Әсет ӘБДІРАХАНОВ: «Кәсіпкерлік саласында шығарылған өнімдердің үлесі артуда»

Пятница, 15 Сентябрь 2017 08:57 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 423 раз

Әсет ӘБДІРАХАНОВ, Шымкент қалалық кәсіпкерлік  бөлімінің басшысы

Елбасының тапсырмасына сәйкес, Шымкентті үшінші мегаполиске айналдыру бағытында қалада іргелі жобалар қолға алынып жатыр. Ең әуелгі мақсат – қаланың сәулеттік келбетін көркейтіп, тазалыққа мән беру. Шымкент – шағын кәсіпкерлік дамыған шаһар. Өндіріс орындары да көбейген. Жас кәсіпкерлер үшін бүгінгі заманның талабы қандай? Бұл да маңызды мәселенің бірі. Кәсіпкерліктің дамуы, ретсіз саудамен күрес, жас кәсіпкерлердің білім-біліктілігі жайында қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Әсет Әбдіраханов бізге кеңінен әңгімелеп берді. 

abdirakhanov

«Кәсіп ашамын дегендерге қолдау бар»

– Әсет Маратұлы, қалада кәсіпкерлік саласының дамуының негізгі көрсеткіштері қандай? Шағын және орта, ірі кәсіпорындарының бүгінгі жағдайымен таныстырып өтсеңіз...

– Бүгінгі таңда Шымкент қаласында 498 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Оның ішінде ірі және орта – 89, кіші – 350, қосалқы – 59 кәсіпорын. 2017 жылдың қаңтар-шілде айында өнеркәсіп кәсіпорындарында 212 491, 2 млн теңгенің өнімі өндірілді. Бұл – өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 101, 2 пайызға артып отыр.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы» бойынша биыл 114 жобаға қолдау көрсету міндеті қойылған. Негізгі атқарылған жұмыстарға тоқталсам, кәсіпкерлердің банктердегі несиелері бойынша пайыздық ставканы субсидиялауға 82 жоба бекітіліп, бүгінде 17 жобаға қолдау көрсетілген. Шағын кәсіпкерлік субьектілеріне өз бизнесін бастауға мемлекеттік гранттар беру бойынша 62 жоба ұсынылған, оның 7-і жобасы қолдау тапты. Жылдың соңына дейін бағдарлама аясында құны 32,5 млрд теңге болатын 7 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. 

«Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы» ЖШС және «Ырыс» МҚО арқылы қалада 2017 жылдың 7 айында 620 млн теңгеге 100 жоба мақұлданған. 79 жоба 426,5 млн теңгемен қаржыландырылды.

 

– Индустриалды аймақтар бойынша атқарылған жұмыстар қандай? 

– Бүгінде қала аумағында «Оңтүстік» және «Тассай» индустриалды аймақтары жұмыс істейді. «Оңтүстік» индустриалды аймағында құны 55,8 млрд теңгені құрайтын 85 жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда құны 21,4 млрд теңгені құрайтын 46 жоба жүзеге асты. Ондағы жұмыс орындарының саны – 3 мың. 

2016 жылы 89 га аумақты қамтитын «Тассай» ИА құрылғанын білесіздер. Онда 139 жұмыс орны бар, құны 1 126 млн теңгеге бағаланған 4 жоба іске қосылды. 

Сонымен қатар, қазір қала аумағында үшінші «Жұлдыз» индустриалдық аймағын іске қосу мақсатында 76 га жер телімі белгіленіп, қазіргі таңда инфрақұрылым жұмыстарын жүргізуге әзірленуде. 

Біздің бөлімге жүктелген міндеттің бірі – туризим саласын дамыту. Бұл бағытта да біршама жетістіктер бар. Мәселен, жыл басынан бері қалада ірі туристік іс-шаралар өткізілуі нәтижесінде шаһарға келген шетелдік туристер саны 17 212 адамға жетті. 

Ішкі туризмді айтар болсақ, бұл кезеңде қалаға 33 100 адам саяхаттауға келген. Бұл мәліметтер Шымкент әуежайы, темір жол вокзалы және автобекеттер, туристік нысандардың билет сатылымы санынан анықталып отыр. Өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 40 пайызға артты. 

Қалада 110 мамандандырылған туристік ұйым халыққа қызмет көрсетуде. Оның ішінде 25 – туристік оператор, 85 – туристік агенттік. Қонақүйлердің саны 90-ға жетті.

 

– Бүгінде қала базарларындағы бағаның негізсіз көтерілмеуіне мониторинг жүргізіле ме? 

– Әрине, бұған жауапты мамандарымыз бар. Ең алдымен, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, қала тұрғындарын тұрақты түрде азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету және делдалдық қызметті шектеу мақсатында әр аптаның сенбі күні «Қажымұқан» атындағы орталық стадион және жексенбі күні «Рахима Плаза» сауда кешенінің аумағында жергілікті тауар өндіруші кәсіпорындардың, көтерме сауда қызметімен айналысушы тұлғалардың және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысатын шаруа қожалықтарының қатысуымен тұрақты түрде жәрмеңкелер ұйымдастырылуда. Біз ол жерге делдалдарды кіргізбей, өзіміздің диқандардың өз өнімін сатуына жағдай жасап отырмыз. 

Сонымен қатар, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында қалада орналасқан сауда базарларындағы көтерме саудамен айналысатын кәсіпкерлермен арнайы кездесулер өткізілді. Бағаны негізсіз өсірмеу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сауда базарлары, сауда үйлері және дүкен басшыларымен негізсіз бағаны өсірмеу жөнінде меморандумдарға қол қойылды.

 

«Басты мақсат – қаланың тазалығын сақтау»

– Қалада негізгі мәселелердің бірі – ретсіз сауданы жою. Бұл бағытта атқарылған жұмыстардың барысы қалай? Шешімін күткен қандай мәселелер бар? 

– Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, қала аумағындағы белгіленген жерлерден тыс сауда орындарын жою бойынша іс-шара жоспары бекітілген. Қала әкімінің өкімімен әр ауданда жұмысшы топтар құрылған, жұмысшы топ мүшелерімен іс-шара жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізіледі. Ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларында аудандық полиция бөлімдерімен бірлесе Әкімшілік құқық бұзушы тұлғаларға 2855 әкімшілік хаттама толтырылды. Оларға жалпы сомасы 1 859 295 теңге айыппұл салынып, жергілікті бюджетке 553 800 теңге көлемінде айыппұл өндірілді. 

Жыл басынан бері қала аумағындағы ретсіз сауда орындарын жою бағытында 68 рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Нәтижесінде, Кремль көшесі, Қазыбек би және Колос аялдамасындағы 40-қа жуық ретсіз сауда орындары толығымен жойылды. Сонымен қатар, Төле би көшесі бойында ретсіз саудамен айналысушы 20-ға жуық тұлға өз жұмыстарын жалғастыру үшін «Қырғы» базарға орналастырылды.

 

– Қалада әлі де болса ешқандай санитарлық талаптарға жауап бермейтін жүйесіз базарлар бар. Таяуда облыс әкімі Рысқұлов пен Дулати көшелерінің қиылысында орналасқан «Қазыбек» әмбебап базарын аралап көріп, базарды жыл соңына дейін қала сыртына көшіру қажеттігін айтты. Жалпы, қала ішіндегі базарлар сыртқа көшіруде қандай жұмыстар атқарылып жатыр? 

– Базар аумағы құрылыс нормалары және ережелеріне, әрі стандартқа сай болуы керек. Қазір «Бекжан» базарын қайта құрылымдау жұмыстары толық аяқталды. «Шымкент Тұлпар» базарының қайта құрылымдау жұмысының бірінші кезеңі аяқталып, «Көктем», «Айна» базарларында қайта құрылымдау жұмыстары басталды. Одан бөлек, 6 базарда құрылыс жобалау жұмыстары жүргізілуде. 

«Қырғы» базарды шығыс базары стилінде қайта құрылымдауға ұсыныс жасадық. Қазіргі таңда, «Бақыт» сауда орталығының құрылыс жобалау жұмыстары жүргізілуде, ағымдағы жылдың соңына дейін «Қазыбек» базарын қала сыртына, «Бақыт» сауда орталығына көшіру жоспарлануда. 

Жалпы, базарды заманауи талаптарға сәйкестендіріп, көрікті етсек, қалаға келген қонақтарды да ұялмай сол жерге апарып, көрсетер едік.

2020 жылы Шымкент ТМД елдерінің астанасы болмақ. Қалаға қаншама қонақтар келмек. Оған дейін тазалық жұмыстарын күшейтіп, толық абаттандыру жоспарда тұр.

 

«Шығыс стилінде монша салынады»

– Қалаға келген шетелдік қонақтардың саны артып отырғанын атап өттіңіз. Жалпы, туризм саласын дамытуда қандай жобаларыңыз бар? 

– Қалалық кәсіпкерлік бөлімі тарапынан тарихи-танымдық туризмді дамыту бағытында – «Ескі қалашық» маңында туристерді жаяу жүріп аралату, қолөнер шеберлерін, кәдесый бұйымдарын сататын орындар, суретшілер мен көше музыканттарын шоғырландырып, киелі Оңтүстіктің мәдениетін айқындайтын «Оңтүстік Арбатын» ұйымдастыру және «Жайлаукөл» демалыс аймағында «Мега аквапарк» салу жұмыстары көзделіп отыр.

Қаламызда ішкі туризмнің дамуына өз үлесін қосып жүрген кәсіпкерлеріміздің бірі таяуда ғана шет елдерден келетін туристерге қызмет көрсететін 4 жұлдызды «Aidana Plaza» қонақүйі және мейрамхана кешенін ашып берді. 2018 жылы қалада «Гранд Шымкент» қонақүйінің, «Фонтан» аквапаркінің құрылысы және «Шығыс-Қытай» стиліндегі моншаның іске қосылуы жоспарланып отыр.

 

– Жастардың қай кәсіпкерлік саласына қызығушылығы жоғары? Бүгінде кәсіпкер қандай болуы керек? 

– Елде кәсіпкерлікті дамытуда барлық жағдай бар. Мемлекеттен қолдау зор. Бастысы, оларды кәсіпке ынталандыруда шығар. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының бизнесті қолдау және бірыңғай дамыту бағыты бойынша жылына екі рет мемлекеттік грант бөлінеді. Қаржысы да қомақты – 3 млн теңгеге дейін. Тек үздік идеяңыз бар болса болғаны. Оған, жас кәсіпкерлер, мүгедектер және 50 жастан асқан азаматтар қатыса алады. Біздің бөлім қаладағы барлық бизнес идеяларды жинақтап, облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасына ұсынады. Олар әрі қарай жеңімпаздарды анықтайды. 

Бүгінгі кәсіпкер жан-жақты білімді болуы керек. Яғни, қазіргі заманға қажетті кәсіппен айналысқан адамның ісі алға жүрмек. Ғылым дамып жатыр ғой. Қазіргі жастар ноу-хау, жаңа жобаларды ойлап табуға көңіл бөлсе деймін. 

Шет тілін үйрену – заман талабы Өйкені, әлемдік интернет кеңістігіндегі ақпараттың көбі ағылшын тілінде. Қажетті құрал-жабдықтарды Қытай, Түркия, Ресейден аламыз. Тілді білмесең шетелмен тек аудармашылар, делдалдар арқылы ғана жұмыс істеуге тура келеді. Ал олар үстінен өз пайдасын алып отырады. Бұл – нарықтық экономиканың заңы.

 

– Халыққа айтар ұсыныс-тілектеріңіз болса...

– Әрбір іс-әрекетті заңды түрде жасасақ екен. Ретсіз сауданы жоюдағы негізгі мақсат не? Әрине, ең алдымен, халықтың денсаулығы. Егер, сол жерден бір өнім алып, тұтындыңыз делік. Егер ауырып қалсаңыз, оған кім кінәлі? Түптеп келгенде барлық атқарылар жұмыс өзіміз өмір сүріп отырған қаланы абаттандыру үшін. Екіншіден, қаланың эстетикалық келбетін сақтау. Алматы, Астана қалаларында да ретсіз сауда мүлдем жоқ емес, бар. Бірақ, олар тәртіппен, өз талғамына сай бейімделген.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Тағабай ҚАСЫМ

Последнее изменение Пятница, 15 Сентябрь 2017 09:47
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.