×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Нәзипа ҚЫДЫРОВА: «Пробация қызметі – сотталғандарды қайта тәрбиелеуге үлес қосады»

Пятница, 16 Сентябрь 2016 08:28 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 17123 раз

Еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесіне пробация қызметінің енгізілгеніне көп болған жоқ. Оның Қазақстанда заңды түрде жүзеге аса бастағанына – 1 жыл. Сонымен, пробация қызметі деген не? Оның мақсаты мен міндеті қандай? Осы сұрақтарға жауап алу үшін Шымкент қаласы, Еңбекші аудандық №1 пробация қызметі бөлімінің инспекторы, әділет аға лейтенанты Нәзипа Қыдыровамен сұхбаттасқан едік.

IMG-20160914-WA0008– Нәзипа Болатқызы, пробация қызметіне кеңірек тоқтала кетсеңіз. Ол қандай жүйе?

– Н.Назарбаевтың «Бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» атты Ұлт жоспарындағы басты тапсырмаларының бірі – бас бостандығынан айыру орнынан босатылған әрбір сотталған адамға қоғамда өз орнын табуға көмектесу. Сонымен қатар, ҚР-ның 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында бас бостандығынан айырумен байланысты емес қылмыстық жазаларды орындауға жауап беретін пробация қызметін құру туралы міндет қойылған болатын. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындау мақсатында көптеген шаралар қолға алынуда. «Пробация» – латын тілінен аударғанда «сынау» деген мағынаны білдіреді. Бостандығынан айырмайтын жазаға кесілген немесе мерзімінен бұрын шартты жазаға босаған сотталушыны бақылап және тексеріп қана қоймай, оған еркін өмірге бейімделуге, жұмысқа орналасуына, білім алуына көмектесу – пробация қызметкерлерінің міндеті. Адамның қылмыс жасағанына қарамастан, оның түрмеге отырмауына мүмкіндік беру. Ол үшін қылмысқа барған адам сот міндеттеген шарттардың барлығын орындауы керек. Осылайша, байқаусызда сүрінген жандар болса, оларды түзеу мекемесіне отырғызбай, қайта тәрбиеленуіне мүмкіндік беріп, әлеуметтік мәселелері болса шешуге ықпал жасайды.

– Пробациялық бақылаудың мақсаты қандай?

– Пробациялық бақылаудың мақсаты – заңмен немесе сотпен белгіленген міндеттерін орындауларын бақылау арқылы әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, сотталғандарды түзелу жолына түсіру, қайта қылмыс жасаудың алдын алу, шартты түрде сотталғандардың жалпыға ортақ әлеуметтік, моральдік және құқықтық нормаларды сақтауы болып табылады. Шартты түрде сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің негізгі бағыттары – білім алуына, кәсіп түрлерін игеруіне, жұмысқа орналасуына, емделуіне және құқықтық кеңестермен қамтамасыз етілуіне көмек көрсету. Себебі – қылмыс жасап, өзін қоғамға қажетсіз сезініп, алдағы өмірінен үміт үзгендер аз емес.

– Пробация қызметі қалай жүзеге асады?

– Бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеу мерзімі – пробация қызметі заңды күшіне енген сот үкімін, қаулысын орындауға қабылдаған күннен бастап, олардың тұрғылықты жері бойынша жүзеге асады. Пробациялық бақылау мерзімі шартты түрде сотталған адамды пробация қызметінің есебіне қойған кезден бастап есептеледі. Сотталған азаматты есепке қою кезінде оның тұрғылықты жерін, денсаулық жағдайын, білім деңгейін және еңбекпен қамтылғандығын, сондай-ақ, оған ұсынылатын әлеуметтік-құқықтық көмектің көлемін айқындау үшін қажетті өзге де мәліметтерді анықтайды. Сотталғанға әлеуметтік-құқықтық көмек беру, оған қатысты пробациялық бақылауды жүзеге асыру және тоқтату тәртібін түсіндіреді. Тіркелуі үшін Пробация қызметіне келу күндерін белгілейді. Сотталған адамға сот жүктеген міндеттерді орындау тәртібін және мәжбүрлі еңбекті орындау немесе орындамағаны және пробациялық бақылау шарттары мен тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту тәртібін түсіндіреді.

– Ал сотталған азамат осы қызметтің өзіне жүктеген міндеттерін орындамаған жағдайда қандай шара қарастырылады?

– Шартты түрде сотталған адам өзіне сот жүктеген міндеттерді орындамаған не тәртіп бұзушылықтарды қайталап жасаған жағдайда, сондай-ақ, пробациялық бақылаудан жасырынса, пробация қызметі сотқа шартты түрде соттаудың күшін жою және сот үкімімен тағайындалған жазаны орындау туралы, ал кәмелетке толмаған сотты болғанға қатысты пробациялық бақылау мерзімін бір жылдан аспайтын уақытқа ұзарту туралы ұсыныс енгізеді.

Пробация қызметкерлерінің міндеті – бостандығынан айырмайтын жазаға кесілген немесе мерзімінен бұрын шартты жазаға босаған сотталушыны бақылап және тексеріп қана қоймай, оған еркін өмірге бейімделуге, жұмысқа орналасуына, білім алуына көмектесу.

– Пробациялық бақылаудан соң қайта сотталғандар бар ма?

– Қазіргі таңда Еңбекші ауданы бойынша, 531 азамат пробациялық бақылауға алынған. Шартты түрде сотталғандар мен бақылаудан бөлек бас бостандығынан айырылғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге ықпал етудің маңызы зор. Осыған орай, Шымкент қаласы, Еңбекші аудандық №1 пробация қызметінің мамандары жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, қайта қылмыс жасамауға және құқықбұзушылықтарды болдырмау үшін жұмыс жасаймыз. Олардың жүріс-тұрысын бақылап қана қоймай, әлеуметтік-құқықтық, заңгерлік, медициналық, психологиялық және тағы да басқа көмектер көрсетіледі. Пробациялық бақылаудан соң қайта сотты болғандар жоқ. Олар өздерін қоғамға қажет екенін түсініп, тура жолмен жүруге тырысады.

– Әлемде пробацияның неше түрі жұмыс істейді?

– Пробацияның төрт түрі бар. Сол себепті сотқа дейінгі, шартты-үкімдік, пенитенциарлық және постпенитенциарлық пробация түрлері кеңінен қолданылады. Оның біріншісі – еліміздегі құрылғалы жатқан институт – балалар омбудсмені. Бұл құрылым жұмыс істей бастаса, ақ пен қараны ажырата алмай, қылмысқа барған жеткіншектердің құқығын қорғау барысында маңызды болмақ. Екіншіден, «Нельсон Манделла ережелері». Мандела ережелері қабылданғаннан кейін түрмелерде соңғы 60 жыл бойы қалыптасып қалған «тәртіптің» 80 пайызы қайта қаралған. Жаңартылған Ереже сотталғандарды қоғамға қайта бейімдеудің тәсілдерін өзгерткен. Үшіншіден, әйелдер колониясының қызметкерлерін және колонияда жазасын өтеушілер арасында оқу-дәрістер өткізу. Төртіншісі – жасөспірімдерге арналған пробация қызметі. Әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылатын бұл қызмет шетелдерде бірнеше бағыттан тұратын үлкен жүйеге айналған.

– Демек, пробация қызметі сотталғандарды айыптаушы емес, керісінше, оларды тәрбиелеуші қызмет қой...

– Дәл солай. Әрине, пробация қызметінің құрылғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Дегенмен, қоғамнан оқшауламай-ақ, қылмыстық жазаларды барынша кеңінен қолдануға жағдайлар туғызып отыр. Бұл – тура жолдан адасып, жазалы болған азаматтарға деген ізгілікке толы қамқорлық. Олардың түзеліп, қоғамның бір бөлшегіне айналады деген берік сенім бар.
Сотталушының кінәсі қанша жерден ауыр болса да, ол мемлекетіміздің азаматы деген аттан айырылмайды. Пробациялық бақылау – істі болғандардан өш алу мақсатында емес, керісінше оларды тәрбиелеу үшін қолданылатын қызмет.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Э. МАҚСАТ

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.