«Заңды құрылыс қала сәулетiн арттырады»

Среда, 22 Июнь 2016 10:25 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 7067 раз

Шымкент қаласының бас жоспарына сәйкес, аумағы кеңейіп, халық саны өскен шаһарда инфрақұрылымды дамытуға басымдық берілгені белгілі. Қаланың бас жоспары, ең алдымен, Шымкенттің архитектуралық ажарын айқындайтын, оған ерекше кескін мен келбет беретін айшықты жоба. Әсіресе, салынатын тұрғын үйлер мен әлеуметтік-тұрмыстық нысандардың және басқа да ғимараттардың бір-бірімен үйлесімді болуы маңызды. Осы орайда Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы бөліміне қарасты жұмыстардың атқарылуы қалай болып жатыр? Бұл туралы аталмыш бөлім басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Кенжеқұловпен әңгімелескен едік.

IMG 1850

– Бауыржан Рахматоллаұлы, Шымкент қаласында заңсыз салынған құрылыс нысандары бар ма?

– Заң талаптарына қайшы келетін құрылыс нысандары жоқ емес. Біздің басқарма ұжымы белгілі бір жүйелердің, өзендердің қорғау аймағы мен белдеулерінде орналасқан нысандарды анықтау үшін Оңтүстік Қазақстан облысының сәулет және қала құрылысы басқармасымен бірлесіп жұмыс жүргізуде. Бүгінге дейін Шымкент қаласында сәулет және құрылыс нормаларын бұза орналасқан нысандардың жалпы саны – 4129-ға жетіп отыр. Бұл санақтың 549-ы заңсыз болса, заңсыз құрылыстың 244-і «қызыл сызықта» орналасқан. Ал инженерлік жүйелердің қорғау аймағында 3580 құрылыс нысаны анықталды. Оған «Қазтрансойл», «Оңтүстікжарық», газ қоймалары, су ресурстары, «Қазақтелеком» және жылу жүйелері қарайтынын ескерткім келеді. Жоғарыда айтылған 549 заңсыз құрылыс нысандары бойынша жер иелерінің мәліметтері толық жинақталып, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы мен облыстық Жер инспекциясы басқармасына да өз тараптарынан тексеру жүргізу үшін хаттар жолданды.
Сондай-ақ, каналдардың бойында да осындай ретсіздіктерге жол берілген. Қазіргі таңда канал бойындағы 33 және су қорғау аймақтарындағы 769 нысанға ҚР Жер Кодексінің 167 бабы бойынша істің сот тәртібімен қаралатыны туралы хат жолданды.
Аталған жұмыстардың барысы әр аптада ОҚО әкімінің бірінші орынбасары Д.Сатыбалдының төрағалығымен өтетін жиналыста қаралады.

– «Қызыл сызық» дедіңіз, сол туралы толығырақ айтып өтіңізші.

– «Қызыл сызық» – елді мекендерді жоспарлау құрылымындағы кварталдардың, шағынаудандардың, өзге элементтердің аумағын көшеден (жолдардан, алаңдардан) бөліп тұратын шекара болып табылады. 2012 жылы Шымкент қаласының бас жоспары бекітілді. Осы бас жоспарды іске асыру мақсатында 2014 жылы Төлеби, Сайрам, Ордабасы аудандарына қарасты 40 елдімекен қала аумағына енді. Қазіргі таңда бұл аймақтарда бекітілген егжей-тегжейлі жобаларға сәйкес өзектендіру жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, келешекте Шымкент қаласының көше-жол торабын дамыту мен жетілдіру мақсатында автотранспорттың селитебті аймақтан айналып өтуіне арналған автомобильді жартылай сақинасын, қаланың солтүстігі мен оңтүстігіндегі шет аудандарды бір-бірімен байланыстыратын үлкен айналма жолын, қаланың орталық аумағында көлік қозғалысын жеңілдету мақсатында ішкі шағын автомобильді сақинасын ұйымдастыру жұмыстары жоспарланған. Бұл ұсыныстар негізінде болашақта құрылысы жүретін аумақтарда жалпықалалық және аудандық маңызы бар жаңа магистральді көшелер құрылысын салу жоспары да қарастырылған. Сонымен бірге бұрынғы көшелерді жөндеуден өткізу және Бадам өзені үстінен көлік жүретін жаңа көпірлер салу да болжанып отыр. Ғимараттар мен жолдар сияқты коммуналдық (газ, су, электр, кәріз жүйесі) құрылғылардың орны да жоспарда алдын ала қаралады. Міне, осындай жобаларға енген аймақтар «Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңында қызыл сызықпен белгіленетіні айтылған.

– Жер телімін алып, жекеменшік үйінің құрылысын бастап қойғаннан кейін ғана сәулет және қала құрылысы талаптарына сай келмейтінін біліп, әуреге түсіп жататындар бар. Жалпы, қала тұрғындары мұндай келеңсіздікке жол бермеу үшін не істей алады?

– Қала құрылысы нормаларына сәйкес және заңсыз құрылысқа жол бермеу үшін меншік иесі заңды тұлға болсын, жеке азамат болсын, құрылысты бастамай тұрып, тіпті, жерді сатып алатын сәттен бастап сол жер телімінің заңды екендігін анықтап алуы тиіс. Ол үшін тұрғылықты жері бойынша сәулет және қала құрылысын басқаратын мекемелерге жер телімінің пайдалану мақсатын (үй, дүкен, дәмхана, шаруашылық т.б.), көлемін, орналасқан жері мен сұралған мақсатына орай пайдалану құқығын білдіретін құжаттарды, өтініш және өз атында басқа да жер телімінің бар-жоқ екендігі туралы мәліметтерді қоса тапсырады. Сала мамандары қабылдаған құжаттарды пайдалана отырып жер телімінің орналасу аймағы туралы толық ақпаратты сұраушыға мәлімдейді. Нәтижесінде, жер бос болса мақсатты жоспарын жүзеге асыруына болады.

– Ал жер телімінің пайдалану мақсаты басқа болса қайтеді?

– Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге болады. Қала тұрғындары ҚР Жер кодексінің 49-1 – бап, 2-тармағындағы жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту тәртібіне сәйкес өтініш бере алады. Өтініште жер учаскесінің кадастрлық нөмірі, көлемі, сұралып отырған нысаналы мақсаты; мемлекеттік актісінің көшірмесі нақты көрсетіледі. Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің қызметкерлері аталған құжаттарды негізге ала отырып жер телімінің сұралып отырған нысаналы мақсатын мүмкіндігіне орай өзгертіп, сол мәліметті базаға ендіреді. Сондай-ақ, кез келген құжат тапсырған азаматтар міндетті түрде қорытынды қағазын алуы тиіс.

– Қала тұрғындары жылжымайтын мүлікке берілетін реттік нөмірді қалай және қайдан алады?

– Жылжымайтын мүлікке реттік нөмір беру қызметі біздің мекеменің жауапкершілігіне қарайтын жұмыс. Дегенмен, жылжымайтын мүлік объектілеріне реттік нөмір, мекенжай алу үшін тапсырылатын өтініштер Халыққа қызмет көрсету орталықтарында қабылданады. Жекеменшік үйлерде реттік нөмірдің сәйкес келмеуі орын алатын жағдай. Өйткені, қала тұрғындары әуелі жер телімінің нөмірімен құжат туралайды. Кейін ол жақтарға көше салынады. Кей көшелерге жаңа атау немесе нөмір беріледі. Сондайда тұрғындардың бірі көшенің ана басынан, екіншісі мына басынан, үшіншісі ортасынан жылжымайтын мүлкін заңдастырып, үйдің нөмірін алып қояды. Көше бойын жағалай орналасқан үйлердің арасында бос жатқан жерлер болуы да мүмкін. Кейде бір жер телімін екіге бөліп немесе 2-3 жер телімін қосып алып жататындар да бар. Мұндайда реттік нөмірдің дұрыс жазылмауы да заңдылық. Уақыт өте келе мекенжайын нақтылағысы келген қала тұрғындары реттік нөмірді алуға өтініш білдіреді. Ал көпқабатты үйлерде мұндай жағдай сирек кездеседі, себебі, бір тұрғын үйде қанша пәтер бары белгілі.
2016 жылдың алғашқы 5 айында ХҚКО-ға реттік нөмірін сұраған 22903 абоненттен өтініш түскен. Қазір оның 4154-іне жылжымайтын мүлік нысандарына реттік нөмір берілді. 18499-ының жылжымайтын мүлік нысандары нақтыланып, мекенжай ақпараттық жүйесіне тіркелді.

– Құрылысы қарқынды жүріп жатқан қаламыздың сәулетін тек биік ғимараттар мен асфальт төселген көшелер ғана ашпайды. Сонымен қатар, көше жарнамасының да атқаратын рөлі зор. Осы орайда, Шымқала көшелеріндегі жарнаманың жай-күйі қандай? Сіз басқарып отырған мекеме бұл бағытта қалай жұмыс жүргізеді?

– Шымкент – Қазақстандағы үшінші қала. Халқы миллионға жақын, жер көлемі де 117 мың гектарға ұлғайды. Агломерациялық даму орталығына айналды. Қала берсе, «Ұлы Жібек Жолының» жүрегі. Яғни, Шымкент – қайнаған өмірдің қазаны. Мұндай қалада жарнаманың алатын орны да ерекше. Біздің бөлімде жарнама жұмыстарын реттейтін арнайы сектор жұмыс істейді.
Жарнама тәртібіне тоқталсақ, Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі тек сыртқы жарнамаға жауапты. Сыртқы жарнама объектілерін орналастыру үшін кез келген заңды немесе жеке тұлға рұқсат алуы тиіс. Рұқсат жоғарыдағыдай мекен-жай, мақсат-мүддесі, салық төлеу, тағы басқа заңдылықтарды ескере отырып беріледі. Ал жарнама мәтіні Шымкент қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне жібереміз, сонда тексеріледі.
Жарнама ілуге рұқсат алу үшін жарнама объектісінің жұмыс істеуін инженерлік қамтамасыз ету жөніндегі шешім қоса қабылданады.
Сыртқы жарнама ілуде де заңсыздықтар орын алады. Осы кемшіліктерді болдырмау және алдын алу үшін біздің бөлімнің қызметкерлері Шымкент қаласының Ішкі істер басқармасымен бірлесе отырып ай сайын рейд жүргізеді.

– Құжат рәсімдеу жұмыстары, әсіресе жылжымайтын мүлікке қатысты құжаттарды реттеу ісі халықтың санасында «сыйақымен бітетін жұмыс» болып қалыптасқан. Бөлім басшысы ретінде бұл пікірге қаншалықты мән бересіз?

– «Сыбайлас жемқорлық» ұғымынан арылатын уақыт келді. Біз – сыбайлас жемқорлық көріністерімен кездескен жағдайда азаматтардың қалай әрекет ету қажет екенін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жиі түсіндіріп отырамыз. Мұндай фактілерге жәрдемдескен әрбір азамат жемқорлықтың жойылуына атсалысады, ал біле тұра үндемесе жемқорлықтың қанат жаюына жол бергені. Сондықтан, қала тұрғындары тарапынан да белсенділікті күтеміз.
Біздің бөлім мамандарының қатысуымен «Мемлекеттік қызметкерлер сыбайлас жемқорлыққа қарсы» атты дөңгелек үстелдер, конференциялар, дәріс, семинарлар, брифингтер ұйымдастырылып тұрады. Айта кету керек, қазіргі уақытта қала құрылысы және сәулет бөлімі «ашық терезе» тәртібімен жұмыс істейді. Мекеме қызметкерлері мен абоненттер арасында «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге орын жоқ. Қарым-қатынас тек терезе арқылы жүргізіледі және жоғарыдан бейнебақылау орнатылған.

– Қала тұрғындары мен «Шымкент келбеті» газетінің ұжымына айтарыңыз бар ма?

– Әрине! Бәріміз де Шымкенттің гүлденуі үшін еңбек етіп, тер төгіп жүрген жандармыз. Соның нәтижелі болуы үшін ең әуелі қала тұрғындары да жауапты екенін сезінсе, заңсыз құрылыстан, рұқсатсыз жарнамадан аулақ болса, қала сәулетіне тамшыдай болса да үлес қосқаны. Ал кәсіби мереке қарсаңызда газет ұжымына шығармашылық табыс тілеймін.

– Шымқаланың сәулетін арттырудағы еңбектеріңіз жана берсін. Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Ақмарал Молдиярқызы

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.