Баспаханадағы бiр күн

Пятница, 24 Июнь 2016 07:04 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 7060 раз

28-маусым – Байланыс және ақпарат құралдары қызметкерлері күні. Бұл мереке қарсаңында көбіне журналистердің аты аталады. Дегенмен, баспасөздің ажырамас бөлігі ретінде баспахана қызметін ерекше атап өтуге болады. Бүгінгі әңгіме БАҚ айдынында бірнеше сала бойынша тасын өрге домалатқан «ERNUR» корпорациясының баспаханасы жайлы болмақ. Бұл мекеме – баспа ісімен қатар баспа өнімдерін сату және таратумен, танымдық бағыттағы газет-журналдар шығарумен айналысады.

Тарихи баспалдақ

Кәсібін сонау 1994 жылы бастаған Ерлан және Нұрлан Нұрмахановтар газет сату, тарату ісі мен баспахана өндірісін дамытқан кәсіпкер ретінде танымал. 90-жылдары әр қазақтың үйінен теледидар орын алып, қазақ арналары ашыла бастағанда «Жаңа арналар не көрсетер екен? Бағдарламасын қайдан табуға болады?» деген сұрақтар көбейді. «ERNUR»-дың негізін қалаушылар жергілікті телеарна бағдарламасын жариялайтын «Арна-тв» газетін шығаруды сол жылдары қолға алды. Уақыт өте келе халық транспорт қызметін жиі пайдалана бастады. Тұрмысы жақсарып, жаңашылдыққа бет бұра бастаған ел ұзақ сапарға шыққанда газет-журналды серік етті. Ағайынды Нұрмахановтар әр сұранысқа сай қадам жасап, тағы бірнеше газет шығаруды қолға алды. Ойын-сауық, танымдық бағыттағы оннан астам басылымның таралымы артқан сайын «ERNUR» басшылығына жаңа идеялар келе берді. Төл газеттерін басу мақсатымен 2002 жылы швециялық «Scan Web» фирмасы арқылы АҚШ-та жасалған «Goss Suburban» баспа станогына қол жеткізді. 

DSC 0121

«ERNUR-print» ЖШС директоры Сапар Ибрагимов «Goss Suburban» туралы – 90 жылдары түрлі-түсті теледидар алу сәнге айналды. Елді еліктірген қызылды-жасылды түстерді «ERNUR»-дан шығатын газеттерге де пайдалануды көздедік. Содан сыртқы беттерін 4 түспен басып шығаратын баспахана ісін қолға алдық. Бірақ, ол баспахана тек өзіміз шығаратын басылымдарға ғана қызмет етті. Төрт түстің өзі газеттерімізді өзге басылымдардан ерекшелеп тұратын. Сол жылдардағы «Арна-тв»-ның таралымы жүз мыңға жеткен еді, – деп еске алды.

 

Дамыған технология – өнiмдi жұмыс

2005 жылы «ERNUR» корпорациясының басшылығы Үндістаннан жоғары технологиялы «RONALD Super» баспа станогын алып келді. Онда А3 форматтағы 24 беттік газеттің 4 бетін түрлі түсті бояумен бір сағатта 30 000 данасын басуға болады. 

DSC 0218

– Ең алғаш өзімізде баспахана ашқанда техниканың тілін жетік меңгерген мамандардың тапшылығын көрдік. Газетті басу кезінде оның түр-түсін белгілі бір нормаға келтіргенше қағаз, бояу, басқа да көптеген шығындар орын алды, – дейді Әбілбай Алшынбеков. Баспахана жұмысын әу бастан жүргізіп келе жатқан бөлім меңгерушісі – Үндістаннан жаңа станоктар келгенде адамның уақытын алатын көп шаруаны техника атқарды, – деп баспахананың ішкі тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Газетті тегіс қырқып, беттерін рет-ретімен орналастырып бүктеу және оларды санап, пластик лентамен бума-бума етіп байлап жайғастыру осы «RONALD Super» баспа станогымен бірге келген жаңалық еді. Бұрынғы кездері бұл жұмыстарға да күндік уақытты арнауға тура келетін.
Жыл өткен сайын баспасөз саласының мамандары да газет-журнал сапасына мән беріп, жаңа технология дәуірінің мүмкіндіктерін басылым беттерінен көрсетуге тырысты. Бұл баспахана қызметіне деген сұранысты арттырғаны анық. Мұны жеке кәсібінің дамуы деп білетін «ERNUR» корпорациясының басшысы Е.Нұрмаханов заман талабынан қалыс қалмауға барын салды.
– 2011 жылы тағы бір баспа станогы іске қосылды. Республика көлемінде мұндай қондырғы үшеу ғана болса, соның бірі біздің баспаханада орналасты. Оны игеру барысында тәжірибе алмасып, басқару тілін меңгеру үшін шетелден маман алдыртқан кездеріміз де болды. Қазіргі уақытта баспахана қызметкерлері екі станокта да жұмыс істеп жүр. Түрлі баспа станоктарында ұзақ жылдар жұмыс істеу арқылы баспахана қызметкерлері де мол тәжірибе жинақтады, – деген Е.Нұрмаханов білікті мамандарының қызметімен мақтана алатынын жасырмады.

 

Жаңару және жетiстiк

2011 жылы Үндістаннан «ERNUR-print» баспаханасына екінші станок жеткізілді. Неміс технологиясымен дайындалған «CITYLINE EXPRESS» баспа станогының жетістіктері бұрынғыдан да зор. Қондырғы А2 және А3 форматтағы 40 беттік газетті, оның ішінде 16 бетін толық түрлі түсті етіп 1 сағатта 35 000 данамен шығара алады. Баспахана газетке пайдаланылатын қағаздан бөлек, тығыздығы 65 мг-дық офсеттік ақ қағазбен басуға да тапсырыс қабылдай алады.

DSC 0225

Баспа ісінің тәжірибелі маманы Нұрдәулет Шертаев:

– Жұмысымыз газет қожайындарына ұнағанымен оның басылу сапасына өзіміздің басшылық бөлек баға береді. Тіпті, «газетіміз жақсы басылды» дегеннің өзінде кәсіби мамандар ғана көре алатын кем-кетігі болады. Міне, ауысымға түскенде сондай жағдай орын алмаса болғаны, – дейді.
Бүгінгі таңда 500-ге жуық қазақстандықты жұмыспен қамтитын «ERNUR» корпорациясының 50-ден астам қызметкері «ERNUR-print» ЖШС-інде, яғни, баспахана саласында еңбек етіп жүр.
Жоғарыда айтылған баспахана Шымкент қаласында орналасқан. «ERNUR»-дың Астана қаласындағы еншілес фирмасы «ERNUR» медиа-холдингі де 2012 жылы өз жұмысын бастаған. Елордадағы баспаханада «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Время», «Айқын», «Литер», «Astana times», «Сақшы», «На страже» сынды республикалық ірі басылымдарға қоса Астананың қалалық газеттері де тұрақты түрде басылады.

DSC 0233

Еншілес баспахананың екеуі де мінсіз қызмет көрсету мақсатында баспа станоктарынан өзге қажеттіліктермен қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, баспа станогының істен шыққан тетігін тез арада қалыпқа келтіруге арналған қосалқы бөлшектер қоры дайын. Тапсырыс берушіден газет макеттерін дер кезінде қабылдап алу үшін арнайы бағдарламамен жұмыс істейтін компьютерлер және тек тапсырыс қабылдау үшін ғаламтор желісіне жоғары жылдамдықпен қосылатын ADSL модемі орнатылған. Дайын өнімдерді жылдам әрі сапалы іріктеу цехы жұмыс істейді. Келісім-шарт негізінде газеттерді тиісті орындарға, ал жарамсыз бөлігін уақтылы макалатураға жөнелту үшін жүк көліктері бөлінген.

 

«ERNUR-print» қызмет көрсетеді

«ERNUR» корпорациясына қарасты баспаханада бүгінгі таңда 85 газет-журнал басылады. Олардың қатарында республикалық «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Время, «Айқын», «Литер» сынды беделді басылымдардың еліміздің Оңтүстік аймағына тарайтын таралымы да бар. Жамбыл, Қызылордада газет басу арзанға түссе де жоғары сапаға қол жеткізу үшін көрші облыстардан «ERNUR-print» қызметіне жүгінетін газет иелері кездеседі. Сондай-ақ, республика көлеміне тарайтын жергілікті басылымдар да осы тізімде. Яғни, баспа станогы 1 айда 4 млн-ға жуық таралымды басып шығаруда. 

«Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттері баспахана саласында зор жетістіктерге жеткен осы мекемеде басылады. Журналистер өз нанының «қамырын илесе», баспахана қызметкерлері сол «нанды» табаға пісіріп алған наубайшы сияқты. Баспасөз айдынында бұл екеуін бір-бірінен бөліп қарау мүмкін емес.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.