Қылқалам ұшындағы құдірет

Пятница, 24 Февраль 2017 08:36 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 7155 раз

Суретші, сұңғатшы-монументалист Ұзақбай Көшкінбаев 70 жасқа толды. Белгілі қылқалам шеберінің мерейтойына орай, бейнелеу өнері мұражайында көрме өткізілді. Көрмеге суретшінің 100-ден астам туындысы қойылды. Ұзақбай Сейфулдаұлының әріптестері мен жақын достары туған дала табиғаты кескінделген картиналарды тамашалады.

photot

Сан түрлі бояуды сөйлеткен көркем туындылар келушілерді бейжай қалдырмады. Өнерсүйер қауым назарына ұсынылған көрмеден түрлі жанрдағы портреттерді, табиғатты бейнеленген пейзаждарды, сондай-ақ, тарихи композицияларды да көруге болады. 

Белгілі суретші, қылқалам шебері Түлкібас ауданының Көктерек ауылында дүниеге келген. Жастайынан көркем табиғатты суреттеп, туған жердің топырағын өнердің биік шыңына көтерді. Сурет өнерінің ғажайып үлгісін қалыптастырды. Шеберліктің шыңына шыққан Ұзақбай Көшкінбаев ізденуден, еңбектенуден жалықпайды. Суретшіні облыстық мәдениет басқармасының басшысы Асылхан Темірхан арнайы құттықтады. 

– Сіз облысымыздың бейнелеу өнерінің дамуына үлесіңізді қосып келесіз. Шығармашылығыңыздағы тақырыптарыңыз уақытпен, әдет-ғұрып, салт-санамен, бабалардың рухани мұрасымен үндесіп жатыр. Сіздің қаламыңыздан шыққан картиналар жоғары бағаланып, байқауларда жүлдегер болды. Алдағы уақытта да шығармашылық қызметте табыстарға жетуіңізге тілектеспін, – деді А. Темірхан. 

Суретші Ұ. Көшкінбаевқа әріптестері мен достары да мерейтойымен құттықтап, игі тілектерін білдірді. Сұңғатшы-монументалист өнерде шекера жоқ екенін айтып, әріптес достарына алғысын айтты.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.