Ерлан ӘБДІРҰЛЫ: «Оңтүстіктен мотивация алып қайттым»

Пятница, 03 Февраль 2017 05:09 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 3673 раз

Айдарымыздың бүгінгі қонағы – «Асыл арна» телерадиокомпаниясының Бас продюсері Ерлан Әбдірұлы. Жас болса да, білім-біліктілігін байқатып, телевизия саласында өнімді еңбек етіп жүргенін білеміз. Оның үстіне, өзінің еңбек жолын газеттен бастаған-тын.
Әріптесіміз таяуда «Қазақстан-Шымкент» телеарнасына қонақ болып, бүгінгі БАҚ, журналистикадағы ұрпақ сабақтастығы, «Асыл арнаның» отбасылық арна ретіндегі трансформациясы т.б. тақырыптар төңірегінде тәжірибе алмасты. Одан алдын әлемге әйгілі ұлыбританиялық ВВС телеарнасында білімін жетілдіріп қайтқан еді. Оңтүстікке келген сапарында біз әріптесімізге бірер сауалдарымызды қойдық.

erlan abdiruly 18

Журналист «сүзгінің» рөлін атқарса...

– Ерлан, кейбір әріптестерің жергілікті телеарналардан тың идеяларды ойға түйіп кетемін дейді. Жалпы, өңірлік телеарналардан нені үйренуге болады?

– Өңірлік телеарна болсын, республикалық ауқымдағы БАҚ болсын, өзінің нақты көрермені, не оқырманы, яғни, қалыптасқан өз аудиториясы бар ғой. Сондықтан, қай мүмкіндіктегі медианың болсын қызметкері тоқмейілсімей немесе керісінше қорашсынбай өз аудиториясына адал қызмет етуі керек. Өйткені, республикалық телеарна кейде өңірлік ерекшеліктерді толық сезіне алмауы мүмкін немесе уақытында қажетті ақпаратты эфирге ұсына алмауы мүмкін. Аймақтық БАҚ, керісінше, осы кеңістікті «құрығы ұзын» республикалық арнадағы әріптестеріне қарағанда, әбжілдікпен жылдам қамти алса, құба-құп. Ал «адал қызмет ету» – тоғыз бен алтының арасында ауыздыға сөз бермей редакцияда жүріп алу емес. Біздің егемендік алған уақытымыз анталап тұрған пайдасыз ақпарат ғасырына тұспа-тұс кеп қалды. Үйіңіздегі бүлдіршініңізді психикасына, тәрбиесіне кері әсер етуі мүмкін ақпараттардан, телеөнімдерден қорғаштағаныңыз сияқты, оқырман-көрерменіңізді де құрметтеп, типографияға, әлде эфирге кетіп бара жатқан әр материалға сақ қарай алсақ деймін. Өйткені, оны да біреу сеніп оқиды, оны да біреу жүрегін ашып отырып теледидардан тамашалайды. Ендеше, бүгінгі журналист-редакторлар, бейнелеп айтқанда, «сүзгінің» рөлін атқара алса ғой. Қазіргідей құндылықтар төңкерілген қоғамда сенсация жариялау оңай. Бірақ одан кім, не ұтты? «Құралайды көзге атқан» сұңғыла журналист екеніңді көрейін, елге құр қызықты емес, қажетті, құнды ақпаратты ретін тауып жеткіз, құнықтырып оқыт. Сары басылымдар мен тұнып тұрған попсаның арасынан әрбір қарашаңырақ төріне төтелеп жүріп жол сал. Міне, бұл аса маңызды. 

15823461 749242911924853 1886986631435105762 n

Әріптестерім өңірлік телеарналардан идея алып қайтса, мен аз күшпен, кем техникамен көп шаруа тындырып жатқан әріптестеріме қарап, Оңтүстіктен мотивация арқалап қайттым десем болады.

– Бүгінгі жастардың әлеуеті қалай? Әріптесің Мейіржан Әлібекұлы «Бүгінгі қоғамға әмбебап журналист керек» деп еді. Журналист көптеген саладан хабардар болуы керектігін меңзегені ғой...

– Ежелгі папирустарда «жастар білімсіз, бұзылып барады» деген сыңайдағы жазбалар болыпты деп әзіл-шынын араластырып айтып жүрміз ғой. Өйткені, өзіңіз білесіз, кітапханадағы кезек жоғалып, интернет көптеген дерек көздерін қолжетімді қылғанмен, білім көбейген жоқ. Яғни, қажеттісін «Гуглдан» қарай салатын буын өсіп шықты. Керісінше, жады мықты, заты ізденімпаз, тақырыпты індетіп зерттейтін маман тапшыға айналды. 

Мейіржан – ҚазҰУ-дың журфагында тетелес оқыған тәжірибелі бауырым. Рас, өзі жазып, өзі таспалап, өзі монтаждап, эфирге даяр қылатын маман керек. Бірақ әлемдік тенденция салалық журналистиканың да дамитынын көрсетіп тұр.

Үлгі – іспен көрсетіледі, жетпей тұрған жері ғана сөзбен айтылады

– Таяуда әлемдегі ең ірі телеарналардың бірі – ВВС-де тәжірибе алмасу бағдарламасы бойынша білім алғаныңнан хабардармыз. «Асыл арна» мен ВВС арасындағы тәжірибе алмасу бағдарламасы одан әрі де жалғасады екен. Британиядан қандай жоспарлармен қайттың?

15391096 1163402710422563 1481752006404260319 n– ВВС World жүйесі ұйымдастырған семинар-тренингке Президент телерадиокешенінің басшысы Ерлан Бекхожин мырза бастаған делегация құрамында «Асыл арна» телеарнасының Бас директоры Мұхамеджан Тазабек мырза екеуміз де сапар шектік. ВВС – ондаған телеарна мен радионың, интернет порталдар мен журналдардың басын біріктірген алып құрылым ғой. Әлем бойынша, жиырма мыңнан астам қызметкері бар. ВВС жарнама қызметінің, BBC Storyworks және контент жөніндегі маркетинг тобының вице-президенті Ричард Паттисон, ВВС World News коммерциялық өкілдігінің директоры Сергей Становкин, ВВС «Русская службасының» жетекшісі Фамиль Исмаилов, ВВС Worldwide аймақтардағы өкілдіктерінің директоры Кейт Уоксман тәрізді ондаған білікті мамандардың БАҚ-тың бренд қалыптастырудағы рөлі, коммуникациядағы бәсекелестік, болған оқиға жайлы жылдам реакция шаралары, контент брендингі, әлемдегі өзгерістер үдерісіндегі әлеуметтік желі маңызы және т.б қызықты тақырыптар жөнінде тәжірибе алмасудың сәті түсті. ВВС бас кеңсесіндегі қызу процестерді де ішінен көріп, замануи жабдықтар мен озық студиялардың жұмыс істеу барысын да бақылай алдық. 

Жалпы, бұл сапарда көргеніміз көп, түйгеніміз де аз емес. Енді оны өз тәжірибемізде іске асыра алсақ, Англияға кеткен алтын уақыттарымыздың ақталғаны.

– «Асыл арнаның» биылға нендей жоспары бар? Қандай тың жобалар жарыққа шықпақ?

– «Асыл арна» көрермені – талғампаз, өзіне көгілдір экраннан нақты не қажет екенін анық білетін көрермен дер едім. Неге дегенде, көзі қарақты көрермен жақсы біледі, біздің арнада үнді мен корейдің телехикаясы да, жантүршігерлік жаңалықтар топтамасы да, поп-мәдениет өкілдерінің сенсациялық сұхбаттары да, тіпті голливудтық боевиктер мен болливудтық махаббат қиссалары да көрсетілмейді. Бірақ қазақстандық телеарналардың көрілімділігі бойынша, «Gallup Media» рейтингінде көрсеткішіміз жаман емес. Бұл нені көрсетеді? «Асыл арна» ұсынып отырған отбасылық құндылықтар, иман, сенім, тәлім-тәрбие, ер мен әйел психологиясы секілді сан түрлі тақырыптарды қамтитын «Қазақ білсін», «Әдеп әліппесі», «Кестелі орамал», «Құран оқып үйренейік», «Менің анам, менің әкем...», «Әжемнің әңгімесі», «По душам», «Семейный доктор» тәрізді бағдарламаларға, әлем мұсылмандары жайлы «Мұнаралы Еуропа», «Мұнаралы Америка», «Ғибратты саяхат. Индонезия», «Жемісті сапар. Малайзия» сынды деректі фильмдерге, өз базамызда түсірілген жанұядағы ымыра, шаңырақтағы ырысқа шақыратын «Үлкен үй» (режиссері – Мақсат Оспанов, сценарий авторы – Мұрат Есжан), «Бір келіншек» (режиссері – Арнұр Ташев, сценарий авторы – Жандос Құсайынов) телехикаяларына, қоғамдағы өзекті мәселелелер талқыланатын, білікті имамдар мен қоғам қайраткерлері қатысатын тікелей эфирлер серияларына көрермен тарапынан сұраныс жоғары деген сөз. Биыл, Алла жазса, ағымдағы жұмыстардан өзге қазақ тарихындағы ірі тұлғалар өміріне арналған «Ғибратты ғұмырлар» атты деректі фильмдер циклын бастамақпыз. Сондай-ақ, «Ютуб» желісінде 2 млн-нан астам қаралған «Үлкен үй» телехикаясының екінші маусымы таспаланады. Бұдан бөлек, 50 сериядан тұратын тағы бір отбасылық телехикаямыздың сценарийі жоспарда бар.

– Өзің жүргізген «Жарты сағат» бағдарламасында көптеген тұлғалар қонақ болып, тұшымды ойлар айтылды. Бағдарлама өз миссиясын атқарды ма? 

– «Жарты сағат» – жалғасады. Телеарна кеңсесі мен телестудияларымыздың басқа мекенжайға көшуі, жаңа декорация дайындау, әрі өткен жыл соңында іссапарлар мен жоғарыда сөз еткен білім жетілдіру жобаларының көбеюі секілді нақты себептермен бағдарламаның эфирге шығуын, өкінішке қарай, үзіп алдық. Бірақ, Алла жазса, ақпан айының орта шенінен бастап «Асыл арна» көрермендеріне «жақсымен өткен жарты сағаттарым» жол тарта бастайды.

Талантсың ба? Қабілетіңді көпшілік игілігіне сал

15327465 1160796214016546 3107868392242095711 n

– Бүгінде басылымдардың интернет газетке көшу үрдісі басталып кетті. Жаһандануға жұтылып кетпей, оған бейімделу тетіктері қандай? Өзің де әуелі газетте ысылдың ғой...

– «Газетте ысылдың» дегеннен шығады – оқу, тәжірибе жинақтауда өзімді жолы болған маман санаймын. Неге дегенде, ұстаздарым жақсы болды. Осы саланың кіл мықтыларының алдынан өттік. Журналистика факультетінде Бауыржан Жақып, Кәкен Қамзин, Сағатбек Медеубекұлы, Қайрат Сақ тәрізді алашқа аты мәлім азаматтардан дәріс алдық. Теориядан практикаға ауысқанда да «Жас қазақ» газетінде Талғат Ешенұлы, Дәурен Қуат, Сәкен Сыбанбай, Есей Жеңісұлы, Жанарбек Әшімжан, Қасым Аманжолұлы, марқұм Әмірхан Балқыбек сияқты азаматтардың көп жақсылығын көрдік. «Хабарда» да Серік Абас-шах, Мұрат Бидосов, Шоқан Шөжеев, Арман Сқабылұлы, Болатбек Қожан, Ринат Думанұлы тәрізді телевизияның бүгінгі мэтрлерінен көп нәрсе үйрендік. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында жүрген жылдары болса, Сергей Әзімов, Сатыбалды Нарымбетов сияқты қазақ режиссурасы маэстроларының балға-төсінде біраз шыңдалу көргендейміз. «Мосфильмде» өндірістік тәжірибеде жүргенімде, киностудия басшысы Карен Шахназаровтан да талай жақсы сабақ алдық. Мұны не үшін айтып отырмын? Қазақ «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейді. Замана желі қалай құбылса да, түрлі технологиялар түртінектеп өмірімізге араласса да, ең бірінші іргетас – білім ғой. Газетке жазасыз ба, интернет арқылы оқырманға мақала ұсынасыз ба – бәрібір түбі сауатты жазу керек. Яғни, қай істе де түбір өзгермейді. Мақсат – пайдалы мәлімет жеткізу болса, интернет тұрмақ, әлгінде айтқан папируспен тарататын заман келсе де тартынбаған дұрыс. Ал классикалық газет қашан да бола береді. Тек ақпараттық басылымдар азайып, аналитикалық газеттер өмірін жалғастыра беретін шығар.

– «Біз әу бастан әр көрермен үшін күресетін замандамыз. Мұным кейбіреулер үшін тым асқақ сөз көрінуі мүмкін, бірақ тырыссақ, оған қол жеткізуге әбден болады» дейсіз. Жалпы, әр журналист өзін бренд ретінде қалыптастыратын сәт келді. Дегенмен, бұл орайда нені ескеруіміз керек? 

– Журналистің жеке тұлға ретіндегі болмысының зорайғаны – оқырманға сөзін өткізу, көп көрермен тарту тұрғысынан қажет те шығар. Бірақ, мысалы, жоғарыда сөз еткен ВВС-де мені қызықтырған бір нәрсе, ондаған телеарна, жүздеген басылым мен сайттардың басын біріктіріп тұрған, жиырма мыңнан астам қызметкері бар алып медиа құрылымның синхронды қозғалуы болды. Сұрай келе ұққанымыз, ортақ жүйе, ортақ мүдде бар. Ал ол ортақ жүйе жекелеген адамдарға ұнамауы да мүмкін. Бірақ жұмыс алға жылжуы үшін кадрлар өзін соған көндірген. Яғни, арна мүмкіндіктерін өз тұлғасының жарнамасына емес, керісінше, кәсіби қабілетін өндірістің ілгерілеуіне салады. «Тоp Gear»– ды талай жыл жүргізген Джереми Кларксон мен ВВС-дің жолы екіге айрылу себебі де сол, оны да сұрадық. Талантсың ба – өз-өзіңе сүйсініп, «ортақ өгізден оңаша бұзау артыққа» салынба, яғни, білгеніңді көпшілік игілігіне сал. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан 

Т. ҚАСЫМ

Последнее изменение Воскресенье, 05 Февраль 2017 07:21
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.