Тельман СПАЕВ: Назарбаев – қайталанбас феномен Избранное

Среда, 30 Ноябрь 2016 09:34 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 2968 раз

Елбасымен бірге Теміртауда қып-қызыл оттың ортасында болат балқытып, Украинаның Днепродзержинск қаласында бірге оқыған курстастары көп. Олар еліміздің түпкір-түпкірінде тұрады. Сол жігіттердің арасында шымкенттік Тельман Спаев та бар. Ол Днепродзержинскіде металлург мамандығын игеру туралы шақыртуды жүрегімен қабылдайды. Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында Елбасының курстасы сол бір сағынышты күндерді еске алып, əсерлі сəттерді әңгімелеп берді.

IMAG2294– Тельман көке, Нұрсұлтан Әбішұлымен қалай танысқан едіңіз? Ең бірінші кездесу есіңізде ме?

– 1958 жылы 19 жастағы тепсе темір үзетін 30-дан астам жігіт Оңтүстіктен Укринаға аттандық. Металлургтер даярлайтын №8 техникалық училищеге қабылданған болатынбыз. Екінші қабатта есік алдында тұрған едім. Жаныма үш жігіт келді. Өздері Алматы облысынан екен. Олардың бірі Нұрсұлтан Назарбаев болып шықты. Оқу шеберлері жігіттерді мамандық бойынша іріктеді. Нұрекең шойын цехында болды. Қалғандары қалаған оқу топтарына бөлінді.
Біз бір топта оқыдық. Бірге жатақханада тұрып, болат балқытушы мамандығын алдық. Домна пешінің от жалынында жұмыс істеуді үйрендік. Ол топтың старостасы болды. Сол кезде еліміздің болашақ Президентiмен оқып жүргенімізді кім біліпті?! Нұрсұлтан салмақтылығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен ерекше көзге түсті. Оның «Бізді мұнда ойнау үшін емес, мамандықты меңгеріңдер деп жіберді, ал біз түк білмей барсақ, ұят болатынын ұмытпайық, жігіттер!» дегені жадымнан шыққан жоқ. Нұрекең уәдесіне берік, айтқан сөзінде тұратын. Ісіне сондай тиянақты.Өте еңбекқор, ізденімпаз. Тапсырманы мұқият орындайды. Үш күн оқып, үш күн тәжірибе жинауға барамыз. Оқумен ғана шектелмей, Нұрсұлтан қабырға газетін ұйымдастырды. Әр мерекеге мерекелік нөмірлерді шығарады. Нұрсұлтандай асыл азаматпен бiрге бiлiм алып, бiр жатақханада тұруды бұйыртқан тағдырыма ризамын. Сол бiр студенттiк күндерiм әлі күнге есiмнен кетпейдi.

– Оның көпшілік білмейтін қандай қырын айтар едіңіз?

– Нұрсұлтанның адамгершілігі, жігіттерді сыйлай-тұғын. 1959 жылы әкем қайтыс болып, ауылға кеттім. Бір апта болып, Украинаға қайттым. Нұрекең жігіттерді жинап, маған көңіл айтты. Ән-күй десе жанып түсетін. Домбыра шертіп, ән салатын. Қара сөзге шебер. Қалжыңдары да керемет.
Бірде жігіттермен отырғанда әңгіме айтты. Облыс орталығы Днепропетровскіге барғанында бір қызбен танысыпты. Сөзі жарасып, әлгі қыз Нұрсұлтанды қонаққа шақырады. Бәріміздің тағатымыз таусылып, не болғанын білгенше асықпыз. Сонымен, Нұрсұлтан: «Қыздың үйіне кірсем, ешкім жоқ. Мені бір бөлмеге отырғызып, қыз шәй дайындауға кетті. Үй іші тым-тырыс. Бір кезде елегізи бастадым. Басыма әртүрлі ой келді. «Әлгі қыз қайда жоғалып кетті?» деймін. Кенет қарсы алдымдағы керуетке көзім түсіп кетті. Қарасам...адам басы жатыр. Не істерімді білмей, шошып, ыршып тұрдым. «Япырай, бұл не сұмдық?» деп көзімді бадырайтып ашып қалсам...Туһ десеңші, түсім екен», – деп бәрімізді әрі-сәрі күйге түсіргені бар. Шаршап отырған сәтімізде осындай әзіл-қалжыңдарымен көңілімізді сергітіп жіберетін мінезі болатын. Курстастарымның біразы бітірген соң, Қазақ политехникалық институтында білімін жалғастырды. Ал, Нұрсұлтандар сол Дзержинск металлургия зауытының от-жалынында шынығып, болат балқытудың шеберi атанды. Кейiн Қазақстан магниткасын бағындырды.

– Елбасының «Алғашқы тәлімгер» шығармасында ұстаздарыңыз Дмитрий Погорелев туралы жазылған. Шыныңызды айтыңызшы, ол болжампаз кісі болған ба?

– Ұстазымыз біздің мінезімізді жақсы біледі. Бірімізге сен инженер, сен цех бастығы боласың деген. Дмитрий Изотовичтің көрегенділігіне әлі күнге таңырқаймын. Арамызда Алтай, Жұман деген жігіттерге: «Сендер Нұрсұлтанды тыңдай бермейсіңдер. Оларың бекер. Біле білсеңдер, Назарбаев болашақта Қазақстанның Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болады, – деді. Біз қарап қаламыз ба, жан-жақтан «мен кім боламын» деп сұрап жатырмыз. Ол кісі көріпкелдей әрқайсысымызға қай мамандықтың иегері болатынымызды айтып берді.
Ұстазымыз айтқандай, бәріміз металлург болғанымыз жоқ. Мұғалімдік қызметке кеткендер, өзге мамандықтың тізгінін ұстаған азаматтар да бар. Нұрекең осы қызметте биіктерге көтерілді. Асуларды бағындырды. Курстастарымызбен бас қосқанда ұстазымыздың болжампаздығына таңғалатынымызды әлі айтып қоямыз. Украина металлургиясының қара шаңырағына арман-тілек жетелеп барған 72 өреннің біразы Теміртау еңбек мектебінде шыңдалып, араларынан атақты металлургтер, 6 ғылым докторы, танымал қоғам қайраткерлері шықты.

– Елбасымен оқыған соң, қашан жолықтыңыз? Ол сізді таныды ма?

– «Днепродзержинск техникалық училищесінде оқығандардың көпшілігі Қазақстанның металлургиялық зауыттарында жұмыс істеді. Жерлес үш жігіт елге қайттық. Менің анам жалғыз, келіншегімнің аяғы ауыр болатын. Ауылға оралған соң, әскерге аттандым. Үш жыл Көкшетауда әскери борышымды атқардым. Сол жылдары Нұрсұлтандар Қарағандыда болатын. Мерзім бітіп, ауылға келе жатып, курстастарыма соқтым. Мәре-сәре болып қауышып, қуанысып қалдық, әрине. Көп адамдар уақыт өте байырғы, мектеп қабырғасындағы достарымен байланыстарын үзіп алып жатады. Ал, Нұрекеңде ондай әдет жоқ. Курстастарымен әлі күнге дейін байланысын үзген емес. Нұрсұлтан ол кезде шебердің көмекшісі екен. Екінші рет 1969 жылы Теміртауға бардым. Нұрсұлтан қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы екен. 10 минуттай сөйлестік. Бірге оқыған жігіттерді еске алдық.

– Сізден Елбасы: «Қандай өтінішіңіз бар» деп сұрады ма?

– Жеке өтінішіммен Елбасының алдына барған емеспін. Біз кездесуде жастық шағымызды еске аламыз. Ән айтамыз, қалжыңдасамыз. Шыны керек, кездесулерде болғанымызбен, курстастарының ешқайсысы Нұрекеңе жеке басының шаруасын, өтінішін айтып, көмек сұрағандары жоқ. Оны Нұрсұлтанның өзі де бір кездесуде өзімізге ризалықпен айтқаны бар. Біз бірге оқып жүргенімізде тұрмысымыз қарапайым болды. Елбасымен бірге оқыдым деп, жоғары қызметті көздеген емеспін. Курстастарым да сондай.

– Елбасы туралы кітап жаздыңыз. Естеліктеріңізбен бөлістіңіз...

– Жазуға мектепте оқып жүріп, қызығушылығым болды. Мұғалімімнің мазмұндамасын айна-қатесіз жазып беретінмін. Содан шығар, ұстаз боламын деген түпкі мақсатым болды. Президентіміз туралы түсірілген «Лидер» фильмінің авторымын. Нұрсұлтан туралы «Келешекте» деген кітап жаздым. «Қызылкөпірдегі кездесулер» деген қолжазбам бар.

– Кездесулерде нені талқылайсыздар?

– «Елбасы Оңтүстiкке келеді» деген хабарды ести салысымен, ол кiсiмен кездесуге асығамын. Ұмытпасам, Днепродзержинскіде оқығандардың 45 жылдық кездесуі 2003 жылдың күзінде Шымкентте өтті. Көліктен түскен Нұрсұлтан Әбішұлы бәрімізге құшағын жайып, жылы амандасты. Дастарханда бас қосып, жастық шақты еске алдық. Әр басқосуда ерекше тебіреністе боламыз. Ол бізді көргеннен ағынан жарылады. Біз саясатты қозғап, халықаралық қатынастарды сұрамаймыз. Ең таусылмайтын, ескірмейтін әңгімеміз сол – жастық шаққа саяхат жасап, студенттік жылдарды, бірге жұмыс істеген кездердегі естеліктерді, қызықты оқиғаларымызды еске түсіреміз. Елбасы бар зейінін курстастарына қойып, әңгімемізді тыңдайды. Арасында әзіл айтып, ән салады. Сөйтіп мәре-сәре боламыз. Нұрекең бізбен жүздескен 5 сағат ішінде елдегі жағдайға да тоқталып, халықтың тұрмыс-тіршілігінен хабардар болудың да қисынын тауып жатты. Кездесу соңында бәрімізге швейцариялық сағат пен «Өз көзіммен» авторлық кітабын сыйға тартты. Қазір өңірдегі курстастарымның бәрімен араласып тұрамын. Тойларда, қуаныштарда жиі бас қосамыз.

– Тәуелсіздігімізге 25 жыл толып отыр. Елбасының еңбегі жайында не айтасыз?

– 25 жыл ер жігіттің кемеліне келген шағы. Оңы мен солын танитын кезі. Сондай жасқа жеткен Қазақ елі де, жан-жағын бағамдап, барын саралап, жоғын түгендеп, болашағына жоспар түзіп, биіктерді бағындыруға сенімді сатыда тұр. Нұрсұлтан елдің ертеңі үшін еңбек етіп жатыр. Қазір Қазақстанды әлем таниды. Кейбiреулер: «Елбасыда арман жоқ шығар» деп ойлайды. Неге арман болмасын?! Қазақстанның тағдырын шешу, бейбіт заман орнату ол үшін оңай болған жоқ. Елбасының ендігі мақсаты – елдің тыныштығын, халқының амандығын сақтау. Нұрекең өзі айтқан Ұлы дала елін ұлық мемлекеттер қатарына қосатынына кәміл сенемін. Тек Тәңір оған мықты денсаулық берсін! Ал күш-жігер, батыл идеялар оның бойында әлі де бұлқынып жатыр. Кейде таңқаламын. Негізі, Нұрсұлтан – қайталанбас феномен!

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Бахтияр Тайжан. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.