Оразбек Бодықов: «Шәмшінің бақыты да, соры да – қарапайымдылығында» Избранное

Среда, 16 Август 2017 04:56 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 8899 раз

Біз бұған дейін газетіміздің бетінде өмірден өтсе де, соңында өшпес мұра қалдырып кеткен тау тұлғалармен ретроспективалық сұхбаттар жасадық. Бұл жолы ән әлемінің падишасы атанған бірегей талант иесі Шәмші Қалдаяқовтың көз жұмғанға дейінгі соңғы үш жылында қасынан қалмай, қуанышы мен күйінішіне куә болған, қажет кезінде сенімді сүйеніші бола білген нағыз жанашыр да айнымас досы Оразбек Бодықовпен сұхбаттастық. Атақты композитордан бес жылдан кейін өзі де өмірден озған Оразбек Бодықов ол туралы деректі повесть, пьеса жазған. Республикалық «Жас Алаш» газеті арқылы дабыл көтеріп, өзінің тік мінезіне басып, композитордың мерейтойын Шымкент, Жамбыл, Алматыда өткізуге себепкер болған да осы Оразбек атамыз. Шәмші ешкімге айтпаған жан сырын осы досына айтқан. Не нәрсеге қолы жетсе де, не нәрсені арман ғып өтсе де, Оразбек атамыз соның бәрінің куәсі болған, қағазға түсірген. Ендеше қайсар қалам иесі Оразбек Бодықовпен болған ретроспективалық сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

scan-2

– Оразбек ата, сіз Шәмшінің көптеген сырларын, ойларын, армандарын халқына жеткізген бірден-бір қаламгерсіз. Сіздердің таныстықтарыңыз қалай және қай кезде басталды?

– Біздің таныстығымыз ертеде, Алматыда басталған. Бірақ, күйбең тірліктің қарекетімен мен оны көрмегелі он бес жылдан асып кеткен екен. Содан араға талай жыл салып мен Шәмшіні Алматыдан алыста, Жамбыл облысында, Таластың дәл жағасындағы «Химпром» санаторийінде жолықтырдым. Алматыда: «Ойбай, неғыласың, Шәмші арақ ішіп кетіпті», «Өліп қалыпты» деген неше түрлі әңгіме естіген едім. Соның бәрі шіп-шикі өтірік болып шықты. Шәмші сап-сау, алдымда тұр. Тек самай шашы кейін қарай қашып, басы қасқая бастапты. Тырбық мұрт қойған екен. Онысы өзіне жарасып тұр.
Біз содан бастап (18 қараша 1988 жыл) Шәмші қайтыс болған 29-ақпанға дейін, яғни 1992 жылға дейін жұп жазған жоқпыз. Көп әңгіме айтылды, көп нәрсе айтылмай қалды. Шәмші әсіресе анекдот (әзіл-оспақ) айтуға, өткір ойды келте сөзбен түйіндеп беруге ұста болатын. Үйде де, түзде де қолынан кітап түспейтін. Шәмшінің білмейтін нәрсесі жоқ. Ол оқып білетін немесе елден естіген күлкілі әңгімелерін айтқан кезде, оған сол тұстағы жағдайға сәйкес сипат беріп, ол қалжыңдары нысанаға дәл тиіп жататынын мен Шәмшіден көрдім.
Сол Шәмші... Сымбатты сұлу асқақ әуенімен белгілі болған Шәмшіні біреулер: «Айқайлағанның бәрі әнші емес, арақ ішкеннің бәрі Шәмші емес» десе, тағы біреулер: «Таздан – тарақ, Шәмшіден – арақ қалғалы қай заман!» – деп жыр қылушы еді. Сол Шәмші... (көп ойланып отырды да, бір күрсінді).

– Иә, ән падишасына айналған ғаламат таланттың соңынан жел сөздердің ергенін ел біледі. Өзіңіз де айтып отырсыз. Осы «Шәмші әнді ішіп отырып жазады екен» дейтін сөздерге қандай жауап қайтарар едіңіз?

– Бір күні: – Маған Композиторлар одағының есігін ашпаса да, не құрметтеп басқаша ат-атақ бермесе де, «алқаш» деген атты оп-оңай алдым, – деді бір әңгімесінде Шәмші. – Ол кез көше-көшенің бұрышында арақ сатылатын көл-көсір заман еді. Өзі сонау дерлік қымбат та емес, қалтаңа аздаған тиын-тебен түсе қалса, түрегеп тұрып тартып жіберіп, түк көрмегендей болып жүре бересің. Иә, бізді құртқан арзан арақ пен тегін арақ болды ғой, – дейтін бас шайқап.

scan-1

Және де бір сөзінде: «Шәмші әнді ішіп алып шығарады екен» деген әңгімеден құтылатын күнім бола ма, жоқ па? Айтқанда да біліп айту керек қой, ең болмаса шын сырымды айтайыншы. Мен ән жазбақ түгілі ән тыңдай алмайтын кездерім болады. Сол кезде ақаңа басамын да, жұрт көзіне түсіп қаламын... Арқам құрысса, бір ән келе жатқанын сезіп, арақтан безіп кетем. Мен әнді бір-ақ күнде жазам. Екінші күні шығармасы жүрегіме жақын ақын тауып алып, оған «өлең жаз» деймін. Өзімнің де аздап ақындығым бар. Егер ақын өлеңі ән секілді боп естілмесе, ондай өлеңді жаратпай тастаймын... Үшінші күні дайын болған әнді орындаушыға берем. Әнім ұнаса ол оны әрі қарай алып кетеді... – деген еді.
Тек «Әнім сен едің» әні ғана Шәмшінің ішіп отырып жазған ең алғашқы және ең ақырғы әні болды.
Ал арақты түбегейлі 1977 жылдың көктемінде қойды. Көкшетаудағы Ақан сері бабасының басына тәу етіп барғанда бұлдыр тұман арасынан бір бейне көрініп: «Ел-жұртыңа айтар әніңді әлі айтып болған жоқсың. Әнің асқақтап тұрғанда, мұндай осалдықты ұмыт сен. Батам сол, күресе біл. Жығылсаң жер көтереді, тек әнің құлдырамасын... Қызғаншақтар түңіліп – өздері ішсін. Әумин!» – деп бата беріп, сұлбасы ғайып болған екен. Шәмші Ақан серінің ауылынан арақ деген аурудан мүлде арылып қайтты. Осыдан соң өмірінің ақырына дейін арақ атаулыны аузына алмай-ақ кетті.

– Қалдаяқовтың әнді қалай шығарғанын сіздің аузыңыздан естідік. Ән туралы жан сырын да өзіңізге шерткен болар...

– «Менің білетінім: ән – адал жүректен туады... Ән жарқын болашаққа деген сенімді паш етеді. Асқақтата салған ән... Сені әлдеқайда алысқа, қиын шетке, сонау төскейде көрінген қырат басына жетелейді. Сол қыратта қыран отырар. Анда-санда қанатын қомдап-қомдап, бар даусымен шаңқ еткенде, ол да енді қайтып ешқашан қайталанбайтын ерекше ән ғой... Табиғат әсер етпесе, қыраннан ол ән тумас еді. Қыранның көзін шетсіз-шексіз жатқан кер дала ашты. Дала оның көңілін оятты... Жүрегін тербеді... Қыран бұлбұл секілді сұңқылдай бермейді. Ол өзінің ең ғажап, ең айбынды әнін анда-санда бір-ақ рет айтады», – деп еді Шәмші бір әңгімесінде.
Сол кезде менің есіме 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы түсті. Сонда жастар Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әнін айтып, орталық алаңға шыққан еді. Бұдан кейін Шәмші «тек вальс жазады, әндері лирика болып келеді» деп қалай айтасың? Шәмшінің көзі тірісінде сол әннің жалпыхалықтық әнге, кейіннен тәуелсіздік алып, етек-жеңімізді жинаған шағымызда әнұранға айналуы не деген бақыт!

– Әлгінде Қалдаяқовтан қалды делінетін әңгіме, қанатты сөздер көп деп айтып қалдыңыз. Ұлы композитордың өміріндегі қызықты оқиғаларды баяндап бересіз бе?

– Шәмшіге жамбылдық жігіттердің кигізген су жаңа костюмін белгісіз үш қазақ жігіт шешіп, тонап кеткенде де үйіне оралғанда әйеліне: «Ол костюмді қазағым өзі берді, өзі алды. Сенің шыққан көк тиының жоқ қой», – деп құтылған екен.
Сенесің бе, сенбейсің бе, өз еркіңде. Шәмшіні ит қаппайтын еді.
Оны мен өз көзіммен көрдім. Жетісайда тұратын Исақ деген досының үйіне барғанда екі-үш дәу итінен қақпайламақ болғанында: – Керегі жоқ, – деді оған Шәмші. – Иттеріңіздің тілін өзім табам, – деді де, ілгері шығып: – Немене, танымай қалдыңдар ма? Мен Шәмші Қалдаяқовпын ғой! – деп еді, әлгі арпылдаған иттер сап тиылып, құлақтарын едірейтіп Шәмшіге қарап қалысты. Сонда үй иесі: «Сенің «әруағың бар» деуші еді. Рас екен», – деді. Шәмшінің осындай да ерекшелігі бар еді. Бірақ ит қаппағаннан не пайда, талай иттікті бастан кешірді ғой.
Соңғы үш жылды біз Шәмші екеуміз бірге өткіздік. Шәмші өскен жерлер Шымкент, Ташкент, Жамбыл облыстарын түгел араладық. Көп жердің қонағы болдық.
Сол кездері дастархан басында отырсақ та, жиындарда бас қоссақ та еститініміз көбіне өсек-аяң, біреудің болғанын көре алмау, сырттарынан балағаттау. Соның бәрінен әбден мезі болып, бір күні Шәмшіге:
– Қайда барсақ та дау-дамай. Адамдардың бір дамыл алатын тыныш жері бар ма? – деп едім.
– Бар, – деді ол еш ойланбастан.
– Қайда?
– Молада.
– Апырай...
– Молада жатсаң қас та жоқ, дос та жоқ... Билікке таласу не қор болу да жоқ... ішкілік те, тоқшылық та жоқ, – деді Шәмші. Сөйтті де күліп жіберіп:
– Ол жақта компартия да жоқ. Ешкім саған, партияны ән қылмадың деп айып таға алмайды.
«Партияны жырламадың» деп ат-атақтан құр қалып жүрген Шәмшінің бұл шыны еді.

– Ағыңыздан жарылып сұхбат бергеніңізге көп рахмет, аға!

 

Сұхбаттасқан
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.