Талғат ҚАСЫМБЕКОВ: «Жылу сапасына арыз-шағым азайған»

Пятница, 14 Октябрь 2016 07:48 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 6303 раз

Қалада қысқы маусымға дайындық жұмыстары жоспарға сай атқарылып жатыр. Магистралды жылу жүйелері ауыстырылды, бюджеттік мекемелер жылу қорларымен толық қамтамасыз етілді. Тұрғындарды сапалы жылумен қамтамасыз ету мақсатында жыл бойы шаралар қолға алынған болатын. «Қыстың қамын жаз ойла» демекші, қаланың «Оңтүстік» және «Солтүстік» бөлігіндегі магистралдық жылу жүйелері жөндеуден өтті. Бүгінгі дейін, қалада 1676 көпқабатты үй және 344 бюджеттік мекеме қысқы маусымға дайын. Шымкент қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Талғат Қасымбеков осылай дейді. Үшінші қаланың қысқы әзірлігі жөнінде бөлім басшысын әңгімеге тартқан едік.

AgCzErulKnU– Талғат Нәбиұлы, қала қысқы маусымға қаншалықты дайын?

– Бұл мақсатта арнайы штаб құрылып, іс-шара жоспары бекітілген. Мәселен, қазірдің өзінде қала аумағында орналасқан 344 бюджеттік нысанның (білім нысандары – 221, денсаулық сақтау нысандары – 78, спорт нысандары – 5, мәдениет нысандары – 37, әлеуметтік нысандар – 3) бәрінде де 1 қыркүйекке дейін дайындық жұмыстары аяқталды. Олар қатты және сұйық отынмен жүз пайыз қамтылды.
Сондай-ақ, тұрғын үй қорын дайындау бойынша да жұмыстар аяқталып келеді. Жалпы, қалада Орталықтандырылған жылу жүйесіне 1782 көпқабатты тұрғын үй қосылған. 10 қазандағы жағдай бойынша 1782 көпқабатты тұрғын үйдің 1676-і қысқа дайындалды (94%). Оның ішінде, Абай ауданында – 398, Әл-Фараби ауданында – 576, Еңбекші ауданында – 494, Қаратау ауданында – 208 үй.

– Қалада көше бойларының қазылып, құбырлар жаңартылып жатқаны белгілі. Бұл мақсаттағы негізгі жұмыстарды айтып өтсеңіз...

– Қаланың жылу жүйелері «Оңтүстік» және «Солтүстік» болып екіге бөлінеді. «Оңтүстік» аймағы қаланың коммуналдық меншігіне жататындықтан, жыл сайын бюджеттен қаржы бөлініп, жылу жүйелері 90 пайыздан аса ауыстырылып қойылған еді. Ал «3-Энергоорталық» АҚ-ның меншігіне қарайтын «Солтүстік» аймақтағы магистралдық жылу жүйелері былтыр қаланың коммуналдық меншігіне қабылданып, «Қуатжылуорталық-3» МКК-на берілді. Биыл қомақты қаржы бөлініп, бұл мақсатта көптеген жұмыстар атқарылды. Мәселен, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 6,5 шақырымдық магистральді жылу құбыры ауыстырылды. Қазіргі таңда «ҚазОйлСервис» ЖШС-і 6,2 км жылу жүйелерінде қайта құру жұмыстарын (95 %) жүргізді. Қалған жұмыстар 2016 жылдың 15 қазанына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, ішкі орамдық 20 км жылу жүйелері ауыстырылып жатыр. Мұндай жұмыстар бұрын болған емес. Алдағы жылу маусымына бұл да өзінің жақсы әсерін тигізеді деп ойлаймыз.
Енді қаланың оңтүстік бөлігіне келейік. Бұл бөліктегі ішкі орамдық 15,7 км жылу жүйелеріндегі ағымдағы жөндеу жұмыстарына қалалық бюджеттен қаржы бөлінген. «Қуатжылуорталық-3» МКК-і монтаж жұмыстары толығымен аяқтады.
Сонымен қатар, қазіргі таңда «Шымкент қаласының Қожанов көшесіндегі 2-ші аудандық қазандықтың 1-ші жылу камерасынан 8-ші жылу камерасына дейінгі 2,1 км магистралды жылу жүйелерінің қайта құру» жұмыстарына облыстық бюджетін нақтылау барысында қаржы бөлінді. Мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілді. Жеңімпаз «ХМСУ Мелиорация» ЖШС-і болып танылды. Қазірге дейін 600 метр жылу жүйелерінде монтаж жұмыстары жүргізілді. Қалған құрылыстар 17 қазанға дейін аяқталмақ.

– Демек, биыл жылудың сапасы жоғарылайды ғой...

– Рас, жылдан жылға сапаның артып келе жатқанын статистикалық деректерден байқап отырмыз. Мәселен, қалалық диспетчерлік қызметіне осыдан 5-6 жыл бұрын 2 мың арыз-шағым түсетін. Қазір бұл жағдай 3-4 есе төмендеді. Білсеңіз, өткен жылу маусымында 300 ғана шағым түскен. Яғни, жыл сайын жылу сапасы жақсарып келе жатыр деген сөз. Биыл одан да жақсы болады деген сенімдеміз.

DSC 6000

– Арнайы техникалар жеткілікті ме?

– Биыл да қаладағы қысқы маусымдағы тазалау жұмыстарын «ЛТД Тұрмыс» және «Югдорсервис» ЖШС-і мекемелері атқарады. Қазір қар тазалайтын және басқа да арнайы 78 техникамыз сақадай-сай тұр.

– Орталықтандырылған жылуға қосылмаған 106 үй бар екен. Олар қашан қосылып бітпек?

– Олар да толығымен жылу маусымының басталуына дейін аяқталады. Қазір жұмыстар жүріп жатыр. Бұл мәселенің тезірек шешімін табуы тұрғындардың өздеріне де байланысты екенін айта кетейін. Яғни, тұрғындар көпқабатты үйдегі жылу жүйелерін ауыстыруға мән берсе. «Қуатжылуорталық-3» КММ-і жылуды үйдің жертөлесіне дейін жеткізіп береді. Ал оны қандай сапада, қандай мөлшерде қабылдап алу тұрғындардың өздеріне байланысты. Сондықтан тұрғындарға айтарымыз: Сапалы жылумен қамтамасыз етілуді қаласаңыздар, үйдің ішіндегі инженерлік жүйелерді реттеңіздер.

Бұл мақсатта аудандық әкімдіктің мамандары да тұрғындармен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуі тиіс. Тұрғындардың сана-сезімі өзгеруі керек қой. Өздері үйлеріндегі жылу қуаттандырғышын ауыстырмаса, сапалы жылу қайдан келсін. Олар бар мәселені Үкіметке артып қойғысы келеді. Жоқ, заң бойынша бұл жұмыстарды тұрғындардың өздері істеуі керек. Немесе жылу жеткізуші мекемелермен келісім-шартқа отырып та, бұл мәселені шешуге болады.
Сонымен қатар, қала тұрғындарына мына жағдайды айта кетейін. Бүгінде қала көшелерінде жылу жүйелері ауыстырылып жатқандықтан, жолаушыларға қолайсыздықтар туындағаны рас. Бұл – жылу сапасын жоғарылату мақсатында іске асырылып жатқан шара. Тұрғындар осыған түсіністікпен қараса екен. Жұмыстар жақын уақытта аяқталады және қазылған көшелер қалпына келтіріледі.

– Биылғы жылу маусымының тарифі туралы не айтасыз?

– Тариф әлі нақтыланған жоқ. Бәсекелестікті қорғау комитеті 20 қазанда қоғамдық тыңдау өткізеді. «Қуатжылуорталық-3» МКК-і бекітетін тариф бойынша БАҚ өкілдері, қала тұрғындары, басшылар қатысады. Сонда жылу бағасының құны қанша болатыны нақтыланбақ.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Т. ҚАСЫМ

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.