Версия для печати

Сабыржан ӘБІЛДАҰЛЫ: «Өз-өзіңді қамшылау – жеңістің басты қағидасы» Избранное

Среда, 25 Январь 2017 05:07 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 7866 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Сабыржан Әбілдаұлы – Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің үздік спортшысы. Дзюдо күресінен жастар арасында Азия чемпионатының қола жүлдегері. Қазақ күресі, самбо, дзюдо, белбеу күрестерінен Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы. Спорт – денсаулық кепілі. Өміріне спортты серік еткен, спорттың 5 түрінен спорт шебері, облысымыздың «барысы», қазақ күресін әлемге танытып жүрген спортшымен орайы келгенде жолығып, әңгімелескен едік.

IMG-20170106-WA0008

– Сабыржан Әбілдаұлы,сайыстардан қол үзіп қалғаныңызға біршама уақыт болды. Оған не себеп?

– Рас айтасыз, осыдан екі жыл бұрын қолымнан жарақаттанып, жарыстардан қол үзуге тура келді. Әзірге, үлкен жарыстарға болмаса да, өзімнің салмағымда облыстық жарыстарға қатысып тұрамын. Шүкіршілік, жағдайым жақсарып келеді, дегенмен әлі де болса түйе балуандармен белдесуге мүмкіндік болмай тұр.

– Сіз кілемге қалай келдіңіз? Өзіңіз туралы таныстырып кетсеңіз.

– Мен 1989 жылы 11 наурызда Отырар ауданы, Көкмардан елдімекенінде дүниеге келдім. 3 қыздан кейінгі жалғыз ұл болып өстім. Алайда, бала күннен менде еркелік емес, жауапкершілік жоғары болды. Үйде әке орнына әке, аға орнына аға, іні орнына іні болуға тура келді. Мектепте үздік оқыдым, 2006 жылы мемлекеттік грант иегері болып, М. Әуезов атындағы ОҚМУ-ға «Алғашқы әскери дайындық» мамандығына оқуға түстім. Кішкентай кезімізде мұғалім «өскенде кім боласыңдар?» деп сұраса, мен бірден «полицей» боламын дейтінмін. Сол бала арманым орындалып, ішкі істер органдарында 2013 жылдан бастап қызмет атқарудамын. Бүгінгі таңда ОҚО ІІД ниспекторы, полиция аға лейтенантымын. Қазақ күресіне 3 сыныптан бастап қатыстым. 7 сыныпта аудандық, облыстық жарыстарда бақ сынадым. Қазір спорттың қазақ күресі, самбо, дзюдо секілді 5 түрінен спорт шеберімін.

– Алғашқы жеңіске жеткен күніңіз есіңізде шығар...

– Әрине, ең алғаш жеңістің дәмін татқан сәтін ешбір спортшы ұмытпайды. Өйткені, ондай тәтті кезеңді естен шығару мүмкін емес. Алғашқы жарыстан алған сыйлығым – кішкентай магнитафон болатын. 7 сыныпта күрестен облыстық жарыс өтті. Содан 3 орын алғанмын. Одан кейін ең бір қуанған кезім – автокөлік ұтып алуым. 19 жаста едім. Бөген ауылында үлкен ас беріліп, көкпар сайысы болған. Сол кезде түйе балуанды жығып, автокөлік иемдендім. 2008 жылы Оралда өткен жарыста 1 орынды иеленіп, автокөлікпен қайтқаным бар.

IMG-20170106-WA0006

– «Қазақстан барысы» додасына қатысқаныңызды білеміз. Осы сайыста өз әлеуетіңізді қаншалықты көрсете алдыңыз?

– «Қазақстан барысы» республикалық турниріне 2010 жылдан бастап, 4 жыл қатарынан күрестім. Үлкен жеңісім 2013 жылы бесінші орынды иеленгенім болды. 2013, 2014 жылдары Ішкі істер органдары арасында самбодан өткен Қазақстан чемпионатынан екі жыл қатарынан бас жүлдені иелендім. Одан өзге, 2008 жылы Ташкент қаласында жастар арасында самбодан өткен Азия біріншілігінде 1 орынға ие болдым. Мәскеу қаласында жастар арасында Әлем біріншілігі өтті, онда да 1 орынды иелендім. ОҚО ІІД-нің 2015 жылғы үздік спортшысы атандым.

– «Осылар мықты қарсыластарым болды» деп кімдерді атар едіңіз?

– «Қазақстан барысына» қатысушылардың бәрі де мықты балуандар. Әрбірінің өзіндік әдістері бар. Мысалы, Бейбіт Ыстыбаев қырқа шалу, сырттан тастау әдістерін көп істейді. Қызылордалық Руслан Әбдіразақов, Ұлан Рысқұл, Айбек Нұғымаровтардың да өзіндік ерекше әдістері бар. Қарағандылық Асыл Барменовпен 2007 жылдан бері кілемде күш сынасып жүрміз. Осылар қазақ күресінің «майын ішіп, жілігін шаққандар» деп айта аламын. Біздер кілемде ғана қарсыласпыз, ал жеке өмірде доспыз. Ағалы-інідей сыйласамыз. Мәселен, қызылордалық Руслан Әбдіразақовпен, қарағандылық Асыл Барменовпен түйдей құрдаспын.

– Қарсыластарыңыздың арасында ең ауыры кім болды?

– Ондай қарсыластарым бар. Мәселен, Ордабасы ауданында Қажымұқан Мұңайтпасовты еске алуға арналған халықаралық турнирде 185 келі моңғол балуанымен күрескенімді айтар едім. Ол кезде өзімнің салмағым 95 келі. Қарсыласымды әдіске салу арқылы, жеңіп кетіп едім.

– Әрине, спортшының жетістіктері бапкерге де байланысты ғой.

– Мен өмірімде өте жақсы адамдардың жолығып, білікті мамандардан тәлім алып, жолдас болғаным үшін шексіз шүкірлік етемін. Алғашқы ұстазым – Нышанбек Бексұлтанов. Қазіргі бапкерім – Құралбай Орынбасар. Бала кезімнен жаттықтырып, жеңісіме себепкер болған осы кісілер. Мықты бапкерлер деп мақтанышпен айта аламын. Өмірімде де, спортта да үлгі болған адамдар.

– Айтыңызшы, сіз үшін өмірдің құндылығы неде, жеңіске жету үшін не істеу керек?

– «Арыңды сақта, болсаң да малға кедей», – деген сөз өмірлік ұстанымым. Намысты жігіт ретінде, қызмет пен достықта адалдықты, отбасыда тұрақтылықты, күнделікті салауатты өмір салтын ұстануды міндет еткенмін. Денсаулықтың өзін бағаламай, арақ ішіп, темекі тартып, есірткіге бой алдырып жүргендер аз емес. Ал бұл жат қылықтар жамандықтың бастауы. Ал қызметіме келер болсақ, спорт – сенімді серігім. Жаттығу, үнемі өзіңді жетілдіріп тұру – жеңістің басты қағидасы деп білемін.

IMG-20170106-WA0002– Облысымыздағы қазақ күресінің дамуына қандай баға бересіз? Өскелең ұрпақтың қызығушылығы қандай?

– Дәл қазір оны нақты айта алмаймын. Себебі жарақаттануыма байланысты біраз уақыт спорттан шеттетіліп қалдым. Дегенмен, жарыстар өтіп жүр ғой. Соған қуанасың. Бірақ қарқынды түрде емес. Оны жаттықтырушының жетіспеуінен немесе жастардың қызығушылығының төмендігінен деп айтуға болмас. Ұлттық өнерімізді төрге оздырамыз десек, қомақты қолдау керек. Спортшының шет жаққа жарысқа шыққан кезде тамағына, жатын орнына үлкен қаражат кетеді. Кейбірінің жағдайы жетсе, кейбірі мықты спортшы бола тұра, қаржы қолбайлау болып, қалып кетіп жатады. Қазір қазақ күресінде Оңтүстікте
Жұманазар ағамыздың абыройы асып тұр. Енді оның ізбасарлары мол болуы үшін, оларға тиісті жағдай жасалуы тиіс. Әсіресе, елім, жерім деген қалталы кәсіпкерлер қолдаса деп ойлаймын.

– Бапкер болу ойыңызда бар ма?

– Әлбетте, бапкер болғым келеді. Қазір өзім шәкіртпін. Баламен жұмыс жасау үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Мәселен, өзім қалаға оқуға түскен кезімде 1,5 жыл жоғарыда атап өткен жаттықтырушым Құралбай Орынбасардың үйінде тұрғанмын. Өзінің баласындай көріп, барлық жағынан көмек көрсетті. Ақыл тоқтатып, бапкер болуға лайықты болған кезімде мен де шәкірт тәрбиелеуге кірісетін шығармын. Өзіңнен кейін із қалдыру ғажап дүние ғой. Ең алдымен психолог болу, яғни баланы түсіне білу керек. Оның болмысына қарай әрекет жасап, психологиялық-моральдық тұрғыдан да көмек көрсете білу қажет. Қатал, әрі жұмсақтық та қатар жүру керек секілді. Шәкірттің әрбір әрекеті үшін жауапты боласың.

– Спорттық мансабыңызда қаржылай көмек көрсеткен қолдаушыңыз болды ма?

– Менде бір ғана демеуші болды. Отырар ауданының тумасы, қазір «Конти» фирмасының директры Бекжан Мамыт деген азамат. Дзюдо күресінде кимоно алу көп қаражатты талап ететін. Сол сәтте 2008 жылы 200 долларға кимоно сатып алып берген. Шет елге жарыстарға шыққанда қаржылай көмегін аямаған. Ерекше ықыласпен ол кісіге алғысымды білдіремін.

– Қандай хоббиіңіз бар?

– Атқа мінгенді жаным сүйеді. Нағашыларым ат құлағында ойнайтын шабандоз болған. Бала күннен солардың көкпарға кетіп бара жатқандарына қызығып өстім. Сол қасиеті маған да берілген болса керек, демалысым бола қалса ауылға барамын. Өзім көкпар шаппасам да, көкпардан қалмауға тырысамын. Және қолым босаған сәттің бәрін отбасыма арнаймын. Үнемі жұмыс, жарыс деп жүргенде балалардың тәрбиесі, отбасындағы көңіл күй шетте қалып кетпеуге тиіс.

– Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз...

– Отбасы құрғанмын. Ұлназ есімді аяулы жарым, бір ұл, бір қызым бар. Жарым 14 ағайынды. Біз де сол дәстүрді жалғап, көп балалы отбасы болуды қалаймыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан
Ақбота ОСПАН

Последнее изменение Среда, 25 Январь 2017 06:02
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.