Версия для печати

Әнуарбек МАЙМАҚОВ: «Балалардың денсаулығы – басты назарда»

Среда, 01 Июнь 2016 11:09 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 11484 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Әнуарбек МАЙМАҚОВ,
облыстық клиникалық балалар ауруханасының бас дәрiгерi:

DSC 0175

Баланы ұрпақ жалғастырушы, елдiң болашағы деймiз. Ал бүгінгі балдырғандардың денсаулығы қалай? Мереке қарсаңында облыстық клиникалық балалар ауруханасының бас дәрігері Әнуарбек Маймақовпен әңгімелескен едік.

– Әнуарбек Әбдібекұлы, бала жаны жұмбақ әлем. Кішкентай сәбидің, естияр баланың саулығын білу үшін сезімталдық қасиет те керек. Ал өмір үшін күреске толы мамандықты игеруге екінің бірі келмейтіні анық. Осы орайда, аурухананың тыныс-тіршілігі жайында айтып берсеңіз...

– Бала дәрігері болуға екінің бірі батылы жетпейтіні рас. Сырқатын айтуға тілі жоқ сәбидің ауруын табу үшін байқампаз, қырағылық қажет. Ол үшiн баланың тәнi мен жанын жақсы бiлуiң керек. Ал бала дәрiгерiнiң болмысы бөлек. Елбасы жолдауында ұлт денсаулығы басты жолға қойылған. Бұл ретте мемлекет тарапынан медицина саласына айрықша көңіл бөлінуде. Мақсат халыққа сапалы медициналық көмек көрсету. Осы орайда, өңірдегі балалар дәрігерлерінің беделі төмен деп айта алмаймын. Балаларға көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі артты. Бұрынғыдай ата-аналар әр емханаға барып сабылмайды. Біз ілгеріде ауырып келген балаға көз дәрігеріне бар, сен эндикринологқа, сен кардиохирургқа бар дейтінбіз. Әдетте, облыстық ауруханаға ауыр халдегі сырқаттар жеткізіледі. Ал аяқ астынан тығырықтан шықпасаң, адамнан айырыласың. Уақыттан ұтылсаң, біріншіден, адам өмірі мансұқ болады, екіншіден, аурухананың рейтингіне нұқсан келеді. Осындай сынақта бұл мәселе облыс әкімі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен шешімін тапты. Аурухана облыспен қатар, қала-аудандардан сырқатпен жеткізілген балаларға жедел және жоспарлы түрде қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда 1000-ға жуық қызметкер жұмыс жасайды. Солардың ішінде 1 доктор және 4 медицина ғылымдарының кандидатымен қатар жоғары санаттағы мамандар сапалы қызмет көрсетеді. Дәрігерлердің бірқатары Израиль, Литва, Ресей және басқа елдердің үздік клиникаларында тәжірибе жинақтаған. Клиникада 20 бөлімше бар, 427 орынға лайықталған. Атап айтсақ: қабылдау бөлімі, травматологиялық бөлімше, оториноларингологиялық бөлімше, хирургиялық бөлімше, жан сақтау бөлімшесі, педиатриялық бөлімше, жас нәрестелер бөлімшесі, жүйке-жүйе бөлімшесі, клиника диагностикалық бөлімшелер қызмет атқарады. Консультативті диагностикалық емхана күн сайын 450-470 баланы қабылдайды. Кішкентайлардың өмірін арашалап қалуда мамандарымыз қолдан келгенді аямайтыны анық. Оған қызметкерлердің біліктілігі де, мекеменің техникалық базасының қуаты да жетеді. Сондай-ақ өңірлік клиника Жамбыл, Қызылорда облыстарының тұрғындарына да қызмет көрсетеді.

– Өзіңіз айтқан жаңа технологияны жетік білетін мамандар жеткілікті ме?

– Бала ағзасын толығымен тексеріп, зерттеу жасайтын анықтайтын бөлімшеміз бар. Соның бірі – Ғани Сұлыбеков басқаратын сәулелі диагностика бөлімі. Мұнда 12 білікті маман тыныс алу жүйесі, жүрек-қан тамырлары, бас, мойын омыртқаны қарайды. Айына 200-ден астам баланы қабылдап, сырқат сырын жылдам, әрі дәл анықтайды. Өткен жылы клиникада 15 мың сырқат бала ем алып, айығып шықты.

– Естуімізше, дәрігерлер туабітті денсаулығында ақауы бар сәбиге отаны өздері жасайды екен.

– Иә, өткен жылы жаңа туылған ақауы бар 230 баланың жүрегіне ота жасалды. Нәтижесі жаман емес. Яғни сәби 100 пайыз мүгедек болса, ота арқылы аман сақтауға болады. Бізге балақайлардың денсаулығы отаны көтерсе болды. Жүректегі саңылау жабылған соң, бала қатарға қосылып кетеді. Қазіргі таңда жыл басынан бері 10 жаңа туған нәрестеге ота жасалды.

– Әнуарбек Әбдібекұлы, енді облыстағы ана мен баланың денсаулығы жөнінде айтып берсеңіз...

– Бұл әлі күнге өте күрделі мәселе. Басылым арқылы аналарға жүктілікті алдын ала жоспарлау керектігін айтқым келеді. Өкінішке қарай, әйелдердің көбісі денсаулықтарына мән бермейді. Бойындағы сырқаттарын болмашы деп бағалайды. Әрбір ана оның соңы ана өліміне алып келетінін білуі тиіс. Болмаса кемтар бала туылады. Бірінші кезекте ұрпағына жаны ашитын, көзі ашық, көкірегі ояу аналар алдымен денсаулықтарын қалыпқа келтіріп, емделгендері жөн. Бұл мақсатта емханаларда отбасын жоспарлау кабинеттері жұмыс істейді. Егер осы қызметті дұрыс пайдаланып, сырқатын дер кезінде емдетсе, ана да, бала да сау болар еді. Бірақ, бұл қызметті пайдаланушылар көп емес. Соның әсерінен денсаулығында кінараты бар анадан туған мүгедек балалар көбейіп отыр. Екінші кезекте интервальды сақтау керек. Жыл сайын босану әйел ағзасына зиян.

– Бүгінгі күні педиатрлардың алдында қандай проблемалар тұр?

– Педиатриялық қызметтің жетістіктері көп, бірақ мәселелер де жоқ емес. Қазір өңіріміздегі ана мен баланың денсаулығы өзекті мәселенің бірі. Бала туу жасындағы әйелдерде қан аздық, дәрумен жетіспеушілігі көп кездеседі. Мұның бәрі уақытылы дұрыс тамақтанбаудан болып отыр. Жеміс-жидек, ет жемеген ана мен баланың иммунитеті әлсіз келеді. Ал балалардың уақытылы тамақтанбағанынан асқазан аурулары көбеюде. Сондықтан ата-ана балалардың тамағына мән беріп, бақылау жасағаны дұрыс. Себебі, бала пайдасыз, денсаулыққа зиянды тамақтарды тұтынуы мүмкін. Жас ағза ондай өнімдерге тез әуестеніп алады. Атап айтар болсақ, соңғы кезде қаптап кеткен фаст-фуд өнімдері, чипсы, кириешкиден қауіп көбейіп тұр. Фаст-фуд өнімдерін күнделікті тұтынған жағдайда, балалардың асқазан-ішек жолдары бұзылады, гастрит басталады. Бүгінгі таңда балалардың дұрыс тамақтанбауы салдарынан жүрек аурулары, семіздік, қант диабеті көбейген. Сондықтан шетелден келіп жатқан тамақ өнімдеріне қызығудың қажеті жоқ. Дәрігер ретінде отандық өнімдерімізді тұтынуға кеңес берер едім.

– Облыста қандай аурулар жиі кездесіп отыр?

– Балалар арасында тыныс алу мүшелерінің және қан айналым жүйесінің аурулары жиі кездеседі.

– Балалар арасында жазым болып, көз жұматындар көп пе?

– Көбіне жазым отбасында жиі орын алады. Ата-аналар баланың дене қызуын байқамайды. Егер 38,5-тен асса, ол қауіпті. Шұғыл дәрігер болмаса жедел жәрдем шақыруы керек. Өкініштісі, үйде шетінеп жатқан балалар жиі кездеседі. Одан бөлек, күйіп қалған, көпқабатты үйден құлап жазым болған сәбилер көп. Жол апатына түскен мектеп оқушылары да бар. Егер ата-ананың балаларды бақылауы қатаң болса, олар оқыс оқиғалардан, жазым жағдайлардан аман болар еді. Ең қиыны қатерге ұшырағандың көбісі дені сау жеткіншектер.

– Денсаулық сақтау саласында бүгінге дейін түрлі реформалар қолға алынды. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі, «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламалары жүзеге асуда. Жалпы, медицинадағы өзгерістерге көңіліңіз тола ма?

– Кез келген реформа жайдан жай жасалмайды. Мәселен, Еуропада дәрігерлер 12 жылдан кейін маман сертификатын алады. Ал біздедиплом қолымызға 7 жылдан соң тиетін. Сондықтан елімізде педиатрлар дайындайтын факультет қысқарып, халықаралық талапқа өтті. Оның дұрыс жағы да, тиімсіз тұсы да бар. Академик Камал Ормантаевтың жанайқайы орынды. Ол педиатрия факультетінің басқа факультетке қосқанын қаламайды. Жалпы медицина саласы ішінде балалар дәрігерінің орны бөлек. Өйткенi, аузына ана сүтi тимеген немесе аузынан ана сүтi кеппеген сәбилердiң жан күйзелiсi мен тән күйзелiсiн білетін, қол ұшын беріп, маңдайынан сипап, мейірімділік көрсететін жандар – балалар дәрігері. Әйтсе де, алда жаңа реформа бойынша жұмыс істейтін боламыз. Бірінші кезекте алдымызда маманның біліктілігін арттыру мақсаты тұр.

– Дәрігер мамандығын таңдауыңызға не себеп?

– Жас кезімнен балалар дәрігері болуды армандадым. Мақсат қойып, Алматыдағы мединститутқа түстім. Педиатр факультетін бітіріп шықтым. Мен балалар дәрігері болғаныма ешқашан да өкінбеймін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.