлекеттік өнер академиясын бітірген жас мамандармен толықты.

– Репертуларыңызда классикалық, драматургиялық қойылымдар жеткілікті ме?

– Сан қырлы жанрдағы қойылымдармен театрымыздың репертуары байыды. Көркемдік жетекші Қуандық Қасымовтың Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған Думан Рамазанның «Абылайханның арманы» тарихи қойылымды сахнаға шығарды. Сонан соң, Сәбит Досановтың бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселенің бірі нашақорлар туралы «Тозақ шеңбері» спектаклі, ізін ала Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» поэтикалық драмамен көрермендердің жүрек қылын шертті. Ал тәжік драматургы Барзу Абдразааковтың «Әйел сыры» спектаклін БАҚ өкілдері жарыса жазды. Өйткені спектаклде көрермен әртістермен бірге тыныстайтын көркемдігі жағынан ерекше туынды болды. Жуырда өнерсүйер қауым назарына ұсынылған өзбек драматургы Башбековтың «Темір қатын» спектаклі сахналанды. «Театр көктемі - 2016» аймақтық фестивалінде драматург Р. Отарбаевтың «Бас» спектаклін сахналап, гран-приді жеңіп алдық. Ұжымның жүлде алып, биіктен көрінуі режиссер еңбегінің нәтижесі деп білемін.

FB IMG 1461649349960

– Бас жүлде құтты болсын! Енді көрерменді қандай қойылымдармен қуанта аласыздар?

– Бүгінгі таңда Жақып Омаровтың «Құлыншақ» атты пластикалық іс-қимылмен шешілген қойылымына дайындық үстіндеміз. Оңтүстік өңірінің мәдениетін насихаттауда мәдениет басқармасымен Қарағанды қаласына өңіріміздің өнер ордалары іссапармен жолға шықты. Біздің театр Сәбит Досановтың «Тозақ шеңберін» сахналайды.

– Өзіңіз сомдаған рөлдеріңіз көңіліңізден шыға ма?

– Әрбір қойылымды жаныма жақын тұтамын. Өйткені әр кейіпкерде болмысым мен жан әлемім бар. Бүгінге дейін алғашқы шағын рөлдерімді сағынышпен еске аламын. Сомдаған кейіпкерлерім еріксіз ойға оралады. Тіпті кішкентай эпизодтарымды да ұмытпаймын. «Тастанды» спектаклінде Гүлшаттың рөлін ойнадым. Сол бейнелер әлеміндегі оқиғалар, сезім толқыныстары өз басымнан өтіп жатқандай күй кешемін. Сахнадағы образдарым сәтсіз шықты деп айта алмаймын. 20 жылға жуық жұртшылыққа Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Мақпал, Күнікей, С. Балғабаевтың «Ең әдемі келіншегінде» Зухра, Т. Нұрмағамбетовтің «Бес бойдаққа бір тойда» Кемпір рөлдерімен көрерменге танылдым. Сондай-ақ, Ф.Буляковтың Бақ іздеген бейбақтар, Е.Қойбағаровтың «Қасірет қақпаны», Сая Қасымбектің «Палата», Д. Исабековтің «Əпкесінде» әртүрлі рөлдерді сомдадым.

 MG 6922

– Кімдермен шығармашылық серіктес болдыңыз?

– Әріптестерімнің бәрі осал адамдар емес. Құпия Рақымбердиева, Раушан Салова, Әнипа Қарабекова сынды апаларымыз сахна өнерінің хас шеберлері.Олардың қойылымдағы ойыны шеберліктің шыңы десем де болады. Әріптес аға-әпкелерім ақыл-кеңесін аямайды. Сахна саңлақтарынан көп нәрсені, өнердің қыр-сырынан бөлек көп нәрсені үйрендім. Ал рөлдің ішкі иірімдерін ашуда қаншама тер төгіледі. Қаншама рет дайындық жасалады. Актриса болған соң, рөлді талғап-таңдау табиғатыма жат. Осы уақытқа дейін «басты кейіпкер, қосалқы рөл керек» деп санаспадым. Ең бастысы, қандай кейіпкер берілсе де, ықыласыммен дайындалып, алып шығуға тырысамын.

– Отбасыңыз жайлы не айтасыз?

– Қызым Хорлан да өнерге жақын. Ақкөңіл, елгезек. Қазір «Қазақстан–Шымкент» теларнасында режиссер болып жұмыс істейді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.