Б. ӘШІРБАЕВ, сәулетші: «Жұмақ та жұмбақ мекен бұл Оңтүстік»

Среда, 18 Январь 2017 08:56 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 8714 раз

Әр жылы түрлі салада жемісті еңбек етіп, елге қызмет көрсеткен азаматтарға «Жыл үздігі» номинациясын табыстау дәстүрлі түрде жалғасын тауып келеді. Осы орайда облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың ықыласына бөленген 52 үздіктің бірі, белгілі сәулетші – Бақытжан Әшірбаев. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де жаңа жобаларды қолға алған Бақытжан Құдайбергенұлынан сәулет өнері туралы сыр тартып көрдік.

15800809 1425943607415647 536383491324223156 o

– 2016 жылдың «Үздік сәулетшісі» болып танылдыңыз, құтттықтаймыз!

– «Жыл үздігі» номинациясына мені таңдау – талай жылдан бергі атқарған еңбегімнің бағалануы деп білемін. 2016 жылдың 9 ақпаны күні 63 жасқа толдым және сол күні облыс әкіміне өтінішімді жазып, зейнетке шығып кеткенмін. Ол кезде облысты Бейбіт Атамқұлов басқаратын. «Неге бірден зейнетке шығып барасыз? Әлі де талай істі тындыруға шамаңыз келеді ғой» десе де, шешімімді өзгертпедім. Өмір бойы қызметте жүргендіктен бе, бір ай ғана алаңсыз демалуға тағатым жетті. Біршама жауапкершіліктен босаған соң шығармашылық шабытым тасып, бұрыннан ойда жүрген жобаларды қайта пысықтай бастадым.

 

– Ол қандай жобалар еді?

– Жалпы, әр ауданды көркейтуге мүмкіндік беретін жобалар. Игерілмей қалған жерлер кезек күтіп тұр. Солардың қатарында ең әуелі Ордабасы ауданының сәулетін қалай арттыра аламыз? Қалаға жақын, жаңадан салынған жолмен небәрі 20 минутта жетуге болады. Жол жиегін жағалай ағаш отырғызып, көгертіп қойса керемет емес пе? Су тапшылығы жоқ, Арыс өзені ағып жатыр. Сол маңдағы 900 гектар жерден Шымкент тұрғындарына ыңғайлы демалыс орнын жасау жобасына облыс басшылары ғана емес, аудандық әкімдіктер де қызығушылық танытты. Халықты шетелге саяхаттауға жібергенше, өзіміздегі мүмкіндіктерді пайдаланған дұрыс емес пе? Мұнда демалатын жағдай жасалса, біріншіден қазақтың бос жатқан кең даласын көркейтеміз. Екіншіден, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселелері оң шешімін табады. Үшіншіден, есептей келе жобаның бюджетті байытатынына көз жеткіздік.

otyrar

– Ағаш отырғызып, көгалдандыру мүмкін бе?

– Әрине. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автожолы өтетін осы аймақтағы жердің көбі иесі болғанымен бос жатыр. Сол жақпен жүріп өтсеңіз, мидай жазық даладан көз талады. Сырттан келген адам сахара деп ойлауы да мүмкін. Алысқа бармай-ақ, табиғаты ұқсас, іргемізде отырған Өзбекстанға барсаңыз «жасыл қаланы» көріп қайтасыз. Бос жатқан жер жоқ. Дәл сондай көгалдандыру жұмыстарын біздің облыстағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автожолының бойында да жасауға болады.

– Су бармайтын жерлерді қайтпек керек?

– Бұл сұрақ төңірегінде мамандармен ақылдаса келе, 280 мың гектар жерді сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік барын анықтадық. Бірақ, бұрынғыдай арық-атызбен емес, жаңа технологиялық мүмкіндіктерді пайдалану арқылы қол жеткізуге болады екен. Арыс, Боралдай, Бадам сияқты сулы жерде отырып, игілікті пайдаланбауымыз ұят-ақ. Саралай келе, жолдың екі жағынан 2 шақырымдай жерге жеміс ағаштарын отырғызып, тамшылатып суару әдісімен су жеткізілсе, соның өзі иен далаға көрік береді. Біздің жерімізде кез келген жеміс өсіп-өнеді. Егер осы бір ғана аудандағы жоба жүзеге асса, жылына 200 млрд. теңге табыс әкеледі екен. Бұл қазіргі облыс бюджетінен он есе көп табыс. Суға байланысты мәселені екінші қырынан алып қарасақ, тағы бірқатар сұрақтар жолға қойылады. Мәселен, жаз бойы су тапшылығы орын алғанымен, қыс маусымында жауын-шашын көп түссе, су тасып әуреге салатыны жасырын емес. Ордабасының өзін талай рет су шайып кетті. Яғни, су жүйесі реттелмеген. Осы орайда, 3-4 су қоймаларын орналастыруға болатын орындарды таптық. Егер сол қолға алынса, су да көбейеді, тасқынның да алдын ала аламыз.

sairam

– Бүге-шүгесіне дейін қарап шыққан тағы қандай жобаларыңыз бар?

– Төле би, Қазығұрт ауданында да талай қазына жатыр. Өгемнің өзі не тұрады? Нағыз туристік аймақ. Тағы да көрші елге назар аударыңыз. Қырғызстанда «Бүкіләлемдік көшпенділер ойынын» өткізу бүгінде дәстүрге айналған. Өткен жылы спорттың 23 түрінен өткен жарысқа 50-ден астам елдің спортшылары қатысты. Біздің Қазығұрт ауданындағы «Кеме қалған» аймағы да сондай іс-шара ұйымдастырып, туристерді тартуға өте ыңғайлы. Арғы жағынан Ташкент, бергі жағынан Шымкент көрінеді.
Сарыағаш ауданы – минералды судың отаны. Алақандай жер қалдырмай егін егіп, жердің құнарын пайдалана алсақ, бұл да облыс бюджетін байытудың бір көзі. Келес өзенінің бойынан саялы орындар мен дәмханалар түссе, игілігін жергілікті тұрғындар көреді. Егін шаруашылығына халықтың қызығушылығын арттырып, оларды да өңірдің әлеуетін арттырып, көркейту мақсатына жұмылдыруға жол ашады. Қарап тұрсаңыз, біздің Оңтүстік жұмақ та, жұмбақ мекен емес пе?
Міне, осылай бір жыл зейнетте отырып, үш жоба дайындадым.

turkistan

– Шынында да әсерлі көрініс елестейді. Сіз көрсеткен жобалармен облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы танысты ма? Қандай баға берді?

– Өңір басшысы қайдан естігенін білмеймін, шеберханама орынбасарларын ертіп, арнайы келіпті. Жобаларым туралы хабардар екенін айтып, толық танысты. Алғашында «жарты сағатқа келдім» десе де, үш сағат отырып тыңдады. Қызықтырған болуы керек, бұл жобалардан басқа жұмыстарым туралы да сұрап білді. Осыдан он жыл бұрын жасаған экспедицияның нәтижесінде он сериялы кино түсіргенбіз және сол жобаға арнап журнал шығардық. Өңір басшысының көңілінен шыққан болар, «Бұл жұмыстарды жалғастырайық!» деп ықыласын білдірді.
Біз – сәулетшіміз, мүмкіндіктерді қарастыра отырып жоба жасаймыз. Ал керемет дүниені кәдеге жарату үшін жоба мен қолдау аздық етеді. Мұнда арық қазушы мен кірпіш қалаушының да еңбегі зор.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

Последнее изменение Среда, 18 Январь 2017 09:55
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.