Қайрат Анарбаев: «ТАРИХЫ ТЕРЕҢ ШЫМКЕНТ өркениеттің үлкен ошағы болған» Избранное

Пятница, 18 Август 2017 04:40 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 6491 раз

Рухани жаңғыру. Елбасының сәуір айында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан кейін біз осы тіркесті көп қолданатын болдық. Әсіресе, тарих және салт-дәстүр, тіл, діл мәселесіне келгенде рухани жаңғырудың жаңғырықтарын іздейміз. Тарихқа тұнған өлке – Шымкенттің 2200 жылдық тарихы, шаһардағы археологиялық нысандардың, мәдени ескерткіштердің, жәдігерлердің сақталуы... ОҚМПИ доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Анарбаевпен сұхбатымыз осы мәселелер төңірегінде өрбіді.

IMG-20170810-WA0000

ШЫМКЕНТТІҢ ЖАСЫ ЖИЫРМА ҒАСЫРДАН АСАДЫ

 

– Қазақстан ҰҒА академигі, белгілі ғалым Бауыржан Байтанаев «Шымкент – Қазақстандағы ең көне қала» деп мәлімдегенін білеміз. Президент осынау саяси маңызы зор құжатты жариялаған тұста, рухани жаңғыруға жан-жақты кіріскен кезеңде шаһарымыздың тарихи жасына байланысты пікіріңізді білсек деп едік...

– Біріншіден, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының мазмұны елімізде де, шетелде де жылы қабылданып жатуы мәселенің өзекті екенінен анық хабар беріп тұр. Ал мақала мазмұны бүгінгі қоғамды болашақта іргесі мығым елдіктің, дамыған өркениеттіліктің деңгейінен көріну мақсаттарын көздеп қана қоймай, сонымен бірге атқарылуы керек нақты міндеттерді де белгілеп беруімен де құнды. Қысқаша айтар болсақ, ұрпақтар руханиятына қуат болар ұлттық тарихи сананы көне қайнарларымен сабақтастыра отырып, терең рухани жаңғыруға қарай жетелейді. Осы орайда, мақаланың ең бір өзекті арқауларының бірі – «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруды ғылыми әрі кешенді зерттеулер арқылы ғана қолға алғанда әлем алдында абыройлы боламыз демекпін. Ал өзіміздің сүйікті шаһарымыз – Шымкентке келер болсақ, сөз жоқ, ең көне қалалардың бірі деп санауға тарихи деректер жетерлік деп санаймын. Сонымен бірге тарихшы ретінде айтарым, кез келген қала туралы сөз қозғағанда, олардың пайда болып, көркеюін немесе тарих сахнасынан кетуін сол қаланың географиялық орналасу аумағынан да бөліп алып қарауға болмайды. Яғни, қолөнер мен сауда, шаруашылық пен өндірістің арасындағы еңбек бөлінісі саяси билік белгілеген заңдары шеңберінде жүзеге асырылып, қала мәдениетінің белгілері дами түседі... Әрине саяси жағдайлардың да әсерлері жоқ емес. Тарихта белгілі бір қалалардың атаулары да түрлі жағдайларға орай сан мәрте өзгеріске ұшырап отырған.

Осы тұрғыдан алғанда ғылыми әдебиеттерде «Ұлы Дала өркениеті» атауы енді ғана орныға бастады. Өз кезегінде бұл өркениет ежелден Шығыс пен Батыс өркениеттерін жалғастырушы, тіпті негізгі «дем беруші» буын болған. Тарихи әдебиеттерде біздің жыл санауларымызға дейінгі І мыңжылдықтарда «Ұлы Дала жолы» саналған ірі халықаралық сауда жолы кейін «Ұлы Жібек жолы» ретінде таныла бастағаны айтылады. Сол жолдардың бойында көптеген қалалар пайда болған. 

Шымкент шаһары тарихына үңілгенде сол халықаралық сауда жолдарының негізгі тармақтары біздің өңір арқылы өткенін ескеру керек. Шымкент қаласы Тянь-Шань тауының Сайрам шыңы мен Қазығұрт, Қаратау тауларының кіндігінде орналасқан. Ал ғылымда бұл аумақ ежелден адамзаттың ерте қоныстарының бірінен соң бірі табылып келе жатқан киелі мекендер қатарынан саналады. Бұл өлкенің тарихы ғылыми тұрғыдан кешенді зерттеу нысаны әлі бола қойған жоқ. Ғылымның дамуына біршама көңіл бөлінген ХІХ-XX ғғ. саяси билік өзіне керекті мәселелер төңірегінде ғана сөз қозғап, халықтың осы аумаққа байланысты тарихи жадын өшіру үшін ескілікті тарихи санамен сабақтастырар фольклорлық материалдар мен сирек болса да қолда бар жазба деректерді көзден тасалау ұстаған.

Халықтың тарихи жады сақталған фольклоры мен жазба деректерде аталған аумақ туралы деректер баршылық. Мысалы, Шымкент тарихын көне Сайрам, Самарқан, Бұқара, Отырар, Яссы сияқты ірі қалалардан бөліп қарай алмаймыз. Олардың гүлденуі жоғарыда айтылған халықаралық сауда жолдарымен тығыз байланысты болған.

Осы жерде тағы бір ескерер жайттардың бірі, көшпелі қоғамның тарихи санасының ұрпақтан ұрпаққа берілу жолдарынан «бейхабар болған» кейінгі біздер үшін өз тарихымызға үңілудің методологиясын да қайта қарау керек. Біздер ертедегі грек тарихшылары жазған дүниелерді «шындық» деп санап, ауылдағы ақсақалдардың айтуымен жеткен аңыздар, шежірелерге «күдікпен» қараймыз. Сол грек тарихшыларының өздері жолаушылар мен жиһангездердің әңгімелеріне сүйене отырып «тарихты» жазғанын ұмытып қаламыз. Мысалы, Геродот (б.э.д.V ғ.) Азиялық скифтер туралы жазбаларын өзінің «естігендеріне» сүйеніп жазғанын жасырмаған. Бірақ ғылыми талдау арқылы жазылған оның еңбектері құнды. Себебі тарихшының «сол скифтерде алтын мен мыстың мол болғандығы туралы» жазған шындығын кейінгі археология ғылымы табыстары дәлелдеп келеді. Ал халық жадында сақталған Нұқ пайғамбардан соңғы адамзаттық өркениеттің алғашқы ошағы осы Қазығұрт аумағынан таралғаны туралы аңыздардың ұлттық рухты көтеруде халқымызға бергені мол болған және берері де аз емес. Өйткені, Сайрам қаласын Нұқ пайғамбардан кейінгі алғашқы қала ретінде танитын халық аңыздары мен «Авеста» сияқты кітаптарда осы өлкенің ескерілуін тегін дүние деп қарай алмаймыз. Ендігі жерде халықтың тарихи жады арқылы жеткен фольклорлық материалдарды (оның жүз томы елімізде әзірленгені белгілі) ғылыми талдаулар мен кешенді зерттеу нысаны ету керек.

Міне, осы тұрғыдан алғанда ЮНЕСКО шеңберінде өзінің 2000 жылдығын атап өткен Самарқан қаласының кірпіштері мен керамикаларымен ұқсас археологиялық айғақ заттарға сүйеніп, Шымкенттің жасының жиырма ғасырдан асатынын айтқан археологтар, т.ғ.д., профессорлары К.Байпақов пен Б.Байтанаевтардың зерттеулері әлемдік ғалымдардың қолдауына ие болып отыр деп санаймын.

 

НУДЖИКЕНТ – ШЫМКЕНТТІҢ ТАРИХИ АТАУЫ

– Бұл жерде жергілікті биліктің де молынан қолдауы бар екенін ескеру керек сияқты...

– Иә, әлбетте. Шымкенттің еліміздегі үшінші мегаполис екенін ескерер болсақ, оның ғылымы да соған сай болуы керек. Ол үшін тарихтың салалары бойынша үлкен-үлкен мектептерін қалыптастыруға өңірдегі ғалымдардың өздері де, жергілікті билік те қызығушылық танытуы керек. 

– Шымкент қаласының атауы тарихта бірнеше рет өзгертілгені шындық. Сол атауларға нақты тоқталып өтсеңіз. 

– Самарқан бір кездері Афрасиаб, Семізкенд сияқты атаулармен белгілі болса, Шымкенттің атауы да өзінің осы атауын иемденгенге дейін бірнеше өзге атаулармен, мысалы Нуджикент деп ғалымдар атап жүргендей немесе тіпті Сайрам өлкесінде орналасқандықтан сол қаланың тарихи атауларының біріне ие болып жүруі де мүмкін ғой. Ал оны анықтау үшін кешенді ғылыми зерттеулер керек. Қытай деректері мен шығыстық жазбаларды ақтаратын өлкетанушы мамандар керек. Басқасын айтпағанда, кешегі орыс отарлаушылары бұл қаланың атын генерал Черняев құрметіне өзгертіп, тек Сұлтанбек Қожановтың ұсынысымен 1921 жылы Черняев аты өшіріліп, Шымкент қаласы өз атын қайта иемденгенін де көпшілік біле бермейді. Белгілісі, жазба деректерде қаланың аты тұңғыш рет 1425 жылы аталады. Шараф ад-Дин Али-Йаздидің «Зафар-наме» атты кітабында Ақсақ Темір 1366 жылы Ташкенттен Сайрамға барар жолда өзінің жүк тиелген арбаларын Шымкент елдімекенінен тапқаны жөніндегі жазбаларына сүйеніп қала тарихын бастаудың өзі де қосымша зерттеуді қажет етеді. Өйткені, орыс деректерінде Шымкент қаласының аты Чимин түрінде кездесетінін айтып келе жатқан өлкетанушылар да бар.

– Шымкент шаһарындағы тарихи және мәдени ескерткіштердің сақталуы туралы не айтасыз? 

– Елімізде оларды қорғау мен сақтау жөніндегі арнайы мемлекеттік мекеме бар. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылған игілікті істердің арасында осы мекеменің де үлесі аз емес. Алғаш рет облыс және қала көлеміндегі сондай ескерткіштердің тізбесі жасалғанынан хабарым бар. Бірақ бұл түгел аяқталған дегенді білдірмейді. Атқарылар жұмыстар жеткілікті. Мен еңбек етіп жатқан Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты ғалымдары мен аталған мекеме арасында шығармашылық байланыс орнатылған. Ендігі міндеттердің ішінде сол тарихи және мәдени ескерткіштерді ғылыми зерделей отырып, оларды қоғамға рухани тұрғыдан қызмет еткізе білуіміз өзекті. Соңғы уақыттарда атқарылған жұмыстарға жұртшылықтың көңілі толатындай сияқты көрінеді. Меніңше, қала аялдамаларына осындай тарихи және мәдени ескерткіштер туралы мағлұматтар беретін ғылыми негізде әзірленген мазмұнды афишаларды ілу арқылы олармен көпшілікті таныстыра отырып, азаматтарымыздың патриоттық сезімін күшейте түсеміз. Сонымен бірге олар арқылы ішкі және сыртқы туризмнің дамуына да үлес қосуға болар еді деп санаймын. Әрине оның бәрі қаржыға келіп тіреледі. Бірақ, салауатты өмір салтын насихаттайтын жарнамалар сияқты қоғамды тәрбиелеуге қажетті ондай дүниелердің қайтарымының ұлттық сананы көтеруде маңызы ақшамен өлшенбесе керек деп ойлаймын.

 

КЕҢЕСТІК КЕЗЕҢДЕГІ ҚАЛА ӨНЕРКӘСІБІ

– Шымкенттің ескі қала екенін көрсететін жәдігерлерді атай аласыз ба? 

– Біз өзіміздің отар елдің қамытын шешкенімізге көп уақыт болмағанын ескеруміз керек. Кешегі отарлаушыларға ондай көне жәдігерлер керегі жоқ болғаны жоғарыда айтылды. Қазіргі «Тәуелсіздік» саябағы, бұрын Шымкент қорғаны орналасқан аумаққа шаһар тарихынан сыр шертер дүниелерді орналастыру артық болмас еді. Меніңше, төмендегі Қошқарата өзені бойынан Шымкенттің көне тарихынан мағлұмат беретін жәдігерлерді сәулеттік үйлесімдікпен орналастыруға болады. Қошқарата өзенінің Шымкенттің қала ретінде пайда болуында, дамуында, өсуінде маңызды рөл атқарғаны айтпаса да түсінікті шығар. Сонымен бірге қаланың екі мың жылдан астам тарихынан мағлұмат беретін негізгі тарихи кезеңдер туралы мағлұматтарды (оның ішінде ХІХ ғасырдағы тарихи қорғандарының суреттері сақталғаны белгілі) қала тарихымен қоса жұртшылық көп жиналатын орындарда танытудың жолдарын жергілікті билік пен мәдениет, сәулет басқармалары біріге отырып қарастырса, артық болмас еді. Тәуелсіздік жолында сол қорғандарда қазақ елін отарлаушыларға қарсы күрескен ұлттық тарихи тұлғалардың есімдерін таныстырудың да болашақ ұрпақтардың бойында отансүйгіштік қасиеттерін күшейте түсері анық. Әрине ондай істер атқарылып жатса, қалаға келетін туристер үшін де танымдық қызметінің маңызы да арта түсер еді деп ойлаймын.

Әрине кешегі кеңестік кезең тұсындағы қала тарихынан хабар беретін мағлұматтарды да ұмытпау керек. Басқасын былай қойғанда, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Шымкент қорғасын зауытының үлесі ұрпақ жадында өшпестей сіңіріле берсе игі. Сол кезеңдерде Шымкентке 17 кәсіпорын майдан аумақтарынан көшіріп әкелінді. Олар қысқа уақыт ішінде майданға қажетті өнім бере бастады. 1942 жылы Шымкентте республикадағы ең ірі май комбинаты, мақта-мата комбинаты, айна фабрикасы іске қосылды. Соғыстан кейінгі жылдарда қала өнеркәсібі қарқынды дамыды. Бұл кезеңде «Восход» тігін фабрикасы, Қаракөл зауыты, Цемент зауыты, асбоцемент конструкциялары комбинаты, «Электроаппарат» зауыты, Фосфор зауыты, Гидролиз зауыты сияқты ірі кәсіпорындар іске қосылып, қаланың өндірістік қуатын арттыра түсті. «Пресс-автомат», «Химфарм», Фосфор зауыттарының өнімдері дүниежүзілік нарықта үлкен сұраныс тауып, әлемнің көптеген елдеріне экспортталды. 

2013 жылы өңірімізге жұмыс сапарымен келген Президент Н.Ә.Назарбаев Шымкент қаласының еліміздегі үшінші мегаполис болуы керектігін айтқан болатын. Бүгінгі тамаша қаланың өсіп-өркендеп, Мәңгілік Ел – Қазақ Елінің агломерациялық мықты ұстынының біріне айналатын шағы алыс емес деген сенімдеміз.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

Последнее изменение Вторник, 22 Август 2017 04:52
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.