Арман БЕЙСЕНБАЕВ: «Әрбір азамат құқықбұзушылыққа немқұрайлы қарамау керек»

Пятница, 17 Июнь 2016 07:55 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4406 раз

23 маусым – Қазақстан полициясы қызметкерлерінің төл мерекесі. Ел тыныштығын қорғауда тәртіп сақшыларының қосар үлесі мол. Олар – уақытпен санаспайтын және қауіппен бетпе-бет келетін мамандық иелері. Әр азаматтың қауіпсіз ортада өмір сүріп, тыныс-тіршілік етуіне барын салатын полицейлердің бүгінгі таңда атқарған қызметі мен өз саласында жеткен жетістіктері жайлы Шымкент қалалық ІІБ бастығы, полиция полковнигі Арман Бейсенбаевпен сұхбаттасқан едік.

Bejsenbaev– Арман Арун-Рашидұлы, Шымкент қаласының криминогендік ахуалы қандай? Қылмыс санын азайту және болдырмау мақсатында қай деңгейде жұмыстар атқарылуда?

– Полицейлердің жұмысы қырағылықты қажет етеніні белгілі. Соның арқасында көптеген қылмыстың беті ашылып, халықтың тыныштығы үшін аянбай еңбек етуде. Мәселен, биыл Шымкент қаласында 5 айдың қорытындысы бойынша, 10 мың 777 қылмыс тіркелген. Өткен жылмен салыстырғанда оның ашылу пайызы 67,3-ті құрап отыр. Ал 2015 жылы 61 пайыз болған. Тәртіп сақшылары ауыр қылмыстарды ашу мақсатында жақсы нәтижеге қол жеткізіп, 66,5 пайызды құрады. Осылайша ауыр қылмысты ашу 7,1 пайызға артты, Сондай-ақ, қасақана адам өлтіру 40 пайызға төмендеп, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 8 жәйтқа азайып отыр. Мысал ретінде айтсам, 2015 жылы 20 адам, биыл 12 адам қасақана өлтірілген. Айта кетерлігі, қыз-келіншектерді зорлау (74/52), қарақшылық (22/13), қоғамдық орындардағы бұзақылық (531/446) саны азайған. Ал керісінше, ұрлықты кәсіп еткендер нәсібін біреудің затына, дүниесіне қол сұғу арқылы тауып жүр. Егер биыл бес айдың ішінде жасалған 10 мыңнан астам қылмысты саралайтын болсақ, соның 53 пайызы ұрлық жайттары. Оның себебі – қала аумағының және халық санының өсуіне байланысты. Қала халқы үшін соңғы жылдары пәтер ұрлығы көкейкесті еді. Кім де болса, жылдар бойы жинаған дүниесінің бір сәтте қолды болуын қаламайды. Сонымен қатар, жеке мүлкіне, нақтырақ айтқанда жеке өміріне қол сұғу болып табылады. Бұл кімге болса да ұнамсыз жағдай. Биыл бес айдың ішінде 950 пәтер ұрлығы тіркелсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 1094 жайтты құрады. Айта кетерлігі, мал ұрлығы да 3,8 пайызға төмендеді. Бұрын Шымкенттің аумағына 40 елді мекен қосылғалы бері осы бағытта жүргізілетін жұмыстар күшейе түскен. Ұрлықтан кейінгі орында алаяқтық қылмысы тұр. Жалпы қылмыстың 16,6 пайызын құрайды. Осы ретте айта кетейін, екі жыл бұрын қалалық ІІБ жанынан алаяқтық қылмыс бойынша арнайы топ құрылған. Оның құрамында 15 тергеуші алаяқтық қылмысты ашу бағытында жұмыс істейді. Олардың көмегімен көптеген алаяқтық қылмыстардың беті ашылуда. Енді жалпы қылмыстық істер бойынша айтарым – тергеу саласы бойынша биыл 19214, ал өткен жылы 13884 іс тіркелген. Жалпы, аяқталған істер саны артып отыр.

– Есірткі саудасына қарсы күрес шаралары қандай?

– Шымкентте бұл бағытта да ауқымды жұмыстар атқарылып отыр. Есірткі саудасымен айналысатындарды анықтау және құрықтау күн тәртібінен түскен емес. Өйткені, олар есірткіні саудалап қана қоймай, өзгелердің өміріне, денсаулығына кесірін тигізеді. Биыл осы сала бойынша 306 жайт анықталып, бес айдың ішінде 10 келіден астам есірткі заттары тәркіленді. Сондай-ақ, 59 есірткі нүктелері жойылды. Қалалықтарға «Оңтүстік» шағынауданы жақсы таныс. Есірткі бизнесін дөңгелетіп отырғандардың басым бөлігі сонда шоғырланған еді. Қазір онда жағдай бірқалыпты. Өйткені, есірткі саудасымен айналысатындардың басым бөлігі сотталып, біршама тынышталды. Қынжылтатын жағдай, олар тек өздері ғана емес, есірткі саудасына әйел, бала-шағаларына дейін тартады. Қолма-қол сатпайды. Белгіленген жерге жасырып кетеді. Әйтеуір, қулықтары жетіп-артылады. Сатудың да, тасымалдаудың да түрлі айла-амалдарын тауып отырады. Сұраныс бар кезде, оны сататындар да болады. Сондықтан, біз олармен күрес жүргізуге міндеттіміз. Қылмыстың бұл түрінің жауапкершілігі де өте ауыр. Яғни, 10-15 жылға дейін абақтыға қамалады немесе өмір бойы бас бостандығынан айырылады.

– Бүгінгі таңда, қоғамда құқықбұзушылықтар мен қылмыстарға «нөлдік төзімділікті» қалыптастыру – құқық қорғау органдарының басым бағыттарының бірі болып отыр. Осы тұрғыда қалада қандай жұмыстар атқарылды?

– «Нөлдік төзімділік» қағидасы бойынша, 56 мың 955 әкімшілік құқық бұзған азаматтарға хаттама толтырылып, жауапкершілікке тартылды. Ал өткен жылы 47 мың 966 хаттаманы құрады. «Нөлдік төзімділіктің» негізгі мақсаты – қоғамды белсенді ету. Бұл – еліміздің әр азаматы кез келген құқықбұзушылыққа жайбарақат қарамауы керек деген ұғым. Келтірілген статистика осының айғағы. Қоғамдық қауіпсіздік әрқайсысымызға қатысты. Бүкіл елдің қауіпсіздігін тек құқық қорғаушы органдарға ғана жүктеп қоюға болмайды. Біздің әрқайсысымыз еліміздегі тәртіп пен қауіпсіздікке жауаптымыз. Арнайы органдарға қарайламай, мүмкіндігінше өз бетінше кез келген тәртіпсіздіктің алдын алуды азаматтардың түсінуі қажет. Биыл бес айдың ішінде 411 миллион 283 мың, өткен жылы осы уақытта 284 миллион 885 мың теңгеден астам айыппұл өндірілді. Жол-патрульдік қызметі хаттама толтыру бойынша көш бастап тұр. Биыл 40 мың 599 хаттама толтырылған. Соның ішінде жол саласы бойынша 40 мың хаттама тіркелді.
Ал адам саудасына келсек, Шымкентте адам ұрлау жайттары санаулы ғана. Оның өзі үйлену мақсатында қыз алып қашқандар. Біз оны тексеріп, анықтаймыз дегенше, қос тарап өзара келісіп қояды. Сондықтан, істің 90 пайызы қысқарады. Ал өз басым қыз алып қашуға қарсымын. Өйткені, ол – заңға қайшы әрекет. Еліміздің Ата заңы бойынша Қазақстан Республикасы азаматының құқы бұзылады. Адамды бас бостандығынан тек соттың шешімі ғана айыра алады. Ал бір отбасының үміт күтіп, тәрбиелеп отырған перзентінің алдағы тағдырын зорлықпен шешуге ешкімнің құқы жоқ.

– Кез келген азамат өзінің учаскелік полиция қызметкерін тануы тиіс. Миллионға жуық халқы бар Шымкентте маман тапшылығы мәселесі сезіледі ме?

– Басқармада штат бойынша 2087 қызметкер бар. Соның 177-сі әйелдер. Әрқайсысы өзіне жүктелген міндетін атқарады. Шымкентте 372 учаскелік полицей бар. Жаңа талап бойынша 2000 адамға – 1 учаскелік полицей бекітілген. Биыл қосымша 4 маман жұмысқа қабылданбақ. Ал мектеп инспекторларына келер болсақ, бұл мәселе әлі де өзекті. Қаладағы 142 мектептің тек 99-нда ғана бір инспектордан бар. Қалған 43-інде инспектор жоқ.

– Жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық пен қылмыс санының өсу деңгейі қандай? Әсіресе, балалар жазғы демалысқа шыққан сәтте көбеюі мүмкін бе?

– Биыл бес айда кәмелетке толмағандар тарапынан 72 қылмыс жасалған. Бұл – былтырғы жылмен салыстырғанда 6 қылмысқа азайған. Жасөспірімдер тарапынан ұрлық, тонау, адам өміріне қасақана зиян келтіру, ауыр дене жарақатын салу, қарақшылық, төбелес жағдайлары жиі тіркеледі. Биыл қылмыс пен бұзақылықтың алдын алу үшін 84 рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде 200 жасөспірім анықталып, оның 61-і кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Ал қалғаны үйлеріне жеткізіліп, ата-аналарына ҚР қолданыстағы заңнамалары аясында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

– Материалдық-техникалық базаның толықтырылып отыруы – тәртіп сақшыларының жұмысын едәуір жеңілдетті. Сонымен қатар, тәртіп бұзушылық пен қылмыстың азаюына да септігін тигізіп отыр десек, артық айтпаймыз. Бір ғана бейнекамералардың өзі қала халқын тәртіпке салып қойды. Осы бағытта алдағы уақытта қандай жұмыстар атқарылмақ?

– Қазіргі кезде қалада 242 бейнекамера бар. Сонымен қатар, 11 қиылысқа зияткерлік камералар орнатылған және 93 шағын бақылау камералары жұмыс істейді. Бастапқы кезде бейнекамералар орталық және жол апаты мен қылмыс жиі орын алатын көшелерге қойылған еді. Қазір саралап көрсек, қалалықтар мен оның қонақтарының тәртіпке бағынатынын жиі байқайтын болдық. Мысалы, белгіленбеген жерден өтпейді, қоқыс тастамайды, жол ережесін бұзбайды. Бейнекамералар мен зияткерлік камералардың көмегі көп болған соң, біз Шымкент қаласы әкімдігіне қосымша 204 бейнекамера қажет деп ұсыныс жасағанбыз. Сондай-ақ, биыл 10 зияткерлік камера алынады. Олардың бағасы да арзан емес. Мәселен, қалада бар 11 зияткерлік бейнекамера 222 миллион теңгеге сатып алынған еді. Оның 100 пайызы қолдау тапты. Бұл үшін қала басшысы Ғабидолла Әбдірахымовқа алғыс айтамыз.
Шымкенттіктерді тағы бір жаңалықпен қуантқым келеді. Биыл 26 аккумуляторлық батареялар сатып алынады. Олар бағдаршамдарға жалғанып, жарық сөнген кезде, 8 сағат бойы жұмыс істейді. Оның бізге пайдасы да, көмегі де зор. Өйткені, қазір қалада жарық жиі өшіп, бағдаршам уақытша істен шығып, жол реттеушісі барғанша үлкен кептелістің орын алатыны белгілі.
Қазір Шымкентте 5 эвакуатор бар. Әрқайсысының өз бағыты мен бөлінген аумағы белгіленген. Биыл қосымша 5 эвакуаторға тапсырыс берілді. Алдағы 2-3 айда алынады деп отырмыз. Сондай-ақ, 70 автокөлік бөлінді. Бұл – полицейлердің оқиға орнына жылдам жетуіне зор септігін тигізеді. Осы ретте айтарым, мемлекет тарапынан жақсы жағдай жасалуда. Соның нәтижесінде жұмысымыз біршама жеңілдеді десек болады, бірақ қырағылық пен жауапкершілікті әрқашан жадымыздан шығармағанымыз жөн.

– Бос уақытыңыз бола ма? Бар болса, немен шұғылданғанды жөн көресіз? Отбасыңызға көп уақыт бөлесіз бе?

– Полиция қызметкерінің бос уақыты өте аз. Таңның атысы, күннің батысы жұмыстамыз. Кез келген жағдайда қырағылық танытып, сақадай сай болуымыз қажет. Мейлі қонақта, тойда бол немесе шырт ұйқыда жат, ол маңызды емес. Хабар келді ме, оқиға орнына жетуге тиіссің. Себебі біз ант қабылдағанбыз. Ал бос уақыт бола қалған жағдайда спортпен шұғылдануға тырысамын. Өйткені, жұмысым шымыр болуды талап етеді. Ал отбасыма көп көңіл бөлемін деп айта алмаймын. Бір ұл мен бір қыздың болашағынан үміт күтіп отырмын. Кейде бірнеше күн балаларымды көрмейтін кездер болады. Таңертең жұмысқа кетерде және жұмыстан келгенде олар тәтті ұйқыда жатады. Жылына бір рет алатын демалысымды әйелім мен балаларым асыға күтеді. Қандай қиындық болса да, төзуге және жұмысымызды сүюге міндеттіміз.

– Мереке қарсаңында әріптестеріңізге не тілейсіз?

– Әріптестеріме шыдамдылық тілеймін. Иә, жұмысымыз оңай емес. Кейде уақытпен санаспай, жұмыс істейтін кездер болады. Тәртіп сақшысының өмірі де қауіпке толы. Полиция қызметкерлерін төл мерекесімен құттықтап, алға қойған мақсаттарына жетуін тілеймін. Әр полицейдің көкейінде «генерал болсам» деген арман бар. Сол асыл арманға жетуіне тілектеспін.

– Қызметтеріңіз абыройлы, ал еліміз тыныш болсын. Әңгімеңізге көп рахмет.

Сұхбаттасқан
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.