Қасымбек Сайлауов: «Ескі шаһардың» жаңа келбетi туризмді дамытуға мүмкіндік береді» Избранное

Пятница, 25 Август 2017 07:58 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 566 раз

Алдағы уақытта Шымкентті көптеген өзгерістер күтіп тұр. Ең маңыздысы – миллионды қаланың тұрғындары үшін кең көшелер мен көпқабатты тұрғын үйлердің санын арттыру. Қала сәулетін заман талабына сай қайта жаңарту мақсатында бірқатар тұрғын үйлер мен нысандардың мемлекет мұқтаждығына қайтарылатыны бұған дейін де сөз болған. Дегенмен, редакциямызға келген оқырмандардың сан сауалына жауапты Шымкент қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қасымбек Сайлауовтан алған едік.

DSC 4256

«Сүрілмейді, мемлекет мұқтаждығына қайтарылады»

– Редакциямызға «Ескі қалашық» тұрғындары «үйіміз сүрілгелі жатыр» деген шағымын айта келіпті...

– «Сүру» деп баса көктеп үйлерді бульдозермен таптап өтуді айтады. Сондықтан да бұл сөз кез келген адамға жағымсыз әсеретіп, қарсы реакция туғызуы әбден мүмкін. Мұндай жағдайда бұл мәселе төңірегіндегі әңгіменің өзі өрескел көрінері сөзсіз. Сондықтан «сүру» деп емес, «мемлекет мұқтаждығына алынатын жер телімдері» деп айтқан жөн. Өйткені, тұрғындарға «осы жер мемлекетке қайтарылуы тиіс» деп түсіндіріп жатырмыз. «Дәл қазір үйді босат» деп ешкімнің алқымынан алып отырғанымыз жоқ. Қаланы дамыту мақсатында көптеген жобалар қолға алынды. Соны жүзеге асыру үшін кей аудандарда тұрғындар орналасқан жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына қайтару жұмыстары қолға алынған.

DSC 4229

– Осыған ұқсас сұрақтармен Әкімшілік-іскерлік орталығы мен «Тұран» шағынауданынан да қала тұрғындары жиі хабарласады. Қаланың бас жоспарына сәйкес тағы қандай жерлер мемлекет мұқтаждығына қайтарылмақ?

– Әкімшілшік-іскерлік орталығында 280 гектар жер, яғни 700-ге жуық жер телімі тұрғындардың келісімімен мемлекет мұқтаждығына қайтарылды. Бұл жобада тағы 20-ға жуық үй иесімен келіссөздер жалғасуда. Сондай-ақ, «Shymkent city» жобасы аясында қаланың солтүстік батыс бөлігінен 412 гектар жерді мемлекет мұқтаждығына алу үшін меншік иелерімен келіссөздер жүргізілуде. Бүгінде оның 241 га жері мемлекет иелігіне алынды. Сондай-ақ «Ескі қалашық» аумағындағы 13,293 гектар жерді, яғни 234 нысанды мемлекет мұқтаждығына қайтару туралы мәселе баспасөзде жарияланды. Мұның 99-ы тұрғын үй болса, 125-і кәсіпкерлік нысан.

– Демек, «Ескі қалашықтағы» құрылыс заттарын сататын сауда қатары орналасқан жер де мемлекет мұқтаждығына қайтарылуы мүмкін ғой?

– Әрине. Мұндағы коммерциялық нысандар, сауда орындарықаланың сыртына көшіріледі.

DSC 4220

– Қошқар ата өзенінің бойында да өзгерістер бола ма?

– Иә, бұл жердегі ескі үйлердің орнына заман талабына сай көпқабатты тұрғын үйлер салынады және өзеннің жағасында абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Қошқар ата өзені бойындағы іргетасы жоқ, қирауға шақ тұрған тұрғын үйлер анықталды. Бүгінде мемлекет мұқтажына қайтарылатын 626 нысанның меншік иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізуді бастадық. Сонымен қатар, орталықтағы Қонаев гүлзары ескі және жаңа қаланы қиып, қайта құрудан өткен Әйтеке би көшесіне жалғасатын болады. Бұл аумақта мемлекет мұқтажы үшін 73 нысан алынады. Қаладағы бірқатар көшелерді қайта құру, кеңейту, жаңа даңғылдар салу барысында да заңсыз салынған немесе бас жоспарға сәйкес мемлекет мұқтажы үшін қайтарылатын жер телімдері анықталуда.

– Халыққа «Ескі шаһардағы» 234 нысанның орны қандай мақсатқа қызмет ететінін айтып берсеңіз.

– Шымкенттегі ескі қалашық туристер мен көненің көзіне қызығатын жандар үшін ерекше мұражай болып қалады. Қалашықтың сәулеті қорған тәрізді қоршаумен бой көтеріп, ішінде жағалай қолөнер шеберлерінің туындылары орналасады. Сондай-ақ, шеберханалар, рухани демалыс орны пайда болады. Мұндағы тарихи жәдігерлер қала тұрғындарының мақтанышына айналары сөзсіз. Ашық аспан астындағы мұражайда сәулетшілер өздерінің қазба жұмыстарын жалғастыра береді.

shymkala kz-10-67

– Дегенмен, үйреншікті өмір салтын өзгерту оңай емес. Бұл бағытта қала тұрғындарына түсіндіру жұмыстары қалай жүріп жатыр?

– Атап айтқанда, «Ескі қалашық» аумағындағы 234 нысан иелеріне ҚР Жер кодексінің 84 бабы және ҚР «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының 6 тарауында белгіленген тәртіппен ескертілді. Мемлекет мұқтажына қайтарылатын жер телімдерінің тізімі баспасөз бетінде жарияланды. Әл-Фараби ауданы әкімдігімен бірлесіп жергілікті тұрғындармен 2 рет кездесу жиынын өткіздік. Бұл жерлердің пайдалану мақсаты мен жобасын таныстырдық. Қала тұрғындарына тиімділігі жайлы айтылды. Аймақ «қызыл сызықпен» белгіленіп, тұрғындар үшін құрылыс жобасы жол бойындағы көрінетін жерге ілінді.

 

Жылжымайтын мүлікке өтемақы төленеді

– Бұл әңгімені жергілікті халық қалай қабылдауда?

– Әртүрлі адам бар. Біз қаланы көркейтудің жоба-жоспарын мақсат етсек, тұрғындар арасында кейбір жандардың дүрбелең туғызуға бейім тұратыны да кездесуде. Ондай адамдар жылжымайтын мүлікті нарықтағы бағадан артық бағалап, мәселені соттың көмегімен шешуді көздейді. Бірақ ондай жандар көп емес. Әйтсе де, мәселеге түсіністікпен қарап, қолдау білдіріп жатқан тұрғындарға ризамыз. «Көшеміз тезірек кеңейсе екен» деген ниетпен құжат рәсімдеу жұмыстарын ертерек бастап, тіпті жұмыс күші ретінде қолғабыс жасайтындары баршылық. Бұл бағытта бізге ауыл, көше билері көп көмектесуде.

shymkala kz-11-67

– Тұрғындар қайда көшіріледі? Нақты белгіленген жер телімі бар ма?

– Халықты жаппай мәжбүрлеп көшірмейміз. Келісімге келгеннен кейін ғана тәуелсіз бағалаушылар үйдің нарықтағы құнын есептеп шығарады. Анықталған сома ҚР «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының 6-тарауында белгіленген тәртіппен тұрғынның есепшотына аударылады. Ары қарай бұл қаражатты пайдалану меншік иесінің өз еркінде. Ол жер алуы немесе тұрғын үй кезегіне тұруы, тіпті баспанасы болса бөлінген қаржыны өзінің қажетті басқа мақсатына пайдалануы мүмкін. Біздің міндет – жер учаскесіне немесе жылжымайтын мүлік құнына өтемақы төлеу, яғни сатып алу.

DSC 4163

– Мемлекет мұқтажына қайтарылатын нысандар тізіміне Түркістан көшесіндегі моншаның кіретіні де белгілі. Бұл мәселе шешімін тапты ма?

– Жақында ғана сот шешімі шығып, біздің тараптың жұмысы қолдау тапты. Бірақ, меншік иесі бұл шешімге қанағаттанбай аппеляцияға берсе, тағы біраз уақытқа созылуы мүмкін. Осындай бір ғана меншік иесінің қарсылығы немесе оған қатысты сот шешімі үлкен бір жобаға кедергі болуы мүмкін. Сондықтан қала тұрғындарын жаңа жобаларды жүзеге асыруда бірлесе жұмыс істеуге шақырғым келеді. Олар «үйім сүрілетін болды» деп жөнсіз даурықпай, «бұл жер елдің игілігіне қызмет етеді» деген ізгі оймен мәселеге оң көзқарас танытса, бұл олардың туған қаламыздың гүлденуіне қосқан үлесі болар еді.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

Последнее изменение Пятница, 25 Август 2017 09:20
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.