Хилолла НАЗАРМЕТОВА: «Кәсiбiн бастағандарға қолдау бар»

Пятница, 15 Июль 2016 06:30 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 3968 раз

Елбасының кәсіпкерлікті қолдау және дамыту міндеттемесін орындау мақсатында құрылған «ЫРЫС микроқаржы ұйымы» ЖШС-і 2009 жылдан бері несие үлестіріп келеді. Осы жылдар ішінде біздің өңірімізде 12 мыңнан астам жоба қаржыландырылған. Нәтижесінде 11 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Қаржы ұйымы қандай жобаларға қолдау көрсететінін сұрап, директоры Хилолла Назарметоваға жолыққан едік.

yrys

– Хилолла Бақтиярқызы, «Ырыс» микронесиесіне қалай қол жеткізуге болады, қандай талаптары бар?

– «Ырыс» микроқаржы ұйымы 2009 жылдан бастап жұмыс атқарып келеді. Басты мақсат – пайызы қолжетімді несие беру арқылы кәсіпкерлердің өз істерін ары қарай дөңгелетіп кетуіне жағдай жасау. Оның талаптарына келер болсақ, бірінші кезекте алынатын несиенің қайтарымын қамтамасыз ететін кепіл заты болу керек. Сосын нақты жобасы болу қажет. Алынған несие мақсатты түрде пайдаланылуы тиіс. Бұдан бөлек, несие тарихы, құжаттар толық заңды болу керек. Осы талаптарға сай келетін кез келген жоба иесі несие алуға өтініш білдіріп, 12 миллион теңгеге дейін қаржы ала алады. Негізінен «Ырыс» мекемесінің несиелері әлеуметтік аз қамтылған азаматтардың өз кәсібін жүргізуіне бағытталған, сондықтан тұрақты жалақысы немесе тұрақты табысы болуы керек деген талаптар жоқ.

– Қандай бағыт бойынша көмектесе аласыздар?

– Несие алғандардың 80 пайызы ауыл-аймақ тұрғындары. Мал, егін шаруашылықтарын ары қарай өрістету үшін несие алып, өз істерін жолға қойған кәсіпкерлер көп. Басым бөлігі мал шаруашылығы, оның ішінде мал басын көбейту, мал бордақылайтын алаңдар мен тауарлы сүт фермаларын ашу, егін шаруашылығы, оның ішінде көктемгі егін егу және жинау жұмыстарын ұйымдастыру, бау егу, әлеуметтік жобалар (балабақша, асхана, спорт кешендері), жылыжай шаруашылығын дамыту, ауылшаруашылық дақылдарын қайта өңдеу, тұтынушылық тауарлардың өндірісі және қызмет көрсету салалары бойынша жұмыстарын жандандырып отыр. Осындай салаларды дамытқысы келетін кез келген ауыл тұрғыны бізге келіп, өтініш беріп, арзан пайыздық несиеге қол жеткізе алады.

– Несиенің пайызы қанша және қанша мерзімге беріледі?

– Берілетін несиенің жылдық сыйақы пайызы, мерзімі жобаның ерекшілігіне және қандай бағдарлама аясында қаржылатындығына байланысты. «Ырыс» мекемесі жергілікті бюджет есебінен бөлінген қаражаттан бөлек басқа да қаржы институттар арқылы қаражат тартып, облыс кәсіпкерлеріне несие ретінде таратып отыр. Сонымен қатар «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы», «Моноқалаларды дамыту 2012-2020» секілді елімізде іске асырылып жатқан бағдарламар аясында бөлініп жатқан қаражаттарды да несие ретінде беруде. Ал жылдық пайызына келер болсақ, «Ырыс» МҚҰ»-ның өз қаражаты есебінен (жергілікті бюджет есебінен) берілетін несиелер жылдық сыйақы 7 пайызбен, ал сырттан тартылған яғни, басқа қаржы институттар арқылы берілген несиенің жылдық сыйақы пайызы 14-ке дейін, қаржы лизингі - жылдық сыйақысы 9 пайызбен, республикалық бағдарламалар бойынша қаржыландыру – жылдық сыйақы пайызы 7-ге дейін, қаржыландыру мерзімі 5 жылға дейін беріледі.

– Біздің қаламыздың кәсіпкерлері қаншалықты осы ұйымнан қаржыландырылып, қолдау табуда?

– «Ырыс» қаржы ұйымы арзандатылған несиемен ауылдық жерлермен қатар қалада да жобаларды көптеп қаржыландыруда. Мысалы, 2009-2015 жыл аралығында 795 млн теңгеге 205 жоба қаржыландырылған болса, 2016 жылдың алты айында 182 млн теңгеге 38 жоба қаржыландырылды. Қазір қала аумағының ұлғаюына байланысты, несие алуға өтініш бергендердің де қатары артуда.

– «Ырыс» арқылы өз ісін жандандырып жатқан шаруа қожалықтарын атап өтсеңіз.

– Шымкент қаласы бойынша несиені бір емес бірнеше рет алып, өз ісін жолға қойған шаруашылықтар да бар. Несиенің арзан пайызы, төлем кестесінің ыңғайлылығы, оңайлатылған несие шарттары оларға тиімді болып отыр. Атап айтар болсақ жеке кәсіпкер Шухрат Пірімқұлов
2009 жылы несие алып, 30 соттық жерге жылыжай салған болатын. 2013 жылы қайта несие алып, жылыжайын 1,2 га жерге дейін ұлғайтты. Бұдан бөлек, мал бордақылаумен, қымыз өндірісімен айналысып жатқан кәсіпкерлер бар.

– Басым бөлігі қай салада жұмыс жасап жатыр?

– «Ырыс» микроқаржы ұйымы облыс бойынша 2009-2016 жылдар аралығында жалпы құны 19,9 млрд теңгені құрайтын 12 645 жобаны қаржыландырды. Оның ішінде мал шаруашылығын дамыту бағытында құны 14 097 млн теңгені құрайтын 8 100 жоба; жылыжай шаруашылығы бойынша 911 млн теңгеге 262 жоба; егін шаруашылығына 3 660 млн теңгеге 4 мыңға жуық жоба; ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу саласына 157 млн теңге жұмсалып, 24 жоба жүзеге асты. Әлеуметтік қызмет орындарын ашу, қызмет көрсету саласы бойынша 649 млн теңгеге 212 жоба қаржыландырылды. Сондай-ақ, басқа жобаларға 459 млн теңге бөлініп, 115 жоба жүзеге асып отыр.Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 7,8 млрд теңгеден асты. Оның ішінде 80%-ы мал шаруашылығы, 15%-ы егін шаруашылығы, ал басқа да қызмет түрлері 5 %-ды құрайды.

– Балабақша ашу ісіне де «Ырыс» арқылы несие алуға болады дейді?

– Әрине, облысымызда балабақшалардың жетіспеушілігіне байланысты 890 орынға лайықталған 15 балабақша «Ырыс» арқылы берілген несиеге іске асырылды. Осылайша әлеуметтік маңызы бар мәселелелердің шешілуіне аз болса да ықпалымызды тигізіп отырмыз. Сонымен қатар, спорт кешені, наубайхана, асхана, секілді басқа да жобаларды қаржыландырамыз.

– Алдағы уақытта өздеріңізге қандай меже қойып отырсыздар?

– Жергілікті және халықаралық қаржы институттары арқылы қаржы тарту көзделіп отыр. Осылайша шағын кәсіп иелерінің санын арттырып, ел экономикасына үлес қосу. Сондай-ақ, қаржылық нәтижелердің шығынсыз деңгейін қамтамасыз ету, несиелік портфелді ұлғайту, сондай-ақ, кадр саясатын жетілдіру және қызмет сапасын жақсарту – біздің басты мақсатымыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан
Ә. БЕГІМБЕТ