Версия для печати

Нұржан ТҰРСЫНБАЙ: Құндылықтарымызды дұрыс насихатпен дәріптей білейік

Среда, 15 Июнь 2016 05:26 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4755 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Ақтөбеде болған террорлық әрекет кім-кімді де ойландыруы тиіс. Елбасының өзі содырларды қатаң жазалау қажет екендігін мәлімдеді. Бұл ретте теолог мамандарға жүктелер міндет ауырлай түсті. Жұмысты одан әрі жандандыру керектігін ұғынып отырмыз. ОҚО Дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мемлекеттік мекемесінің директоры Нұржан Тұрсынбай әлі де болса ақпараттық-насихаттық жұмыстарды күшейту керек дейді. 
Рас, содырлар Құдай алдында да, заң алдында да үлкен күнәлі іс жасады. Діннің көздейтіні бүлік емес – бейбітшілік. Ендігі ретте бірлесе жұмылған іс қана нәтиже бермек. Біздің өңірде теріс ағымдармен күрес қалай жүргізіліп жатыр? Ақтөбедегі жағдайдан қандай қорытынды шығару керек? Осы және өзге де сұрақтарды теолог маман Нұржан Арыстанбекұлына қойған едік.

IMG 0581– Нұржан Арыстанбекұлы, еліміздің батыс өңірінде болған ахуал қоғамды дүр сілкіндірді. Біз қай тұстан қателік жіберіп алдық? Енді қолға алар істің басы қандай болуы тиіс?

– Теолог маман ретінде содырлардың ісін қатты айыптаймын. Рас, бұл жағдай қоғамға үлкен ауыртпалық әкелді. Мұны адамның жаратылысына қарсы келер қатігездік дер едім. Мұндай жамандық жасауға ешкімнің де дәті бара қоймас. Ислам діні адамзат баласы ғана емес, жәндіктерге, жануарларға жамандық жасамауға үндейді. Адамның қанын төгу деген өте үлкен айып. Қандай жағдай болса да, мен оларды дінге қатысы бар немесе діннің атын жамылған деп айта алмаймын. Бұларды нағыз қатігез, адамзат баласы ішіндегі ең залым, заңның алдында да, Алланың алдында да өте үлкен күнәлі азаматтар деп есептейміз. Бәрі де қатаң жазалануы тиіс.
Бұл – үлкен мәселе. Бір адамның өмірін сақтау дінімізде бүкіл адамзатты сақтап қалғанмен бірдей. Олар неге мұндай қатігездікке барды? Бәлкім, бұлардың санасын біреулер улап отырған болар? Демек бізге алдағы жұмыстарымызды жүйелі түрде іске асыру міндеті тұр. Сол бауырларға дұрыс ақпарат жеткенде мұндай жағдай болмас еді. Біз де мойындауымыз керек, сол бауырларға тиісті деңгейде ақпарат жеткізе алмадық. Олар ғаламторға шығып, неше түрлі діннің атын жамылған ағымдарға сеніп, күнәлі іске барды.
Бұл мәселеде күнделікті ақпараттың, жарнаманың алар үлесі зор. Мәселен, үйде күнделікті жарнаманы көрсете берсең, оны екі-үш жасар баланың өзі жаттап алады. Мәселен, біз ауыл-ауылдарға жылына бір немесе екі рет барамыз. Жылына екі рет барып уағыз айтқан мен күн сайын, минут сайын ақпарат беріп тұрғанның айырмасы қаншалықты екенін ойлай беріңіз. Демек, әр уақытта дұрыс ақпаратты беріп отыруымыз керек. Жалықтырып алмау жағын да назарға алған жөн.

– Статистика көрсеткендей, біздің өңірде 1300-ге жуық азамат теріс бағыттың жетегінде жүр екен. Былтыр 205 азамат дәстүрлі дінге қайтқаны да мәлім. Биылғы жұмыстың барысымен таныстырып өтсеңіз...

– Әрине, бізде ешқандай мәселе жоқ деуден аулақпыз. Жүйелі жолға қойылған жұмыстарымыз баршылық. Мәселен, біз теріс көзқараста жүрген адамдардың тізімін жасадық. Аты-жөні қолымызда. Олардың мекен-жайларын, қайда жұмыс істейтінін де білеміз. Мәселен, біз былтыр олардың әрбірінің де үйлеріне барып, жеке-жеке кездесіп қайттық. Барынша мемлекеттің саясаты дұрыс екенін жеткізіп келеміз. Ғаламтордың қаншалықты қауіпті екенін, жиһад деген ұғымның мән-маңызын түсіндірдік.
Біз мамандармен талдай келе ондай ағымда жүрген азаматтарды мынадай үш санатқа бөлдік. Біріншісі – радикалды көзқарастағылар. Шетелдерде, бейресми оқу орындарында оқып, санасы әбден уланған, өзінше радикалды көзқарас қалыптастырып, еліміздегі бағыттарды дұрыс емес деп кесіп айтатындар. Олармен жұмыс істеу өте қиын. Бірақ біз насихатымызды үзбейміз. Үш-төрт рет кездесіп ғана қоймай, соңына дейін жеткізуге тырысамыз. Егер еш нәтиже шықпаса, олардың тізімін арнайы құқық қорғау органы өкілдеріне жібереміз. Әрі қарай жағдайды солар бақылайды.
Екінші санаттағылар – біріншілердің қатарында жүріп, кітаптарын ақтарып, қызығып жүргендер. Бұлармен жұмыс жасау сәл оңайлау. Неге? Өйткені, оларды райынан қайтаруға мүмкіндік бар. Өздері ыңғай танытып, кейде өзімізден дұрыс мәлімет сұрап жатады. Демек, оларға керегі – қолжетімді ақпарат.
Соңғы үшінші санаттағылар – екінші санаттағыларды тыңдап, солардың қасында жүргендер. Бұлардың өзі екінші санатқа жақын. Оларды дұрыс бағытқа бұру үшін олармен түсіндіру жұмыстарын үзбеу қажет.
Егер біз бұларды санатқа бөлмесек, ұдайы насихат жүргізбесек, екінші санатта жүрген адам біршама уақыттан кейін біріншісіне өтеді. Білімі күшейе түседі. Одан кейін он рет кездессең де оларды радикалды көзқарасынан қайтару қиындамақ.
Бізге енді болған жағдайдан қорытынды шығару ғана қалып тұр. Жалпы, кез келген адамның дінге деген қызығушылығы болады. Мәселен, мектепті бітірген жасөскінді шақырып алып, қандай бағытта уағыз айтсаңыз, ол қызығып тыңдай береді. Жас бала да энергия бар. Алға қарай ұмтылып тұр. Зерттеулер бойынша, теріс ағымдардың жетегінде кетіп жатқандар – негізінен жастар. Екіншісі, әлеуметтік жағдайы төмен адамдар, үшіншісі – қалталылар.
Ақтөбеде лаң салғандардың дінге қатысы бар деп айтылып жатыр ғой. Бірақ мен оларды саясиланған бағытқа кеткендер деп есептеймін. Дұрыс дін болса, мұндай іске барар ма еді? Оның үстіне Қасиетті Рамазан айында бұзақы істерін іске асыруы да күмәнді жағдай. Адамдардың бәрі жақсылыққа дайындалып жатқан кезде олар бейбіт тұрғындарды опат қылды. Міне, мұның өзі дінге қатысы жоқ адамдар екенін көрсетпей ме?!

– Кейбір азаматтар әлеуметтік желілерден келер қауіп мол екендігін айтып жатыр. Ғаламтор әлемін, әлеуметтік желілерді жауып тастаумен мәселені шешуге бола ма?

– Бізде талдау және мониторинг деген бөлім бар. Онда арнайы мамандар бүкіл сайттарға шолу жасайды. Біз мысалы алты айдың өзінде 371 сайтқа мониторинг жасадық. Қайсысы дұрыс емес, қайсысы дұрыс деген мәліметтерді тізіп, оның ішінде қауіпті дегендерін тиісті органдарға жібердік. Біздің оларды жауып тастайтын құзіретіміз жоқ. Өйткені, ғаламтор ашық дүние. Күмәнді азаматтардың аккаунтын өшіріп тастағанмен, оны қайтадан атын өзгертіп, ашып алуға мүмкіндігі бар. Қазір олар небір қулыққа көшкен. Біз оларды жауып тастасақ, басқа атпен кіріп алады. Дегенмен, әлеуметтік желілерді жабу еш қимылсыз отырғаннан жақсы. Басқа сайт ашса, оның да лезде жауып тастай берсек, түбінде бір нәтиже шығады.
Рас, ақпараттық жұмыстарды күшейтуде теологтарға, имамдардың жауапкершілігі артқалы тұр. Қазір ақпараттық технологияның ғасыры. Дамыған кезеңде ғаламторды меңгерген азаматтар қызметке тартылуы тиіс. Имамдардың өздері кез келген адаммен сөйлесе алатындай, жауап бере алатындай білімді болуы керек. Оларға ой салатын, жастарға үлгі болатындай имам дайындау – уақыт талабы.

– Ендігі атқарылатын жұмыстың бағытымен таныстырып өтсеңіз.

– Біздің бөлімнің мамандары имамдармен бірлесе өткен жылы жеті мың кездесу ұйымдастырды. Қызметкеріміздің жалпы саны бар-жоғы 17 ғана десек, бұл аз жетістік емес. Мен өзім де демалыс күндері «Қырғы базар», «Тұлпар» базарына барып, азаматтармен кездесіп қайтамын. Әдейі жұмыс орындарына барып, әрқайсысымен бір сағат, екі сағат әңгімелесемін.
Бір айта кетерлігі, бізде психологиялық қысымға ұшыраған, отбасылық мәселелері бар азаматтар үшін оңалту орталығы жұмыс істейді. Оларға арнайы кабинет, жатын орын да қарастырылған. Теологтар, психологтарымыз қолдан келгенше көмектесіп жатыр. Одан кейін ата-анасын шақырып, өмірге деген көзқарасын бейімдейміз.
Бір ай бұрын мекемеміздің атауы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» деп өзгергенін айта кетейін. Дін істері басқармасы өз алдына бөлек қайта құрылғанын білесіздер. Енді бізге тек дін мәселелерін зерттеумен шұғылданамыз. Алдағы уақытта жұмыс та көбеймек. Басты мәселе – ақпараттық насихатты күшейту.
Ақпараттық-насихаттық жұмыстардың бірқатарын айта кетсем, бүгінге дейін 28 мың дана ақпараттық кітапша, бес мың плакат әзірледік. Статистикамен қарайтын болсақ, бұл біздің өңір үшін тым аз. Облыста 570 мың отбасы бар екен. Отыз мың кітабымыз оның он пайызына да жетпейді. Әр ауданға он мыңнан таратсақ, жүз елу мың кітап керек екен. Ақпарат халыққа қолжетімді болып ғана қоймай, оны оқытып, тоқыту да өзекті мәселе.

– 17 маман дейсіз, ол әлі де аздық ететін шығар...

– Әрине, үш жарым миллион халық үшін ол аздық етеді. Сөйте тұра біз нәтижелі жұмыс атқарып келеміз. Жылдан-жылға теріс көзқараста жүргендердің азайғанын мен мынадан да байқап жүрмін. Мәселен, былтырғы Рамазанда тарауих намазында сегіз ракаттан кейін адамдар кетіп қалатын. Биыл өзгеріс бар. Көпшілігі соңына дейін оқитыны қуантып отыр. Міне, нәтиже бар деген сөз.

– Биыл ел Тәуелсіздігіне 25 жыл толып отыр. Қол жеткізген басты жетістіктеріміз қандай?

– Ең әуелі айтарым, ел жастары бейбіт күннің қадірін білуі керек. Мемлекет оларға барлық жағдайды жасап отыр. Оқимын десе де, қызмет етуге немесе кәсіппен шұғылданамын десе де өз еркі. Неге осындай мүмкіндікті пайдаланбасқа?!
Отан – бізге аманат. Туған жерді ешқандай соғыссыз келешек ұрпаққа қалдыру үшін оған махаббатпен, құрметпен қарау керексің. Ағашын отырғызып, көркеюіне үлес қос! Отбасыңдағы балаларға жақсы жолды үйретсең, аманатыңа адал болғаның. Сонда ғана дінімізге, ділімізге адал болар едік. Отаныңа деген адалдық арқылы иманың да күшейер еді.
Бас мүфти 2016 жылды «Дін және тарих тағылымы жылы» деп бекерден бекер жариялаған жоқ. Елбасы «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ» деді. Қазақ мәдениетті, парасатты, еңбексүйгіш халық. Осындай мәдениетті тарих бетінде қалдырды. ҚМДБ-ның көтеріп отырғаны да осы. Тарихымыздың барлық кезеңі сол дінмен байланысты ғой. Ендеше, тілімізді, ділімізді, дінімізді сақтаймын десек, аманатқа қиянат жасамайық.
Ол Батыс, мен Оңтүстік деп қарап отыратын кез емес қазір. Сондықтан, көпшілікке айтар ұсынысым: бірлесе жұмыс атқарайық.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Т. ҚАСЫМ

Последнее изменение Четверг, 16 Июнь 2016 11:24
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.