Ғани ӨМІРЗАҚОВ: «Шымкентте кәсібіңді дамытуға мүмкіндік мол»

Пятница, 03 Ноябрь 2017 06:50 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5404 раз

Ғани ӨМІРЗАҚОВ,
«Оңтүстік» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының директоры

IMG 20171030 173842

Жуырда Шымкентте робот техникасын құрастыратын мектеп ашылды. Кибермашиналарды құрастыру негізінде балаларға электромобильдермен квадрокоптер құрастыру, бағдарлама жасау, 3D модельдеу мен басып шығару, гаджет, қосымшалар мен сайт жасауды үйретеді. Бұл мектепті «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының мемлекеттік грантын жеңіп алған түлектер қолға алған. 3 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант иеленген түлектер бұл қаржыға ғимарат жалдап, қажетті техника да сатып алыпты.
Мінекей, «Оңтүстік» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы осындай талапты жастарға әрдайым қолдау көрсетіліп келеді. Тек ынтаңыз болсын. Кәсіпкерлерді оқыту, бизнес-жоспарын, құжаттары әзірлеу бойынша да көмек беруде. Кәсіпке бет бұрғандарды қандай идеялар қызықтырады? Олардың білім-біліктілігі қандай? Бұл – да өзекті мәселе. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының директоры Ғани Өмірзақовтың айтуынша, өңірде кәсіпке қызығушылардың көбісі ауылшаруашылық саласында жұмыс істегенді қолай көреді. Басқа салаға бет бұруға ынтасы жоқ немесе білім-біліктілігі жетпейді. Орталық директорымен кәсіпкерліктің қыр-сыры төңірегінде сұхбаттасқан едік.

 

Кеңсемізден «Коворкинг» орталығы ашылмақ

 

– Ғани Әріпұлы, азаматтардың кәсіпкерлікке деген қызығушылығы қандай? Оларға қандай қолдаулар бар? 

– Жалпы, облыста көпшіліктің бұл салаға қызығушылығы артып келеді. Мемлекеттен қолдау зор. Олар бізде кәсіпкерлік негіздері, тақырыптық тренингтер, мастер-класс бойынша тегін білім алады. 

Бүгінге дейін орталықтан 33 мың адам кәсіпкерлік негіздері бойынша дәріс тыңдап, сертификат алды. Қазір 9 айдың қорытындысына сараптама жасадық. Кәсіпкерлік мектебінде кәсіпкерлік негіздері тақырыбы бойынша - 1893 (оның ішінде жастар - 416), тақырыптық тренингтер бойынша - 1325 (оның ішінде жастар - 252), салалық мастер-класс бойынша 1401 адам дәріс тыңдады. 

Жалпы, біздің өңір тұрғындарының шағын кәсіпкерлікке икемі мол ғой. Шымкентте де кәсіпті дөңгелетуге барлық мүмкіндіктер бар. 

Қазіргі таңда қалалық фронт-офиспен тығыз жұмыс істейміз. Бізде құжаттарды рәсімдеу бөлімі бар. Оқытып қана қоймай, кәсіпкерлердің құжаттарын да жүйелеп береміз. Сәулет-құрылыс жоспарын алып беру, жердің нысаналы мақсатын өзгерту, сол өтініштердің бәрін фронт-офис арқылы өткіземіз. Қазір өтініштер электронды түрде де жолданып жатыр. Құжаттардың қай сатыда екені автоматты түрде көрсетіліп тұрады. Қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылыс бөлімімен тығыз қарым-қатынастамыз.

 

– Шымкент – шағын кәсіпкерлік саласы дамыған шаһар. Биыл шағын кәсіпкерлік субьектілеріне өз бизнесін бастауға мемлекеттік гранттар беру бойынша 62 жоба ұсынылса, оның 7 жобасы қолдау тауыпты. Жалпы, жастардың өз тарапынан қандай бизнес-жоспарлары жүзеге асуда?

– Жалпы, төрт күндік кәсіпкерлік негіздері сабағында барлығы жан-жақты түсіндіріледі. Азаматтар үшін дайын бизнес-жоспарларымыз бар. Олар 100 жобадан керегін таңдап алады. Әрі қарай жобаларын дамытуға көмектесеміз. 

Негізінен, бізге өз идеясымен келетін азаматтар бар. Бірақ оны бірден іске асырып жатқандары өте сирек. Қазіргі таңда жастардың өздері ұсынатын жақсы идеялары барын айту кету керек. Бірақ олармен қаржы табу да қиындау болып тұр. 

Бізде оқып, әрі қарай несие алып жатқандардың көбісі – мал бордақылау, зергерлік бұйымдар шығару, әсемдік салонын ашамын дейтіндер. Ателье, мебель цехтары, тіл курстары, жекеменшік балабақша ашып, кәсібін дөңгелетіп отырғандар бар. Дизайнерлік, IT саласында да тың жобаларды ұсынады. Сайт арқылы киім сату, жарнама жасау сынды идеялар.

Бізге келіп, бизнес-жоспар жасағандардың 80 пайызы – ауылшаруашылық саласында. Өйткені, қаржының көп бөлігі сол бағытқа бөлінеді. «Ырыс» МҚҰ, «Қаз Агро» бар, екінші деңгейлі банктерден несие алады. Сонымен қатар, кей жағдайда несие алғысы келетін адамдардың кепіл мүліктері болмайды. Несие тарихы нашар. Уақытылы төлемеген. Соның кесірінен несиеге қол жеткізе алмай жүргендер де кездеседі. 

Мемлекеттік гранттарға өтініш берушілер де көп. Біз оларға бизнес-жоспарын дайындап, кеңес береміз. Әрі қарай өздері қорғайды. Ондағы үздік жобаларды комиссия анықтайды. Негізінен, келген азаматтардың барлығы кәсіпкер болып кетеді деген сөз емес. Біздің мақсат – оларға дұрыс жол көрсету. 

Жас кәсіпкерлер үшін жақсы жаңалық – келесі жылдың басында кеңсемізден «Коворкинг» орталығы ашылмақ. Ол жас мамандар, бастауыш кәсіпкерлер үшін тегін. Осында оқытамыз, кеңес береміз. Келіссөз жүргізу үшін конференц-зал жұмыс істемек. Интернет, компьютерді қолдану бәрі тегін. Осы жерде идеяларын дамытуға барлық жағдай бар. Мәселен, дизайнерлік бойынша, сайтпен жұмыс істейтін жас кәсіпкерлер жұмысын бастайды. Отыратын кеңселері жоқ. Үйінде жұмыс істеуге мүмкіндіктері бола бермейді. Осында келіп, 3-4 адаммен бірлесе жұмысын бітіріп алуына мүмкіндік жасаймыз.

 

«Білікті кәсіпкер дайындау – басты мақсатымыз»

– Өзіңіз айтқандай, көпшілік жаңалық ойлап тауып, тың жобаларды қолға алуға мән бермейді. Үлкен мегаполисте қандай нысандар ашылуы қажет? Жастар неге мән беруі тиіс? 

– Біз өнімді шығарамыз. Сату жағына келгенде қиналамыз. Кәсіп бастау үшін адам сол саланы жіті меңгеруі тиіс. Жоқ нәрсені ойлап табу өте қиын. Бар дүниені түрлі форматта істеуге де мүмкіндік бар. Ал ноу-хау сынды ешкім қолданылып көрмеген затты сату да үлкен мәселе. Жастар осындай кедергілерге тап болып отыр. 

Әрине, үлкен мегаполиске айналған шаһарға әлі де тың жобалар қажет-ақ. Мәселен, бізде қарияларға арналған орын ашылуы тиіс. Зейнеттегі кісілер көбіне үйде отырады. Олардың қоғаммен араласуына жағдай жасасақ. Сол орталыққа таңертең келіп, шахмат ойнайды, бір-бірімен сөйлеседі. Ауылдан келетін ата-әжелеріміз үйден тез жалығады. Мұндай жобалар шетелде ашылып жатыр. 

Сондай-ақ, бір азаматтар мынадай ұсыныс айтты. Қазір жобасын дайындап жатыр. Елдімекендерде жастар футбол лигасын құрмақ. Әр аудан бір-бір команда дайындайды. Бұл – әлеуметтік жоба. Жобадан бастап, келешекте бизнеске айналдырмақшы. Қазір ауылды жерлерде спортпен шұғылданатын дарынды жастар көп. Жаттықтырушыларды келісім-шартпен қаладан жалдап, спорт сүйер қауымды футбол, бокс, күрес сынды спортқа баулымақ. Соларды облыс, республика дегейіне шығару арқылы қаламақысын алып отырмақ. Әрі салауатты өмір салтын дамытады. Біз қолдау көрсетуге келістік. 

Аудандар бойынша да іріктеу макеттерін жасадық. Елдімекенге не керек? Мәселен, ателье сұранысқа ие. Кішігірім нәрсе болса да, одан зор табыс табуға болады. Біз қазір сол бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Әрбір ауылға сондай қажет орындарын анықтаймыз. Сол ауылдарға барып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. 

Қоғамда жақсы идеяны дамыту үшін оған жақсы жарнама керек. Біздегі кәсіпкерлердің жарнамаға айналым ақшалары жетпей қалады. Қаражаттың жетіспеушілігінен кәсібі тоқтап жатады.

 

– Көп нәрсе білімге байланысты екені белгілі. Кәсіпкерлер ескере бермейтін қандай жағдайлар бар?

– Бұл ретте айтар мәселе көп. Бізде төрт күндік оқуға келетіндердің бәрі де ЖОО-да оқыған. Әрі қарай өзін дамытпаған. Шаруаларымен шырмалып қалған. Өздерінің деңгейін көтеруге ынтасы жоқ. Олар өз кәсібін қалай дамытпақ? Қазір білім аламын десе, барлық жағдай бар ғой. Мемлекеттен ғылымға көңіл бөлініп жатыр. Бірақ, әлі де қолдауды күшейту керек. 

Мәселен, өткен жылы ауылшаруашылық саласы бойынша агроконсультация орталығын ашпақшы болған едік. Ғалым мамандарды іздедік. Облысымыз агроаймақ болып есептеледі. Бірақ маман таппай әуре болғанымыз бар. Қазіргі таңда ғылым мен тәжірибені ұштастырғандар өте аз. 

Кәсіпкерлікке тәуекел керек дейміз. Бірақ батылдықтан бөлек, білім керек. Білімі жоқ адам қанша жерден батыл болса да, орта жолда кәсібі тоқтайды. 

Жарнама өте маңызды. Бізде маркетолог, PR мамандар өте аз. Кәсіпкерлердің көпшілігі брендинг, жарнама жасауға мән бермейді. Бір өнім шығарсақ, жарнамаға көп ақша төлемейміз. Әрине, бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Жалпы, бізде жарнаманы қысқа мерзімге береді. Бір аптаға қаржы салып, пайда түсетін жақтарын іздей бастайды. Дүниежүзілік тәжірибеде қаржының 25 пайызын жарнамаға салуы керек. Одан да көп болуы мүмкін. Жарнама үзіліссіз, тоқтамай берілуі тиіс. Сонда ол тауар өндіруші ұтылмайды. 

Тағы бір кемшін түсіп жатқан мәселе – сервистік қызметтің осалдығы. Бізде тұтынушыларға жағдай жасамау, дөрекі сөйлеу сынды әдеттер кездеседі. Алматыда бір жігіттер автожуу орнын ашқан-тұғын. Келушілерге тегін шәй береді. Осыны істегеннен кейін көліктердің де қатары артып кеткен. Міне, бұл да ойланатын жағдай. Түркияда да сондай. Дүкенге барсаңыз, ештеңе алмасаңыз да, шай әкеліп береді.

– Қазір рухани жаңғыруға мән беретін кезең. Таяуда газетімізде «Шымкенттен этноауыл ашылса...» деп мәселе көтеріп едік. Мәселен, жыл басынан бері қалада ірі туристік іс-шаралар өткізілуі нәтижесінде шаһарға келген шетелдік туристер саны 17 212 адамға жетіпті...

– Рас, қаладан, ауылдан да этнографиялық туризмді дамыту керек. Таяуда қалалық кәсіпкерлер киіз үйден қонақүй жасау идеясын ұсынды. Тамаша бастама. Отырар ауданында ашылған этноауыл осының бастамасы деп ойлаймын. Соны көрген кәсіпкерлер басқа форматта ашуды көздейді ғой.

Туризм саласында негізінен өңірде демалыс аймақтары ашылып жатыр. Аймақтық инвестицялық орталықтан несие алып, кәсібін бастағандар. Қазір сервистік қызмет көрсету, жаңа технологияларды үйренуге қызығушылық артып келеді. Осы бағытта семинар оқытылады. Уақыт сәтімен бұл айтылған мәселелер шешімін табады деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Тағабай ҚАСЫМ

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.