Зафар МЫРЗАМЕТОВ: «Науқастар шетел аспай-ақ, өзiмiзде ота жасатуға болады»

Пятница, 02 Сентябрь 2016 09:06 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 3024 раз

Соңғы кезде облысымызда жарақаттанғандар қатары артып барады. Әсіресе, өндіріс орындары мен жол-көлік апаттарынан зардап шеккендер көп. Облыстық клиникалық ауруханасының ортопедия бөлімінде қазіргі таңда 40-тан астам науқас ем алып жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, бұрынғыдай аяқ-қолы сынып, жеңіл-желпі жарақаттанғандар аз. Көп ретте күрделі асқынулармен көмек сұрап келетіндер басым. Осы орайда, облыстық клиникалық ауруханасының ортопедия бөлімінің дәрігері Зафар Мырзаметовпен сұхбаттасқан едік.

20160901 103803


– Зафар Сайдахметұлы, түрлі жарақаттармен емделуге келген науқастарға көмек көрсетуде қандай технологиялар қолданылады?

– Науқастарға бізде заманауи технологияларды қолдана отырып, жаңа әдістер бойынша көмек көрсетіледі. Сынықтарды емдеу мен сынған сүйектердің асқынған түрлері қалпына келтіріліп, буынға ота жасалады. Бұрын жоғары мамандандырылған көмек тек үлкен қалаларда – Астана мен Алматыда көрсетілсе, 2010 жылдан бастап аурухананың бас дәрігері Мұқан Егізбаевтың қолдауымен біздің бөлімде жасалуда. Сол уақыттан бері 360 науқасқа ота жасалды. Оның 200-ден астамына жасанды буын қойылды. Облыстық клиникалық аурухананың ортопедия бөлімі 45 орынға арналған. Көп ретте портал арқылы және шұғыл түрде келіп түскен науқастар емделеді. Кейде науқастардың саны көп болғандықтан, олардың қатары бұдан да көп болады. Өйткені, біздің бөлім облыс бойынша жалғыз ғана ортопедия бөлімі болып есептеледі.

– Жасанды буынның табиғи буыннан айырмашылығы неде?

– Жасанды буын да табиғи буынның қызметін атқарады. Қимыл-қозғалысы нашарлаған адамдардың күнделікті жүріп-тұруына зор көмегін тигізеді. Америкалық фирманың шығарған жасанды буынын қойып жатырмыз. Оның құрамында титан қорытпасы болады. Ол желінбейді, адам ағзасына аллергия бермейді және тот баспайды. Жасанды буын қойылған соң, науқастардың дені мүгедектіктің ауыр түрінен жеңіл түріне дейін жеткізіледі. Біздің бірінші міндетіміз – науқасты орнынан тұрғызып, өзіне-өзі қызмет көрсете алатын дәрежеге жеткізу.

– Көп ретте жарақаттың қандай түрлері жиі орын алады?

– Соңғы кезде жарақаттанғандардың қатары артқан. Сонымен қатар, жарақат түрлері де күрделеніп кетті. Мәселен, бұрын бір, екі немесе үш сегмент болса, қазір сүйектің бір емес, бірнеше жері сынады. Яғни, бұрын қолы немесе аяғы сынып келсе, бүгінде бас, кеуде, ішкі құрылыс жарақаттарымен келеді. Заманауи технологиялардың дамуы, зәулім үйлердің көптеп соғылуы және құрылыс нысандарында орын алған өндірістік жарақаттар, көліктердің көбеюінен жол-көлік апаттары салдарынан болатын жарақаттардың артуына себеп болуда. Статистика бойынша, осы жарақаттардың 35 пайызы өлімге әкеп соғады.

– Өзіңіз айтқандай, құлап жарақаттанатындар көп. Солардың арасында құлау салдарынан жамбас сүйегіне зақым келетін жағдайлар да аз емес. Мұндай кезде міндетті түрде ота жасалуы тиіс пе?

– Жамбас сүйегі сынғанда немесе шыққанда өзіне тән анатомиясы бұзылады. Ондайда міндетті түрде ота жасалады. Ұршықтың басы мүжілуі, сынуы немесе езілуі мүмкін. Қазір буын сынықтары көп кездеседі. Жамбас сүйегі сынығы өте күрделі болады. Өйткені, жамбастың алдыңғы және артқы бөліктерінде нерв талшықтары мен қан тамырлары қысылуы мүмкін. Бізде жеңіл түрі жасалады. Ал ауыр түрлері Астана қаласына жіберіледі. Әрбір сүйектің анатомиясы өте күрделі. Сүйектің буын қабы болады, оны сіңір, ал сіңірді бұлшықет қаптап тұрады. Жамбас сүйектері таятын болса, буын қабын және сіңірлерді және бұлшықетті жыртуы мүмкін. Сіңір мен буынқабының жыртылуы күрделі асқынуларға алып келеді.

– Аяқ-қол сынса немесе шықса көптеген адамдар ең алдымен дәрігердің емес, сынықшының көмегіне жүгінеді. Бұл ретте не айтар едіңіз?

– Ең алдымен дәрігерге көріну керек. Сынған немесе шыққан кезде буынқабы жыртылып, қан жиналуы мүмкін. Ал сынықшы науқастың бұлшықетін одан сайын езіп, таңып қояды. Одан соң, қанға қан қосылып, бұлшықет істемей қалады. Бізге сынықшылардың емінен соң ауруын асқындырып келгендер көп. Сынған және шыққан сүйекті рентгенге түсірмей жатып, қалай сынықшыға баруға болады? Бірақ олардың барлығына топырақ шашпаймын. Иә, кейбірі отадан соң уқалау арқылы емдеуі мүмкін. Науқастар сынықшыға барып, 3-4 айын жоғалтып алады. Сүйек қисық біткен соң, оны емдеу қиынға соғады. Бұрынғы қалпына келтіру үшін сүйекті сындыруға, кесуге мәжбүр боламыз. Күрделі жарақаттанған науқастар ең алдымен дәрігерге келіп, қаралса деймін.

– Ересектерге қарағанда, жас балаларда кездесетін жарақаттардың тез бітетіні белгілі. Осы жайлы қысқаша айтсаңыз...

– Жас балалардың сүйек құрамы 14 жасқа дейін сынса да, өз орнынан жылжымайды. Себебі, оның сүйегі жұмсақ және үстіндегі пердесі қалың болады. Оны медицинада «көк шыбық сынығы» деп атайды. Шыбықты сындырсаңыз, іші бөлінгенімен, сыртқы қабаты оны ұстап тұрады. Жас балалардың да сүйектері сынған кезде осындай күйде болады. Оны емдеу де жеңіл. Екі-үш аптада сүйек бітіп кетеді.
Мысалы, гинекологтар жүкті әйелдерге кальций мен магний B6 препараттарын береді. Мен оған қарсымын. Ағзаға тұрақты түрде қажетті тағам жетсе, ағза өзіне керектісін алады. Ал гинеколог дәрі бергісі келсе, онда қандағы қалций құрамын анықтауы қажет. Оны анықтамай жатып, кальций ішкізеді. Одан туындайтын мәселе көп. Мәселен, жүкті әйел үшін бұл туғанға дейінгі және туғаннан кейінгі асқынуларға әкеліп соғады. Ағза босануға дайындалатын кезде әйел мен нәрестенің сүйегі қатып қалады. Бір сөзбен айтқанда, әйелдің босануы қиындайды. Мұнан соң, дүниеге келген баланың еңбегі жақсы бітпейді деп кальций ішкізеді. Ол дәрімен емес, табиғи жолмен қатаюы тиіс. Соның салдарынан гормон балансы бұзылады. Сүйек мықты болу үшін бауыр, ірімшік, балық, сүт жеу керек. Ал құртта кальций аз. Өйткені, ағзаға пайдалы сұйықтық бөлініп кетеді. Баланың сүйегі қатты болсын десеңіз, тұзды суға көптеп шомылдырыңыз және жаттығу, массаж жасаңыз.

– Көп адамдарда ары-бері қозғалғанда аяқ сүйектерінің сықырлаған дыбысын естуге болады. Бұл қаншалықты қауіпті?

– Сүйек сықырлауды артропатия деп атаймыз. Егер ол туғаннан байқалса, онда одан келер қауіп жоқ. Ал егер жүре пайда болған, яғни, 30-40 жастан соң байқалса, қауіпті. Сондықтан дер кезінде ем алған жөн. Ол үшін сүйек пен буынның құрамын анықтайтын талдау жасалынады. Мұндайда суықтан, желден сақтану керек. Кейбіреулер таңертең шомылып, жұмысқа келеді. Осындай әрекеттердің салдарынан ауру одан сайын асқынып кетуі мүмкін. Арторопатияны медицинада «баяу әсер ететін бомба» деп те атайды.

– Дәрігерлер жылына неше рет тәжірибе алмасады?

– Бізге жылына 3-4 рет шетелдік мамандар келіп, арнайы шеберлік сабақтарын өткізеді. Олар жасанды буын қою және басқа да оталардан соң асқынуларды қалай емдеу қажеттігін үйретті. Мысалы, 100 адамға ота жасалса, соның 10-да асқыну болады. Адам ағзасында жасырын инфекция болса, іріңдеуі мүмкін. Екіншіден, жасанды буын қойылған соң, ортопедиялық режим сақталмаса, салқын суға шомылса, сүйектің құрамы өзгереді де іріңдейді немесе басқа да асқынулар болады. Бізге маусым айында Германия мен Ресейден келген профессорлар жасанды буын қойылған науқастардағы асқынуларды емдеу жолдарын көрсетті. Тәжірибе алмастық. Шетелдік мамандар ауруханада ауруы асқынған науқастың жасанды буынын алып тастап, арнайы спейсер қойып берді. Оның құрамында антибиотик болады, алты ай ішінде ол ағазадағы инфекцияны жояды да жарты жылдан соң, қайтадан жасанды буын қойып береді. Оған дейін науқас үшін қимыл-қозғалыс шектелмейді. Тіпті, сүйектері қисық бітсе де, қимылдауға әрекет жасау керек, балдақпен жүрсе де қимылды тоқтатпау қажет. Ал өзім Санкт-Петербург, Мәскеу, Новосібір қалаларында болғанмын, жуырда кезекті рет Мәскеуге аттанғалы отырмын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Последнее изменение Пятница, 02 Сентябрь 2016 09:21
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.