Уәли ҚЫДЫР: «Біз бұрынғы әліпбиімізге оралып жатырмыз»

Среда, 13 Сентябрь 2017 05:45 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5503 раз

Уәли ҚЫДЫР, «Qazaqstan» телерадиокорпорациясы  АҚ ОҚО филиалының директоры:

IMG 2816«Қазақстан» телерадиокорпорациясының барлық медиа активтерінде 28 тамыздан бастап жаңа маусым басталды. Негізінен, жаңа өзгерістер: ребрендинг саясаты, студиялар жаңарту, жаңа бағдарламалар эфирге қосу, т.б.. Латын қарпіне көшуге байланысты ребрендинг барысында – корпорацияның медиа активтеріне ортақ, танымал логотип бекітілді.

«Корпорацияның құрамындағы арналар мен радиостанциялардың біртұтастығын білдіретін жаңа логотип еліміздің мемлекеттік туы іспетті жасалды. Жалпы, жаңарған белгі корпорацияның технологиялық дамуға ұмтылысын көрсетеді, үлкен медиа отбасы ресурстарының сабақтастығын білдіреді», – дейді корпорацияның ОҚО филиалының директоры Уәли Қыдыр. 

Жаңа өзгерістерге сәйкес, облыстағы «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының атауы «Ontustik» болып өзгерді. Бүгінгідей технологияның өркендеген дәуірінде бұқаралық ақпарат құралдары да өзгеруге бет алды. Латын қарпіне көшуді бастап кеткен арнаның басшысымен алдағы жоспарлары, жаңа маусымға дайындық жөнінде аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Уәли Сағындықұлы, бұл жаңғыру облыстық телеарнаға қандай міндет жүктейді? Сөзден іске көшетін кез келді ғой...

 

– Бұл өзгертулер аймақтық арналарға ішкі теленарықта дербес жұмыс жүргізуге және аудитория ауқымын кеңейтуге зор мүмкіндік. 23 тамыз күні Астанада өткен өзгерістерді және хабарлардың жаңа маусымға шығару бойынша халыққа таныстыру, түсіндіру жиынына қатысып келдім. Оған қоғам қайраткерлері, белгілі тұлғалар, журналистер де куә болды. 

Елбасының өзі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында еліміздің латын әліпбиіне көшуі бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Бұл заман талабынан туған шешім екені мәлім. Әзірге, латын қарпінің бекітілген жаңа нұсқасы шыққан жоқ. Солай бола тұра біз өзгерістерді бастап кеттік. Бізге халықтың жаңа өзгерістерге көзі үйрене бергені жөн. Әрине, жаңа әліпби шыққаннан кейін өзіміздің дыбыстарға тән әріптер уақыт сәтімен өзгертіле бермек. 

28 тамыздан бастап Ұлттық арна жаңа келбетпен эфирге жол тартты. Әзірге, телеарна атауы мен логотипі ауысты. Енді, ресми сайттағы мақалаларды кезең-кезеңімен ауыстыру міндеті тұр. Одан соң, «Қаз-спорт» арнасы мен «Балапан» аранасы жаңа белгімен шықты. Ал аймақтық арналар қыркүйек айының аяғында жаңа белгілермен шығады. Осылайша кезең-кезеңімен ауысу жұмыстары жүргізіліп отыр.

Жалпы, корпорация төрағасы Ерлан Қарин мырзаның қойып отырған талабы өте жоғары. Біз облыстық телеарна болғанмен, «отау тв» арқылы біздің өнімдерімізді бүкіл ел көреді. Сол себепті, біз сапасыз дүние жасауға құқығымыз жоқ. Мәселен, дәстүрлі әндерді насихаттайтын хабарларымыз жөнінде солтүстіктен адамдар хабарласып, пікірін айтып жатады. 

Baner JANALIKshymkala-72-11

– Облыстағы филиалдың атауы «Оңтүстік» болып өзгеріпті...

– Бұл – облыстағы зиялы қауым өкілдерімен кеңесіп, өзіміздің ұжым мүшелерінің ақылдасуымен қойылған атау. Оңтүстік біздің өңірдің мінезін ашып тұр. «Ордабасы», «Отырар», «Шымкент» деп қойылсын дегендей ұсыныстар болды. Бірақ, олар қаланың не ауданның шеңберінде қалып кететіндей көрінді. Сол себепті, жалпы облысқа қатысты атау беріп отырмыз. 

 

– Биылғы жаңа маусымға дайындықтарыңыз қалай? 

– Әрине, маусымды үлкен дайындықпен бастамақпыз. Ұлттық арна 17 жаңа жобасын іске қосса, біздің арна түрлі бағыттағы ондаған жобаны көрерменге ұсынбақ. Бұл – үлкен жұмыс. Мәселен, сәуір айында-ақ жаңа төрт жобамызды жарыққа шығарғанымыздан көрермендеріміз хабардар. «Ақ пен қара», «Алтын аймақ», «Туған ел», «Мобильді тілші», «Агробизнес» атты жобаларымыз көпшіліктің көңілінен шығып отыр. Қалған алтауы қыркүйекте эфирге шығады. Олар – «Біздің студия» ток-шоуы, «Көңілді кеш», «Әдебиет ардың ісі» және «Ғаламтюб», т.б., жобаларымыз. 

Таяуда облыс әкімінің тікелей жолдамасымен тәжірибе алмасу мақсатында Түркияға арнайы барып қайттық. Бауырлас елдегі ең үлкен «ТРТ аваз» телеарнасының жұмысымен таныстық. Стамбул бөлімшесінің өзінде 1500 адам қызмет атқарады екен. Яғни, үлкен медиақұрылым. Бір айта кетер жағдай – түрік журналистері смарт телефонмен хабар дайындауды бастап кетіпті. Яғни, бір оқиғаға куә болса, қалтасындағы ұялы телефонмен-ақ түсіріп, оны монтаждап, эфирге беріп жатыр. Міне, біз де осыны ескеріп, «Мобильді тілші» деген хабарымызды қостық. Халықтың қызығушылығы артып келеді. 

Телевизия – күнделікті дамып отыратын сала. Мысалы, қазір телеарналар HD форматқа көшіп жатыр. Осыдан 5 жыл бұрынғымен қазіргі күнді салыстыруға келмейді. Техникалық базамызды жаңарттық. Сапалы дүние беру үшін сапалы құралдар керек. 

IMG 20170825 092055

– Латын қарпіне көшуді бастап кеттіңіздер. Жастардың, ардагерлердің жаңа әліпбиге үйреніп кету мүмкіндігі қалай? Жаңа өзгерістің елімізге берер пайдасы қандай болмақ? 

– Рас, ардагерлеріміз қазіргі әліпбиге үйреніп қалды. Дегенмен, латын қарпі мен кириллица қатар жүре беретіні айтылды. Құдайға шүкір, көзі ашық адамдар тез бейімделіп кетеді деген сенімдемін. Жастарымыз ағылшын тілін біледі. 

Бұның бәрі халық үшін қолға алынып отырған шара. Латын қарпіне көшудегі мақсат не? Негізінен, әлемдік стандарттарға кеңінен ену, индустриаландыру, технология саласында, әлемдік экономикада бәсекелестік қалыптастыру. Сондықтан, Елбасының атап өткеніндей, ертелі-кеш бәрібір көшетініміз анық еді. Мәселен, бiздің елдің өнімін Еуропаға шығару қаншама жұмысты талап етеді. Оның сертификатын ағылшын тіліне аудару керек. Бұл өзіміздің бабаларымыз пайдаланған әліпби ғой. Біз бұрынғы әліпбиімізге қайта оралып жатырмыз. Бүгінгідей технологияның, компьютердің дамыған кезеңінде бұрынғы әліпбиге өту еш қиындық тудырмайды деп ойлаймын. 

Әлеуметтік желілерде тек латынша жазатын адамдар да көбейген. Белгілі журналист Нұртөре Жүсіптің латынша жазып келе жатқанына 3-4 жыл болды. Оны бәріміз түсініп отырмыз ғой. Түптеп келгенде айтарым, біз өзгерістерден қорықпауымыз керек. 

 

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан 
Т. ҚАСЫМ

 

Последнее изменение Четверг, 14 Сентябрь 2017 04:41
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.