Версия для печати

Айша АБДУЛЛИНА: «Театрды сағынсам, Шымкентке келемiн»

Среда, 25 Май 2016 05:11 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 6040 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Сахна саңлағы, Қазақстанның халық әртісі, «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерінің иегері, Оңтүстік Қазақстан облысының «Құрметті азаматы» Айша Абдуллина – 100 жаста. Осыған орай өзі 64 жыл тер төккен Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры ұжымы «Ғасырға ұласқан ғұмыр» атты өнер кешін өткізді. Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Театр қайраткерлері Одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов пен Қырғызстаннан арнайы қонақтар құттықтауға келді. Облысымыздың кәсіби 8 театры өнер қайраткерінің ойнаған рөлдерінен үзінділер сомдап, сый-сияпаттарын тарту етті. Игі жақсылар бас қосқан бұл кеште мерейтой иесі «Гәккуді» әуелетті. Естеліктермен бөлісті. Көптеген қойылымда сан алуан кейіпкердің образын жасаған Айша апамызбен аз-маз сұхбаттасқан едік.

 MG 9673

– Айша әже, мерейтойыңыз құтты болсын! Шымкентке қош келдіңіз! 

– Рахмет, айналайын! Үш-төрт жылдан бері қызым Айгүл мен күйеу балам Сейіттің қолында Бішкекте тұрып жатырмын. Балдай тәтті немере-шөберелерім бар. Театрды сағынсам, Шымкентке келемін. Қала бұрынғыдай емес, көркейіп, гүлденген. Жұмат Шанин
театры ұжымы кең де зәулім ғимаратқа көшіпті. Өнерге деген жанашырлық, қамқорлық мені қатты қуантады.

– Қандай отбасында тәрбиелендіңіз? Балалық шағыңыз қалай өтті? Өнер сізге кімнен дарыған?

– 1916 жылы Алматы қаласында қарапайым отбасында дүниеге келіппін. Анамнан кішкентай кезімде көз жазып қалғанмын. Сондықтан болар, түр-тұлғасы, кескін-келбеті мүлдем есімде жоқ. Тіпті қолымызда фотосуреті де қалмапты. Көзін көргендер өте көрікті, ақылды келіншек болғанын айтады. Екі ағам және мен, атам Абдолла, әжем Биябанның қолында тәрбиелендік. Олар бізге жетімдіктің тауқыметін сездірмеді. Әкем Төкебай ән мен күйден хабары бар, өнерге жақын кісі еді. Сондай-ақ, әйгілі әнші Күләш Байсейітовамен бір көшенің бойында тұруымыз да өнерге келуіме сеп болған шығар. Үлгі етіп, бой түзеп өстік. Екі үй тату-тәтті еді, жақын араласатынбыз. Оқушы кезімде өте белсенді болдым. Мектептегі көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысатынмын. Арманшыл едім. Бірақ әртіс боламын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес.

– Қалай әртіс болып кеттіңіз? М. Әуезов атындағы қарашаңыраққа қалай қабылдандыңыз?

– 1933 жылы Ахмет Байтұрсын-ов атындағы №18 орта мектепті аяқтағаннан кейін өзімнен екі жас үлкен ағам драма театрға ертіп әкелді. Ол Халық әртісі Камал Қармысовтың қасында жүретін. Бір күні «мен бір жақсы оқу таптым. Музыкалық аспапта ойнауды, әртістік қабілетті шыңдауды үйретеді екен. Жүр, барып емтихан тапсырамыз» деп үйден ертіп әкетті. Емтиханды қалай тапсырғанымыз да әлі күнге дейін көз алдымда. Театрдың сол кездегі режиссері Носонов, директоры Беков және Мұхтар Әуезов пен Елубай Өмірзақов қабылдаған. Бізге ән айтқызып, би билетті. Ағам енді ғана қаз-қаз тұрып, тәй-тәй басқан баланың жүрісін салды. Сөйтіп, екеуміз де театр жанындағы екі жылдық студияға оқуға қабылдандық. Оқып жүріп, түрлі образдарды сомдай бастадым. Студияны үздік үлгеріммен аяқтаған ағам Әмина Өмірзақова, Хадиша Бөкейова,ағайынды Абдуллиндер, тағы басқа да талантты адамдармен бірге Ленинградтағы М. Щепкин атындағы өнер училищесіне оқуға аттанды. Мен де бірге бармақшы болғанмын. Бірақ сол кезде драма театрда басты рөлдерді сомдап жүрген атақты Күләш Байсейітова опера театрына ауысып жатқан. Ұстаздарым «сенің дауысың қойылған, біз сені өзіміз тәрбиелейміз, Күләштің орнын басасың» деп алып қалды. Осылайша менің театрдағы жарқын күндерім басталды.

 MG 9905

– Алғашқы рөліңіз есіңізде ме?

– Әрине, әр актер театр сахнасына қадам басқандағы тұсауын кескен ең алғашқы рөлін ұмытпайды. Мен де сол кездегі сезімді, көңіл күйімді жадымнан шығарған емеспін. Ең бірінші ойнаған басты рөлім «Еңлік-Кебек» қойылымдағы Еңлік еді. 18 жасымда ойнадым. Қобалжып, іштей уайымдап тұрғанымды көрген Күләш Байсейітова «Қорықпа, өзіңді еркін ұста, әрбір сөзіңді айқын айт. Сенің сөзіңді ең соңғы қатарда тамашалап отырған көрермен де анық еститін болсын», – деп ақыл-кеңесін берді. Бұл маған серпін берді. Кебектің бейнесін Жағда Өгізбаев сомдады. Жабалдың рөлін ойнаған Оразғали Жұмағұлов қан майданнан қайтпай қалды.

– Театр сахнасында қанша рөл сомдадыңыз? Қай рөліңіз жаныңызға жақын еді?

– Осы уақытқа дейін ойнаған рөлдерімді санап көрмеппін. 200-ден асатын болар. Әр рөл жаныма жақын. Оны сенімді шығару үшін қаншама ізденесің, тер төгесің. Сол кейіпкер болып өмір сүресің. «Қыз Жібекте» – Жібек, «Қозы Көрпеш Баян сұлуда» – Баян», «Айман-Шолпанда» – Айман, «Ер Тарғында» – Ақжүніс, тағы басқа көптеген қойылымдарда басты рөлді сомдадым. Сондай-ақ, елімізде тұңғыш рет қойылған У. Шекспирдің «Отелла» қойылымында Дездемонаны ойнадым. Бұл екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. 1947 жылы Шымкенттегі Жұмат Шанин театрына ауысып келдім. Шынымды айтсам, рөл таңдамайтынмын. Үлкен, кіші деп те бөлмейтінмін. Қандай рөл бұйырса да, барымды салдым. Кейде рөл тимей қалса, сол кейіпкерлердің сөзін іштей жаттап жүретінмін.

– Кіл марқасқалардың жанында жүрдіңіз. Олар сіздің есіңізде қандай жақсы жақтарымен қалды?

– Бейімбет Майлин киіз үй тігіп, қой сойып, әртістерді жиі қонаққа шақыратын. Ұлы арқасына мініп ап, ойнап отырса да, сол қолымен шашын артқа қайырып қойып, жазуын жазып отыра беретін. Мұхтар Әуезов «қазақтың қызы шашын екі өрім етіп өріп жүреді» деп ескерту берген. Зілсіз ғана айтқан бұл кеңесін ешуақытта ұмытқан емеспін. Серке Қожамқұлов көсемсөз оқығанда көпшілік сілтідей тынып тыңдайтын. Елубай Өмірзақов арнайы тапсырыспен жасалған домбырасын ешкімге ұстатпайтын. Тіпті туған інісі талантты әнші Керейге де. Қалибек Қуанышбаев ұзатылып бара жатқан қыздың сыңсығанын, оны қимай жылаған кемпірдің дауысын, бұдан бөлек жан-жануарлардың дауысын айнытпай салатын. Қазақ өнерінде өшпес қолтаңбасын қалдырған Шәкен Айманов, Манарбек Ержанов, Жұмат Шанин, Ришат пен Мүсілім Абдуллиндер, Сәбира Майқанова сияқты сахна саңлақтарымен бірге сахнада басты рөлдерді ойнадым. Бәрі бір-бір театр еді. Қазақтан шыққан тұңғыш әйел режиссерлердің бірі Ғайнижамал Хайруллинамен бірге жұмыс істедім. Ол «Халық әртісі» атағын алуыма үлкен үлес қосты. Оның 1958 жылы қойған төрт бірдей қойылымын мәскеулік мамандардың өзі мойындап, жоғары баға берді. Күләш Байсейітова театрдағы барлық қойылымдардың репитицияларына қатысатын. Актерлардың әр сөзді анық, айқын айтуына мән беретін. Сөйлеу мәнерін қадағалайтын. Ән үйрететін. 1936 жылы Мәскеуде қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі болды. Оған мен де бардым. Сонда небәрі 24 жасында Күләш Байсейітова КСРО Халық әртісі атанып, Еңбек қызыл ту орденін иеленді. Ал, Жұмат Шанин театрында Мұхтар Найманбаев, Сейiт Досмағамбетов, Мұхтар Өтебаев, Отызбай Жұмабеков, Ағман Ысырайылов, Жұмабике Серiкбаева, Ақсақал Қалмырзаев секiлдi сахна саңлақтарымен бірге жұмыс істедім. Тізе берсем, кілең жақсы-жайсаңның жанында жүрдім. Олардың мейірім-шапағатын көрдім. Осындай бақытты күндерді нәсіп еткен Аллаға мың да бір шүкіршілік айтамын.

 MG 9773

– Соғыс жылдары да майдан даласын аралап, концерт қойған екенсіздер?

– Иә, оқ пен оттың ортасында жүріп, 1942 жылы екінші Беларусь майданында, 1945 жылы Қиыр Шығыста өнер көрсеттік. Үйдің бетін көрмей, айлап жүретінбіз. Сарышұнақ аяз бетімізді қарыса да, жан-жағымызда бомба жарылып жатса да, жауынгерлерге рух беру үшін жертөледе, әскери көліктердің үстіне ән айттық. Сонда қаңғыған оқ тиіп кетеді деп те қорықпаппыз. Қайтарда туған елін, ата-ана, сүйген жары мен қарындасын сағынған жауынгерлер хат жазып, бізден беріп жіберетін. Біз оны жол-жөнекей поштаға жөнелтумен болдық. Сондай-ақ, Манарбек Ержанов, Күләш Байсейітова, Роза Бағлановалар да концерттік бригада құрамында майдан шебіне аттанды. Енді біздің ұрпақ ондай зұлмат заманды көрмесін деп тілеймін.

– Айша әже, «Шымкент келбеті» газетінің оқырмандарына қандай тілек айтасыз?

– Ел іргесі берік болсын, халқымыз аман болсын. Қиын-қыстау күндерді бастан кешсек те, мойыған жоқпыз, мұқалған жоқпыз. 1950 жылға дейін арнайы көлігіміз болмағандықтан астық бастыру, төл алу науқандарында ат арба, өгіз арбамен жүріп, ауыл-ауылды аралап, концерттік бағдарлама қоятынбыз. Ол кезде қазіргідей зәулім мәдениет үйлері де жоқ еді ғой. Егін алқаптарының басында, мал қамайтын қораларда концерт беретінбіз. Шаршап-шалдығу дегенді білмейді екенбіз сол кезде. Қаршадайымнан сахнаның киесін ұғындым. Бұл күндері ойлап қарасам, жұмысқа кешігіп немесе басқа да себептермен ескерту алмаппын. Ісіме, өнерге адал болдым. Ешкімді сыртынан ғайбат айтып, күндемедім. Өсек, өтіріктен алыс жүрдім. Қазіргі жастар жауапкершілікті терең сезінсе екен. Қиындықтан қашпаңдар! Театр сахнасында жүрген ұл-қыздарға әлеуметтік жағынан көбірек қолдау көрсетілуі керек. Мейірім азаймасын. Қазақ өнері, қазақ театры өрлей берсін!

– Әңгімеңізге рахмет! Көрер қызығыңыз көп болсын!

Сұхбаттасқан
Әйгерім БЕГІМБЕТ