Версия для печати

Мейіржан Әлібекұлы: «ҚАЗІРГІ ҚОҒАМҒА ӘМБЕБАП ЖУРНАЛИСТ КЕРЕК»

Пятница, 09 Сентябрь 2016 11:42 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 10903 раз
Оцените материал
(0 голосов)
Адамға өмірде ілім қаншалықты қажет болса, журналиске де соншалықты ізденіс керек. Бұл – өмір заңдылығы. Тележурналистикада өзіндік орны бар әріптесімізді алға сүйреп жүрген де талапшылдығы мен еңбекқорлығы. Ізденуден жалықпайды, көп білсем дейді. «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының келбетіне айналған тележурналист Мейіржан Әлібекұлы таяуда облыстағы баспасөз саласының өкілдерімен кездесті. Төлеби ауданының «Бастау» демалыс аймағында жас тілшілермен ашық сұхбат құрды. Тележурналистикадағы тәжірибелерімен бөлісті. Әріптесіміздің «Қазақстан» Ұлттық телеарнасында қызмет етіп келе жатқанына он жылдан асқан. Қарапайым тілшіліктен бастап, тележурналистиканың барлық баспалдағынан өткен. Қазір «Қазньюс» қорытынды жаңалықтарының  редактор-жүргізушісі.
Бүгінде журналистке жүктелер міндет қандай? Көрерменге не қажет? Орайы келгенде әріптесімізбен осы сауалдар жөнінде әңгімелескен едік.
image-01-09-16-01-10
 
«Дикторлық –
уақытша дәурен»
 
– Мейіржан Әлібекұлы, соңғы кездері өңірлерге шығып, жас журналистерге шеберлік сыныбын өткізіп жүрсіз. Жастардың талабы қандай?
– Назарда ұстайтын жайт – әрбір жас әуелі облыстың ақпарат саласына қызмет етуі тиіс. Облыстың бұқаралық ақпарат құралдары үлкен мектеп. Бәріміз де осы мектептен өттік. Әрбір жас осыны ұғынса деймін. Осы жерде ысыласың, төселесің. Облыстық ішкі саясат басқармасы «Жастарға ақыл-кеңесіңізді берсеңіз» деп шақырды. Ұсынысты бірден құп алдым. Жалпы, тележурналистикада өзімнің он жылдан астам тәжірибемде ақпарат жанры жаныма жақын. Жаз кезінде өндірістік тәжірибеден өтуге келген жастармен әңгімелесемін. Өңірлерден мектеп бітіруші талапкерлер хабарласады. «Аға, ақыл-кеңесіңізді берсеңіз. Журналистиканың қай саласын таңдауға болады? Ертең жұмыссыз қалмаймын ба? Біздің нарықта журналист мамандығына сұраныс қаншалықты?» деп сұрайды көбісі. Ал кейбір түлектер «Менің арманым – диктор болу» дейді. Мені осы жағдай алаңдатады. Диктор болу деген – «дайын асқа тік қасық болу» емес пе?! Менің жастарға әрдайым айтарым – дикторлық, тележүргізушілік уақытша ғана. Дикторлық дәурен біткен кезде жұмыссыз қалған талай әріптестерді көріп жүрміз. Өйткені, сюжет дайындауды білмейді. Сондықтан, жастарға «осылардың кебін кимес үшін сіздер ең алдымен тележурналистиканы, оның ішінде сюжет жасау құрылымын меңгеріңіздер. Көркем сөйлеп, кестелей жазып, сәтті стендаптар жасап, қоғамға оралымды ойларыңызды жеткізіп, нағыз журналист екендеріңізді дәлелдеңіздер. Сонда сіздер халықты мойындатасыздар» деймін үнемі. Заманның талабы сол – қазіргі нарыққа редактор-жүргізушілер керек. Яғни, эфирге шыққан кезде тек дайын мәтінді оқып беріп қоймай, сол журналистің мәтінін әрі қарай дамытып, түзеп, ой қосып, халыққа сенімді түрде нығырлап жеткізуді ойласа деймін. Тележурналистиканың барлық баспалдағына өткен кезде сен нағыз маманға айналасың. Нағыз маманға айналған кезде халық сені мойындайды.
Әмбебап болу – қоғам талабы. Бүгінгі журналист жүргізуші, редактор, монтаж маманы, керек кезде режиссер, тіпті таспагер де болу керек! Әмбебаптық дегенде, мына жағдайды айта кетсем. 2014 жылы Бразилияда өткен футболдан әлем чемпионатына басшылық мені жалғыз өзімді жіберді. Қолымда фото-бейне құрылғы ғана. «Әмбебап болатын уақыт жетті. Бір жағынан, мемлекеттің бюджетін үнемдеу, екіншіден, біліктілігіңді арттыруға, әмбебаптық қасиетіңді көрсетуге үлкен мүмкіндік» деді. Кәдімгі фотоаппаратпен бардым. Өзім мәтін де жаздым, таспагер де, режиссер де болдым. Бір аптаның ішінде әмбебап журналистке айналып шыға келдім. Қазіргі заманның талабы міне, осы.
 
– Жанкешті журналистерді көре алып жүрсіз бе?
– Ұлттық арнада 2006 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Бала кезімізде, «Хабар» агенттігінің дүркіреп тұрған кезінде Нұртілеу Иманғалиұлы, Арман Сқабылұлы, Қайнар Олжай, Серік Жанболат сынды ағаларымызға еліктеп, бой түзедік. Осы бағытта ізденіп, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түстім. Оқуды бітірген соң, төтеден бастамай, төменнен бастайын деп облысқа бардым. «Қазақстан-Атырау» телеарнасында бір жарым жылдай қызмет атқардым. Сол кездегі телеарнаның басшысы Айтқали Құмарғалиұлы «Балам, өзіңді көрсет, абыройымызды асыр» деп батасын беріп, шығарып салды. Одан кейін Ұлттық арнаның Алматыдағы жаңалықтар бюросында екі жыл еңбек еттім. Сол кездегі арнаның басшысы Ләззат Танысбай маған үлкен сенім артып, Астанаға ауыстырды. Сөйтіп, 2009 жылдан бері Астана дирекциясында жүргізуші редактор, аналитик, телеарна дауысы, шеф-редакторлықтан өттім. Жаңалықтардан бөлек, «Апта.кз» саяси сараптамалық бағдарламаны жүргізу тізгіні де тапсырылды. Екі жыл уақыт жүрдім. Үлкен мектептен өттім. Қазір – ғаламтордың заманы. Рухани жұтаңданып жатқан кез. Жаңалықтарды қалта телефонынан-ақ білуге мүмкіндік бар. Мұндайда көрерменнің назарын қалай аударамыз? Яғни, ұрпақ үшін, телекөрермендер үшін, көркем әдебиетті көп оқып, сөздік қорды молайтуды басты назарда ұстасақ. Қазіргі тележурналистердің өзгелерден ерекшеленетіні де осы ғой. Әттеген-айы, көп жастардың ойы жұтаң. Түрі келіскенмен, тілі келіспейді. Сөздік қоры аз. Кітап көп оқыса, сонда ғана өздерін жарқ етіп көрсетуге үлкен мүмкіндік ашылар еді. Менің бір байқағаным, бізге он түлек келсе, соның екеуі ғана бәйгеге жарайтын тұлпар секілді. Қалғандары тек диплом үшін оқып келгендер немесе дикторлыққа құштар. Ал облыста, ауыл-аудандарда талапты, талантты балалар жетерлік. Бірақ олардың бәріне бірдей Астанаға, Алматыға келуге мүмкіндік жоқ. Әрқайсысының себебі әр түрлі. Біреулер отбасын құрып, облыста қалып қояды. Біреу әке-шешесінің жалғыз ұлы болуы мүмкін. Кейде ақылдасып, кеңесіп, жеке өзіме хат жазатындар бар. Байқаймын, көздерінде от бар. Сөздері салмақты, ойлары қорғасындай. Сөздің майызын тамызып сөйлейді. Жазулары қандай. Бірақ тасада қалып қойған. Кейде телеарнаға осылар келсе ғой шіркін деп армандаймын.
 
– Ізденімпаздық туралы айттық. Жас журналистер өздерін қалай жетілдіруге болады?
– Өзім ұлттық арнада Еркін Таңатқанұлы, Айбек Қобдабай сынды журналистерден көп нәрсені үйрендім. Замандас жастар осы кісілердің дайындаған сюжеттерін көрсін. Сөзді қалай орнымен қолданатынын, қандай өзгешілігі бар соны байқауына болады. Біз ерінбеуіміз керек. Бір-біріміздің еңбегімізді бағалап, кемшілік болса айтылуы керек. Сәтті шықса, қолдау көрсетіп дегендей. Қазақ журналистері бірлікте болу керек әрдайым. Республикалық арналардан әріптестерімнің сюжеттерін бақылап отырамын. Бәсекесіз өсу жоқ. «Астана» арнасынан «Біздің уақытты» көремін. Жайна Сламбек қазір сарапшы ретінде жақсы қырынан көрсетіп жүр. Бейсен Құранбек ағамыздың «Айтуға оңай» бағдарламасы, Еркін Таңатқанұлы жүргізетін «Апта.кз» бағдарламасы қандай тартымды. Осы әріптестерімнен үйренерім көп. Және сайттарға кіріп, жаңалықтарды шолып шығу да басты міндетіміз. Бұдан бөлек, «Жас Алаш», «Жас Қазақ», «Түркістан», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» газеттерін оқуды әдетке айналдырғанмын. Олардан да үлгі алатын тұсымыз көп. Бұл газеттерде тіл тазалығы бар. Сөздері мірдің оғындай. Теңеулерді, тұрақты сөз тіркестерін әдемі қолданады. Бір өкініштісі, дүңгіршектерде сатылымда қазақ газеттері аз. Орыс басылымдары көбісі. Сайттан, электронды нұсқасын оқуға тура келеді. Тағы бір айта кетерлігі, бізде қазір сүреңсіз сөз тіркестері өте көп. Құлақты жауыр қылған. Әсіресе, облыстық телеарналардан байқайсыз. Мәселен, екінің бірі қолданатын тіркес бар – «екі қолға бір күрек тапты» дейтін. Оны «Кәсіп тапты» десеңіз бітті. Жаһанданудың алқымында жұтылып кетіп бара жатқан кезеңде сөздік қорымызды сақтап қалуымыз керек. Ұмытылып бара жатқан мәйекті сөздеріміз көп. Тұрақты сөз тіркестерін аршып, бүгінгі ұрпаққа ұсынайық. Журналистерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Ата-бабаларымыз қолданған жауһардай керемет сөздерімізді жарыққа шығара алсақ қане?! Осы міндет үдесінен шыға алсақ, ұрпақты тәрбиелеуге үлесімізді қосқан болар едік.
 
– Салалық журналистика туралы пікіріңізді білсек...
– Жалпылама айтқан кезде мұны қолдаймын. Мысалы, орыстың телеарналарын көрсек, әскери тарихшы деген бар. Ондай бізде жоқ. Сол секілді әскери журналист, медициналық журналист деген де кездеседі. Ол да бізде әлі қалыптаспаған. Ал жаңалықтардың ішінде журналистерді бөліп тастауға қарсымын. Оларды да басқа салаға салу керек. Олар да басқа салаларда қырын байқатсын. Саясатқа да өзінің қаншалықты хабардар екенін танытсын. Өйткені, журналист әмбебап болуы керек. Барлық саладан хабардар болу керек. Мысалы, елдің атынан шетелге іссапарға жіберді делік. Сіз экономика тақырыбында жазасыз. Елдің тарихына қатысты сұраса, сіз тарихыңды білмесеңіз қалай болғаны? Елдің медицинасы, демографиясы, спорт туралы сұрауы мүмкін. Ал ондайда сіз «мен тек экономика саласын жазар едім» демейсіз ғой. Сондықтан, бізге қазір үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр.
 
«Журналистерге
мемлекетшiлдiк керек»
 
– Қазіргі журналистердің бір-бірімен қарым-қатынасы қандай? Қаншалықты бір-бірін қолдап, сыйласып жүр?
– Бізге ең алдымен керегі де осы. Қазақ журналистеріне бірлік керек. Өңірлерде неше түрлі турнирлер өтіп жататынын естиміз. Мәселен, ОҚО журналистері осындай ұйымшылдығын байқатып жүр. Бұл – өте қуанышты жағдай. Турнир арқылы журналистер табысады, танысады, кеңеседі. Ұлттық мүдделер төңірегінде топтасады, небір пікірлер айтылады. Мәселелер көтеріледі, небір ойлар туындайды. Астанада да түрлі жарыстар ұйымдастырылады. Бильярдта, футболда басымыз қосылады. Барынша, ара-жігіміз ажырамау үшін, үлкен деңгейдегі мәселелерді көтеру үшін.
 
– Қазіргі журналистер қаншалықты мемлекетшіл? Бойларында ұлттық сүзгі бар ма?
– Қазір елге жаны ашитын әрбір азамат үшін үлкен жауапты уақыт. Оның ішінде журналистерге жүктелетін жауапкершілік жүгі тіптен ауыр. Біздер – ұрпақты тәрбиелеушіміз. Бұл тұрғыда әсіресе, мемлекетшілдік, отансүйгіштік бағытта, танымдық бағдарламалар жасау – бізге жүктелген парыз. Әр жастың көкейінде мемлекетшілдік болу керек. Егер журналистің көкейінде мемлекетшілдік болмаса, ұлттық мүддеге қызығушылық болмаса, отансүйгіштік болмаса, ол журналист еліне жаны ашымайды деген сөз.
 
 
«Арманым –
журналистиканың
ардагерi болу»
 
 
– Ақтөбе оқиғасында дәстүрлі емес медиа алға шығып, түрлі арандатулар болды. Көпшіліктің пікірі – телеарналар кеш қимылдады деген сыңайда. Бұл жайында не айтасыз?
– Әрине, кемшіліктер әлі көп бізде. Тікелей қосылатын мүмкіндік жоқ. Бұл әсіресе облыстық телеарналарға тән жағдай. Ондай оқиға кезде ресми ақпарат күтетіні рас. Біздің бұл тұрғыда шетелдік «БиБиСи» сынды телеарналардан үйренеріміз көп. Оларда техника мықты дамыған. Бізге ондай құрылғылар енді келіп жатыр. Оның үстіне бағасы өте қымбат. Мәселен, «Еуроньюс», «СиЭнЭннің» журналистері ұшақпен бара жатып, тікелей эфир хабарларын таратады. Біз әлі де техникамызды күшейтуіміз керек. Қазақтілді бағдарламаларды көбейте берген жөн. Қазіргі өсіп келе жатқан ұрпақ орыстілді аудиторияға икемделіп бара жатыр. Орыстілді бағдарламалардың үлес салмағын азайтып, қазақша хабарларды молайтуға мүмкіндік берсе. Қазақтілді саяси ток-шоулар, экономикалық ток-шоулар керек-ақ. Мысалы, Еуразиялық экономикалық одағына кірдік делік. Ол одақтан аларымыз не? Ол одақта қазір не болып жатыр? Нені экспорттап, нені импорттап жатырмыз. Бұны қарапайым халық білмейді. Кеден одағы не үшін құрылды? Мұнай бағасының халі нешік? Доллар қымбаттай ма? Бұны да халыққа түсіндіріп беруіміз – үлкен сұрақ. Біз көбіне себебімен емес салдарымен күресеміз.
 
– Алдағы жоспарлар, мақсаттарыңыз қандай?
– Менің әзірге, басты мақсатым – саяси ток-шоу ашу. Қоғамға керекті, күнделікті өткір мәселелерді көтерсем деймін. Мәселен, кезінде «Күлтөбе», «Шынның жүзі», «Дода», «Еркін сөз» деген керемет бағдарлама болды. Көрермен қазір сондай салмақты дүниелерге зәру. Сәтін салса, болашақта жаңа форматтағы ток-шоуды көріп қаларсыздар. Осы кәсіптегі бар арманым – Тілеуқабыл Мыңжасарұлы сияқты телевизияның ардагері болу. Осыған жетуге талпынамын, әрекет етемін.
– Әңгімеңізге рахмет!
 
Сұхбаттасқан
Тағабай ҚАСЫМ
Последнее изменение Пятница, 09 Сентябрь 2016 12:23
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.