Версия для печати

Сырым ШОНАНОВ: «Жылына 300-400 адамға мүгедектік беріледі»

Пятница, 09 Сентябрь 2016 11:08 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 7412 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Қазір облыста 115 мың 183 мүгедек бар. Ал өткен жылы олардың қатары 112 мың еді. Мамандардың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандардың қатары жылдан-жылға артып отыр. Халық тығыз қоныстанған оңтүстікте шамамен 3 миллионға жуық адам бар болса, соның 3 пайызы мүгедектер. Облысымызда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың хал-жағдайы қандай? Осы ретте Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің ОҚО бойынша департаменті №3 медициналық және әлеуметтік бақылау бөлімінің басшысы Сырым Шонановпен сұхбаттасқан едік.

DSC 9910– Сырым Жамалбекұлы, мүмкіндігі шектеулі азаматтар қатарының артуына не себеп?

– Мүгедектікке әкеп соқтыратын себептер көп. Солардың ең бастысы – жұмыссыздық, табысы аз жанұялардың емделуге қаржысының болмауы, әлеуметтік маңызы бар ауруларды алдын алу жұмыстарының аздығы, азаматтардың өз денсаулығына немқұрайлы қарауы және туа біткен кемістіктер. Мәселен, облысымызда 2009 жылы 92 мың 341 мүгедек болса, 2013 жылы 106 мыңға жуықтаған. Ал биыл бұл көрсеткіш 115 мың 183-ке жетіп отыр. Енді жылдар арасындағы айырмашылықтан-ақ, қаншалықты көбейіп отырғанын бағамдай беріңіз. Жыл сайын 300-400 адам мүгедектік алады. Олардың арасында еңбекке жарамды жастағылары да бар. Енді мүгедектікке алып келетін ауру түрлерін айтар болсам, ең алғашқы орында қан айналымы жүйесінің аурулары тұр. Екінші орында – жалпы жарақаттар. Үшінші орында – қатерлі ісік аурулары, ал төртінші және бесінші орындар туберкулез, көз аурулары, эндокринді аурулардың үлесінде. Оңтүстікте басқа облыстарға қарағанда туу көрсеткіші жоғары. Сондықтан халық санына шаққанда, өзге аймақтармен салыстырғанда мүгедектер санының көп шығуы да осыдан. Психикалық ауруға ұшырағандарға да мүгедектік беріледі. Психиатриялық МӘС бөлімінде 15 мың 56 мүгедек бар. Шымкент қаласында 48 мыңнан асады. Салыстырмалы түрде алғанда, Мақтарал, Сарыағаш аудандары мен Түркістан қаласында мүгедектер қатары көп.

– Олардың арасында балалардың саны қанша?

– Өкінішке қарай, мүгедек балалардың да саны көбейіп барады. Атап айтар болсам, туғаннан бастап, 16 жасқа дейінгі балалар – 16 мың 375 болса, 16-дан 18 жасқа дейінгілердің саны – 1 мың 642.

– Оңтүстікте туыстық некеден туылған балалардың денсаулығында кемшілік көп. Осы ретте не айтар едіңіз?

– Осы мәселе біздің облысымыз үшін көкейтесті болып отыр. Туыстық некеден туылатын балалардың денсаулығында ақау көп. Олардың көпшілігі жарық дүние есігін жарымжан болып аттайды. Сондықтан, некелесіп, отау құрған кезде жастар жағы және олардың ата-анасы осы мәселеге көбірек назар аударса екен деймін.

– Мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін жәрдемақы олардың күн көрісіне жетпесі анық. Дегенмен де, мүгедектік топ бойынша тағайындалған әлеуметтік жәрдемақыны күнкөріс үшін масылдық пиғылмен алғысы келетіндер бар ма?

– Ара-тұра осындай адамдармен жұмыс істеуге тура келеді. Ондай кезде біз, яғни, сарапшы дәрігерлер олардың денсаулығын жіті тексеріп, мұндай әрекеттердің жүзеге асуына жол бермейміз. Бізге тек науқастар ғана келеді. Кейбір адамдардың диагнозы мүгедектікке шығаруға келмейді. Ондай азаматтарға мәселенің мәнісі түсіндіріліп, мүгедектікке шығарудан бас тартылады. Сондықтан, қала емханаларындағы комиссия мүшелері бізге науқасты барлық мән-жайға қанық болған соң ғана жібереді. Медициналық әлеуметтік сараптаманың жұмысы мүгедектік топ белгілеумен ғана шектелмейді. Біздің міндеттеріміздің бірі – мүгедектердің әлеуметтік тұрғыда қорғалуы мен оңалту шараларын ойдағыдай жүзеге асуын қадағалау. Бүгінде әрбір мүмкіндігі шектеулі азаматқа оңалтудың жеке бағдарламасы түзіледі. Оны жүзеге асыру жергілікті халықты әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдеріне жүктелген. Ал мүгедектік деген ұғым мен ауру адам арасында үлкен айырмашылық бар. Мүгедектік – бұл ауру немесе жарақат салдарынан болатын ағза қызметінің, ем көрсетілсе де, тұрақты бұзылып, тыныс-тіршілік ету әрекеттері шектелген, әлеуметтік көмекке мұқтаж адам. ҚР қолданыстағы заңнамаларға сәйкес мүгедектік науқас адамның денсаулығына тұрақты түрде функционалдық ауытқулар мен кемшіліктер байқалған жағдайда ғана белгіленеді. Яғни науқас мүгедектік топ алу үшін жергілікті жерде кем дегенде 4 айдан кем емес уақытта емдеу-оңалту шараларын алуы тиіс. Содан кейін ғана емдеу мекемесінің жолдамасымен медициналық әлеуметтік сараптамаға келуі керек. Кейде науқастар осы талаптарды орындамай, өзіне мүгедектік топ белгіленуін талап етеді.

– Науқас азаматтар мүгедектікке шығудың қиын екенін айтады. Жалпы, сарапшы-дәрігерлердің негізгі жұмысына қысқаша тоқталсаңыз.

– Біз негізгі 7 өлшем бойынша жұмыс істейміз. Олар – адамның еңбек ету қабілеті, өзіне-өзі қызмет көрсету, жүріп тұру, оқуға қабілеті, бағдарлай білу қабілеті, қарым-қатынас жасай алу және мінез-құлқын бақылай алу қабілеттері. Науқас мүгедектікке шығу үшін жергілікті емханада 4 ай бойы оңалтудан өту керек. Егер денсаулығы жақсармаса, оларды бізге жолдайды. Оның ішінде жекеменшік емханалардың жолдамалары да жарайды. Тек емдеу мекемесінің арнайы лицензиясы болуы керек. Мәселен, бір азамат сәуірдің 6-на инсульт алды. Ол жедел аурулар қатарына жататындықтан, аурудың бұл түрі жедел медициналық көмек көрсету ауруханасында емделеді. Сосын, араға 4 ай салып, емханадағы мультидисциплинарлық команда шешім шығарып, МӘС-ке, (медициналық және әлеуметтік сараптама) яғни бізге жолдайды. МӘС дәрігерлері науқасты мүгедектікке шығару қажет деп тапса, тиісті құжаттарды жинайды. Кейбіреулер оны 1-2 аптада, ал енді бірі ұзаққа созып алуы мүмкін.
Сонымен қатар, көру қабілеті нашарлағандарға тифлотехникалық құралдар, есту қабілеті нашарлағандарға сурдотехникалық құралдар мен міндетті гигиеналық құралдарды және қоларбаларды айқындап береміз.

infograph72

– Биылдан бастап композиттік қызмет аясында жұмыс істеп жатырсыздар. Ол қандай қызмет?

– Бұрын науқастарға МӘС – мүгедектік тағайындап, ал зейнетақыны алу үшін төлем орталығына баратын еді. Демек, екі жаққа да өтініш беретін еді. Ал қазір мүгедектік алған адам бізде өтінішін жазып, басқа жаққа бармайды. Шаруасын бір жерден тындырады. Мұнан соң, оның есеп-шотына ай сайын зейнетақысы түседі.

– Бұл салада кадр тапшылығы бар ма?

– Қазір бөлімде 52 сарапшы дәрігер жұмыс істейді. Екі орын бос тұр. Біз – мемлекеттік қызметкер болғандықтан, жұмыс істеуге қызығушылар көп. Өкінішке қарай, олардың көпшілігі мемлекеттік тесттен өтпей қалады. Ал тесттен өткендерің 1-2 айдан соң, жұмыстың ауырлығынан кетіп қалатындары да жоқ емес. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Последнее изменение Пятница, 09 Сентябрь 2016 11:32
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.