Версия для печати

Жанна СЕЙСЕНБАЕВА: «Қаржылық сауаттылықты арттыруда насихат кемшін» Избранное

Среда, 22 Ноябрь 2017 05:28 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 6366 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Жанна СЕЙСЕНБАЕВА, 
М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың 
«Қаржы» кафедрасының аға оқытушысы

IMG 3665-16-11-17-11-45

Бүгінде қарапайым халықтың қаржылық сауатын арттыру маңызды мәселенің бірі. Депозит ашып, пайда табуды ойлағандардың арасында өкініп жүргендері аз емес. Несие аламын деп несібесінен айырылғандар да жетерлік. Қазір нарық заманы. Екінші деңгейлі банктердің өзі түрлі қиындықтарды бастан кешіруде. Мәселен, РБК банкіне қатысты жағдайды айтсақ та жетіп жатыр. Ақшасын қайтара алмай жүрген салымшылар бар. 


Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Банкті қалыпқа келтіру жөнінде шаралар кешені әзірленгенін айтты. Соған байланысты мемлекет Ұлттық Банк, Үкімет және квазимемлекеттік сектор қаражатының есебінен Банкке қолдау көрсету туралы шешім қабылданды. Жалпы, қарапайым халық бұл тұрғыда нені ескеруі керек? М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Қаржы» кафедрасының аға оқытушысы Жанна Сейсенбаева бізге бүгінгі банк секторындағы қалыптасқан ахуал жайлы әңгімелеп берді. Халықтың қаржылық сауатын арттыру бойынша өз ұсыныстарын да айтты.

– Жанна Мәлікқызы, алдымен қазіргі банктердің ахуалын шолып өтсеңіз...

– Ел экономикасының дамуы үшін қаржы секторы мен банктік қызметтердің дамуы үлкен рөл атқарады. Елдегі алдыңғы қатарлы коммерциялық банктер өзінің табыс базасын кеңейту үшін, табыстылықты және бәсекелік қабілеттілігін арттыру үшін өзінің клиенттеріне кең ауқымды операциялар мен қызметтер көрсетуге ұмтылатыны белгілі. Қазіргі таңда, коммерциялық банктер ел экономикасының маңызды салаларын несиелей отырып, экономикалық өсу мен дамуға өлшеусіз үлес қосуда. Сонымен қатар, коммерциялық банктер экономикадағы маңызы зор – шағын кәсіпкерлік субъектілерінің ашылуына, халыққа сапалы қызмет пен өнім түрлерін ұсынуға да ерекше үлес қосады. Банктердің өз саясатын дұрыс жүргізуі, клиенттерге қызмет көрсетуде қаржылық тұрақтылықты сақтай алуы – бұл стратегияны дұрыс жүргізіп отыр деген сөз.

– RBK банкінің қазіргі жай-күйі туралы не айтасыз?

– Әрине, банктің қазіргі ахуалы клиенттері үшін үлкен қиындықтар тудырғаны рас. Елбасымыз «Нұр Отан» партиясының кеңейтілген саяси кеңесінде банктің қазіргі жағдайынан хабардар екеніндігін мәлімдеді ғой. «Мен бұл мәселені жақсы білемін. Өз адамдарын қаржыландыру үшін ұрлық жасаған акционерлердің былығы бұл. Барлығын тәртіпке келтіреміз. Банктің жұмысын тұрақтандыруға тырысамыз. Әсіресе, жеке тұлғалар өз қаржысын қайтарып алады, – деді. 

RBK банкінде халықтың 188 миллиард теңгеге 28 мың есепшоты мен депозиті ашылған. Осыған байланысты мемлекет банкке көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Бұл – отандық банктер тарихындағы ең қымбат құтқару операцияларының бірі болмақ. 

Д. Ақышев БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында мәлімдегеніндей, RBK банкіне инвесторлардың қаржысы есебінен 160 миллиард теңге капитал құйылады. Инвесторлар банк тұрақты дамуы үшін оның бизнес-моделін жетілдіруге тиіс. Бұдан бөлек, кешенді іс-шаралардың ішінде 600 миллиард теңгенің проблемалық портфелін арнайы қаржылық компанияға беру қарастырылып отыр. 

Сондай-ақ, «Qazkom» АҚ-ның «Қазақстан Халық банкі» АҚ-на кіруі жайында да түрлі әңгімелер айтылып жатыр. 2017 жылдың шілде айынан бастап «Qazkom» АҚ-ның негізгі акционері болып «Қазақстан Халық банкі» АҚ аталынды. Бұл өзгеріс шеңберінде банктердің халыққа қызмет көрсету мен жүргізілетін операцияларын жетілдіру және жаңа даму стратегиясын құру басты міндеттерінің бірі болып есептелінеді. Басқа банктер арасында бәсекелестікті күшейтіп, еліміздің қаржы-экономикалық жағдайына үлкен үлесін тигізетіндігі анық.

– Жалпы, жеке тұлғалар депозитті қандай банктерден ашқаны дұрыс?

– Барлық коммерциялық банктерде депозиттік операциялар бір тәртіппен жүргізіледі. Бірақ әр банктерде депозиттердің әртүрлі формалары мен талаптары бар. Сондықтан да банкті таңдау ол клиенттің жеке шешімі. Сонымен қатар, «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» (ҚДКБҚ) акционерлік қоғамы арқылы әрбір салымшының қаражаты кепілдендіріледі. 2015 жылғы 27 сəуірдегі 

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру жəне исламдық қаржыландыру мəселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына сəйкес жеке тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері бойынша мемлекеттік кепілдік сомасы 5 миллион теңгеден 10 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Шетел валютасындағы депозиттер бойынша өтем сомасы өзгермеген. Егер салымшының бір банкте түрі мен валютасы бойынша əр түрлі бірнеше кепілдендірілген депозиттері бар болса, онда мемлекеттік кепілдік мөлшері 10 миллион теңгеден аспайды.

Сондай-ақ, қосымша табысты табудың екінші қаржылық инструменті ретінде бағалы қағаздарды алып қарастырсақ болады. 

Елімізде IPO бағдарламасы арқылы халықтың сәл де болса, қаржылық сауаттылығы артып, біршама оң көзқарас қалыптасқан болатын. Бірақ бұл бағдарламаны аз ғана адамдар пайдалануда. Бұл орайда дамыған шетел мемлекеттері секілді инвестициялық-консалтингтік және брокерлік компаниялардың қызметіне жүгіне отырып, жақсы пайда табуға болатынын атап өтер едім. 

Ел аузында жүрген «Фридом Финанс» ИК және «L-Сapital» АҚ – қаржы ресурстарын ұлғайтушы компаниялар. Аталған компаниялар бағалы қағаздарды сатып алып сатумен айналысуға көмегін тигізетін қаржылық мекемелердің бірі. «L-Сapital» АҚ өз акциялары мен облигацияларын эмиссиялап қана қоймай, сол сияқты халқымыздың қаржылық сауаттылығын арттыруға септігін тигізуде.

– Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруда не нәрсеге мән берген жөн?

– Бұл – өте маңызды сұрақтардың бірі. Бүгінде БАҚ-тағы қаржы сауаттылығын ашатын бағдарламалар мен газет, журналдарда, басқа да басылымдардағы ақпараттар қарапайым халық үшін жеткіліксіз болып отыр. Сонымен қатар, кіші және орта бизнесті ашуға көмектесетін бизнесті бастау тренингтері, оларды дамытуға атсалысатын қолдау орталықтары да халқымыз үшін аздық етеді. Яғни, әлі де насихат кемшін. Меніңше, күнделікті шығатын мерзімді басылымдарда, телебағдарламаларда шеберлік сағаттары мен бизнес-тренингтерді молынан жүргізіп, қаржылық сауаттылықты жақсартуға қажетті нақты ақпараттарды жиірек көрсетсе екен. Бұл орайда әсіресе, газеттерде танымдық-сараптамалық материалдар көбеюі тиіс. Міне, осындай негізгі жұмыстарды қолға алғанда ғана қарапайым азаматтар банктерге алданып қалмас еді.

– Ұлттық валютамыздың бағамы да құбылмалы күйде. Бұл жағдайға қатысты пікіріңізді білсек...

– Ұлттық банк төрағасы қазір жағдайдың тұрақты екенін айтты. Айырбас бағамы сауда бойынша әріптес елдердегі валюта бағамы мен мұнай бағасына байланысты тарихи қалыптасқан шектен аспаған. Данияр Ақышев 2017 жылдың басында салыстырмалық талдау жасай отырып, «Айырбас бағамының айтарлықтай өсуіне негіз болатын алғышарттар көріп отырған жоқпыз. Керісінше жыл соңына қарай экспорттаушылар тарапынан шетелдік валюта ұсынысы артады, бұл теңге бағамының нығаюына ықпал етеді», деген болатын.
Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері мұнай мен газ салаларын дамыту бойынша жұмыстары жүргізіліп келеді. Елде мұнай мен газ қоры жеткілікті болса да, жанар-жағармайдың тапшылығы ара-тұра сезіледі. Сондықтан осындай олқылықтарды жою, шикізаттық бағдардан өңдеуге көшу үшін сырттан инновациялық технологияларды трансферттеу мәселелері қолға алынып отыр. Міне, теңгемізді тұрақтылығы экономикамыздың дамуымен тығыз байланыста дейтініміз осы. Отандық өнімдерді экспортқа қаншалықты көбірек шығарсақ, ақша қаражаты елімізге молынан келеді. Бүгінде сыртқа шығарылған мұнай-газдан, металлдан Ұлттық қорға қаржы қаражаттары түсуде. Осы алтын қорымыздың есебінен теңгеміздің тұрақтылығы қамтамасыз етіліп келеді. Дүниежүзіндегі елдермен тығыз байланыс орнатылып, өнімдерімізді сыртқа шығарып, одан түскен қаржыны ел игілігіне, халықтың жағдайын жақсарту бағытына жұмсалынуда. Дегенмен, теңгенің тұрақтылығына байланысты жұмыстар әлі де терең зерделеуді қажет етеді.

 

– Әңгімеңізге рахмет!

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.