Дәурен СЕРҒАЗИН: «Өмiрiмдi театрсыз елестете алмаймын»

Среда, 15 Июнь 2016 06:10 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5651 раз

Дәурен Серғазин – Астана Жастар театрының актері. 2002-2006 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының Н.Жақыпбай шеберханасында «драма және кино актері» мамандығында білім алған. Өнерсүйер қауымға театрдағы рөлдерінен бөлек, «Алдар көсе», «Жаужүрек мың бала», «Ауыл сақшысы», «Қарашаңырақ» кинофильмдері арқылы да жақсы таныс. Жуырда Дәуренмен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

dauren serghazin-2– Өнерге, театрға не үшін келдіңіз?

– Ауылда өстім. Қойылым көрмегенбіз. Театрдың не екенін де білмейміз. Жоғары сыныпта киноға түссем, туған-туыстарым мені теледидардан тамашаласа деген арман пайда болды. Сол арманның жетегімен Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясына құжат тапсырдым. Ұстазымыз Нұрқанат Жақыпбайдың шеберханасына түстім. Сондай-ақ, Мұрат Әбзелбаев, Тасболат Омарұлы, Райхан Айтқожанова, Жұмат Жабағин, Айжан Жамшитова сынды мықты оқытушылардан дәріс алдық. Бірте-бірте театрға ғашық бола бастадым. Ауырдым десем де болады. Студенттік кезде Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов театрынан шықпайтынбыз. Қазір өмірімді театрсыз елестете алмаймын.

– Академияны бітіргеннен кейін курстастарыңызбен бөлініп кетпей театр аштыңыздар. Бұл сіздердің ұйымшылдықтарыңыздан ба, әлде ұстаздарыңыз мықты болды ма?

– Бәрі ұстазға байланысты. Үйдің іргетасы мықты қаланса ғана түзу шығады ғой. Нұрқанат аға шеберханасына қабылдағаннан кейін бар уақытын бізге сарп етті. Оның үстіне біздің курсқа мықты, жанып тұрған қыз-жігіттер жиналды. Бір-бірімізді жақсы түсіндік, бір-бірімізге ұқсамадық. «Бәріміз жан-жаққа тарыдай шашырап кетпей, бір театрда қызмет етсек» деген ниет, арман болды. Осылайша, арманымыз шындыққа айналып, бүгінде бәріміз бір театрда тер төгіп келеміз. Қанша қиындық көрсек те мойымадық. Жалақы аз деп ауыртпалықтан қашпадық. Аллаға шүкір, барлық қиындықты бірте-бірте еңсерудеміз. Қазір біздің ұжымда төрт буын қызмет етеді. Бәрі де Нұрқанат ағайдан тәлім-тәрбие алғандар. Ең алғашқы буын біз болсақ, төртінші буын биыл академияны тәмамдайтын түлектер.

dauren serghazin

– Актерлардың арасында көшбасшы бар ма?

– Студент кезімнен Нұрқанат ағайдың қасында көмекшімін. Сондықтан ағаймыз басқа жаққа кеткенде сахнадағы дайындықта мен көшбасшымын. Ал спорттық шараларда басқа біреу көшбасшы. Мерекелік іс-шараларда бас қосатын кезде басқаның айтқанына құлақ түреміз. Осылайша бір-бірімізді алмастырып, толықтырып отырамыз. Мейірім, жылылық көп болғаннан шығар, ұрыс-керіс, талас-тартыс, ауыр нәрсе айтып, бір-біріміздің көңілімізге қаяу салу деген нәрсе бізде болмайды.

– Кей қойылымдарда цирктің әртістері жасайтын трюктерді көрдік. Мұны арнайы мамандар жасай ма? Әлде бұл театрдың әртістерінің де қолынан келетін өнер ме?

– Қазір көрермендерді таңғалдыру қиын. Өйткені әлем көрерменнің қолында. Кез келген ақпаратты ғаламтордан оңай табады. Бізде цирк мамандары жоқ. Қиын трюктердің бәрін жасайтын өзіміздің әртістер. Залға жиналамыз да ойға сыйымсыз нәрселер жасауға тырысамыз. Билеттің ақшасын, көрерменнің уақытын ақтауымыз керек. Күнделікті таңертең би сабағы жүреді. Сенесіз бе, отызға келгенімде артқа қарай сальто жасауды меңгердім. Ешкім үйреткен жоқ. Өзіңнен кейінгі жас буынға қарап, жаңа дүниелерді жасауға тырысады екенсің. Олар білмеген нәрсені сен көрсетесің. Актерлік шеберліктен бөлек, ішкі жан-дүниеге, пластикаға, әнге көп мән береміз.

dauren serghazin-3

– Жалпы, қазақ театрында қандай күрмеуі қиын мәселелер бар, сізді не мазалайды?

– Бізде шетелге гастрольдік сапарға шығу, фестивальдерге қатысу өте аз. Былайша айтқанда, өз қойылымдарымызды өзіміз көріп, өзіміздің қазанда ғана қайнап жатырмыз. Шетелдің театрларын аз көреміз. Олар келсе Алматы мен Астанаға ғана келеді. Басқа дамыған театрды көрмегеннен кейін өзің де қай жаққа өсеріңді, талпынарыңды білмейсің. Сосын бізде жас режиссерлерді оқыту аз. Актер шеберлігінен берген ұстаз ертең саған режиссерліктен де дәріс беруі мүмкін. Өзіміздің академияның магистратурасына тапсырып түсе алмадым. Мен сияқты талапты жас режиссерлар, актерлар өте көп. Оларды екі-үш жылға шетелге оқуға жіберу керек. Өкінішке қарай, ақсақалдарымыз, өнер майталмандары өмірден озып жатыр. Олардың орнын оқымаған, білімсіз жастар баспас үшін шетелде оқытуға, тәжірибе алмасуға жоғарғы жақ көңіл бөлу керек.
Содан кейін адам бір жерде жұмыс істеген соң өзінің жанұясын асырай алатындай жалақы алу керек. Мысалы, біз күні-түні театрдамыз. Айына 20 қойылым қоямыз. Ал бірақ алып жатқан жалақымыз тиын-тебен ғана. Көп актерлар отбасын асыру үшін тойға шығады, басқа жұмыстармен айналысады. Осылайша, театрға көңіл аз бөлініп, образды жоғары деңгейде алып шыға алмай қалуы мүмкін. Сондықтан әлеуметтік жағынан көптеп көңіл бөлінсе екен.

– Режиссер ретінде бақ сынап жүргеніңізді білеміз. Сіздің қойған қойылымдарыңызды көрермен қалай қабылдады? Алдағы уақытта сізден тағы қандай туындылар күтеміз?

 

М.Левидің «Жер мен көктің арасы» (ауд. М.Матамова), сосын Қанат Жүнісовтың «Алғашқы махаббатын» сахналадым. Біріншісін жылы қабылдағанымен, «Алғашқы махаббатқа» сын айтқандар көп болды. Біз бұл қойылымды нәбары 25 күнде дайындап шығардық. Және бұл фестивальге қатысуға арналмаған. Қойылымды көрген адам қайта айналып келмейтін оқушы кезіне, балалық шағына саяхат жасап, сағынышпен еске алары анық. Режиссер болғаныммен барлық дүние менікі деп айта алмаймын. Көп образды ақылдасып отырып шығарамыз. «Өмірде осындай кісілер бар, образды осылардан алсақ қайтеді» деп бірге талқылап, шешеміз. «Мен режиссермін, менің айтқанымды істейсіңдер» деген қатып қалған қағида жоқ. Әр актер рөлінің режиссері. Мен тек соларды біріктіріп, керек жерін алып қалып, керек емес жерін қысқартып отырамын. Менің көргенім, үйренгенім, оқығаным бәрі Нұрқанат ағайдың мектебі. Басқа ешқандай жерден режиссураны оқыған емеспін. Студент кезден сол кісінің қол астында үйреніп келе жатырмын. Менің мақсатым – сол кісінің ұстанған бағытын ары қарай жалғастыру. Алдағы уақытта Мұхтар Әуезовтың «Қаракөзін» әлі ешкім қоя алмаған тұрғыда қойғым келеді. Бірақ оған әлі дайын емеспін. Қашан келетінім де белгісіз. Маған қойылым қою – өте үлкен қорқыныш. Сол қорқынышты әрең жеңіп барып қоямын.

– Егер сізді Шымкенттің театрына жұмысқа шақырса, келер ме едіңіз?

– Әрине, халықтың адамы болғаннан кейін бізге барлық өңірдің халқы, Қазақстанның кез келген жері ыстық, жылы, жақын. Оңтүстікке екінші рет ат басын бұруым. Алғаш осыдан сегіз жыл бұрын, театр ашылғанда келген болатынбыз. Бұл жақтағы театрда достарымыз бар. Мұнда өнер академиясын бітірген қыз-жігіттер жұмыс істейді. Үнемі фестивальдерде, іссапарларда арқа-жарқа боп кездесіп, бас қосып тұрамыз. О баста театр ашқанда өз театрымызды алға шығарайық деген мақсат тұрды. Әлі де сол мақсат жолында еңбектеніп жатырмыз. Жас актерларды тәрбиелеудеміз. Бұл менің азаматтық парызым. Жастар театрына жаныммен берілгем. Өз баламдай қараймын. Әзір бұл театрдан кететін ойым жоқ. Ал егер екі театрдың әртістері бір-бірімен, тәжірибе алмасу мақсатында шығармашылық байланыс орнатуға шақырса, қуанамын. Бірақ біздің театрлар әлі ол деңгейге жете алған жоқ.

– Сынға қаншалықты мән бересіз?

– Актерлік шеберлігіме байланысты әлі көп сын ести қойған жоқпын. Ал режиссерлікке аяқ басқаннан кейін сынның астында қалдым. Біреу жаны ашып айтады. Біреу жақсы болсын деп айтады. Қатты сынап, көңілге тигендер де болды. Ол да дұрыс. Кейде айналаңдағылар мақтап, дандайсып кеткенде, «аспаннан жерге түсіп», сырт көзбен қарайсың. Нұрқанат ағайдың мектебінен шыққаннан кейін сынды өте жақсы қабылдаймыз. Студент кезден бері біздің әрбір жетістігімізге, кемшілігімізге куә. Кейде қатты айтып, жер етеді, кейде мақтап, аспандатып жібереді. Қыр-сырынан әбден өткенбіз. Сынның аты сын. Керегін саралап, екшеп аламыз.

– Әр қойылымды қойған сайын бір образдан шығу қанша уақытыңызды алады?

– Қазір заман талабы басқа. Уақыт өте тығыз. Ән айтып, би билеп, сұхбат беріп, комедия, трагедия жанрында ойнап, көрермендермен бірге суретке түсіп, бәріне үлгеріп, бір сөзбен айтқанда әмбебап болуың керек. Сондықтан «бес минуттың ішінде образға кір, бес минуттан кейін образдан шық» деп өзімді дайындаймын. Біздің мамандығымыз да сол, рөлді шынайы ойнау, көрермен сенетіндей етіп алып шығу. Ал театрдан тыс басқа адамға айналасың. Мен өз-өзімді сырттай көп бақылаймын, көп сөйлесемін, көп зерттеймін. Шығармашылығымды, осал жерімді жақсы білемін. Сондықтан кез келген жерде тоқтап, дайын болуға өзімді дағдыландырамын.

– Сіз үшін театр мен кинода ойнаудың қызығы мен махаббаты неде?

– Театрға көбірек күш-қуатыңды сарп етесің. Көбірек уақыт бөлесің. Бір қойылымды бес жүз адам көрсе де жылылық сыйлайды. Көрерменмен тікелей байланыс орнайды. Олар қошемет, қол шапалағы арқылы энергия береді. Ал киноға түскенде ондай қошеметті, ләззатты сезінбейсің. Түсесің де кетесің. Бірақ таспада, тарихта қаласың. Бір көргенде миллиондаған адам көреді.

– Көрермен көңілінен шыққан «Қарашаңырақ» сериалында кіші ұлы Мәдидің рөлін сомдадыңыз. Бұл рөл сізге не берді?

– Шыны керек, қиын рөл болды. Отбасы болғаннан кейін ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды ғой. Кинодағы дүниелердің бәрі өмірде бар, кейде бастан өтетін жағдайлар ғой. «Қарашаңыраққа» актерлар бекітілгеннен кейін қоғамда қатып қалған қасаң қағидаларды, пікірлерді өзгертейік деген ой болды. Барынша көрерменге, өмірге жақындатуға тырыстық. Телеарнадан берілгеннен кейін көпшілік жылы қабылдады. Театрға келмейтін өзге аймақтағы, ауыл-ауылдағы көрермен бізді осы образ арқылы таныды. Пендешіліктен биік тұруды тағы да еске салды. Әрбір актер театр мен киноны қатар алып жүруі тиіс деп ойлаймын. Осы екі салада көрерменнің ыстық ықыласына бөленсек, қанеки?!

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Әйгерім БЕГІМБЕТ