Қазақ анимациясы: «Сақ» киностудиясының өнімдерімен өрісті Избранное

Среда, 09 Август 2017 05:13 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 7630 раз

Биыл қазақ анимациясына 50 жыл толып отыр. Елу жылдың ішінде ұлттық анимациямыздың ұстыны биік көтерілді. Ең бастысы, ілгерілеу бар. 

Бірқатар кем-кетік те жоқ емес. «Көгілдір экран бетінен ұлттық өнімдерімізден гөрі шетелдің арзанқол мультфильмдері көрсетіліп жүр». Еліміздің телевизия тарихында тұңғыш болғандықтан, мұндай пікір білдірушілер «Балапан» арнасын мысал етіп айтады. Дегенмен, «кейін тартса кежегең, аса алмайсың межеден» дегендей, отандық анимацияның бір қадам алға шыққанын мақтан етуіміз қажет. Сол «Балапан» телеарнасынан беріліп жүрген «Қазақ елі», «Томпақ», «Әли мен Айя», «Достық даңғылы» және «Балапан және оның достары», т.б. мультсериалдарды балалар тапжылмай тамашалайды. Бір айта кетерлігі, бұл арна эфирі тек қазақ тілінде жүреді. 

Шымкенттегі «Сақ» киностудиясының төл өнімдері отандық мультипликация қоржынын толтырып жүргенін мақтанышпен айтамыз. Аталған студияның мұрындық болуымен жыл сайын дәстүрлі түрде «Алтын сақа» кинофестивалі облыс көлемінде өткізілетін. Биылдан бастап бұл дода халықаралық деңгейге шықпақ. Жалпы биыл «Сақ» киностудиясында жағымды жаңалық көп. Оларды киностудия директоры Нұриддин Паттеевпен болған сұхбаттан оқи аласыздар.

DSC 1084

Нұриддин Паттеев

– Нұриддин аға, анимациялық фильм жасау үшін уақыт керек пе, әлде қыруар қаржы болса жеткілікті ме? 

– Уақыт та, қаржы да көп жұмсалады. 10 минуттық мультфильмге ұжым болып кіріскеннің өзінде кем дегенде алты ай уақыт кететінін кез келген кісі біле бермесе керек. Яғни, салған суреттерден құрастырылатын анимациялық өнімнің тек 1 секундына 24 сызба қажет. Ол деген сөз бір кейіпкер қолын үстелден алып жағын таянуына 3 секунд уақыт жұмсайды десек, сол аралықтағы қимыл үшін 72 сурет салынуы керек болады.

Қазіргі кезде анимация саласына қаржы өте аз бөлінеді. Мысалы «Қазақфильмге» «Қазақ елінен» кейін ақша бөлініп жатқан жоқ. Ал анимация саласы ұрпақ тәрбиелеудің ең ұтымды жолы болып тұр. Бір жағынан, тілді де үйретеді. Жылына 3-4 мультфильмге мардымсыз қаржы бөлінеді. Ол дегеніңіз, 30-40 минуттық дүние эфирден жарты сағатта жылт етіп өтеді де кетеді. Мемлекет тарапынан ұлттық өнімдерге қаржы көптеп бөлінсе, саналы ұрпақ тәрбиелеуге септігін тигізер еді. 

Былтыр «Сақ» киностудиясына 15 жыл толды. Осы уақытқа дейін 50-ден аса мультфильм, 400 минуттан артық анимациялық роликтер жасадық. Одан басқа да 25 сериялық «Томпақ» деген фильміміз бар. Сан жағынан Әмен атамыздың жасағанынан да асып кеттік-ау!.. Сапалық жағы көпшіліктің талқысында. 

– Елімізде анимациялық фильм жасайтын неше студия бар? 

– Қазақстанда мультипликациялық кино жасайтын 10-нан аса студия бар. Бізден бөлек Алматыдағы «Гүршік», «Asia Animation» студиялары қиындыққа қарамастан өте жақсы жұмыс істеп жатыр.

IMG 0065

 

«Қалқан құлақ»-тың қызықтары көп

– Әлгінде «Сақ» киностудиясында жағымды жаңалықтыңжеткілікті екенін айтып қалдыңыз. Соларға тоқталсаңыз. 

– Биыл 12 сериялық «Қалқан құлақ» фильмін түсіру үстіндеміз.Сюжет желісі бойынша екі бала ойнайды. Оның біреуі өтірік айтады да, балық аулап жатқан кезде «біртүрлі» шалға кезігіп қалады. Ол шалға да кезекті өтірігін айтып, келемеж етеді. Сөйтсе ол алтын балық асыраушы шал болып шығады. Құлағы қалқиғанымен, бұл баланың өзіне ғана тән бір ерекшелігі болады. Ол бүткіл жан-жануарлар мен хайуанаттардың тілін түсінетін болады. Шал бұған «жеті жақсылық жасасаң, құлағың орнына келеді» дейді. Оған сенбей, құлағына ота істетеді. Бірақ, отадан кейін құлағы қайтадан өсіп кетеді. Сөйтіп, амал жоқ, жеті жақсылық істеуге кіріседі. Жақсылық жасаған сайын құлағы кішірейеді. Бірақ, аң-құстың тілін білмейтін болып қалады. Сөйтіп, екі ортада бұл дел-сал күйге түседі. Құлағын орнына келтірсе, аң-құстың тілін білмей қалады, келтірмейін десе, құлағы қалқиып тұр. Соңында жеті жақсылықты жасап біткен соң, жақсылық пен қайырымдылықтың қайырлы іс екенін ұғынып, ары қарай да жақсы бала болуға бекініп, досы екеуі осындай шешімге келеді. 

IMG 3559

– Өңірімізге Жансейіт Қансейітұлы әкім болып келгелі руханият пен мәдениет саласында да сең қозғалғандай. Естуімізше, жаңа басшы ұлттық анимацияға жанашырлық танытып, сіздердің студияға қыруар қаржы бөліпті. 

– Облыс әкімі Ж. Түймебаевтың тікелей қолдауымен жылдың басында төрт бірдей жобаны қолға алдық. Біріншісі, «Көне жетігеннің сыры» деген тарихи кино. Аңызға құрылғандықтан, Әл-Фарабидың заманы бейнеленеді. Ұлы ойшыл заманында алғашқылардың бірі болып жетіген жасайды. Оның жеті асығын аспаннан түскен метеориттен құяды. Сөйтіп, ол жетіген үлкен құдыретке ие болады. Бұл жетіген қай мемлекетте болса, сол ел үлкен, бай-бақуатты елге айналады. Сол заманда метеориттің құлағанын аңдып отырған басқа мемлекеттердің астрономдары хандарына бұл жаңалықты жеткізеді. Бөтен елдердің бірі нинзаларын, енді бірі асай-мүсейлерін, т.б. жібереді. Бір-бірімен таласып жүргенде, жетіген жоғалып кетеді. Сөйтіп оны осы замандағы жол салып жүрген экскаваторшылар тауып алады. Мұны жаңалықтардан хабарлаған соң тағы да үш мемлекет өзінің адамдарын жібереді. Басты кейіпкерлер – екі бала, бір қыз. Самал деген қызымыз музыкалық білім алып жүреді де, дипломдық жұмысы тура осы жетіген жайлы болады. Дипломдық жұмысын қорғау үшін Астанаға барады, ол жақта жігіт күтіп алады да, өзінің тарихшы, геолог досына алып барады. Үшеуі ары қарай жетігеннің сырын іздейді. Ал жетігеннің артында жеті асықтың қай жерде тығылғаны жазылып кеткен. Бір асығын Қазығұрттың басынан, енді бірін Отырартөбеден, Арыстанбаб пен Түркістаннан, яғни жеті асықты Оңтүстіктің жеті тарихи жерінен табады.

IMG 4217

 

Анимация арқылы рухани жаңғыру

– Бұл фильмнің сценарийін кім жазды?

– Батыржан Құлжабай, Батырхан Дәуренбеков үшеуміз жаздық. Әдеби кеңесшіміз – жазушы Нұрғали Ораз да атсалысып тұрды. Жетігеннің артындағы көне түркі жазуының бірі: «Кеменің орнын басасың, атаның үйін табасың» деген сөздерден тұрады. Сөйтіп, осы жазудың арқасында Қазығұрттан бір асығы табылады. Бір асығы Ақмешіт үңгірінен табылады. Фильм біткен соң Ресейде, сосын Түркияда көрсетсек деп отырмыз. Бұл киноны түсірудегі мақсаттың бірі – жас буынға идеологиялық тәрбие беріп қана қоймай, тарихи орындарды насихаттап, туристерді тарту. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған киелі жерлер мен тарихи орындарды біз осы туынды арқылы жаңғыртсақ дейміз. Бұйыртса, жылдың соңына қарай дайын болады. 

IMG 3697

– Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне біздің облыстың атынан «Сақ» киностудиясының бір өнімі жол тартатынын, тіпті, тұсауы сол жерде кесілетінін айтты...

– 25 минуттық «Күш атасы – Қажымұқан» деген анимациялық фильмнің алғашқы көрсетілімін ЭКСПО төрінде жасасақ деп отырмыз. Облыс әкімдігімен бірлесе қолған алған үшінші жобамыз «Отырарды қорғау» деп аталады. Бас кейіпкер екі бала болады. Қалаға оқуға барғанда, елді жау шабады. Қалалық тұрғындар мен әлгі екі баланың ерлігін көрсетеміз. Бұл туындының негізгі идеясы – өскелең ұрпақты патриотизмге, өзінің елін, жерін қорғауға үйрету. 

Келесі туындымыз «Киелі Қазығұрт» деп аталады. Қазығұрт тауының насихаты аз. Бізде эпикалық жыр бар. Ал ондай құнды жыр Синай мен Араратта жоқ. Егер бар болса, әлемге жар салатын еді. «Нұқ пайғамбардың кемесі тоқтаған» деп бекерден бекер айтылып жүрген жоқ. Қазығұрттың басына шықсаңыз, ірі тастардың арасында ойылып қалған кеменің ізі бар. Осы аңыз негізінде түсірілген 20 минуттық фильміміз де жылдың соңында көрерменге жол тартпақ. 

Одан кейін Мұхтар Шахановтың 70 жылдық мерейтойына орай «Бір дастан» анимациялық фильмін шығардық. Кешегі тарихтағы Шыңғыс хан мен оның баласының Отырарды ала алмай жатқан кезі суреттеледі. Балалар тек кітаптан оқып қана қоймай, көк жәшіктен де көрсін деп осынау фильмді түсірдік. 

Бұдан бөлек «Көне құмыраның сыры» деген 10 минуттық анимациялық фильмде екі кішкентай қыз көне құмыра арқылы Отырарға барып, кәрі тарихпен танысып қайтады. Әр сериясында әр алуан заман бедері сипатталады. 

«Қазақ елі» фильмі бұдан бұрын Каирде бас жүлде иеленсе, одан кейін Бразилияға барып қайтты. Еуразия халықаралық кино фестивалінен үш бірдей жүлдені жеңіп келдік. «Ең үздік сценарий», ҚР Президент қорының және фестивальдің атынан алғыс хатын иелендік. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.