Мұстафа Шоқайға лайықты баға берілді ме?

Пятница, 09 Декабрь 2016 07:03 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5700 раз

(Парижде саябақ ашылып, мүсін қойылса, Астанада көше аты да жоқ)

Біздің бүгінгі респондентіміз – Әбдіуақап Қара (суретте). Ғалым, жазушы, тарих ғылымдарының докторы, Мимар Синан атындағы Ыстамбұл университетінің профессоры.
Түркияда тұратын бұл ғалым қазақ тарихын зерттеуге сүбелі үлес қосып жүр. Оның, әсіресе, Мұстафа Шоқайдың өмірі мен тарихтағы рөлі туралы еңбектері тарихтың терең теңізінен маржан тергендей дүние. Шетелдік мұрағаттардың қатпар-қатпар парақтарын талмай ақтарып, қазаққа қатыстысын қалт жібермей келе жатқан тарихшы ағамыздың өткенімізді түгендеуге қосқан еңбегі ересен. Әбдіуақап Қараның тұлғалық тұрпатының өзі бөлек. Тектілікке тұнып тұрған қазақы болмыс. Таяуда Түркиядан Шымқалаға жұмыс бабымен келген ағамызбен сұхбаттасудың сәті түсіп еді.

DSC 6141

«Сананың тәуелсіздігі бір күнде келмейді»

– Әбдіуақап аға, Қазақ елі былтыр Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесін тойлады. Биыл А. Иманов бастаған ұлт-азаттық көтеріліске 100 жыл толып отыр. Неге екені белгісіз, осы тарихи оқиға атаусыз қалып жатқан сияқты. Ұлтымыздың тарихын шетелде жүріп зерттеп, қомақты үлес қосып келе жатқан ғалым ретінде бұл маңызды тарихи оқиғаның өз деңгейінде аталмауын қалай түсіндірер едіңіз?

– Қазақ елінің тәуелсіздік алғанына 25 жыл болды. Кеңестік кезеңде ұлттық тарих зерттелген жоқ. Нақтысы, зерттетпей тастады. Сондықтан бүгінгі таңда бізге жетпей жатқаны – ұлттық тарихтың мазмұны мен оны тереңдету жолдары. Өйткені, тарихты зерттеу деген оңай нәрсе емес. Бұған ондаған жылдар мен жаңа көзқарас қажет. Саяси тәуелсіздік бір күнде келеді, ал сананың тәуелсіздігі бір күнде келмейді. Ол үшін көптеген жылдар еңбек етуге тура келеді. Себебі, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тарихты зерттеген ғалым ағаларымыз сол кездің өзінде алпыстың асқарына шыққан ақсақалдар еді. Олар Кеңестік кезеңнің идеологиясымен ойлады. Ұлттық тарихтың ақиқати астарын айта алмады. Себебі, 74 жыл бойы маркстік-лениндік көзқарас тұрғысынан тарих бұрмаланды. Олар қанша тырысса да, еуроцентристік көзқарастың тұтқынына тұтылған тарихты өзгерте алмады. 

Тәуелсіз Қазақстанның тарихын жазатын тәуелсіздіктің құрдастары, яғни, осы кезеңде туып-өскен жас тарихшылар. 1991 тәуелсіздік алған жылы туған бала 25 жасқа келді. Бұлар Кеңестік идеологіяның қысым-шектеулерімен емес, еркін оймен өсуде. Мәмбет Қойгелді бастаған отандық тарихшылар да кенестік тарихнаманың әсер-ықпалынан арылу үшін басқа елдердің зерттеу тәсілдерін үйрену қажеттілігіне тоқталуда. Мәселен, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, Алаш зиялыларының еңбектері дер кезінде зерттеліп, ескеріліп жатыр деп айта алмаймыз. Мұстафа Шоқайға Францияда француздар жоғары баға беріп, саябақ ашып, мүсін қойған. Ал біз әлі де тәуелсіз Қазақстанның астанасынан бірде-бір көшенің атын бере алмай отырмыз. Өйткені, әлі де Мұстафа Шоқай іспетті тұлғаның тарихтағы орны мен рөлін зерделей алмай жүргендер көп. Советтік сарында ойлап, оған «сатқын» деген күдікпен қарайтын зерттеушілер де жоқ емес. Әрине, бұрмаланған тарихымызды шаң-тозаңнан аршып алу жолында үлкен бетбұрыстар жасалды, жасалып жатыр. Бұл орайда қазақ тарихшылары Шоқайдың нацистермен, яғни фашистермен ауыз жаласпағанын архив құжаттарымен дәлелдеп отыр. Дегенмен, ғалымдардың бұл дәйектері халыққа толыққанды жетіп жатыр дей алмаймын. Ғылымдағы жетістіктерді тек тарихшылар, журналистер айтып қана қоймай, сценаристер мен режиссерлер де өз туындыларында көрсетіп берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, ғылыми кітапты барлық адам оқи бермейді. Ал сол ғылыми еңбектердегі тарихи деректер өнер туындыларында, киногерлердің фильмдерінде, саясаткердің баяндамасында көрініс тауып жатса, онда мыңдаған адам бұл дүниелерден хабардар болады. Сонда халықтың ұлттық тарихқа деген көзқарасы да қалыптасар еді. Сонда тарихи оқиғаларға қоғам болып мән берген болар едік. Қорыта келе айтарым, қазақтың ұлттық тарихы әлі түгенделген жоқ. Өздеріңіз білесіздер, өткенде Елбасы Н. Назарбаев: «Тәуелсіз Қазақстанның тарихы әлі толық жазылмады», – деді. Бұл бағытта Президенттің қолдауымен игі шаралар атқарылуда. Сонымен қатар «Мәдени мұра бағдарламасымен» қазақтың шетелдерде шашырап жатқан көптеген тарихи деректері жинақталып, зерттеліп кітап болып шықты. Мұның бәрі ұлттық тарихқа қосылған сүбелі үлес.

DSC 6125

– Әлгінде бір сөзіңізде отандық тарихты шетел тәжірибесіне сүйеніп зерттеу туралы айтып қалдыңыз. Өзіңіз өмір сүріп, қызмет ететін Түркия Республикасының мұрағаттарында қазақтар туралы тың деректер бар ма? Және олардан тарихты зерттеудің қандай әдіс-тәсілдерін үйренуіміз қажет?

– Маңызды сұрақ қойдыңыз. Түркияның бұл турасында 90 жылдан астам тәжірибесі бар. Мұстафа Кемал Ататүрк 1923 жылы Ұлттық Түрік Республикасын жариялады. Одан алдын Оспан патшалығы болды. Патшалық жүйеден ұлттық мемлекеттік жүйеге өтті. Сонда тарихи көзқарас өзгерді. Осман патшалығы кезінде олар дінге негізделген мемлекет болғандықтан, тарихи көзқарасы пайғамбарымыздың туылуынан басталатын «Үмбеттік тарихи көзқарас» болған. Одан арғы көне түркілердің тарихы ол кезде зерттеліп кітаптарда орын алмаған. Ататүрік жаңа мемлекет жариялағаннан кейін тарихты өзгертіп, ұлттық тарихты исламнан бұрынғы дәуірлерден бастауға тура келді. Осы тұста Ресейдегі түркі-мұсылман зиялыларының көмегі көп тиді. Түріктің көп тарихшылары тарихты көне түркілерден бастап зерттеп, түркілердің исламға дейін де, исламнан кейін де ірі мемлекеттер құрған ұлы өркениеті бар ұлт екенін дәлелдеп, көптеген еңбектер жазды. Қазақстанда қазіргі таңда «Мәдени мұра» бағдарламасы жұмыс істеп, мемлекеттің көмегімен әлемнің қайсыбір бұрышынан да қазаққа қатысты деректерді жинап, ілкімді істер атқарылуда. Бұған қыруар қаржы бөлінген. Осман патшалығының мұрағатынан түріктер мен қазақтардың саяси, елшілік байланысы туралы құжаттар
Қазақстанға берілді. Сүлеймание кітапханасындағы араб-парсы қолжазбасынан да біраз материалдарды қазақстандық тарихшылар алып кетті.

DSC 6169

«Алаштың тарихы Мұстафа Шоқаймен тереңдей түседі»

– Аға, сізді шоқайтанушы ретінде жақсы білеміз. Мұстафа Шоқайға қатысты жаңадан қандай да бір тың деректер бар ма? Ғылым жолындағы соңғы жаңалықтарыңызбен бөлісе отырсаңыз...

– Менің негізгі зерттеу обьектім – Мұстафа Шоқай. Азаттық радиосында 1988 жылдан бастап 7 жыл қызмет еттім. «Азаттық» радиосының бұрынғы қызметкерлері – соғыстан аман қалған қазақстандық азаматтар Мұстафа Шоқайды кезінде көрген кісілер екен. Мен барған уақытта олардың барлығы зейнетке шығып кеткен, кейбірі бақилық та болған еді. Бірақ, сол азаматтардың ізін басқан Махмет Құлмағамбетов, Хасен Оралтай, Мұхабай Енгин, Талғат Қосжігіт, Әлихан Жаналтай сынды қазақстандық және түркиялық азаматтардан Шоқайға қатысты біраз дерекке қанықтым. Көп әңгіме естідім. 1989 жылы Қазақстан Компартиясының қаулысымен Алаш қайраткерлерінің бір тобы ақталып, олардың еңбектері жарыққа шыға бастады. Сол кезде Мұстафа Шоқайды ешкім батылы жетіп ауызға алып, айта алмады. Тек 1990 жылдан кейін Қазақстан тарихының соңғы шындығы ретінде оның есімі атала бастады. Бейбіт Қойшыбаев деген ағамыз «Ана тілі» газетінің бетінде «Мұстафа Шоқай кім?» деген тақырыпта мақала жариялады. Одан бес-алты айдан кейін жазушы Әнуар Әлімжанов ағамыз «Қазақ әдебиеті» газетінде «Мұстафа Шоқай халық жауы емес, халық қаһарманы» екенін айтқаннан кейін ғана бұл тақырып ашық зерттеле бастады. Мен, міне, осы үрдісті Азаттық радиосында Қазақстаннан келген баспасөз материалдарынан оқып отырдым. Сөйтіп Шоқайдың өміріне қызығып, зерттей бастадым.

DSC 6133Мұстафа Шоқайдың тәуелсіздік күресі 1921 жылы Францияға барғаннан кейін басталды. 1929-1939 жылдары оның басшылығымен «Яш Түркістан» журналының 117 саны шыққан. Басқа да көптеген материалдар Еуропада мұрағатта жатыр. 1995 жылы Түркияға қайтып, ғылым жолына түскеннен кейін докторлық диссертациямның тақырыбы ретінде Мұстафа Шоқайды таңдадым. Францияда, Германияда болдым. Сол жақтың мұрағатынан көп тың материал таптым. Менің ең үлкен жетістігім – Мұстафа Шоқайды кеңестік кезеңдегі «фашистермен бірге әрекеттес болған» деген жаланың негізсіз екенін алғаш рет дәлелдермен ортаға салғандығымда деп ойлаймын. Менен кейін бұл салада зерттеу жүргізген ғалымдар да оның жала екенін көптеген деректермен ғылыми айналымға қосып жатыр. Шоқай ешқашан легионда жұмыс істемеген, қатысы да болмаған. Өйткені легион Шоқай дүние салғаннан кейін 1942 жылы сәуір айында құрылған. Мұстафа Шоқай нацистермен бірге істеген жоқ. Өйткені, Мұстафа Шоқай нацистер алда-жалда Кеңес одағын қиратса, Орталық Азияға тәуелсіздік бермейтінін, тіпті большевиктерден ары жабайы түрде қанайтынын жақсы білді. Сондықтан фашистердің оған Кеңес Одағына қарсы бірге жұмыс істеу жөніндегі ұсыныстарына «Сіздер Кеңес одағын жеңген уақытта бізге тәуелсіздік бересіздер ме?» деген қарсы сұрақ қойған. Олар ешқандай да жауап қата алмаған. Өйткені, «бермейміз» десе, шындықты айтқан болады. Онда Мұстафа Шоқай жұмыс істемейтінін біледі. «Береміз» деп өтірік айтса, оған Шоқайды сендіре алмайды. Сөйтіп Мұстафа Шоқай: «Сіздермен бірге жұмыс істемеймін, үйіме кетемін»,- деді. Париждегі үйіне қайтып бара жатқан жолда Берлинде кенет ауырып 1941 жылы 27 желтоқсан күні қайтыс болды. Нацистер, бірақ, Уәли Қайымхан секілді жастарға өтірік айта алады. «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты Серік Шәкібаевтың кітабында: «Мұстафа Шоқайды Уәли Қайымхан у беріп өлтіріп, Түркістан легионына бастық болғысы келді» деп өтірік жазылып кеңестік саясат қазақ пен өзбек халықтары арасына сына қаққысы келді. Шоқайдың қасында тілмаш болып жүрген өзбек жігіті Уәли Қайымхан, әрине, оның немістермен бірге жұмыс істеуінен бас тартқанын біледі. Онда ол неге өлтірсін?! Әйелі мен достарының айтуынша, нацистер оған у беріп қоя берген. Сөйтіп Шоқай Берлинде кенеттен ауырып қайтыс болады. Немістер «жұқпалы аурудан өлді» деп ақиқаттан өздерін арашалап алмақты ойлады.

Мұстафа Шоқай – тек қазақтың ғана емес, исі түркінің мақтанышы. Түркияда оған өте жоғары баға берілуде. Францияда да солай. 2010 жылы Парижде оның тұрған үйінің қасынан саябақ ашып, мүсін қойылды. Мұстафа Шоқай – шоқтығы биік тұлға. Алаштың тарихы Мұстафа Шоқаймен тереңдей түседі. Ол 1941 жылға дейін Еуропа елдерінде Алаш идеясын ту ғып көтерді. Сондықтан ол – Алаштың соңғы түйіні.

– Елге оралатын ойыңыз бар ма, аға?

– Әрине. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейді. Елге оралып, қызмет етуді армандаймыз. Ғалым болғаннан кейін қай жерде елге көбірек пайдамыз тисе, сол жерде жүреміз. Ғалым адамға материалдық құндылықтан гөрі рухани құндылықтың қажеттілігі зор. Түркияда жүріп, еліміздің тарихын зерттеу ісіне титтей де болса үлесімді қосып келемін. Қазақстанның Түркиядағы елшілігіндегі дипломат достарым мынадай кеңес береді: «Әбеке, сіз елге қайтуға асықпаңыз. Шетелдегі танымал қазақ ғалымдарын елге қайтару жайында заң бар. Сол заң арқылы кезі келгенде үкімет сізді шақырар. Ал бүгінгі танда Түркияда Қазақстанның имиджін көтеріп жүрсіз. Қазақ-түрік ғалымдарының байланысына мәдени-ғылыми көпір болып отырсыз. Әрі бұл жақтағы орныңыз ойсырап қалады. Өкшеңізді алып келе жатқан жастар сіздің орныңызды бассын. Одан кейін елге барып, жаңа шәкірттер тәрбиелейсіз», – дейді. Олардың кеңесі орынды сияқты.

Сұхбаттасқан
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ
Суретті түсірген
Данияр Қожабек

Последнее изменение Пятница, 09 Декабрь 2016 08:33
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.