Нұрсәт БЕЙСЕҚОЖАЕВ: «ЭКСПО-ға «Сүгірдің» сәлемін алып барамыз»

Понедельник, 29 Май 2017 08:17 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 3459 раз

Қазақ пен домбыра егіз ұғым. Содан болар, күйдің күмбіріне құлақ түрмейтін жан жоқ. Тамаша әуенде өзгеше бір әлем, өмір бар. Әдемілік пен сұлулықты сезінесің. Рухтанасың, қанаттанып, жігерленесің. Бүгінде төл өнерге сүбелі үлес қосып жүргендер аз емес. Солардың бірі – Нұрсәт Бейсеқожаев. Арманын күйден іздеген оның өнерге іңкәрлігі ерекше. Ол небәрі 3-4 сыныпта алғашқы күйін шығарады. Бірақ шығарма көңіл түкпірінде сақталады. Назарларыңызға Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның директоры Нұрсәт Бейсеқожаевпен болған сұхбатты ұсынамыз.

nursat

– Нұрсәт, өткен аптада Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің сүймелдеуімен шығармашылық кешіңізді бердіңіз. Жалпы осы кеш туралы айтып берсеңіз. Неге концерттің атауын «Нұрлы жол» деп атадыңыз?

– Шығармашылық кешке бір айға жуық дайындалдық. Концертте «Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестірімен» бірге менің және інім Ғаламаттың жеке туындылары орындалды. Ал концерттің «Нұрлы жол» деп аталуының себебі бар. Менің «Нұрлы жол» атты күй-поэмам бар. Бұл шығарма, Тәуелсіздік алған жылдары Елбасымыздың табандылықпен еңбек еткен кезеңі мен еліміздің бастан кешкен ширек ғасырлық тарихын күй арқылы суреттейді.

– Кеш барысында қандай күйлер мен шығармалар орындалды? Жалпы күй қоржыныңызда қанша туынды бар?

– Шығармашылық концертімде тамаша туындыларымен қолдау көрсеткен Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестріне және филармонияның қызметкерлеріне алғыс айтқым келеді. Бұл кешімізде оркестрдің орындауынан бөлек, інім Ғаламат Бейсеқожаевтың 10-ға жуық күйі орындалса, менің «Еңселі елім», «Өтеген батыр»,«Қарагер», «Нұрғали», «Үш Қоңыр», «Қосбасар», «Тарих толқынында», «Жігер», «Кішкентай», «Аңырақай шайқасы» сынды күй поэмаларым тыңдармандарға тарту етілді. Мұнан бөлек 40-тан астам күйім бар.

– Филармонияға басшылыққа келгеніңізге көп болған жоқ. Оңтүстікке келгенде қандай әсерде болдыңыз?

– Оңтүстiк – ежелден дарабоз күйші Сүгірмен танылған өңір. Мұнда шертпе күйдің негізі қаланған. Майлықожа, Мәделі жыраулардың өсиетін жырлаған жастар көп. Басқа аймақпен салыстырғанда облыс өнерімен, мәдениетімен көш ілгері тұр. Шымкенттіктер де алматылықтар сияқты өнерді жақсы көреді. Халықтың өнерге ықыласы жоғары. Ал Алматыда филармония деген ұғым басқаша. Филармония болсын, ұлттық оркестр, симфониялық және үрмелі аспаптар оркестрлері академиялық жанрды қамтиды. Мені қуантқаны, мұнда заманауи құрал жабдықтың бәрі бар. Ұжымдағы әншілердің де кәсіби деңгейі мықты. Көп дауыста ән орындау стилі жолға қойылған. Қандай іс-шара болсын әншілеріміз ортасында жүреді. Жетістігі де жетерлік. Облыстық әкімдіктің өнерге қолдауы ерекше. Мұндай қамқорлық өзге облыстарда жоқ.

– Танымал күйші болғаныңызбен, Оңтүстікте өзіңізді әлі білмейтін жұрт бар. Өзіңізді таныстырып өтсеңіз...

– Мен Алматы қаласында туып өстім. Бүгінгінің тілімен айтсам «асфальтта өскен» баламын. Бірақ жастық шағым ауылда өтті. Шымкентте жүріп, Алматыны емес, ауылды сағынамын. Ал ата-анамның музыкаға әуестігі жоқ. Әкем шаруа адамы. Бірақ өнерге деген іңкәрлік тегімізде бар. Ахмет Жұбанов Жетісу күй мектебінің атасына балаған Байсеркенің ұрпағымын. Сондықтан болар, алғашқы күйімді 3-4 сыныпта оқып жүргенімде жаздым. Бірақ үлкендерге көрсетуге ұялдым. Көңіл түкпірінде сақтадым. Ес кіріп, оң солымды тани бастағанда, анамның өмірден өтуі жаныма батты. Аяулы жанға деген сағыныш саз өнерінің сахнасына әкелді. Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясын композитор мамандығы бойынша аяқтадым. Құрманғазы атындағы ұлт аспаптары оркестрімен жұмыс істедім.

– Күйшілік дәстүріміздің бүгінгі деңгейі қалай?

– Қазақтың күйі – бабадан келе жатқан төл өнер. Рас, бір кездері үзіліп кете жаздады. Бірақ жоғалған жоқ. Әрбір аймақта төл өнердің ұлттық мектебі бар. Еуропалық классикалық музыканың дәуірі Бах, Бетховендер кезеңі 15-ғасырдан басталады. Ал Қорқыттың «Қоңыр» күйі – 7-8 ғасырлардың туындысы. Демек ұлттық өнеріміз өміршең. Қазақ күйлері экзотика емес, ғаламдық жауһарлардың қатарынан орын алса деп армандаймын. Ол үшін 70-ші жылдары Дәулеткерейдің «Құдаша думанын», Дайрабайдың «Дайрабайын» симфониялық оркестрге орындатқан Еркеғали Рахмадиевтің бастамасын жалғастыруымыз керек. Өкінішке қарай, төл өнеріміз күйдің насихаты аздау.

– Ақындар шабытты түннен іздейді. Ал күйшілер ше?

– Бізге де ақындардан кем түспейтін шабыт керек. Бірақ қай жерде келетіні белгісіз. Жол үстінде әдемі әуен құлағыңа келуі мүмкін. Кейде ойлауға да мұрша болмайтын сәттер болады. Ең алдымен адамның дарыны мен қабілетіне байланысты ғой. Біздің арғы аталарымыз өнерлі кісілер болған. Кейде шабыттан бөлек қан арқылы келген дарынды еңбекпен ұштастырып, шығарған күйлерім бар.

– Қазір домбырамен орындалатын күйлер эстрада жанрының сүйемелдеуімен орындалады. Мұны құптайсыз ба?

– Қоңыр домбырамен күй шығарып, тебіренте орындау біздің халыққа тән қасиет. Күй ноталардың жиынтығы емес қой. Техникаға басып, жүректі ұмытуға бола ма? Домбыра эстрадада дұрыс ашылмайды. Тарс-тұрс дауыстың табиғилығы болмайды. Әдемі, мөлдір сазды бере алмайды. Қазақ әндері мен иірімдеріне жететін дүние жоқ.

– Бізге белгілісі, күйдің де түрлері болады. Мысалға, шертпе, төкпе күй сынды. Сіздің жаныңызға қайсысы жақын?

– Мен үшін күй ерекше бір әлем. Оның қандай түрі болмасын бар болмысыммен сезінемін. Шертпе күй де, төкпе күй де жаныма жақын.

– Бүгінгі филармонияның тыныс-тіршілігі жөнінде не айтасыз?

– Биыл "ЭКСПО-2017" және "Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы" жылы екені мәлім. Осыған орай, Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық-аспаптар оркестрінің директоры Нұрғиса Дауешовпен меморандумға қол қойдық. Жуырда Оңтүстік өңіріне Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық-аспаптар оркестрі гастрольдік сапармен келді. Екі ұжымның басты мақсаты -оркестр мүшелерінің тәжірибесін жандандыру, ұлт аспаптар оркестрі арасындағы әріптестік байланысты арттыру. Сондай-ақ Құрманғазы атындағы Мемлекеттік академиялық халық - аспаптар оркестрі өнер тартуын рухани астана – Түркістан қаласынан бастады. Ал концерттің жалғасы облыстағы шалғай аудандарда өтті. Сондай-ақ филармония ЭКСПО көрмесіне барып, концерт беруді жоспарлап отыр. Дәстүрлі төл өнер қазақтығымыздың, тарихымыздың күретамыры ғой. Биыл филармонияның жанынан құрылған «Сүгір» атындағы қазақ-ұлт аспаптар оркестріне 15 жыл. Оркестр құрамында 45-ке жуық кәсіби музыкант бар. Мерейтой қарсаңында оркестр Батыс Қазақстан, Атырау, Орал қалаларына және Талдықорғанға барып, өнер көрсетеді. Сондай-ақ «Түркістан-Түркі әлемінің мәдени астанасы" аясында шілде айында Шымкент пен Түркістанда жыр-термешілердің қатысуымен «Ұлы Дала сазы» фестивалі өтеді.

– Көрерменнен тапшылық жоқ па?

– Алматыда 40-50 адамға концерт өткізе бересің. Ал Шымкентте олай емес. Филармонияның да өз тыңдармандары бар. Қандай іс-шара болсын бәрі ерекше өтеді. Өйткені талғамы жоғары тыңдарман нені тыңдау керек екенін жақсы біледі.

– Алда қандай жоспарларыңыз бар?

– Көңіл түпкіріндегі асқақ армандар қаншама?! Төл өнердің жолында жүргеніме өкінбеймін. Әйтсе де мансапты, жеке бастың қамын ойламаймын. Алдымен ұлттық өнерді насихаттасам деймін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ

Последнее изменение Понедельник, 29 Май 2017 09:37
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.