Версия для печати

Сағынғали Әбубәкіров, ОҚМПИ профессоры: «Тарихымызды түгендесек, «Мәңгілік Ел» боламыз» Избранное

Пятница, 14 Апрель 2017 11:39 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5121 раз
Оцените материал
(1 Голосовать)

saghynghaliКүні кеше Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланды. Мемлекет басшысының идеялары мен ел дамуының болашақ бағдары «Мәңгілік Ел» идеясымен ұштасып жатыр.
«Осыдан 13 ғасыр бұрын Тоныкөк «Tүркі жұртының мұраты – Мәңгілік Ел» деп өсиет қалдырған. Бұл біздің жалпыұлттық идеямыз мемлекеттігіміздің тамыры сияқты көне тарихтан бастау алатынын көрсетеді» деп Президент Н. Назарбаев өз жолдауында айтқан болатын.
Тарихи кезең мен мемлекетшілдік сипаттарын білдіретін ұғымдар Күлтегін жырларында, Әл-Фарабидің философиялық шығармаларында және Жүсіп Баласағұн дастанында кездеседі. Мәңгілік Ел ұғымы, Қазақ хандығы тарихы жөнінде Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры Сағынғали Әбубәкіровпен сұхбаттасқан едік.

– Сағынғали Сандыбайұлы, Қазақ тарихын 550 жыл деп жүрміз. Осы пікір дұрыс па? Түрік қағанаты, одан әрідегі Сақ, Ғұн кезеңін қайда қоямыз?

– Қазақ хандығының құрылған жылына қатысты пікір әр алуан. Осы орайда, «неліктен таңдау 1465 жылға түсті?» деген сауал туындайды. Бұл жәй алынған дата емес. Еліміздің тұңғыш тарихшысы М.Х.Дулатидің жазуына қарағанда Жәнібек пен Керей Батыс Жетісуға, Қозыбасы мен Шу бойына хижраның 870 жылы, біздің жыл санауымызша 1465-1466 жылдары келіп орналасып, алғаш рет Қазақ хандығының шаңырағын көтеріп, Қазақ мемлекетінің туын желбіретті. Әрине, Қазақ хандығы құрылғанға дейін байтақ мекенімізде 20-ға жуық мемлекет болған. Сақтар, кейін ғұндар мемлекет құрды. Одан кейінгі Түрік, Үйсін, Түргеш, Оғыз, Қыпшақ мемлекеттері бар. Қазақ хандығының құрылуы Алтын Орда, Ақ Орда және Моғолстан сияқты мемлекеттердің даму тарихы мен өмір сүруінің жалғасы іспетті. XV ғасырдың бірінші жартысында Әбілқайыр хандығы (Ақ Орда, Өзбек ұлысы) иелігіндегі Дешті-Қыпшақ даласы, қазіргі Орталық Қазақстан (Ұлытау), Батыс Қазақстанның бір бөлігі Орталық Азияның мықты мемлекеттік бірлестіктерінің бірі болды. Дегенмен Әбілқайыр хандығы 30 жылдан асқан уақытта өзінің маңайындағы сұлтандардың қарсылығын туғызды. Әсіресе, шиеленіс Орда Ежен, Шайбани және Тоқа-Темір ұрпақтары арасында тереңдей түсті.
1457 жылы қалмақтар шабуыл жасайды. Олар Сығанақтың түбінде жеңіске жетіп, Әбілқайыр жеңіледі. Қалмақтар халыққа өте ауыр салық салады. Енді ханның айналасына беделі кете бастайды. Қазақ ордасының бөлінуі осы кезенде басталады. Дулат, Алшын, Қоңырат, Қыпшақ, Қаңлы, Арғын, Найман, Керей тағы басқа тайпалар ежелден өмір сүріп келе жатыр. Біздің халықтың тарихы тереңде. Ғылыми тұрғыда әлі толық зерттеуді қажет етеді. Сондықтан Қазақ хандығының құрылуына қатысты зерттеу аяқталған жоқ. Әрі қарай нақтылау алдағы уақыттың еншісінде.

– Өткен жылы Кейкі батырдың бас сүйегінің елге әкелінуі – үлкен тарихи оқиғаға айналды. Жалпы, оған қатысты деректер не дейді?

– Бірінші дүниежүзілік соғыстың салқыны қазақ даласын да шарпығаны ақиқат. Соның салдарынан халқымыз өз елінде қырғынға ұшырады. Оған майдан даласындағы қара жұмысқа адам беруден бас тартып, наразылық білдіруі ең басты себеп.
Тарихқа сүйенсек, 1916 жылы орын алған көтерілістердің бірі Торғай облысында болды. Мұнда қазақ шаруаларының күресі ұзаққа созылды. Көтеріліске шыққан қазақтар Әбдіғафар Жанбосынды хан сайлады. Ал Амангелді Имановты сардарбегі етіп тағайындады. Көтерілісшілердің алдыңғы қатарында Кейкі мыңбасы, Амангелдінің оң қолы еді. Ол кісі табиғатынан құралайды көзге атқан мерген деседі. Ұшқан құсты көздемей сұлатады екен. Кейкі батырдың аты шулы ерліктері 1916 жылдың күзі мен 1917 жылдың қысындағы Торғай, Кұмкешу, Доғал, Үрпектегі және басқа жерлердегі патшаның жазалаушы әскерлерімен болған шайқастарда ерекше көрінді, яғни көтерілістің даңқты қаһарманына айналды, ерлігі аңыз болып тарады.
Ресейдегі 1917 жылғы Қазан төңкерісі нәтижесінде өкімет басына большевик келген кезінде А.Иманов пен Кейкі Көкенбаев бастаған сарбаздар большевиктер жағына шықты. Кейіннен Амангелді мен Кейкі батыр Торғай уезінде Қызыл армияның отрядтарын құруға кірісті. Кейкі бастаған сарбаздарын қайта атқа қонуына қызыл әскерлерін азық-түлік салғыртын жинауды сылтауратып, қазақ ауылдарына істеген зорлық-зомбылығы әсер етті. Сол тұста батыр үлкен дағдарысқа ұшырайды. Бірде ауылында ең жақын жолдастарының қазасының үстінен түседі. Сұрастырса Қызылдың әскерлері атып кетіпті. Ашуға булыққан қолбасшы қызылдың бірнеше әскерін қуып жетіп, барлығын атып тастайды. Себебі, атылған жолдастары патша әскеріне қарсы соғысқан жауынгерлер екен. Содан бастап, Кейкінінің басына қауіп төнеді. Батыр жансауғалап, құм арасын паналайды. Кеңес өкіметінің қиянатынан қашқан адамдар Кейкінің айналасына жиналып, отряд құрады. Көп уақытқа дейін Кейкі қызылдарға берілмейді. Ақырында тағдыры өліммен аяқталады. Бірақ халық батырды ұмытпайды. Ал Кейкінің бас сүйегі Санкт-Петербордағы Эрмитаж мұражайында сақталған.

– «Мәңгілік Ел» идеясына қалай қарайсыз? Ұлттық идея бола ала ма?

– Алғаш рет «Мәңгі Ел» идеясы Шығыс Түрік қағанаты әскерінің бас қолбасшысы Күлтегінге бағышталған бітіктаста жария етілген. Күлтегін ескерткішіндегі жазудың сол жақ бетінде: «Мәңгі ел тұтып отырар ең» деп айтылған. Тура осы сөздер Білге қаған ескерткішінің оң жақ бетінде қайталанған. Ескерткіште «мәңгі ел», яғни, түркі мемлекетінің бас ордасымен бірге айтылған.
Белгілі бір дәрежеде «мәңгі» сөзі мен «ел» атауының мән-мағынасында сәйкестік аңғарылады. Мысалы, қазақта бұрыннан айтылып жүрген «Ел болайын десең…» деген аталы сөз бар. Бұл сөзді тереңінен ойлап қараса: «тұрақты» немесе «мәңгіге» ел-жұрт болайын десең… деген түсінікті аңғаруға болады. Мысалы, Күлтегінмен замандас үш қағанның ақылшысы, кей жорықтарда қолбасшы да болған Тоныкөк бітіктасында «ел де ел болды» деген тіркесінде «ел» сөзінің қайталануы елдің мәңгілік болуын меңзейді. Тіпті Абылай хан дүниеден озарында Бұқар жыраумен қоштасып жатып: «Қанша жыл өмір сүріп, жасағанымнан не пайда, қазақтың арқасын тамға, аузын нанға сүйегенім жоқ, бұл бір. Ақбоз аттың құнын ер құнына теңегенім жоқ. Мылтығымның құнын екі ердің құны дегенім жоқ, ұста мен етікшінің құнын қыз құнымен бір бәс қылып, жарты құн дегізіп кесім кестіргенім жоқ, мұным үш. Осы арманым бойымда кетті» деген екен. Абылайдың осы үш арманының ар жағында үлкен философиялық ой, даналық тұжырым бар. Бұл оның қазақтың басын біріктірсем, яғни «Мәңгілік Ел» етсем, ел болашағын тереңнен ойлағанын көрсетеді.
Біз бәріміз қазақстандық екенімізді түсінуіміз керек. Біздің басты құндылығымыз – осы. Бірлікті нығайту – Президент айтқан «Мәңгілік Ел» идеясының айналасына топтасу бағытындағы қажетті қадам. Әрқайсымыз жиырма бес жылда иеленген Тәуелсіздігімізді мәңгілік етуге жауапты екенімізді сезінуге тиіспіз. Қуатты мемлекет құру мүмкіндігі бір-ақ рет беріледі, мүмкін жүз емес, мың жылда бірақ рет. Біз осы мүмкіндікті барынша пайдалануымыз керек.

– Елбасы тарихи фильмдер түсірудің патриоттық тәрбиеге ықпалдылығы жөнінде жиі айтып жүр. Алайда, тарихи фильмде жоңғарлармен арадағы қырғынды төңіректей беретініміз рас. Тарихшы ретінде бұған сіз не айтасыз?

– Жоңғарлар мен қазақтар арасында жаугершілік заманның болғаны рас. Жайылым жерге талас, басқа да қырғи қабақ жағдайлар өткен.
Екі жақтан – Шығыстан Жоңғар (сол жақ) ұлысының негізін құраған ойрат-қалмақтар, Батыстан Еділ қалмақтары (торғауыттар) үздіксіз шабуылдап, өкпеден қысқан заманда қазақтың үлкен шығынға ұшырағаны мәлім. Қысқасы, тарихи фильмдер тақырыбын көбейткен дұрыс. Неге біз Амангелді Иманов туралы фильм түсірмейміз? Неге Кенесары көтерілісін көрсетпейміз? Тіпті Едіге, Тоқтамыс, Мамайлар туралы кино түсірсек артықтығы жоқ.
Осы тұста айта кетейін, «Көшпенділер» желісі бойынша түсірілген «Алмас қылыш» фильмі маған ұнады. Тек кейбір тұстары аздап өзгертілген. Әйтпесе негізгі бағыты, ойы, оқиғалары сақталған. Қобыланды батырдың ашумен тақта отырған ханға атпен кіріп, айқайлайғаны көңілге қонбайды. Қобыландының батырлығына, ерлігіне дауым жоқ. Жалпы ханның алдына батырдың айқайлап кіруі қисынға келмейді.

– Ел тарихы ЖОО-да, мектептерде өз деңгейінде насихатталып жатыр деп ойлайсыз ба?

– Бұл әлі түйінді мәселе. «Мәңгілік Елдің» шығу тарихы түрік қағандығынан, Күлтегіннен басталады. Осы атауды жастарға, жоғары оқу орындарындағы білім алушы студенттерге кеңінен насихаттаса қандай?! Бұрын ЖОО-да тарих мамандығынан басқа мамандықтарда да Қазақ елінің тарихы ежелгі дәуірден басталатын. Қазір оқу бағдарламасы өзгерді. Жоғары оқу орындарының тарих мамандығынан басқа мамандықтарда 20 ғасырдың басынан, яғни 1900 жылдан бастап Қазақ тарихы оқытылады. Тарихшы ретінде бұл менің көңіліме қонбайды. Жастарға патриоттық тәрбие беруде, ұлттық сананы қалыптастыруға бұл жеткіліксіз. Елбасы айтқандай «Тарихты білмей, тарихи сана қалыптаспайды.

– Білім саласында тапжылмай тер төгіп келе жатқаныңызға жарты ғасырдан асыпты. Қаншама шәкірт тәрбиеледіңіз. Байқап отырмын, қолыңыздан қаламыңыз әлі түспеген сияқты...

– Жоғары оқу орынында жұмыс істегеніме 40 жыл болды. 100-ден астам ғылыми мақалалар, 3 монография, бірнеше оқу құралын жаздым. Еңбектерімнің көбісі методикалық шығармалар, тәлім-тәрбиеге арналған десе де болады.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ

Последнее изменение Понедельник, 17 Апрель 2017 06:28
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.