Рахмат МҮСІРӘЛИЕВ: «Медициналық сақтандыру – сапалы қызметтің кепілі»

Среда, 05 Октябрь 2016 06:33 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5460 раз

Мемлекетіміздің қолдауымен денсаулық сақтау саласын заманауи озық технологиялармен қаруланған, жоғары өркениет талаптарына сай сапалы қызмет көрсететін деңгейге көтеру үшін барлық мүмкіндік жасалуда. Халықтың денсаулығын жақсарту жолында еңбек етіп келе жатқан Шымкенттегі №4 қалалық емхананың жұмысымен танысу мақсатында бас дәрігер Рахмат Мүсірәлиевпен сұхбаттасқан едік.

DSC 1097

– Рахмат Арынұлы, емханаға медициналық жәрдем сұрап келетіндерде есеп жоқ. Мекеменің бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында айтып берсеңіз...

– Біздің жұмысымыздың негізгі бағыты – медициналық қызметтің деңгейі мен сапасын арттыру. Емханамызда 1 – медицина ғылымдарының кандидаты, 17 – жоғары санатты, 21 – 1 санатты дәрігеріміз, 80-ге жуық мейірбике қызмет етеді. 45 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеміз. Емхананың емдеу-диагностикалық базасы, қазіргі заманғы құрал-жабдықтар әртүрлі ауруларды жоғары деңгейде жедел анықтауға, науқастарды сапалы емдеуге мүмкіндік береді. Дәрігерлеріміз жалпы жұмыс сапасының артуына ықпал етіп келеді. Қазіргі күні халық арасында жүрек аурулары, қант диабетіне шалдыққандар аз емес. Сондай-ақ, онкологиялық аурулардың алдын алып, ана мен бала денсаулығын тұрақты түрде қадағалап отырамыз.

– Соңғы жылдары емханада жаңадан шыққан аппараттар орнатылып жатыр. Заманауи жабдықтарды мамандардың игеруі қалай?

– Емханамыз алғашқы көмек көрсететін жабдықтардың бәрімен қамтылған. 2 - УЗИ аппаратымыз, рентген, флюра, мамографиямыз бар. Жабдықтардың жаңаруымен қатар, емхана қызметкерлерінің біліктіліктері артып келеді. Медициналық қызмет жақсарып, мамандарда жаңа ізденістерге талпынып, емдеу-сауықтыру жұмыстарына жаңа әдістер енгізуді өз мақсаттары деп біледі. Себебі бұл халық денсаулығы, халықтың әлеуметтік мәселесі. Бір сөзбен айтқанда, жаңа құрал-жабдықтар бос тұрған жоқ. Оларды пайдаланып, науқастардың ем-домына қолданып келеміз.

– Тұрғындардың денсаулық, салауаттылық деңгейі қандай? Қандай аурулар ел арасында көп таралған?

– Емханаға тұрғындар басы ауырып, балтыры сыздағанда келеді. Ал аурудың алдын алуға көбісінің құлқы жоқ. Соңғы 5 жылда сары ауру, іш сүзегі сырқаттары азайды. Есесіне адамдар арасында қан қысымы және онкологиялық аурулар көбейді. Өкінішке қарай, әйелдер арасында жатыр, көкірек безі аурулары жасарып барады. Соңғы кездері скрининг тексеру арқылы аурулардың алдын алуға күш салып жатырмыз. Мұның пайдасы зор. Өйткені, өзін аурулардан саумын деп есептейтін кейбір адамдардың бойынан науқас белгілері байқалып отыр.

– Халықтың денсаулығының төмендеуіне не себеп? Экология ма, әлде денсаулыққа салғырттықтан ба?

– Біріншіден, экологияның нашарлауы адам денсаулығына орасан зиянын тигізеді. Мұны халық дұрыс түсінуі тиіс. Шымкентте өндіріс орындары да, көліктер де көп. Одан бөлінетін зиянды қалдықтар қоршаған ортамызды ластап жатыр. Егер экологиялық мәселе шешімін тапса, денсаулыққа төнетін қауіптің беті қайтар еді. Екіншіден, тұрғындар денсаулыққа жауапты тек дәрігерлер деп ойлайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, дәрігердің жауаптылығы 12 пайыз ғана. 60-70 пайызы адамның өзіне, генетикасына байланысты. Мәселен, қант диабетімен ауыратын адамның сырқаты балаға берілуі мүмкін. Үшінші мәселе, білім деңгейінің төмендігі. Тұрғындардың медицина саласынан хабары аздығы. Себебі, жаңа туған нәрестелерге үш күннен соң туберкулезге қарсы вакцина салынады. Ал екпені салдырмай, баланың жауапкершілігін мойнына алып жатқан ата-аналар бар. Вакцина салынбаған бала туберкулезбен ауырса оның жазылуы қиын. Біз тұрғындармен екпе бойынша жұмыстар жүргіземіз. Қазіргі вакциналар бұрынғыдай емес, жеңіл. Бала денсаулығы оны жақсы көтереді.

– Бүгінде медициналық оқу орындарында білімнің сапасыздығынан біліксіз дәрігерлер дайындалып жатыр дегенді жиі естиміз...

– 5-6 жыл оқып, тәжірибе жинамай жақсы дәрігер болу қиын. Қызметке жаңа оқу бітірген жастар келсе, оларды қамқорлығымызға алып, үйретеміз. Біліктілігін арттырып, қатарға қосамыз.

– Денсаулық сақтау саласында бүгінге дейін түрлі реформа қолға алынды. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы мен онкологиялық аурудың алдын алуға байланысты кешенді бағдарлама жүзеге асуда. Жалпы, медицинадағы өзгерістерге көңіліңіз тола ма?

– Медицинадағы өзгерістер, қабылданған жаңа реформалар өз жемісін берді деп ойлаймын. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша қалада, облыста медициналық жаңа нысандар көбейді. Барлық емханалар заманауи құрал-жабдықтармен қамтылды. Дәрігер мамандардың біліктілігі арттырылды. Науқастарды тексеруден өткізіп, жоспарлы түрде ем жүргізу жолға қойылды. 2017 жылдан бастап, медициналық сақтандыру жүйесі енгізіліп жатыр.

– Сақтандыру қорына жарнаны кім төлейді, одан халыққа, дәрігерлерге қандай пайда келеді?

– Халқымыз «Отбасына ауру кірді дегенше, әлек кірді десеңші» деген ғой. Бұл даналықты кеңірек түсінсек, халықтың денсаулығы мықты болса, мемлекет те экономикалық-әлеуметтік жағынан күшейеді. Түрлі аурулар көбейіп, халық денсаулығы нашарласа, мемлекет тарапынан оған бөлінетін шығындар да шаш етектен болмақ. Елбасы тапсырмасымен жаңа жүйе 2017 жылдан бастап жүзеге асырылады. Жалпы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жұмыс берушілердің төлемдері, мемлекет пен жұмыскерлердің қорға төлейтін жарналары есебінен құралады. Осы орайда, аударымдар мен жарналардың көлеміне тоқтала кеткен орынды болар. Мәселен, жұмыс берушілердің аударымдары есептеу объектісінің 2 пайызынан басталып, мәселен 2020 жылға таман 5 пайызға дейін, жұмыскерлердің жарналары есептеу объектісінің 1 пайызынан 2020 жылға дейін 7 пайызға, мемлекет жарнасын есептеу объектісінің 4 пайызынан 2024 жылға дейін 7 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Балалар, көпбалалы аналар, Ұлы Отан соғысының қатысушылары, мүгедектер, жұмыссыз адамдар, интернат тәрбиеленушілері, күндізгі оқу нысанында білім алушылар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер мен бала тууға, оның күтіміне байланысты демалыстағылар, зейнеткерлер, әскерилер, арнаулы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, сот үкімі бойынша жазасын өтеушілер мен уақытша изоляторлардағы адамдар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жарна төлеуден босатылады. Халықтың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жарна төлеуден босатылған бөлігі үшін мемлекет тарапынан арнаулы жарналар бөлінеді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы адамдардың амбулаторлық ем қабылдауға, алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуға қолжетімділігі артады. Бұл халық денсаулығының жақсаруына ықпал етеді. Қазір жаңа жүйе бойынша тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

– Көпшіліктің ішінде сақтандырылмаған азаматтар болатынын жоққа шығаруға болмайды. Өмір болған соң олардың да бастары ауырып, балтыры сыздайтыны анық. Сонда не істемек?

– Жұмыссыз адамдар тегін медициналық көмекті 2020 жылға дейін пайдалана алады. Өйткені оның тұрақты жұмысы, қолында сақтандыру полисі жоқ. Ал уақыты келгенде ол сақтандыру полисін сатып алуы керек. Сондай-ақ, жаңа жүйе арқылы әр адамның денсаулығына жауаптылығы артады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Последнее изменение Среда, 05 Октябрь 2016 06:43
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.