Еркін СЫЗДЫҚОВ: «Биыл ҚИК бойынша 1000-нан астам пәтер беріледі»

Среда, 07 Сентябрь 2016 05:32 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 8004 раз

Елбасы Жолдауын қолдау мақсатында ҚР Үкіметі «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» мемлекеттік бағдарламасын бекіткені белгілі. Осы бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі –қолжетімді тұрғын үйлерді салу. Мемлекеттік бағдарламаның мақсаты – елдің ұтымды аумақтық ұйымдастырылуын қалыптастыру. Сондай-ақ, экономикалық өсу орталықтарында халық пен капиталды шоғырландыру арқылы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін дамытуға жағдай жасау. Осыған байланысты «Қазақстан Тұрғын үй құрылысы жинақ банкінің» халықты тұрғын үймен қамту жұмыстарының жүргізілу тәртібін газетіміздің №58 санында жариялаған болатынбыз. «Баспаналы болудың зор мүмкiндiгi бар» атты Жансерiк Есімовпен өткен сол сұхбатымызды http://shymkala.kz сайтынан қарауға болады.
Бүгінгі нөмірде «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы операторларының бірі «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ туралы біле аласыз. Тұрғын үймен қамтамасыз ету тәртібі туралы компанияның атқарушы директоры Еркін Сыздықовпен сұхбатымызды оқырман назарына ұсынамыз.

syzdykov– Еркін Сатыбалдыұлы, ипотекалық компания туралы қысқаша мәлімет берсеңіз...

– «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» Ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамы (ред.бұдан әрі – ҚИК немесе компания) «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасын іске асырады. Яғни, халыққа тұрғын үйді жалға беріп, кейіннен сатып алуы үшін объектілер салуды қаржыландыруды қамтамасыз етеді.

БАСПАНА АЛУҒА ҚОР ЖИНАУ ҚАЖЕТ ПЕ?

– Сіздер қаржыландыратын объектілерден тұрғын үй алу тәртібі қандай? Кезекке тұру үшін құжат тапсыру, қабылдау жұмыстары қалай жүзеге асырылады? Қор жинау міндетті ме?

– Қор жинау міндетті емес. Біздің бағдарламаға қатысу үшін бастапқы жарна талап етілмейді. Қосымша кепілдің де қажеті жоқ. Қарастырғаны үшін комиссия да алынбайды. Сатып алу құқығымен жалдау мерзімі – 20 жыл. Мерзім аяқталған соң тұрғын үй жалға алушының меншігіне өтеді. Кіріс жеткіліксіз болған жағдайда кепілгерлерді тарту мүмкіндігі қарастырылған.
ҚИК бағыты бойынша жергілікті атқарушы органда кезекте тұрғандар ғана әлеуетті жалға алушылар болып танылады. Себебі, қатысушыларды іріктеумен және тұрғын үйді бөлумен сол мекеме тікелей айналысады. Өтініш берушілер әдеттегідей – азаматтардың әлеуметтік әлсіз санатына жататын, оның ішінде көп балалы отбасылар, толық емес отбасылар, мүгедек балалары бар немесе мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, оралмандар, мемлекеттiк қызметшiлер, әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi болып келеді. Осы талаптарға сәйкес келген жағдайда үміткерлер «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы аясында тұрғын үй алуға тиісті құжаттарын тапсырып, кезекке тұра алады. Әдетте, бұған өтініш берушінің жеке басын, жұмыс орнын, тіркелген жерін, сондай-ақ әлеуметтік жағдайын растайтын құжаттар кіреді. Толық топтамасын Компания сайтынан қарауға немесе жергілікті атқарушы органнан білуге болады.

inpho77

– Шымкент қаласында ҚИК арқылы бұған дейін қанша пәтердің кілті тапсырылды? Пәтер иелерімен арадағы байланыс: коммуналдық және басқа да төлемдерді жүргізу тәртібі қалай жүріп жатыр?

– Елбасы қолдауының және мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын табысты орындаудың нәтижесінде 2015 жылдан бері Шымкент тұғындарына 85 мың шаршы метрден аса, нақтырақ айтқанда, 1500-ден астам пәтер кілтін тапсырдық. Бағдарлама шарттарына сәйкес жалдау төлемдерін төлеумен және мүлікті ұстау шығыны бойынша міндеттемелер, бұған қоса мүлік салығы, жер салығы, коммуналдық және басқа да пайдалану шығындары жалға алушыға жүктелген. Әзірге төлемдер уақтылы жүргізілуде, ешқандай тәртіп бұзылған жоқ.

– Ал биыл қанша пәтерді беруді жоспарлап отырсыздар? Көп қабатты тұрғын үй құрылысын жүргізу көрсеткіші қандай?

– «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасын қолға алғаннан бері республика бойынша Компания 500 мың ш/м немесе 8 мыңнан аса пәтерді пайдалануға тапсырды. Бағдарламаның жүзеге асу мерзімі небәрі – 5 жыл. 5 жылда 1, 4 млн ш/м жалға берілетін тұрғын үйді ұсыну жоспарланған.
«Бәйтерек» холдингінің қолдауымен ҚИК ағымдағы жылы еліміздің барлық аймағы бойынша 326 мың шаршы метрден астам тұрғын үй аумағын пайдалануға береді деп күтілуде. Жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасына сәйкес барлық пәтерлер таза, әрленген және қоныстануға дайын күйде пайдалануға беріледі.

НАРЫҚТЫҚ ӨЗГЕРIСТЕР БАҒАҒА ӘСЕР ЕТПЕЙДI

– Тұрғын үйдің бағасы қалай есептеледі, болашақта қымбаттауы мүмкін бе?

– Белгіленген сома тұрақты түрде әрі уақтылы төленуі тиіс. Осыған орай, тұрғын үйді жалға алушыға төлемақысының өтеу кестесі белгіленеді. Ай сайынғы төлем сомасы тұрғын үй мен алаң құнынан есептеледі. Бағдарлама бойынша Шымкент қаласында жалға берілетін тұрғын үйің 1 шаршы метрі – 1000 теңгеден аспайды.
Құрылыс құнының, доллардың өсуіне және басқа да нарықтық өзгерістерге қарамастан жалдау төлемдерінің тұрақтылығы сақталады. Өйткені, біздің мақсатымыз – халықты қолжетімді тұрғын үймен қамту. Бұл Елбасының 2014 жылғы 11 қарашада арнайы міндеттеген тапсырмасының негізінде жүзеге асып жатқан бағдарлама. Ұлттық қордан қаржыландыру бұл мақсаттың қаншалықты маңызды екенін айқындап берсе керек. Бұған қоса, қолжетімділікті арттыру үшін отандық құрылыс заттарын пайдаланамыз. Құрылыс жұмыстарын бастағанға дейін жер телімін бөліп, арнайы коммуникация тарту, тұрғын үй құрылысы біткен соң абаттандыру ісінің барлығы дерлік жеке жобаларды іске асыру кезеңінде жүргізіледі.

– «Алдағы уақытта тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстарымен бір ғана ҚИК айналысады» деген ақпар қаншалықты рас? Бұл халықтың тұрғын үймен қамтамасыз ететін басқа мекемелерге деген сеніміне селкеу түсірмей ме?
– Расында да, бұл ақпарат қазіргі таңда негізсіз. Өйткені, өңірлерді дамыту бағдарламасының өзі 2020 жылға дейін құрылған. Онда бір ғана ҚИК емес, өзге де банктік жүйелердің жұмыс істейтіні белгілі. Ал ҚИК меншігіндегі жалға берілетін жылжымайтын мүлікті басқару қызметтерін міндетті түрде Компания өзі жүзеге асырады. Атап айтқанда, тұрғын үйлердің техникалық жағдайына және кондоминиум қызметі бойынша жұмыстарды ұйымдастыруға мониторинг жүргізеді. Жылжымайтын мүлік объектісін пайдалану қызметіне жауапты сервистік компанияларға және коммуналдық қызметпен қамтамасыз етуші мекемелерге бақылау жүргізуді іске асырады. Пайдалану қызмет шарттарын жасасуға және негізсіз шығындардың болмауына көмектеседі.

– Компанияның Шымкент қаласы бойынша халықты тұрғын үймен қамту бағытында алдағы жоспары қандай?
– Биыл Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша халықты баспанамен қамту үшін 62,5 мың ш/м-ден астам тұрғын үй аумағын пайдалануға беруді көздеп отырмыз. Бұл – 1000-нан астам пәтер. Соның ішінде 144 пәтер Түркістан қаласында, 969 пәтер Шымкент қаласында пайдалануға беріледі деген жоспарымыз бар.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

Последнее изменение Среда, 07 Сентябрь 2016 06:08
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.