Версия для печати

Шәрiпбек ЖАМАЛБЕК: «Қала тазалығын сақтауда байқаудың орны зор»

Пятница, 02 Сентябрь 2016 06:19 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 2973 раз
Оцените материал
(0 голосов)

«Таза қала» байқауының қорытындысы да таяп қалды. Бір қарағанда іс-шараның нәтижесі көрінгенімен, қала тіршілігі үшін маңызы ерекше. Жыл сайын өткізілетін акциядан тұрғындардың күтері көп. Бұл күн қаланың тазалығы мен сән-салтанатын бағамдау күні екені рас. Осы орайда облыстық мәслихаттың депутаты, «ОҚО Азаматтық Альянсы» қауымдастығының президенті Шәріпбек Жамалбекпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Шәріпбек Жамалбекұлы, «Таза қала» акциясы қалай жүріп жатыр? Тұрғындардың белсенділігі қандай?

– Шымкент қаласының әкімдігі мен «ОҚО Азаматтық Альянсы» қауымдастығы ұйымдастырған байқауға тұрғындар белсене қатысуда. Дәстүрлі акция биыл төртінші рет өткізіліп отыр. Арнайы ереже бекітіліп, 20 наурыздан 20 сәуірге дейін қатысушылардан құжаттар қабылданды. Байқауға 300-ден астам өтініш келіп түсті. Абай ауданынан 90 өтінім болса, оның 55-сі аула, 35-і көше, Әл Фараби бойынша 61 аула, 28 көше, Еңбекші ауданында 64 аула, 12 көше, Қаратау ауданынан 27 аула, 43 көше акцияға қатысуда. Биыл жүлде қоры да қомақты. Бірінші орынға 200 мың, екінші орынға 150 мың, үшінші орынға 100 мың теңге сыйақы белгіленді. Айта кету керек, жобамыз өз жемісін беруде. Шымкенттіктер байқау өткізілгелі тазалыққа бей-жай қарамайтын болды. Бұрынғыдай емес, көшелер мен көпқабатты үй аулаларында тәртіп пен жинақылықтың қалыптасқаны байқалады. Сондай-ақ мектеп оқушыларының да белсенділігі жоғары. Аула айналасын тазалап, сенбіліктерді жиі ұйымдастыруда. Мен биыл байқауға қатысқан тұрғындарға алғыс айтар едім. Қаланың көркін еселеп тазалығын арттыруға шама-шарқынша үлес қосуда. Бірақ мұнымен шектелмеген жөн. Келер жылы байқау мұнан да қарқынды жүргізілуі керек. Ал акция «Қала күні» мерекесіне орай қорытындыланады. Жеңімпаздар «Үлгілі аула», «Үлгілі көше» аталымдары бойынша арнайы Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

– Байқаудың себебімен Шымқала біршама тазарып қалды. Тіпті, «қаланың әдемі көшесі», «қаланың таза көшесі» деп айтатын жағдайға жеттік. Ендігі өзекті мәселе қандай?

– Таза қалада тұруға тұрғындардың ынтасы қажет. Өздеріңіз көріп жүргендей, әкімдік тарапынан барлық шаралар қолданылып келеді. Тазалық жұмыстарымен айналысатын мекемелер де бар. Сондай-ақ, «Таза қала» бойынша айына екі рет отырыс өткізіліп, қатысушылардың белсенділігі бағаланады. Дегенмен, әлі де салғырт қарайтын, тазалыққа үлесін қоспайтын азаматтар бар. Абай ауданы бойынша ауладан №8 шағынаудандағы №6 үй тұрғындарының тірлігі – көпке үлгі боларлық. Береке-бірліктері зор. №3 шағынауданында №3, 4, 5 үйлер де аулаларын абаттандырып, көгалдандырған. Сонымен қатар, Жайлау шағынауданындағы Қажымұқан көшесін, Қызылжар шағынауданындағы Келтаев, Мамытов көшелерінде ілгерілеу бар. Ақниет шағынауданында Ақбиік, Ақеділ көшелері байқауға қатысып жатыр. Бірақ оларды орынға лайықты, үздік деп айтуға қиын. Себебі, құрылыс қалдықтары алынбаған. Сондай-ақ Қажымұқан көшесіндегі автобус паркі тұрғындарға кедергі келтіріп отыр. Мекеме жанына ағын су келген. Қарсы бетіндегі үйлер көгалдандыру жұмыстарын жүргізгенмен, мекеме жаны бос. Соны көркейтуге болады ғой.

info69– Аулалар тарапынан қандай кемшіліктер кездеседі?

– Ауласының таза, ұқыпты болғанын кім қаламайды?! Үлкен де, кіші де әдемі жерде тұрғанды жақсы көретіні сөзсіз. Байқау үшін аулаларын абаттандырған үміткерлердің көптігі қуантады. Ертеден келе жатқан ескі үйлер жөндеуден өтіп жатқанын көріп сүйсінемін. Әр адам ауласына көңіл бөліп, бір-екі сағат еңбектеніп, ағаш отырғызса, қоқыстан тазаласа қандай ғанибет?! Одан адам шаршамайды. Мәселен, Еңбекші ауданындағы №50 үй екі жыл бойы бірінші орын алды. Бірақ жүлдені бір үйге ғана беруге болмайды. Сондай-ақ кейбір үй аулаларында отырығызылған ағаш, гүл көшеттері қурап жатыр. Тұрғындар төменгі қабатты үй су бермейді дейді. Су мәселесін шешудің басқа жолдары бар емес пе?!

– Төрт рет облыстық мәслихаттың депутаты болдыңыз. Қазір де осы мандаттың иесісіз. Тұрғындармен жиі кездесіп тұрасыз ба?

– Халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізу жолында аянбай тер төгіп келемін. Депутат деген қараша халықтың атынан сөйлесе ғана, ол – нағыз депутат. Ал егер тек жеке басының қамын күйттесе, онда ол — халық қалаулысы емес. Көмек сұрап келген жандарға мүмкіндігінше қол ұшын создым. Қажетін өтеуге мүлдем мүмкіндігім болмаса, ең құрығанда жылы сөзімді айта білдім. Бағыт-бағдар көрсеттім. Осы орайда бірнеше буын жастарды тәрбиелегенімді айта кетейін. Алайда, жақсылығымды міндет етпеймін. Сайлаушыларыммен міндетті түрде кездесіп тұрамын.

– Байқауға қосар ұсынысыңыз бар ма?

– Көркейту, көгалдандыру жұмыстарын жүргізген ауданға сый беру керек деп ойлаймын. Қоқысты арнайы орындарға тасымалдайтын кәсіпорындардың еңбегін ескеру қажет. Полицеймен бірге жұмыс істетесек еңбегіміз жемісті болар еді.

– Өзіңіз «Таза қалаға» үлес қосып жатырсыз ба?

– Әрине. Шымкент мен үшін қашан да ыстық. Туған жердің азаматы ретінде қаламды қолдан келгенше түлетуге, көркейтуге үлес қосу парызым деп білемін. Елдегі өркениеттің мекені болған қаламызбен неге мақтанбасқа?! Тарихи қаланы әлеуметтік-экономикалық жағынан дамыту үшін алдағы күнге жоспарларымыз жетерлік. Әрбір азамат өзі тұратын қаласын таза болуы үшін белсенді әрі сергек болса деймін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ

Последнее изменение Пятница, 02 Сентябрь 2016 06:46
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.