Ернар АЙДАР: «Сен маған ұнадың» әніне Шымкентте бейнебаян түсірдім»

Понедельник, 23 Октябрь 2017 11:46 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 253 раз

Қазақ өнерін әйгілеп жүрген белгілі әнші Ернар Айдар Оңтүстікке жиі келеді. Бұған дейін Шымкентте жеке концертін берген болатын. Жуырда әншіні сұхбатқа шақырғанбыз. Қашанда сабырлы қалпынан айнымайтын ақжүрек жігіт «Асықпай отырып әңгімелескеніміз дұрыс еді» деп, арнайы уақытын бөлді. Сұхбат барысында байқағанымыздай, сырбаз жігіттің сөз саптасы да салмақты екен.

shymkala-83-15

– Ернар, бүгінде сіздің өнеріңіз ел-жұртқа кеңінен танымал. Өнер саласына қалай келдіңіз? 

– Мектеп қабырғасында «Жігіт сұлтаны» байқауында, басқа да шараларда ән айтып жүрдім. Үлкен сахнаға осы Алматыға келіп, ұстазым Б.Есебаевтың «Ағаларым» деген әнімен шыққан болатынмын. Әкем Жаңабай алғашқыда заңгер мамандығына оқуға түс деп кеңес берді, әскерге барып кел деді. Бірақ өнерге келуіме қарсы болған жоқ. Кішкентайымнан әжемнің қолында өстім. Сондықтан ба, қазақ әндерін сүйсініп тыңдайтынмын. «Жігіт сұлтанына» қатысқанда таныстыру өлеңді өзім жазғам. Қазақ сатирасының белді өкілі Уәлибек Әбдірайымов ағамыз мені алғаш рет «Республика сарайына» шығарды. Ташкентте, Қырғызстан сахналарында ән айтуыма көмек берді. Қолдады. Оған алғысым шексіз.

 

– Әншілік табиғаттан берілетін қасиет пе? Жалпы осы өнер жұғысты болатындай әулеттеріңізде әнші болғандар бар ма? 

– Бұл негізі қанда болуы керек, мүмкін Құдайдан берілген шығар деп ойлаймын. Дегенмен, отбасымда анам Күлмәннің ептеп ән салатыны бар. Бұл өнердің қуанышы да бар, қуанышымен қатар қиыншылығы да бар. Өсіп-өнудің басы – еңбек деп жатамыз. Алдымызда талмай еңбектеніп жүрген аға-әпкелерімізден үлгі аламыз. Кім де болсын жетістікке еңбек пен үлкен ізденіспен жетеді. Олай болмайынша, істің бәрі бос әурешілік. Мен де осы жолда талаптанып келемін. Сол еңбектенудің арқасында мақсаттарым орындалып келеді. Еңбектенген, талпынған адамға Алла өзі жол көрсетеді.

 

– Ағаларым, ұстазым деп айтып жатырсыз. Өнердегі ұстазыңыз кім? Сізге қолдау көрсетіп жүрген кімдер?

– Өнердегі, өмірдегі ұстазым деп әкем Жаңабайды айтар едім. «Адамнан әнші жасау оңай, әншіден адам жасау қиын» деп айтып жатады, сол себептен мені өзінің баласы емес, елдің баласы ете білген әкеме рахмет, анама рахмет осы әлемнің жарығын сыйлаған. Өнер жолында қолдап-қуаттаған ұстаздарым – Бауыржан Есебаев пен Қуаныш Құрманбаев. Көпшілікке танылуыма үлкен еңбек сіңірген сол ағаларыма алғыс айтамын. Сонымен қатар менің барлық жағдайымды жасап жүретін ағам Талғатқа шексіз ризамын.

 

– «Ернардың бағын ашқан әні жоқ, оның әндерінің басым бөлігі тойдың әндері» деген пікірмен келісесіз бе?

– Бұл пікірмен келісе қоймаймын. Мен Бауыржан Есебаев ағамызға келгенге дейін де қаншама ән айттым. Көрерменнің алғысын алып жүрдім. Бір ақын ағамыздың айтқаны бар: «Әр өлеңім бір балам» деп, сол себепті мен әндерімнің арқайсысының өз тыңдарманы бар. Басым көпшілігі той өлеңі деп айта алмаймын, себебі менің ән кешіме барсаңыз бір бөлімінде қазақи әндер бар, сосын патриоттық әндер де жеткілікті.

 

– Қазіргі әншілер көшірме шоуға үйір болып барады. Бір-бірін қайталайды, еліктеу басым деген пікірлер айтылып жатады. Бұған қандай пікір айтасыз?

– Аға буынға еліктегенде тұрған не бар екен? Жақсылыққа еліктемеген, соған ұмтылмаған адам өз-өзін дамыта алмайды. Мысалы, мен Мейрамбек Бесбаевқа еліктегенімді ашық айтқым келеді. Сосын Сәкен Майғазиевтың өз-өзін ұстауы, сөйлеу мәнеріне еліктеймін. 

Досымжан Таңатаров, Саят Медеуов, МузАРТ-тағы ағаларымыз бар, біздің буын, соларға еліктеп өстік, солардың ізін басып келе жатырмыз. Еліктеу арқылы өз жолыңды тауып, елдің ықыласына ие болып жатқанның несі айып?

 

– Көп адам сізді Қайрат Нұртаспен салыстырып жатады...

– Қайрат – қазақ эстрадасының мақтанышы. Өте еңбекқор, талантты әнші. Өз тыңдарманы бар. Мен мұны барлық сұхбаттарымда айтып жүрмін. Қайратпен салыстырып жатқан санаулы адамдар шығар. Десе де, біреуге біреу толықтай ұқсауы мүмкін емес. Егер мен Қайратқа ұқсайтын болсам, оның даусымен ән айтып жүретін болсам концертіме халық жиналмайтын еді. Мысалы, Шымкентте жеке концертім өтті. 1500 адамдық залға көрермен көп келді. Тыңдарманым болмаса, жұрт осылайша жиналар ма еді? Бір жағынан, тыңдармандардың Қазақстандағы тамаша жұлдызға ұқсатып жатқанына қуанамын. Қайрат үлкен аренада концерттер қойып жатыр, сондай жетістіктерге жеткізсін бізді де, ізін басып келе жатқан інілеріміз ғой. Ұқсастық жағы бізде бар, біз қазақпыз, болмысымыз, тәрбиеміз де бір-бірімізге жақын. 

 

– Жаңа заман ағымымен келіп, кейіннен ұмытылып кететін әншілер санатынан болмаймын ба деген қауіп сізді мазаламай ма?

Шымкент – мен үшін сүйікті қала. «Сен маған ұнадың» деген әніме Шымкентте бейнебаян түсірдім. Мұнда жиі келем. Әр сапарымда жылы шуақты күйге бөленемін. Ауа райы қандай жылы болса, халқы да сондай жаныма жақын, әңгімешіл.

– Адам өз-өзін еңбектеніп, өз-өзін биікке шығуы үшін өзін қамшылап тұру керек. «Менің мына әнім жақсы шықты», «Мына әнім хит болып жатыр», «Менің мына жақта екі концертім, мына жақта үш концертім болып жатыр» деген нәрсені ойлай берсең, демек сен құлдырап, төмендей бастайсың. Менің қасымда ылғи ақылшы ағаларым, ұстаздарым жүреді. Егер де олардың сабырлы да салиқалы ақыл-кеңестері болмаса мен шалқып кетуім де ғажап емес еді. Әйтпесе, жаспыз, алып-ұшып тұрған көңіл бар. Менің ұстанымым мынадай – артыңда үкілеп, үміт күтіп отырған халқың бар, соған қызмет істеу керек. Сол үшін еңбектенемін.

 

– Ұсқынсыз киім киіп, құлақтарына сырға тағып, шашын бояп ән айтып жүрген жігіттердің өнерін қалай бағалайсыз? 

– Аллаға шүкір, қазақ эстрадасында өнерлі әрі үлгі болып жүрген әншілер жетерлік. Олардың қатарында Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі, Серік Ибрагимов, Қайрат Үмбетов сынды замандастарым бар. Сондай қазақи әншілер көбейе берсе, қазаққа жат қылығымен танылып жүргендер ығысып, сахнадан сырт қалады деп ойлаймын. Егер маған Дима Билан келіп, дуэт болып ән айтайық десе оған келіспес едім. Мен анау Джокер дегенді танымайды да екенмін. Ал танымаған соң, білмеген соң оны қайдан тыңдаймын? Өз басым шетелге еліктегенді аса ұната бермеймін. Болмысым да келмейді.

 

– Қолыңыз қалт еткенде немен айналысасыз? Хоббиіңіз не? 

– Менде нақты бір хобби жоқ, қолым тисе кітап оқимын, оны кейде өзіммен алып жүрем. Қазір мен «Абай жолы» романын оқып жатырмын, 2-ші томын аяқтап қалдым. Одан кейін тарихи кітаптарды оқысам ба деп жүрмін. Шыны керек, уақытымның көбін өнерге жұмсаймын, ән таңдаймын, терме жаттаймын. Қазір домбыраны да қолға алып жатырмын.

 

– Өзіңізден кейін де қаншама жас әншілер шығып жатыр. Оларға қаншалықты көңіліңіз толады? 

– Сахнаны менің алдымда да ешкім қызғанбаған, мен де ешкімнен қызғанбаймын. Халықтан асқан сыншы жоқ. Кімнің қандай әнші екенін тыңдарман өзі таңдап алады. Мағынасыз, жеңіл әуен еленбей қала береді. Ол әркімнің еңбегіне байланысты деп ойлаймын.

 

– Жалпы, өміріңіздегі арманыңыз қандай?

– Арман дейсіз бе? Әрине, кез келген әншінің арманы – халықтың ықыласына, шынайы қошеметіне бөлену. Өнерде одан өзге арманым жоқ. Өнер саласында жүргесін, еліме әлі талай жақсы әндер сыйлағым келеді. Ал елімнің қатардағы азаматы ретінде өз арманымды айтар болсам, елімнің рухы әркез көк тіресе екен деп армандаймын. Тіліміз, дініміз, жалпы айтқанда Қазақ елі мәңгілік болса екен деймін. Менің басты арманым осы.

 

– Туған жеріңіз бен отбасыңыз жайлы баяндай кетсеңіз...

– Менің туған жерім – Өзбекстан. Сондағы Науаи облысы, Кеннимех ауданы, Сұркөл ауылында 1991 жылдың 13 наурызында дүниеге келгенмін. 2001 жылы Қазақстанға қоныс аударып, содан бері Тараз қаласында тұрамын. Әкемнің аты – Жаңабай, анамның аты – Күлмән. Берік, Талғат,  Бейбіт деген үш ағам және Жазира есімді қарындасым бар. 

Жұбайымның аты Мадина. Өзі Шымкент қаласының тумасы.

 

– Енді «Шымкент келбеті» газетінің оқырмандарына деген ізгі ниетіңізді білдірсеңіз...

– Шымкент – мен үшін сүйікті қала. «Сен маған ұнадың» деген әніме Шымкентте бейнебаян түсірдім. Мұнда жиі келем. Әр сапарымда жылы шуақты күйге бөленемін. Ауа райы қандай жылы болса, халқы да сондай жаныма жақын, әңгімешіл. Оқырмандарға айтар тілегім, Қазақ елі аман болсын, осындай бейбіт өмірімізге шүкіршілік етіп, әрбіріміз өз саламызда биік жетістікке жете берейік! Істеріңіз қашанда берекеге бастасын дегім келеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан
А. АБИБУЛЛАҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.