Бауыржан МОМЫШҰЛЫ: Соғыс – тірілердің тамұғы

Пятница, 05 Май 2017 06:47 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 3556 раз

Журналистикада ретроспективалық сұхбат деген бар. Ол өткенді баяндап, өмірден өткен тұлғалармен сырласу тәсілі.

(Әзілхан Нұршайықовтың
«Ақиқат пен аңыз» кітабынан)

l3Кеңес одағының батыры, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлы туралы естіген сайын ол кісінің қасында отырып сұхбаттасуды армандайтынмын. Мұндайды кім қаламайды дейсіз. Дегенмен, мен осы кісімен не де болса алдын ала хабарласпай, бірден үйіне баруға бекіндім. Есік алдына келіп тұрған адамды, кері қайтармас.
Міне, халық қаһарманының үйінің кіреберісінде тұрмын. Бірақ есікті қағуға жүрек дауаламай тұр. Өйткені, Баукең бірнеше рет өзімен сұхбаттасқысы келген журналистерді ыңғайсыз жағдайға қалдырған. Ол кісі туралы ақын Құрманғали Ұябаев «Ол кісімен сөйлесу қиын. Көңілі түспесе ұрысып тастайды, сөйлеспей қояды» деген еді. Жазушы Әзілхан Нұршайықов алғаш қоңырау шалғанда «Мен сізді танымаймын» деп сөйлеспей қойған. Ал шаш үлгісі әйелдерше қойылған радиотілші жігітке «Шашыңды жігіттердікіндей алдырып кел» деп кері қайтарып жіберген екен. Осылар есіме түскен соң берекем қаша бастады. Алайда «Шешінген судан тайынбас» демекші, бекінген ісіме бекем болып қоңырауды бастым.

– Бұл қайсың? – деген жарқын үн шықты ішкі жақтан. Баукең болса керек. Тағыбір рет бастым. Бастапқыда есіктің арғы жағынан еміс-еміс естілген аяқ үні бара-бара зорайып келеді. Есік те ашылды.

– Сәлеметсіз бе? Қош келдіңіз! Төрлетіңіз,– деген әйел заты жылы қарсы алды. Ішімнен жеңгеміз-ау деп түйдім.
Аяқ киімді шешіп, жоғарыдағы бөлмеге бет алдық. Кірсем биік үстелге дастархан жайылып жатыр екен. Төрде қасқайған қалың қасы, түксиген түбіт мұрты бар, ағашқа шеге қаққандай қасқайып отырған Момышұлының өткір көздері маған қадалыпты. «Көз атысуға» шама қайда:

– Қалыңыз қалай, аға? – дедім көзімді алмай.

– Шүкір, – деп қысқа қайырды. – Кел, төрлет!
Ақырын барып Баукеңнің оң жағына жайғастым да, көп күттірмей өзімді таныстыра бастадым.

– Мен «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісімін. Атым Сапарғали... – дей бергенде 

– Бірден айтып қояйын менен саясат туралы сұрушы болма, – деді.

– Уайымдамаңыз. Мен соғыста көзіңізбен көріп, ойға түйген, шабыт шақырып, жігер берген әңгімелеріңізді тыңдауға келдім. Жалпы сіз туралы жазсам ба деймін.

– Дұрыс екен. Бірақ, қарағым сен өкпелемегін. Мен өзім туралы ешкімге мақала диктовать етпеймін. Екіншіден, мені мақтап жаз деп ешкімге де айтпаймын. Ал, сұрағың болса, сұрағын.

– Онда сұрайтыным көп. Алдымен мынаны айтасыз ба, Бауыржан ата? Сіз үшін соғыс деген не?

– Соғыс – адамзаттың ұлы трагедиясы. Соғыс – адам жанын қинайтын ең ауыр, ең ащы азап. Соғыс – тірілердің тамұғы. Тозаққа айналған күндер еді ғой ол, қарағым.

– Сөзсіз сіз қатысқан соғыста қазақ даласынан барған батырлар аз болған жоқ. Өзіңіз көрген сондай азаматтар жайында бір-екі ауыз естісек деп едік...

– Соғысқа қатысқандардың бәрін де жақсы көремін. Соғыс кезінде елде болып, еңбек майданында біздің жеңісімізді шыңдаған адамдарды да ардақтаймын. Халық үшін қасықтай қанын, шыбындай жанын аямай қызмет еткен жандардың бәрі аяулы.

– Өлең жазып жүрген кезіңізде ақын болуға талпынған жоқсыз ба?

– Ешуақытта пәлен болайын, түген болайын деп ойламаған едім. Қайда, қандай қызметте жүрсем де жүректегі ұраным қазақтың: «Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді» деген мақалы болды.

– Сіз жайында ел ішінде түрлі әңгімелер айтылады. Сол аңыздар жайында не дейсіз?

– Мен өмірімде екі түрлі аңызды басымнан кешірдім. Бір кезде мені жер-көкке сыйғызбай аңызға айналдыра мақтады. Кейінгі кезде әркімдер аңызға айналдыра жамандады. Мақтады деп тасығаным жоқ, жамандады деп жасығаным жоқ. Қарақылды қақ жарғанды мақтайды да, боқтайды да ғой, қарағым.

– Екі жүзден аса соғысқа қатысып, бес рет қоршауда қалған екенсіз. Сондай қоршауда қалған сәттегі әсеріңізбен бөліссеңіз.

– Соғыста солдат сорлыны аңдитын жау көп қой, қарағым. Оған алдан атылған оқ та, снаряд та, мина да, төбеден төгілген бомба да – бәрі жау. «Ордағы солдатка оқ өтпейді» деп баяғыда комбриг Дотоль айтқандай, оқтан қорғанарсың, снарядтан сақтанарсың, бомбадан да құтыларсың. Бірақ солдатты құтқармайтын тағы бір жау бар. Ол – ұйқы. Қазақ атамыздың «ұйқы – дұшпан» деген даналық сөзін бала күнімізде ауылдағы ақсақалдарымыздың аузынан сан рет естісек те, соның мәнін ұғыппыз ба, қарағым. Оның мәнін соғыста бір-ақ ұқтық қой. Жалғыз бұл ғана емес, соғыс аталарымыздың талай асыл сөздерінің мағынасын ұктырды бізге. «Ат басына күн туса – ауыздықпен су ішер, ер басына күн туса – етікпенен су кешер», «Балапан басына, тұрымтай тұсына», «Атадан ұл, анадан қыз айрылып, көл қылып көздің жасын ағызамын» деген сияқты нелер сөздердің шындығын сездік қой сонда.
Сөйтіп, үш күн бойына немістердің артиллериясына алдырмаған, танктерінен тайсалмаған, бомбалауына болмаған батальонды әп-сәтте ұйқы өлтіріп кете жаздады. Немістермен жанталаса жарысып келе жатқан біз Гусеново орманының шетіне іліктік. Әрине, дивизия штабы бұрынғы орнында жоқ болып шықты. Дивизияның ізін шолып, бағдарын білуге шолғыншылар жібердік те, олар келгенше екі сағаттай демалуға ұйғардык. Әрбір он адамның алтауын ұйықтатып, төртеуін табандарынан тік тұрғызып қойдым. Сөйтіп бір сағаттан кезек ұйықтасын дедім. Бұған дейін өзім де ұйықтамай, ешкімді де ұйықтатпай аюдай ақырып келе жатқанмын. Өйткені жорық, ұрыс кезінде ұйқыға кеткен солдат – өлі солдат. Оны әке-көке деп ешқашан да оята алмайсың. Колоннаны аралай шығып, бір үлкен ақ қайыңның қасына келіп, соның оқ тиген қабығын алақаныммен сипап, иығыммен сүйене бергенім есімде. Қайыңның әппақ қабығын әйелімнің иығы деп ойлап қалдым ба, қайдан білейін, әйтеуір соған сүйене сала қор етіп ұйықтап кетіппін. Әйелді ойласаң-ақ қырсыққа қамалдың емес пе, ақ қайың мені құшағына алып, әлдилей жөнеліпті...
Оқ алмаған солдатты ұйқы осылай үн-түнсіз байлап-матап ала қойыпты. Есіңде ме, Қобыланды батырды ұйқы жеңгенде жауларының жиналып келіп, байлап алатын жері бар еді ғой. Дәл сондай боп, батальон батыр да қолға түсіп қала жаздады.

– Кейін! Кейін жүгіріңдер, комбат қалып қойды! – деп ышқына айғай салған Толстуновтың үні құлағыма келді. Жүн-түтін атысқа айналды. Менің жанымнан оқ екі жаққа қарай ерсілі-қарсылы зымырады. Менде енді қозғалуға дәрмен қалмады. Көзім қарауытып, енді оқ тиеді-ау, енді құлаймын-ау деп тұрғанда батальон жақтан біреудің «ура!» деп айғай салған даусы шықты. Топ-топ дүрсілдеген аяқ дүбірі естілді.

– Ағатайым-ай, барсың ба? – деп ентіге жүгіріп, ең бірінші боп келіп мені Жалмұхамед Бозжанов құшақтай алды. Екеуіміздің де көзімізден жас ыршып кетті.
Ажал адамға әр түрлі бейнеде келеді. Оқ, от, су, аштық, ауру болып аңдиды. Осылардың бәрін бірінен соң бірін соңыма салып, екі көзі екі тесік болып үңірейген қу бас ажал саудыраған саусағын маған қарай сан рет созып еді. Бұл жолы ол мойныма ұйқының арқанын лақтырып, бұлқынта буалдырық салған еді. Бірақ жауынгер серіктерім, адал достарым, болат батальоным мені бұл тұзақтан да құтқарып әкетті, қарағым. Бұл ұрыс небәрі он минутқа ғана созылды. Алайда, осы он минут ішінде мен дәл бір он жылға қартайған шығармын деп ойлаймын.

– Осынша ақпаратты, деректерді қалай есте сақтайсыз?

– Комплиментті қатындар жақсы көреді. Сен соларға айтқын мұныңды. Ал мен әскери академияда лекция оқыған кісімін. Түсінікті ме саған?

– Түсінікті!

– Түсінікті болса ары қарай кеттік.

– Талғат Бигелдиновтың «Он үшінші» нөмірлі ұшағын ырқына көндіргені туралы көп айтылады. Енді сізден естісек.

– Талғат авиация полкына келгенде ешкім оны алғысы келмеді. Ақыры адамы толмай қалған бір эскадриляның командирі оны еріксіз қабылдауға мәжбүр болды. Бірақ «Менде ұшқыштар ұнатпайтын он үшінші нөмірлі машина бар. Соған мінетін болсаң ғана қабылдаймын» деді. «Мінемін» дейді Талғат жігерлі түрде. Ұшқыштар одан он үш саны – «шайтан дожынасы» деп қашатын шығар. Қазақтар шайтаннан қорықпайды. Халық аңызының қаһарманы Алдар Көсе шайтанды астына тай етіп мінген. Талғат 320 әуе жорығына шығып, бес жүз сағаттай аспанда болған.

– Бауыржан ата, қазір еліміз егемендік алып, бұғанымыз қатып, еңсемізді тіктеп, алға қарай сеніммен қадам басып келеміз. Дегенмен, кейде қазіргі жастар осы бейбіт өмірдің қадірін ұмытып кететіндей болып көрінбей ме?

– Жастар әкелердің қанымен келген рақатты қадірлей білсе екен. Елді, жерді сол ерлерше сүйіп, Отан үшін отқа түсуге әзір бола білсе екен...

(Жалғасы бар)

Последнее изменение Пятница, 05 Май 2017 06:59
Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.