Болат ЖАНӘБIЛ: «Жастарға қолдау жеткiлiктi, тек жұмыс iстеу керек»

Пятница, 17 Июнь 2016 11:02 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 3142 раз

Халқымызда «Бүгінгі жас – ертеңгі ел ағасы», «Ақыл – жастан, асыл – тастан» деген нақыл сөздер бар. Осы сөздердің мәнін ұғынсақ, бүгінгі жас ұрпақтың ертеңгі күні еліміздің тізгінін ұстайтын басшы азаматтарға айналатынын, ел билігі жастардың қолында екендігін аңғартады. Олай болса өңіріміздегі жастардың қазіргі ахуалы қандай? Оларға мемлекет тарапынан жеткілікті көңіл бөліне ме? Осы орайда облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Болат Жанәбілмен әңгімелескен едік.

bake

– Болат Серікұлы, өңір тұрғындарының 29 пайызы жастар. Олардың ой-тілектері мен ұсыныстарын ескеретін жастар ұйымдары да жоқ емес. Дегенмен, қоғамдық бірлестіктердің көбі мерекелік іс-шаралардан әрі аспайды. Жаңа басқарма бұл бағытта қандай жұмыстар атқарып жатыр?

– Иә, сөзіңіздің жаны бар. Деректерге сүйенсек, өңірімізде мыңға жуық қоғамдық ұйымдар тіркелген. Бұдан бөлек, «Жас Отан», Жасыл ел сияқты 7 республикалық ұйым жұмыс істейді. Жастар ұйым арқылы өздерінің белсенділігін көрсете алады. Өз деңгейінде «Бәйтерек», «Даму», «Қасиет», «Қазақстан 2030» сияқты ұйымдар нәтижелі жұмыс істеуде. Жоғары оқу орындарында «Қазақстан Студенттер альянсын» атап өтуге болады. Сонымен бірге «Жасыл ел» биыл 1700-ден астам жастың жұмыс табуына мүмкіндік беріп отыр. Мектеп жасындағы жасөспірімдердің басын біріктірген «Жас ұлан» ұйымы да өз деңгейінде қызмет атқаруда. Сондықтан ерікті топтардың ынта танытып отырған беталыстарына тек қуанамыз. Өкінішке қарай, 56 жастар қоғамдық ұйымның 25-і ғана жұмыс жасап жатыр. 

Басқарма құрылған күннен бастап, облыста ұзақ мерзімді жұмыс жоспарын қолға алдық. 2011-2020 жылдарға дейінгі мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы бойынша ауқымды шаруалар атқарылуда. Жастар саясатын жүргізу үшін Білім және ғылым министрлігі ғана емес, барлық ведомстволар өз үлестерін қосуда. Мәселен, жастарды жұмыспен қамту, жастар тәжірибесін ұйымдастыруды, жұмыс орнын тауып беру жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүктелді. Мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жергілікті әкімдіктер мен құрылыс басқармасының құзырында. Жас отбасылардың балаларын мектеппен қамту білім басқармасының міндетіне алынды. Яғни жастардың мәселесіне бір ғана басқарма жауапты емес. Сонымен қатар мектеп жасындағы, арнаулы орта және жоғары оқу орындарымен, жұмыссыз жастармен де жұмыс атқарып жатырмыз. Басқармаға өз қызметін жақсы білетін мамандар тартылған. Кейде қыруар шаруаны бітіру үшін сенбі, жексенбіде де жұмыс істейміз. 

– Жастарды әсіресе, жұмыссыздық мәселесі алаңдатады. Айтуларынша, кез келген жұмыс беруші жұмыс іздеп келген адамнан кемінде 2 жыл еңбек өтілінің болуын талап етеді. Бұл мәселе өңірімізде қалай шешімін тауып жатыр?

– Оқу орнын бітірген түлектер үшін екі қолға бір күрек табуы оңайға соқпайтыны рас. Биыл 15 мыңнан астам жас маман ЖОО бітіріп жатыр. Осы орайда «Жастар тәжірибесінің» маңызы зор. Мемлекеттік бағдарлама білімі бар, бірақ кәсібі жоқтарға көмектесуге арналған. Әрі бұл жоба жас түлекке қолдау көрсетіп, еңбек өтілін жинауға таптырмас мүмкіндік. Айта кетейін, 2015 жылы 3700-ге жуық жас тәжірибеден өтті. Биыл 1 тоқсан бойынша 1100 жас осы бағдарлама бойынша жұмысқа тартылып, 2 мыңнан астам жас тәжірибеден өтуде. Ал «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша, өткен жылы 5 мың жас жұмысқа орналасты. 
Қазір «кәсіпкерлікпен айналысам» деген жастарға да мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндіктер жетерлік. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы, инновациялық гранттар, қызықты жобаларға берілетін төмен пайыздағы несилер – мұның барлығы да жастарға берілген мүмкіндіктер. Сондықтан жастар жауапкершілікті сезінуі керек. 

– Қазіргі кезде жас мамандар баспанаға зәру. Статистика солай дейді. 21-29 жас аралығындағы жастардың, яғни жас отбасылардың 85 пайызы үйсіз жүр. Тұрғын үймен қамту қалай жүзеге асырылуда? 

– Әлбетте, бұл деректерді жоққа шығара алмаймыз. Әлі де түйткілді жайттер жиі кездеседі. Дегенмен жас мамандарды баспанамен қамту үшін жаңа бастамалар қолға алынды. Бүгінге дейін мемлекеттік қызметтегі мамандарға және түрлі әлеуеметтік себептерге байланысты жастарға тұрғын үй беріліп келді. Бірақ бұл кең ауқымды болмағаны рас. Елбасы тапсырмасына сәйкес, ұзақ мерзімге жалға беру, одан кейін сатып алу тәрізді екі түрлі жолы қарастырылып отыр. Сонымен бірге, «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында 2015 жылы 243 жас тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Биыл 2015 жас отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, «Нұрсәт» шағынауданында мемлекеттік қызметтегі 29 жасқа дейінгі мамандарға жатақхана беріледі. 

– Жастардың әлеуметтік және саяси құқықтары жөнінде қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Бүгінде Шымкентте 12 жоғары оқу орны, 92 колледж бар. Жоғары оқу орындарында 66 мыңнан астам студент білім алады. Оның 43154-і күндізгі бөлімде оқиды. Жастардың әлеуметтік және саяси құқықтары жөнінде атқарылып жатқан жұмыстар көп. Соның бірі республикалық «Таза сессия», «Парасыз сынақ», «Халің қалай студент?» акциялары. Сенім жәшіктері ОҚМУ-де, ОҚМПИ-де, Халықтар достығы, ОҚО фармацевтикалық академиясында және Қ. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде орнатылған. Жеке оқу орындарымен де жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бұл акциялар алдағы уақытта өз нәтижесін көрсетеді деп сенемін. 

– Жуырда жастар үшін психологиялық кабинет ашылды. Жастарға қаншалықты пайдасы бар деп ойлайсыз?

– Жастар орталығының жанынан психологиялық қызмет көрсету және дағдарыстың алдын алу бөлімі ашылды. Бөлімде қиын жағдайда қалған жасөспірімдерге тегін қызмет көретіледі. Жастардың ыңғайлығы үшін арнайы байланыс орталығы жұмыс істейді. Психологиялық қолдауға мұқтаж жастар 1303 нөмірі арқылы таңғы 9-дан кешкі сағат 19.00-ге дейін хабарласуына болады. 
Негізінде кабинеттің ашылуына отбасындағы түрлі жағдайлар себеп болды. 2015 жылы 90-ға жуық жасөспірім өз-өзіне қол жұмсауға оқталса, оның 40-ы қайтыс болған. Ал ата-аналар көп жағдайда балаларын психологқа апара алмайды. Мамандардың қызметін пайдалануға кез келген отбасының жағдайы көтермейді. Осыны ескерген басқарма 100 баланың тегін кеңес алуына қаржы бөлді. Бұл ата-аналарға үлкен көмек деп ойлаймын. 

– Мемлекеттік «Серпін -2050» жобасы жайында не айтасыз?

– "Серпін" жобасының басты мақсаты – елдің түрлі аумақтарындағы жұмыс күшін теңестіре отырып, кадр тапшылығы сезілетін аймақтарға жас мамандарды тарту. Жастарды қолдап, олардың білімін жетілдіруге мүмкіндік береді. Жоба биыл да жалғасын табады. Қазір дипломы болса да, жұмыссыз жүрген жас мамандар көп. Не оқу, не жұмысқа араласпай жүргендер қаншама? «Серпін» бағдарламасы осындай жастарға қолдау көрсетуге дайын. Өзіне ұнаған мамандығы бойынша құжаттар тапсырып, білім алып шығуына болады. Ал колледжді ақылы негізде оқып бітіргендердің «Серпінмен» грантқа оқуға түсуіне мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ 50-ден жоғары ұпай жинап, оқуға түсе алмаған талапкерлердің де білім алуына кедергі жоқ. Яғни жобаға қатысушылардың бәріне барлық жағдай қарастырылған. Өңірімізден 2014-2015 жылдары 2896-ден астам бала оқуға түсті. Айта кетейін, биыл жобаға жоғары және арнаулы орта оқу орындарына 4000-ға жуық орын бөлінген. Бұл Елбасының жастарға жасап жатқан үлкен қолдауы. Мұны дұрыс пайдалана білуіміз керек.Сондай-ақ мамандықтар қатарына медицина қосылып отыр. 

– Қазір жаз маусымы басталды. Жастармен жұмыс тоқтап қалмай ма?

– Керісінше жастармен белсене жұмыс істейтін уақыты келді. Түрлі іс-шаралар әрі қарай жалғасын табады. Осы орайда басылым арқылы облыс әкімі Бейбіт Бәкірұлына алғысымды айтамын. Өңір басшысы Сәкен Сейфуллин атындағы «Жастар орталығына» берілген «Достық үйін» толық жөндеуден өткізетін болды. Бұл жастарға көрсетілген үлкен қолдау. Жуырда жастар сарайының жөндеу жұмыстары басталады. Жаңғыртылған нысанда қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдар топтастырылады. Сондай-ақ, Б. Атамқұловтың бастамасымен мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру жөнінде іс-шаралар жоспары бекітілді. Онда жастарға қолжетімді және сапалы білім беру, жұмыспен қамту, тұрғын үй, салауатты өмір салтын қалыптастыру сынды маңызды тармақтары бар. Жаз маусымында түрлі байқаулардың жеңімпаздары 50 бала Астана қаласына экскурсияға жіберіледі. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан 
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ

Последнее изменение Пятница, 17 Июнь 2016 12:01
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.