Салтанат ҚАРАКӨЗОВА: «Қыз-келiншектер де генерал болғысы келедi»

Среда, 29 Июнь 2016 05:46 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 2705 раз

Баспасөз хатшысы – өз мекемесі туралы оң пікір қалыптастыратын маман. Сонымен қатар, қалам ұстаған журналистер қауымының әр саладағы ақпараттарды дер кезінде халыққа жеткізуіне бірден-бір ықпал ететін көмекшісі. 28 маусым – байланыс және ақпарат қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында ОҚО ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының басшысы, полиция полковнигі Салтанат Қаракөзовадан сұхбат алған едік.

sqarakozova

– Салтанат Бегімбайқызы, сіздің полицияда қызмет еткеніңізге биыл 21 жыл болады екен. Ал ОҚО ІІД-нің баспасөз қызметін басқарғаныңызға биыл 11 жыл. Осыншама уақыт бір орында тапжылмай жұмыс істеудің сыры неде?

– Оңтүстікке 2005 жылы келдім. Ал оған дейін Ақтөбе, Алматы, Астана және Көкшетау қалаларындағы ішкі істер органдарында жұмыс істедім. Шымкентке майор шенімен келіп, қазір полковникке дейін өстім. Осы өңірдің журналистерімен де, халқымен де тез тіл табысып, сіңісіп кеттім. Менің ойымша, адам кішіпейіл болуы керек. Тек сонда ғана өз ортасында сыйлы болады.

– Сіз баспасөз қызметін басқарғалы бері төрт басшы ауысты. Әр басшының талабына сай жұмыс істеу қаншалықты қиын?

– Мен осы салаға келгелі бері жалпы 12 басшымен жұмыс істедім. Әрине, оңай емес. Өйткені, әр басшы өмірде өз орны бар, қалыптасқан сыйлы азаматтар. Полковниктер мен генералдар. Өз жұмысына тыңғылықты қарайтын мамандар. Көргені мен түйгені мол. Олардың маған қойған талаптары да жоғары болды. Ең алдымен өз жұмысыңды жақсы білуге тиіссің. Сол талаптарға сай болуға тырыстым. Менің адам ретінде, маман ретінде өсуіме тәжірибелері мол кісілердің септігі тиді. Осы өңірге алғаш келген жылы полиция полковнигі Құрманбек Артықбаевпен жұмыс бастадым. Одан соң, Хибратулла Досқалиев, Серімжан Досымовтан көп тағылым алдым. Ал қазір полиция генералы Асқар Оспанов басшылық етеді. Ол кісінің де қызметкерлерге қояр талабы күшті. Ең алдымен тәртіпті талап етеді.

– Баспасөз хатшысына қойылатын талаптар қандай?

– Ең алдымен қазақ және орыс тілдерін жетік меңгеруі тиіс деп ойлаймын. Журналистерге баспасөз мәслихатын өткізгеннен бөлек, өзіміздің сайтымызға және әлеуметтік желілерге ақпараттар саламыз. Айына бір рет ішкі істер органы қызметкерлерінің жұмысын насихаттайтын «102» атты газетіміз шығады. Сол кезде жазылған мәтін сауатты әрі онда толыққанды мәлімет берілуі керек. Ақпарат нақты жайттарға сүйеніп жазылуы тиіс. ОҚО ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасында қазір 10 адам жұмыс істейді. Қызметкерлеріміз күн-түн демей, өз міндеттерін атқаруда. Баспасөз қызметі ширақтықты талап етеді. Бізді аяғымыз асырайды. Департаменттің ішінде қажетті ақпаратты алу үшін шапқылап, қолда бар ақпаратты заңға сәйкес таратамыз.

– Сынға қалай қарайсыздар? БАҚ тарапынан департамент жұмысына қатысты сыни материалдар жиі шығады ма?

– Сынға байыппен қараймыз. Оны дұрыс қабылдаймыз. Егер шындыққа сәйкес келетін сын болса, одан сабақ алып, қорытынды шығаруға тырысамыз. Біз бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарыққа шыққан немесе көрсетілген материалдарға мониторинг жүргіземіз. Кімнің не жазып отырғанын білуге тиіспіз. Журналистермен жұмыс бабы бойынша жақсы қарым-қатынас орнатқанбыз. Біздегі ақпараттар қолжетімді. Журналист ауызша немесе жазбаша түрде ақпарат сұраса, ол міндетті түрде берілуі тиіс. Мен осыны баспасөз қызметінде жұмыс істейтін қызметкерлерге жиі айтамын. Ақпаратты қолда ұстап, тілшілерді күттіруге болмайды. Өйткен жағдайда, жаңалық өз маңызын жойып алады. Уақытпен де санасып үйренуіміз қажет.

– Ауыр қылмыстар туралы ақпарат таратқанда оны жүрегіңізбен қабылдайсыз ба? Әлде оған да жан-дүниеңіз көндікті ме?

– Жанды ауыртатын жайттар көп кездеседі. Оларға көндігу мүмкін емес. Ұрлық-қарлық деген секілді қылмысқа бой үйретуге болар. Бірақ жас балаларға зорлық-зомбылық жасалып жатса, бір отбасыны түгелдей өлтіріп кетсе, оған қалай немқұрайлы қарайсың? Мәселен, жуырда ғана жанар-жағар май құю бекетінде үш азаматты өлтіріп кетті. Олардың артында қаншама адам тұр. Анасы, әйелі, балалары аңырап қалды. Қоғамдағы мұндай жайттарға бой үйретуге болмайды. Кейде «неге осындай жауыздыққа барды екен?» деп ойлаймын.

– Оңтүстікте өзіңіз секілді ер азаматтармен иық тірестіріп, полковник дәрежесінде қызмет етіп жүрген қыз-келіншектер бар ма?

– Жалпы, ОҚО ІІД-де 300-ден астам нәзік жанды азаматтар жұмыс істейді. Олардың барлығына да қойылатын талап бірдей, тәртіп ортақ. Полковник шенін алған алты азаматша бар. Олардың әрқайсысы өз ісінің маманы, ортасына сыйлы.

– Генерал болуды армандайсыз ба?

– Әрине! Кім біледі, нәсіп етсе ол да болып қалар. Қыз-келіншектер де генерал болғысы келеді. Психологтарды тыңдар болсақ, олар армандау қажеттігін жиі айтады. Жастайымнан ішкі істер саласында жұмыс істеуді армандадым. Сол бала арманым мені бүгінгі күнге жетелеп әкелді. Бірақ оңай болды деп айта алмаймын. Талай қиындықтарды еңсеруге тура келді.

– Жұмысыңызға сәттілік тілейміз. Әңгімеңізге көп рахмет.

Сұхбаттасқан
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.