Версия для печати

Мұхамеджан ТАЗАБЕК: «Әрбір азамат рухани биік тұлға болуы тиіс»

Пятница, 24 Июнь 2016 06:07 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 9586 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Мұхамеджан ТАЗАБЕК, «Асыл арна» телерадиокомпаниясының Бас директоры

Қоғамда жастар тәрбиесі әрқашан да өзекті. Отбасы құндылығын бойына сіңіріп өскен, ұлттық салт-дәстүрден ажырамаған ұрпақ қана Отанға адал қызмет етпек. Жастар кімнен үлгі алмақ? Жанына рухани тірек іздеген адамға дұрыс бағыт-бағдар беріп жүрміз бе? Бұл сауалдар кім-кімді де ойлантады. Бүгінгі елді алаңдатқан мәселелермен қоғам болып күресу керектігі айтылып та, жазылып та жүр. Кезінде елге айтыс өнері арқылы танылған «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұхамеджан Тазабек мырза бұл мәселеге сергек қарайтын азаматтардың бірі. Елге белгілі қайраткердің Оңтүстікке келген сәтін пайдаланып, рухани-имандылық тақырыбында, Тәуелсіздіктің қадірін білу, қоғамдағы өзекті мәселелер төңірегінде сұхбаттастық.

 

«Үшінші мегаполис» деген бағдарлама аштық»

 

mtazabekov– Мұхамеджан Оразбайұлы, Тәуелсіздіктің қадірін біліп жүрміз бе? Маңызы зор мерекені қалай тойлауымыз керек? Әңгімені осыдан бастайықшы.  

– Жиырма бес жыл – тарих үшін жылт еткен сәуле секілді. Адамзаттың өркендеп дамуы үшін де өте көп уақыт емес. Біз жиырма бес жылда өзіміздің қандай текті бабалардан тарағанымызды, қандай текті батырлардың ұрпағы екенімізді әлемге таныттық. Біз осы бағытымыздан, тұтастығымыз бен ауызбіршілігімізден айырылмай, ұлт ретінде сапамызды күшейтіп, санамызды сәулелендіріп, ғылымға, еңбекке көңіл бөлсек, алар асуымыз одан да биік болмақ. Осы уақыт аралығында талай жас Олимпиада ойындарында көк туды желбіретті. Шекарамызды шегендедік. Елорда салдық. Хандарымызды түгендедік, көп жоспарларымыз іске асты. Таяуда ғана Қытайда екі қазақ жігітінің финалдық жекпе-жекте бір-бірін ұрудан бас тартқаны баспасөз бетінде айтылды. Ол екеуінің бауыр екенін біліп, қол жұмсауға дәті бармапты. Екеуі де жарыстан шеттетілді. Міне, екі қазақтың қазақ болғаны үшін бір-біріне қол жұмсамауы – ұлт болып, ояна бастағанымызды көрсетеді. Біз бір-бірін ақша үшін атып тастап, билік үшін ысырып тастап, жершілдік үшін жақын тартатын жағдайдан биіктеппіз. Яғни, ұлты қазақ болғаны үшін, бір Әнұранға қолын жүрек тұсына қоятын адам болғаны үшін оғландарымыз бір-бірін ұрудан бас тартты. Міне, біздің ширек ғасырда жеткен жетістігіміздің бірі, тарихи санамыздың, мемлекетшілдік рухымыздың қалыптасқанын да осыған қарап ұғынсақ болады деп білемін. Жиырма бес жылдық тойды тек қана бір сән-салтанат, көшені безендіру немесе аспанға отшашу емес, осындай жетістіктерімізбен қарсы алу үлкен той деп есептеймін. Мұндай тойдың қызығы еш уақытта тарқамайды. Өйткені, саналы түрде, текті оятып, гендегі қасиеттерімізді түлету арқылы келген той ғой.

– Дін саласындағы жетістіктерді де атай кетсеңіз...

– Еуропа елдерін аралаған кезде менің мынаған көзім жетті. Франция, Италия, Германия мешіттері бір мүфтиятқа бағынбайды. Көрші мешіттің бір-бірінің ахуалынан хабары жоқ. Себебі, мына жерде түріктер, ана жерде арабтар, ана жерде ливандықтар, т.б. Жүйе болмағандықтан, көптеген іс-шаралар  өз деңгейінде нәтиже бермейді. Ал бізде саны екі мыңнан асып, үш мыңға таяған мешіттеріміз бір діни басқармаға қарайды. Астанадан айтылған уағыз – ауылдағы жүз адамы бар мешітте де айтылып жатады. Бір жүректің дүрсілі секілді. Бұл – ҚМДБ-ның үлкен жетістігі. 2014-2018 жылды ҚМДБ «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялады. Себебі, біздің дәстүріміз діннен бастау алады. Сондықтан, діннен бастау алған, ізгі дәстүрлерімізді қолдау – бұл дінімізді қолдау.

– Қасиетті Рамазан айында Оңтүстікке қонақ болып келіп отырсыз. Шымкентке әр келгенде не байқайсыз?

– Шымкенттегі өзгерістерді байқамау мүмкін емес. Біріншіден, ел ішінде әртүрлі әңгімелер, әр түрлі абыр-сабыр боп жатса да, Шымкенттегі сабырлық пен сөзге тоқтау – қаз-қалпында. Сабырлық қылу, әр нәрсенің ақырын күту, Оңтүстіктегі ынтымақ пен берекені көрсетеді. Шымкентте адам санының өсіп жатқаны, қаланың күн санап кеңейіп жатқандығынан-ақ көрінеді. Шымкентте еңбекқор, жұмыстан қашпайтын, бір тиынды екеу, екеуді төртеу етсем деген жұртшылықтың шағын кәсіпкерлікті дамытқанын көшедегі асханалардан, оның сапасынан, нан мен астың көптігінен және арзандығынан білеміз. Бұл жерде шалқар көңіл бар. Көркем қарым-қатынас бар, қазақ баласына тән табиғи құндылықтары бар. Өзім басқарып отырған «Асыл арна» телеарнасында «Үшінші мегаполис» деген бағдарлама аштық. Республикамыздың әр аймағындағы бірнеше филиалдарымыздың бірін осы Шымкентте ұстап отырмыз. Әселхан апамыздың мынадай өлеңі бар. «Ешқашан шығармағын естен мұны, Шымкентте қазақтың бестен бірі, Әр қашан бізге қарап өлшенеді, Қазақтың қаншалықты өскендігі» дейді. Сол себепті қазақ баласының қалай өсіп, өніп жатқандығын әуелі осы өңірден байқаймыз.

                

«Қиналған пенде әуелі мұсылманнан жылу іздейді»

 

– Осы күні дін ұстану неге қиындап кетті? Сақал қойып, намазға жығылған  мұсылманға күмәнмен қарайтын  жағдайға жеттік.

– Дін – жеткізбей ұстауды да, асырып жіберуді де айыптайды. Намаз бастадым екен деп төңірегіндегі жұрттың берекесін қашырып, өзіңнің түсініп алған аз-кем біліміңді тізеге салып, жаныңдағыларға тықпалай берсең, ол шетін көзқарас болып есептеледі. Және ол сенің көзқарасың қате болса, тіптен қасіретке ұласпақ. Қазаққа керек мұсылманшылық не еді? Ол – Алла елшісінің (с.ғ.с) жолы. Қазір оны Үкіметіміз зайырлылық деп айтып жүр. Зайырлылық дегенді зерттей келе, шынында да ол Пайғамбарымыздың (с.ғ.с)  сүннеті екеніне көз жеткіздім. Зайырлылық – дінсіздік емес. Зайырлылық – Ислам мемлекетін құру да емес. Зайырлылық – ол қазіргі уақытта әлемдегі болып жатқан үрдістер мен талаптарды ескере отырып, әрбір азаматтың рухани биік тұлғаға айнала білуі. Қарапайым тілмен айтқанда, мұсылманшылық деген ел сен жайында жақсы ойлау, жұрт саған сену, қиналған сәтінде сенен жылу іздеу. Өйткені, сен Алланың мейіріміне шомылған пендесің. Міне, біздің қазіргі зайырлы қоғамның талап ететіні осы. Біраз жастарымыз жат ағымның жетегінде жүргені, әлбетте, өкінішті жағдай. Жалпы, қоғамнан көп жағдайда ұлттық тәрбиеден үзіліп кеткен жастар бөлектене бастайды. Біз мынаны білуіміз керек. Жастар дін жайында бірінші сұрақ қойған сәтінде қате жауап алса, сол кезден бастап адасады. Кез келген террористік, экстремистік, радикалдық көзқарастың бастауы, міне, осы. Соған бірінші жауапты әке-шешесі, ағасы, жақыны, көршісі секілді адамдар жауап беріп, оған ары қарай дұрыс бағыт берсе, мұндай жағдай болмас еді. Көкейіндегі сұрақтарға дұрыс жауап таба алмаған бала ақиқатты айдаладан, интернет шейхтардан іздей бастайтыны рас. Қоғамда радикализмнің, салафизмнің, экстремизмнің алдын алу – тек қана діндарлардың шаруасы емес. Қоғамдағы рухани бағытта орыны бар азаматтар білім егелерімен біріге отырып, ағартушылық жұмыстарын күшейтсе екен. Жастардың саяси сауатын ашу, оларға өз елінің тарихын, шежіресін білуге, өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, зұлмат оқиғаның арты неге апаруы мүмкін екенін саналарына ұқтырса деймін. Одан бөлек, қоғамдағы әр түрлі салада өз ісінің шыңына шыққан, жолы болған абыройлы адамдармен көптеп кездесулер ұйымдастыру керек. Мәселен, бұл бағытта кәсіпқой боксшы Қанат Ислам, ережесіз жекпе-жектен әлем чемпионы Ардақ Назаров, Парламент депутаты, қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан сынды азаматтар жастармен жиі кездесіп, үлгі көрсетіп жүр. Осындай іс-шараларды көбейту – уақыт күттірмес жағдай. Себебі, жастарымыздың саф таза көкірегіндегі кеңістікті мемлекетшілдік санамен, имандылықпен ел ағалары жанашыр ақылымен толтырмаса, бір саусағы бүгулі бәзбіреулердің пиғылымен толысады. Өйткені, «насихаттамасаң – насихатталасың» деген ілгергілерден қалған сөз бар. 

– Мемлекетшілдік сананы қалыптастыруда БАҚ-тың рөлі зор. Жалпы, қазіргі бұқаралық ақпарат құралдары бұл рөлді қалай атқарып жатыр?

– Жасырмай айту керек, өткенде жер мәселесі ушыққан кезде мемлекеттік арналардан гөрі дәстүрлі емес ақпарат құралдары белсенді болып кетті. Сол арқылы қаншама жалған, қисынсыз ақпараттар таратылып, жұрттың арандап, ашулануына себеп болды. Бұл – бізді қатты ойландыруға тиіс. Ендігі кезекте мемлекеттік арналар белгілі дәрежеде өздерінің ақпараттық кеңістіктерін, ақпарат тарату саясаттарын өзгерту немесе қоғам қабылдайтын дәрежеге бейімдеудің бір формаларын іздестіру керек шығар. Біз – мемлекетіміз бен ұлтымыздың қауіпсіздігі үшін өз мүддемізге сәйкес келетін жұмыстарға басымдық беруіміз керек. Қазір жаңадан Ақпарат және Байланыс министрлігі құрылды. Оның басына мемлекетшіл, жанашыр азамат Дәурен Абаев келді. Алла қаласа, осы министрліктен үлкен үмітіміз бар. Бірінші кезекте әркім өз отбасының құндылығын сақтап, бала-шағасының ішкі-сыртқы дүниесіне бас-көз болмайынша, ақпараттан, қоғамдағы әр түрлі кесірлі көріністерден ұрпақты сақтап қалу өте қиын. Қоғамда туындап жатқан көп жағдаяттар – заман тудырған, дәуір тудырған мәселелер. Біз басқадан талап етпей, өзіміздің үлесімізді көбірек қосатын қоғамға айналғанда ғана жағдайымыз түзеледі. «Мен не істедім, біреуге қиянат жасамайтын ұрпақты тәрбиелей алдым ба?» деп өз-өзіңе сұрақ қояр сәт қазір. 

 

«Әлеуметтік желіні дауласу құралына айналдырдық»

 

– «Асыл арна» – бүгінде ел мұсылмандарына асыл дініміздің тұнығын насихаттап келе жатқан жалғыз телеарна. Тіпті ТМД-да теңдессіз. Діни ағартушылық бағыттағы арнаның өз аудиториясы қалыптасты ма?

– Телеарнаның дін саласындағы ауыр аманатты арқалап, халыққа жол тартқанына биыл тоғыз жыл толды. Аллаға шүкір, өзінің аудиториясын қалыптастырды. Басында тосырқай қарағандар да, қуанып, бөркін аспанға лақтырғандар да болды. Мемлекет қадағалауымен, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесе отырып, осы жұмысты абыроймен жүргізіп келеміз деп айта аламын. Біз «Галлап медиа» деген әлемдік компания арқылы рейтингімізді біліп тұрамыз. Көрермендеріміздің негізгі көретін уақыты – таңғы 7.00 мен 9.00-дің, кешкі 22.00 мен 00.00-дің ортасы екен. Адамдар әр түрлі телехикаялар мен жаңалықтардан босаған кезде, бізді көреді. Жалпы, көптеген адамдар біздің арнаны түнде тамашалайды. Құран тыңдайды. Тағы бір айта кетерлігі, біздің көрермендеріміз негізінен екі түрлі адамдар. Біріншісі, имам ағаларымызбен, рухани тұлғалармен кездесіп, сұхбат құруға уақыты жоқ, бірақ өмірде рухани тірек іздеп, жанына шипа іздейтін кісілер. Оның ішінде зейнеттегілер,  қызмететтегі адамдар бар. Ал екінші топтағылар – шенеуніктер. Өйткені, ондай адамдардың діни адамдармен кездесуге уақыты көп бола бермейді. Аудиториямыздың сәт сайын кеңейіп жатқанын да біліп отырмыз. Әсіресе, тікелей эфирдегі бағдарламалардың кезінде республикамыздың әр қиырынан және ғаламтордағы онлайн жүйе арқылы АҚШ, Еуропадан, Қытай, Түркия, Жапониядан бізге хабарласып жататын көрермендеріміз бар. Бұл – командамен жүзеге асатын дүние. Бізде мемлекетшілдікті – қасиетім деп, радикализмді қасіретім деп түсінетін, сондай ауызбірішілігі зор ұжым қалыптасты. 80-ге жуық қызметкеріміз бар. Бұдан бөлек, бірнеше облыста филиалдарымыз жұмыс істейді.  

– Әлеуметтік желіні белсенді қолданасыз. Біз осы күні ғаламтордың игіліктерін тиімді пайдаланып жүрміз бе? Әлде теріс жағына бет бұрып кеттік пе?

– Толық пайдалы жағын алып жатырмыз деп айта алмаймын. Себебі, біз көп жағдайда даукестікке, бір-біріміздің бетімізден алып, нәпсімізді қанағаттандыруға көбірек пайдаланып жүрген сияқтымыз. Еуропа, Батыс елдерінде әлеуметтік желі арқылы бизнесін жүргізіп, сол арқылы отбасылық байланыстарын, қоғамға философиялық ойларын ғана жариялап, қарапайым күнделік секілді пайдаланып жүрген адамдар жетерлік. Ал біз әлеуметтік желі дегенді бір дауласудың, бір-біріне қарсы пікір білдірудің алаңы секілді қабылдап алдық. Тартыс пен дау-дамайдың шектен шыққаны сондай, кейбір адамдар өзінің ата дінінен бас тартқанын жалпы жұртқа жариялап жатыр. Қандай өкінішті!

– Өзіңіз айтыс арқылы танылдыңыз. Қазіргі айтыстың дамуы қалай?

– Айтыс өз деңгейінде дамып келеді.  Өмірдің еңісі мен өрі бар дегендей, айтыс та сол талаптарға сәйкес, өз даму деңгейінде. Жүрсін Ерман ағамыз айтысты атан түйе секілді мойнына алып, тартып бара жатыр. Себебі, кез келген өнердің саласын бір жауапты адамдар міндетіне санап, соны аманат етіп жүктеп, соның отымен кіріп, күлімен шықпаса, ол өнер дамымайды.

– Жеке шығармашылығыңызға уақыт табыла ма?

– Бұрын өлең, әңгіме жазар едік. Қазіргі біздің шығармашылығымыз түрлі деректі фильмдер, көркем телетуындылар, техикаялар мен бағдарламалар, түрлі бейнероликтер шығару, оған арнап текст жазу, соның идеясын ұштауға арналып тұр. Тәуелсіздікке, тұңғыш Елбасы күніне арнап көптеген бейнероликтер дайындадық. Тіпті бір өнімімізді Ақорданың ресми парақшасы жариялағаны да шабытымызды жани түсті. Сонымен бірге, отбасы құндылықтары, бала тәрбиесі, әке-шешені құрметтеу, туыстық қарым-қатынас, Рамазан, қажылық сияқты мұсылмандықтың бір тірегі болған дүниелерді де насихаттап жатырмыз.

– Болашақта айтысқа оралуыңыз мүмкін бе?

– Ақиқатын айтсақ, өнер бойымыздан ешқайда қашып кеткен жоқ. Бірақ айтысқа шығу үшін үлкен дайындық керек. Оған арнайы уақыт бөліп, көңілді соған бұру қажет. Сахнаға қайта оралуға менің қазіргі арқалап жүрген жүктерім мен атқарып жүрген шаруаларым мүмкіндік бермей тұр.

– Әңгімеңізге рақмет, аға!

                

Сұхбаттасқан
Тағабай ҚАСЫМ

Последнее изменение Понедельник, 27 Июнь 2016 05:04
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.